Рефлексивный отчет об изменений парадигмы образования


Өзгеріс не үшін қажет?
Сізге өзгерткіңіз, жөндегіңіз, жақсартқыңыз келген
әлдебір адам белгілі ме?
Егер белгілі болса, тамаша! Мен қуаныштымын.
Ал осы өзгерісті неліктен өзіңізден бастамасқа?
Дейл Карнеги

Жаңа заман жаңа білім парадигмаларын талап етеді. Ғылыми- техникалық революцияның ғылымды өндірістік күшке айналдырып, соның әсерінен электрондық және бұқаралық ақпарат құралдарының жетілуі, әлемдік ақпараттық желінің ұлғаюы қоғамды ақпарттандырды. Содан ақпарттар көздерінің тез дамып, ақпараттар көлемінің және легінің күрт өсуі бүкіл әлемде білім мазмұнын қайта қарастыруды талап етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де маңызды мәселе «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырда қалай дайындайды?» (Нұсқаулық, 2012). Бұл өзгерістердің барлығы білім алу мерзімін де өзгертті. Себебі ақпараттар көп болғанымен, әр уақытта мазмұны жағынан келісілмеген болғандықтан, мектепте немесе басқа білім орнында алған білімін теріске шығаратын болды. Бұл өз ретінде мектеп түлектерінің осындай аумалы- төкпелі заманда өз білімін дұрыс қолдана білуін талап етеді. Осыдан келіп оқушылардың функционалдық сауаттылығы туралы мәселе көтерілді. Белгілі бір оқу орнын бітірген түлек өмірге тез бейімделіп, жаңалықтан тыс қалмас үшін «өмір бойы оқуға» мәжбүр. Бұл бүкіл әлемнің білім беру жүйесін қайта қарастыруды талап етті. Сондықтан да дер кезінде өз елінің білім беру жүйесін өзгертіп, дұрыс жол таңдай алған ел ғана дамиды.
Білім беру үрдісіндегі реформалар, стандартты жетілдіру туралы сөз қозғағанда Финляндия, Сингапур сынды елдер қатарына Швецияны да қою керек. Көптеген сарапшылар Швецияның білім беру стандартын, тестілеуін, эвалюация (мектептерді жергілікті қоғамдастық арқылы басқару) жүйесін және білім беру жүйесіндегі сапаны дамыту үшін қолданылытын әдіс- тәсілдерін үлгілі деп есептейді, өйткені «нәтиже стандартын» (performance standards) қолданудың салдарынан оқушылардың қобалжуы, білім мекемелерінің көрсеткіштерді бұрмалауы сияқты жағымсыз оқиғалар туралы ешқашан айтылған емес. Швецияда performance standards және тестік тапсырмалар комплементарлы, performance standards - тәжірибеде тест көмегімен өлшенетін құзырлылықтарды нақты сипаттайтын формадағы нәтижені білдіреді. (Загвоздкин, 2011).
Швецияда 9 жылдық негізгі мектеп барлығына міндетті, онда оқушылардың 96 % оқыса, 4% ғана жекеменшік мектепте оқиды екен Ал жоғары мектеп 3 сыныптан құралады: оқушылардың кәсіби білім алуына жақсы мүмкіндіктер жасалған: оқушылар таңдауына 14 кәсіби бағдарлама, университетке түсушілерге арналған 2 бағдарлама ұсынылады. (Завоздкин , 2011). Мектепке дейінгі мекемелер жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Мұнда да Финляндиядағыдай білім алудың бастапқы сатысында сапалы білім беруге ерекше назар аударады. Мұны біз дамыған елдердің барлығынан байқай аламыз. Балабақшалардың тек жоғары білімді тәрбиешілер жұмыс істейді. Негізгі мектеп пен жоғары мектеп ғимараттары жеке-жеке орналасқан. Мұғалім мен оқушының ара қатынасы: 12 балаға 1 мұғалім. Тұрақты және берік адами қарым – қатынасқа тәрбиелеу мақсатында Швеция мектептерінде сынып құрамын өзгертпейді, оқушыларды біліміне қарай іріктемейді.
