Кашкинбекова Анар Тулеубековна А?танберді атында?ы орта мектеп — ба?шаКММ бастауыш сынып м??алімі Эссе. Та?ырыбы: Білім беру: кеше, б?гін, ерте?


31750102235«Білім беру: кеше, бүгін, ертең»
Кашкинбекова Анар Тулеубековна
«Ақтанберді атындағы орта мектеп-
бақша»КММ бастауыш сынып мұғалімі
ШҚО Үржар ауданы Таскескен ауылы
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің қандай деңгейге жеткенін байқау үшін оның тарихына көз жүгіртіп өтейік. Алысқа бармай-ақ ХХ ғасырдың екінші жартысына тоқталатын болсақ, халықты жаппай сауаттандыру, неғұрлым қысқа мерзімде қажетті мамандық иелерін даярлау, проблемасы тұрды. Осындай мәселелерді игеру барысында ұстаздар әртүрлі жағдайларда қызмет етті.
КОКП ОК мен КСРО Мин. Кеңесінің “Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға білім беру, тәрбиелеу мен оларды еңбекке баулуды одан әрі жетілдіру туралы” қаулысы шықты. Мектеп реформасын жүзеге асыру бағытында бірлескен кешенді шаралар белгіленді. Жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар берумен қатар электронды-есептеуіш микропроцессорлы техникамен қоса металлургия өндірісін, автоматика, телемеханика негіздерін оқыту қолға алынды. Ауыл мектептеріндегі оқушылар мал шаруашылығында жұмыс істеуге үйренді. (Қазақстанның білім беру жүйесі Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)
1991 жылы еліміз егемендігін алды. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, онда жалпыға бірдей міндетті әрі тегін орта білім беру бағыты жарияланды. ҚР “Білім беру туралы” жаңа Заңы қабылданды. Осыған байланысты жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы орта білім беретін оқу орындары: лицей, гимназия, кәсіптік-тех. мектептер, колледждер өмірге келді.
1990 – 99 ж. ҚР білім саласына қатысты оннан астам мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Олардың барлығы білім беру жүйесінің неғұрлым тиімді жағын халыққа ұсынуды көздеді.
Бүгінгі күні әлемде жаһандануға байланысты білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер болып жатыр.
Білім беру жүйесін саралап, әлемдік жүйеге көз тігіп, дамыған елдердің ішіндегі бірталай елдерге, шолу жасап, мынадай тұжырым жасадым: бағалау жүйесі әріптермен көрсетіледі,суммативті және формативті бағалау жүйесі қолданылады, көптілді жетік меңгеру жүйеге қойылған, сабақтарды өткізу, талдау жолдарында әлемдік тиімді әдістер қолданылады, білімге үлкен көңіл бөлініп, зерттеулер мектепке дейінгі саладан бастап барлық салаларда үздіксіз жүргізіледі, оқушылардың өздігінен білім алуы жолға қойылған.
Ал енді біздің еліміздегі білім беру саласының жағдайы қандай? деген сұрақ туындайды. Ол үшін ең алдымен біз қай ғасырда тұратынымызды еске алайық. XXI-ғасыр білімділердің және бәсекенің ғасыры. Еліміз егемендік алып, барлық жағынан әлемдік стандарттарға сай болуды, әлемдік өркениет төрінен орын алуды, ғылымды әр қырынан меңгеруді межелеп отыр. Ал білім берудің еліміздің экономикалық дамуына қосатын үлесі зор. Сондықтан да еліміздің білім беру жүйесі әлемдік жүйеге сай және жетекші елдердің қатарында болуы шарт деп есептеймін. Осыған байланысты біздің білім берудегі мақсатымыз бәсекеге қабілетті маман дайындау. Осындай мақсаттарды алға тартқан Қазақстан Республикасы «Білім заңына» өзгерістер енгізіп, көптеген зертеулерден соң тиімді деп тапқан бағдарламаларды қабылдады.
Атап айтсақ «Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасы», «Балапан» және «Болашақ» бағдарламасы және т.б бағдарламалар. Осыған байланысты білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде.Бұл уақыт талабы.
