?стазды? еткен жалы?пас… (Эссе)


Карагойшина Зауреш Мухангалиевна
Теректі ауданы Шаған жалпы орта
білім беретін мектебінің
математика пәнінің мұғалімі
«Ұстаздық еткен жалықпас ...» эссе
«Мен еш уақытта өз оқушыларыма
еш нәрсе үйретпеймін─тек қана олардың
оқуы үшін жағдай жасаймын »
Альберт Эйнштейн
Ұстаз берген тәрбие мен білім әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ақын да, жұмысшы да, ғарышкер де бәрі ─ бәрі ұстаздан білім, тәлім алғандықтан, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы – жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені, бұл мамандық иелеріне ақ парақтай таза шәкірттердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие дәнін егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген.
Қазіргі таңда өз елімде ұстаздық қызметімді атқарып келемін. Ұстаздық жолды таңдауыма себепші болған менің ұстазым, математика пәнінің мұғалімі Сыдықова Айсұлу Орынғалиқызы. Ұстаздарымның балаларға деген мейірімі, сабақ беру әдісі, қарым
-қатынасы, сөйлеу мәнері де себеп болды. Ол кезде мұғалімдік мамандық ең мәртебелі мамандық еді. Сондықтан мен ұстаздарыма қарап армандап бұл мамандыққа қол жеткіздім.
Менің педагогикалық саладағы ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Бүгінгі әлемде білім беру ісіндегі жоспарлаудың маңыздылығын айта келіп, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Ұлттық бәсекеге қабілеттілігі оның білімінің көрсеткішімен белгіленеді». Әрбір оқушы өзгерістерге толы қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам болып, өмірге үлкен мақсаттар қойып, өзінің бойындағы барлық қабілеттерін толықтай пайдалана біліп жоғары белестерден көрініп жатса, әрине, ол мен үшін ғана емес баланың ата-анасы, достары, ұстаздар қауымы үшін де қуаныш сыйлайды деп санаймын.
Жақсы ұстаз ─ бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеймін. Қоғамымызда болып жатқан өзгерістерден білім саласы да шет қала алмайды. Себебі, кешегі қалыптасып қалған ескі жүйе бүгінгі күннің талап- тілегін орындай алмай отыр. Сондықтан, қазіргі оқытудың жаңа тәсілдері қарастырылуда. Солардың бірі ─ сабақ барысында оқытудың жаңа технологияларын қолдану. Ондағы мақсат ─ оқушының өзінше ойлау қабілетін арттыру, математикалық тілде сөйлей білуге және қазіргі заманғы ақпараттық құралдармен жұмыс істеуге үйрету. Сондықтан да педагогикалық процессте инновациялық технологияларды, яғни оқыту мен тәрбиенің тәсілдерінде, мақсаты мен мазмұнын нақты айқындауда, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметінде ұйымдастыруға жаңалық енгізу негізінде қолданылады. Инновациялық технологиялар ең алдымен оқушының шығармашылық қабілетін, яғни жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейін дамытады. Менің мақсатым ─ оқушылардың шығармашылық құзіреттілігін қалыптастыру, баланың математикалық қабілетін ашу болып табылады.
«Мұғалім ─ өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» деп К.Д.Ушинский айтып кеткендей, бойымдағы бар білімімді, асыл қасиеттерімді шәкірттеріме арнай білсем, менің мақсатымның орындалғаны, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.