Шведтік педагогикалық философияға қарама - қайшы келетін дифференциацияның орнына жекелеу формасы ХХ ғасырдың 50 - жылдарында енгізілді. Бұл едәуір қарқынды серпіліс туғызды. Шетелде оқитын оқушылардың 10 % - ы ең үздік оқушылар қатарында болу - осы реформаның нәтижесі. Аналитиктердің пайымдауынша, оқушылар оқытудың негізделген, реттелген, айқын және әділ қадағаланатын нәтижесі сияқты ұдайы кері байланыста болатындығынан көреді (output - regulierung). Әрбір оқушы өзінің білім алудағы қол жеткен деңгейі және келесі кезеңге өту үшін жасайтын қадамы туралы нақты біледі . Бұл үшін үнемі баға мен мұғалім түсініктемесі керек емес. Мұғалімдер мен олардың ата – аналары әр жарты жылда жоспарлау мен даму туралы кеңес өткізеді, яғни «ата- ана – мұғалім- оқушы» ұдайы байланыста. Баға тек 9 – сыныпта енгізіледі де, негізгі мектепті бітіргендігі туралы қорытынды аттестатқа қойылады. Швецияда мектепті бағалауға жергілікті қоғамдастық жауапты. Ол ішкі және сыртқы бағалаудан құралады. Жергілікті қоғамдастық оқытудың әдіс – тәсілдерін және мазмұнын өздері таңдайды. Мектептің және қоғамдастықтың тапсырмасы бойынша мектептің дамуына арнайы дайындалған менеджерлер қатысады. Швецияның эвалюация жүйесі мен білім сапасын қамтамасыз ету әдістері дүние жүзінде ең үздік деп есептеледі. Швед мектептерінде мұғалімдер диагностикалық материалдарды алғашқы кезден бастап - ақ қолданады, кейде оқушылар ол үдерісті байқамай да қалады, себебі мұғалім оны кез – келген ыңғайлы сабақта өткізеді. Диагностикалық материалды қолдану міндетті емес, 5 – ші сыныптың І жартыжылдығындағы тестілеу де міндетті емес, алайда, оған барлық оқушылар қатысады. Бірінші нағыз тест 9 – шы сыныпта өтеді. Ұлттық мектеп комитеті бекіткен мерзімде емтихан өтеді. Тестілеудің негізгі мақсаты – мұғалімдер қойған бағаның әділдігі мен теңдігі.
Шведтік тестілеу жүйесі ұзақ педагогикалық және саяси дамудың нәтижесі. ХХ ғасырдың 50 – 60 жылдары мектеп жұмысының сапасын тексеру үшін бітірушілерге арналған стандартты емтихан тестілері өткізілген. Ал 70 – ші жылдары тест көмегімен оқу бағдарламасында көрсетілгеннің қайсысын оқушы білетіндігі тексерілетін. 70 – 80 жылдары тест сынып нәтижесі арқылы мұғалім деңгейін талдауға мүмкіндік беретін. 90 – шы жылдары реформалар Ұлттық тестілеудің мақсатын өзгертті. Енді тест оқушының белгілі бір құзыреттілікті қаншалықты меңгергендігін тексеру үшін қолданылды. Тест жүйесі ерекше, алдымен мұғалім тест болатын мәтінді сабақ үстінде береді, оны оқушылар топта талқылап, тапсырмалармен танысады. Сондықтан тестке келгенде олар өздерін еркін сезінеді. Швецияның тест құру жүйесін қазіргі уақытта Германия үлгі ретінде алған.
Жапонияға қызығушылық күннен күнге артуда, себебі Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Жапония экономикасы құлдыраған елдер қатарына түсті. Қазір бұл ел - аз ғана уақыт ішінде электрондық технологиясы мықты дамыған экономикалық одаққа айналған мемлекет. Себебі Жапония өз дәстүрін жоғалтпай, Американдық тәсілді үлгі етіп, білімге дұрыс реформа жасау нәтижесінде қарқынды даму жолына түсті. 1952 және 1956 жылдары қабылданған заңдар бойынша Жапонияның білім беру жүйесі автономды. Мектепте оқушылар топтық жұмысқа тартылады, олардың жеке басының да, оқудағы да проблемалары осы топта шешіледі. Топтық жұмыс барлық жапонның күллі өмірі мен қызметіне алтын арқау болып тұрады. Жапония - беделді халықаралық зерттеулерде жоғары нәтиже көрсетіп отырған ел, себебі мұғалімдерді таңдау, оларға қойылатын талаптың жоғарылығы ерекше талдауды қажет етеді. Жапонияда жоғары оқу орнынында оқитын болашақ мұғалімдердің практикасына ерекше көңіл бөледі. Жас маманға тәжірибесі мол тәлімгерді тіркеп, өз білімін жетілдіру, университетте алған білімін шыңдауға мүмкіндік беру мақсатында, теориялық дайындығы мен практикалық іс- әрекетін біріктіру үшін жағдай жасайды. Мектеп басшылары мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне көп уақыт бөледі, яғни олар нағыз көшбасшылықты қолға алған. Бұл ел білім беру үрдісіне қазіргі кезде көптеген елдерде зерттеу нысаны болып отырған,оқытудың креативті және демократиялық жаңа тәсілі ретінде танылған Lesson Study тәсілін 1870 жылдардан бастап енгізген (Нұсқаулық, 2012 ж.). Жапониямен қатар Финляндия, Оңтүстүк Корея сынды алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мұғалім жоғары мәртебеге ие болса, анағұрлым талантты адамдар осы мамандықты таңдайтынын дәлелдейді. Әлбетте кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық әлеуеті мол маман іздемпаз, «өмір бойы білім алуға» дайын тұлғаны тәрбиелей алады. Мұғалімнің бүгінгі еңбегі қандай болса, қоғамның ертеңі сондай болады емес пе? Ал Қазақстан мұғалімдері туралы біз не айта аламыз? Біздің қоғамымызда мұғалім «өмірден қалып бара жатыр» деген түсінік қалыптасқан. Мектеп түлектері мен олардың ата - аналары мұғалім мамандығын «мәртебесі төмен мамандықтар» қатарына жатқызады. Қазіргі таңда мұғалім беделі және оның әлеуметтік индексі туралы проблема қоғамды толғандырып жүр. Біздің елімізде «адам өмірінің инженері» аталған мамандықты ҰБТ-дан орташа немесе төмен балл алған оқушылар амалының жоғынан таңдайды. Өкінішке орай, еліміздің білімді де білікті жастары басқа «төлем ақысы жоғары» мамандықтарды таңдайды екен. Мұғалімнің рөлін төмендету әр уақытта елді аздырып, әдет- ғұрыптарды нашарлатады. Осыған орай еліміздің білім беру үрдісінде түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезде, мен - осы курс тыңдаушылары, мұғалім беделін көтеру мақсатында еңбектеніп, өзгерісті өзімізден бастап, өзгелердің де өзгеріске бет бұруына ықпал етуіміз керек. Өйткені мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім (Strong.Ward & Grant.2011). «Мұғалімі қандай болса, қоғамы сондай». Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекеттер ғана алға озып шыққан. Сондықтан біз осы талаптарға сай қалай өзгереміз? Мен осы тұста ғұлама Әбу Нәсір әл- Фарабидың «Адам мақсатына өзін- өзі жетілдіру арқылы жетеді», - деген сөзін тілге тиек етіп, өзіміздің мектебімізде озық ойлы ұстаздарымызбен коучинг, тәлімгерлікті қолға алып, заман талабына сәйкес білім беру арқылы мұғалімдеріміздің де, оқушыларымыздың да сын тұрғысынан ойлау жүйесін дамытсақ, мәдениетті, жан- жақты тұлға тәрбиелей отырып, педагогтардың беделін көтерсек деймін, өйткені менің мектебімде Қазақстанға белгілі озық ойлы мұғалімдер жеткілікті. Түбегейлі өзгеріске елдердің білім беру үрдісін зерттеп, өзіміздің сана- салтымызға сай келетін, ұлттық менталитетімізді жоймай, керісінше, байытатын «үлгіні» дұрыс таңдай алсақ қана қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Біздің елімізде оқушының білім сапасы тест нәтижесімен өлшенеді. Өзіміз мектепте байқап жүргендей, тестке дайындалғанда көптеген оқушылар тест сұрақтарын жаттаумен шектеледі де, берілген материалдың мәнін де, мағынасын да түсінбейді, талдау жасамайды, белгілі бір тұжырымға келмейді. Бұл білім беру үрдісіндегі кемшілікті біз жоғарыда аталған зерттеулердің нәтижесі бойынша Қазақстанның мынадай көрсеткіштерінен байқай аламыз: TIMSS- 2007 жыл, Қазақстан математика бойынша 5-орында (орташа балл- 549), ал жаратылыстану бойынша 11- орында (533 балл). PISA нәтижесі бойынша Қазақстан 53-орыннан бірақ табылды (А.Құсайынов, 2013).
Қазақстан мектебінің өзекті мәселесі - қарқынды дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзінің және қоғамның қызғушылағына сай өзін таныта алатын, білімді, шығармашыл, құзыретті, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру және дамыту. Осындай тұлғаны қалыптастыру үшін мұғалімнің өзі жан- жақты білімді, кәсіби шеберлігі шыңдалған болуы керек.Алайда, соңғы кездегі мектеп әлеуетін зерттеу нәтижесі мұғалімнің педагогикалық іс – әрекет жасауға психологиялық және технологиялық тұрғыдан дайындық деңгейінің төмен екендігін көрсетті. Қазіргі уақытта педагогикалық білім мен педагогикалық әрекет арасында алшақтық бар. Жоғары оқу орындары да , педагогтардың біліктілігін арттыру курстары да мұғалімді пәндік білімді «таратушы» ретінде қалыптастыруға бейімделген. Педагогика туралы білімге негізделген мұғалім дайындығы нақты жағдайда нақты баламен жұмыс істейтін нақты мұғалімге қажет өзін – өзі реттеу және өзін – өзі бақылау, кәсіби және тұлғалық рефлексия дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да қазіргі мұғалім «өмір бойы білім алуға» дайын болуы керек, өйткені жай ғана ұрандармен, айлықты көтерумен мұғалімді жұмысқа психологиялық тұрғыдан жаңаша дайындау, шеберліктің және мәдениеттің жаңа деңгейіне көтеру мүмкін емес. Ол үшін мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын қалыптастыра отырып, кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, оларды сапалы білім беру міндеттерін шынайы шешуге үйретіп, қазіргі мектепке қажетті әдіс – тәсілдерді дұрыс меңгеруіне жағдай жасау қажет.
Көптеген мұғалімдердің кәсіби шеберлігі қазіргі заман талабына сәйкес келе бермейді. Қазіргі педагогикалық ұжымдарда:
- өз кәсібіне деген қызығушылық төмен;
- педагогикалық технологиялар туралы білімі төмен;
- агрессия деңгейі жоғары;
- адамның психологиялық дамуы туралы білімі жеткіліксіз;
- өзінің кәсіби - тұлғалық даму бағдарламасын құра алмайды;
- өз іс – әрекетіне сенімсіздікпен қарайды;
- кәсіби рефлексия деңгейі төмен;
- командада жұмыс істеу қабілеті төмен, өз білім мекемесін басқаруға қатысуға ынтасының төмендігімен ерекшеленеді.
ХХ ғасырдың 50-шы жылдарында мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеруге көмектесетін маңызды бір форма педагогикалық оқу деп саналатын. Ол мұғалімнің өз тәжірибесін қорытындылауына мүмкіндік береді, озық тәжірибелерді, ғылыми әдебиеттерді пайдалана отырып, негіздеуге жол ашады деген ұйғарым болды. Мұнда озат педагогикалық тәжірибелер негізгі бағдар болып қала берді. Бұл жол арқылы жалпы мұғалімдер қауымының педагогикалық шеберлін арттыру мүмкін емес еді. Сөйтіп педагогикалық оқу да іс жүзінде мұғалімдердің өз миссияларын орындауына көмек бере алмады. Мектептегі барлық жаңалықтардың көзі әр кезде де мұғалім болып келген. Сондықтан Қазақстанда білім берудің жаңа моделін ендіру ісіне қатысты стратегиялық бағыттардың бірі – жаңа формация педагогын қалыптастыру. Мұғалім инновация мен эксперимент режимінде жұмыс жүргізуге кәсіби – тұлғалық әзірлігі тұрғысынан жоғары деңгейде болуы керек.
Әйгілі педагог К.Д. Ушинский былай деп атап көрсетеді: «...ағарту ісінде ең бір елеулі кемшілік - өз міндетін атқаруға арнайы даярланған баулушы- ұстаздар жоқ». Барлық дамыған мемлекеттерде көшбасшы басшылар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруға ерекше назар аударады. Біз де өз мектебімізде тәлімгерлікті жүйеге келтірсек, іс- әрекеттегі зерттеулерді жалғастырып, алған білімімізбен бөлісе алсақ, елеулі нәтижеге қол жеткіземіз.Менің мектебімнің мақсаты - әрбір оқушының қабілеттерін анықтау және дамыту, жан дүниесі бай, дені сау, сын тұрғысынан ойлай алатын тұлғаны, берік білімі, жоғары адамгершілік құндылықтары бар, шығармашылық танымы жоғары, өмірдің интеллектуалдық, азаматтық-құқықтық , ақпараттық салаларында құзыреттілікке ие тұлғаны дамыту. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мектептің білім беру үрдісіне І деңгей Бағдарламасының жеті модулінің идеяларын жүйелі түрде ендіру керектігін түсіндім. Қазіргі кезде оқушылардың функционалдық сауаттылығын, логикалық ойлау жүйесін дамыту қолданбалы курстарды енгізу арқылы жүзеге асырылуда. Ендігі кезекте Жапония және Швеция үлгісі бойынша топтық жұмысты жандандырып, арнай курстарды ұйымдастыру арқылы мұғалімдердің сын тұрғысынан ойлауын қалыптастыра отырып, ойлану туралы ойлана алатын, өмірде өз орнын таба алатын тұлғаны қалыптастыруға атсалысуды ұйғардым. Мектеп мұғалімдерін, басқа да облыс педагогтарын, келісім- шарт негізінде ЖОО-ның білікті мамандарын қатыстыра отырып, қоғамдастық құру өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Кез - келген сын тұрғысынан ойлау негізінде тәрбиелеген бір сыныптың өзі үлкен мақсаттарға жетуге жасалған қадам болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, І деңгей, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2012 ж.
Қазақ афоризмдері (қазақ афористикасы: бағзыдан – бүгінге дейін). – Алматы, Алматы кітап баспасы, 2008 ж.
Лизинский В.М. Работа администрации школы с учителем./ центр «Педагогический поиск», 2000.
Құсайынов А.Қ. Қазақстандағы білім беру сапасы / А.Қ.Құсайынов.- Алматы, 2013 ж.,-196 б.
Загвоздкин В.К. Теория и практика применения стандартов в образовании.- Москва, 2011.
Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Оқу құралы.- Алматы, 2009 ж.
Әбжанов Х., Кенжебаев Ғ. Тәуелсіз Қазақстан: Жоғары білім, ғылым, саясат.- Алматы: «Баспалар үйі», 2009.
Назарбаев Н.Ә. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында//Егемен Қазақстан.-2005.-19 ақпан.