Сондықтан әлем елдерінің ішінен еліміздің Ұлыбритания елімен білім беру саласында өзара пайдалы ынтымақтастық орнатуын қолдап, тиімді жақтарын өз тәжірибеме енгізуге ұмтылыс жасаудамын. Себебі, Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының І (ілгері)деңгейінде Кембридж университетінің бағдарламасымен біліктілігімді арттыру барысында өзіме көптеген жаңалық көзін аштым. Мәселен, Англияның білім беру және дағдылар департаменті (DfES) мектептерде барынша жоғары стандарттарға қол жеткізу тәсілі ретінде білім беру желілерін дамытуды қолдайды екен. Білім беру желілеріне тартылған мектептердің жақын арадағы тәжірибесінің негізінде жасалған DfES есептері бірлесіп жұмыс істейтін мектептер мұғалімдердің кәсіптік деңгейін едәуір көтере алатындығын және балаларды барынша табысты оқытуға ықпал ететінін дәлелдеді. (Мұғалімге арналған нұсқаулық. І деңгей 52 бет). Біз де осындай жүйеде жұмыс істеп, оқушыларымыздың өздігінен білім алуға ұмтылысын жандандыруымыз қажет. Ол үшін әр мұғалім сындарлы оқу теориясын меңгеруі және үнемі ізденіп, зерттеуші болуы керек.
Яғни әр мұғалімнің жаңалық көзі болу мүмкіндігі бар екенін, ол үшін жалықпай, тынбай еңбектену яғни зерттеуші мұғалім болуымыздың қажеттігін білдім. Зертеушілікпен айналысу-оқыту үдерісін жетілдірудің негізгі күші болып табылады. Көшбасшылықтың мәнін түсінген әр мұғалім еліміздің ертеңін ХХІ ғасырда бәсекеге сай қылып дайындау мақсатында әріптестерін соңынан ерте алатындай болуы қажет деп есептеймін.
Алдыма белгілі мақсат, өзекті тақырып белгілеп алғаннан соң, біліктілік арттыру курсын оқыған әріптестеріммен бірігіп, мектепті дамыту жоспарын құрдық. Алдымызға жұмыс жоспарын жасап алып, сол бойынша әріптестерімізді біртіндеп, жүйелі оқытуды жүргіздім. Оқыту барысында жүргізген жұмыстарымның нәтижесінде әріптестерім сындарлы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ықпалдастыра қолдануды үйрене бастады.
Жұмысымның нәтиже бере бастағанын аудандық сайыстарға, семинарға қатысқан әріптестерімнің жүлделі орындарға ие болуынан көруіме болады деп ойлаймын. Атап айтқанда аудандық семинарда баяндама оқыған психолог Г.Ж.Саменованың жұмысында сындарлы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, зерттеумен айналысқаны үшін, ерекше бағаланып, облыстық психологтар сайысына ұсынылды. Ал «Үздік тәрбиеші» сайысына қатысқан жадыра Машербаева жүлделі ІІ орынды иеленсе, дене тәрбиесі мұғалімі М.Б.Бұланбаев атаулы бағамға ие болды. Бұл әріптестерді де өз жұмыстарында сындарлы оқытудың әдіс-тәсіллдерін қолдануына үнемі қолдау жасап отырдым.
Сонымен қатар аудан, қала мектептерінің ұстаздарымен үнемі қарым-қатынас орнатып, жұмыстағы тәжірибеміз бен туындаған сұрақтарымызды шешіп отырамын. Ауданымыздың басқа мектептеріне жоспарлы түрде әріптестер бірігіп, сындарлы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерінің тиімділігіне көз жеткізуіне, өз тәжірибелерінде қолдануына мүмкіндік жасау үшін семинарлар, шебер сыныптар өткізіп тұрамыз. Атап айтқанда Лайбұлақ орта мектебі, Тұрсабек орта мектебі, Алтынсарин атындағы орта мектептеріне өздеріміз барсақ, ауданымыздың барлық мектеп ұстаздары қатысқан өз мектебімізде «Ұрпақтар сабақтастығы» семинарын, «Физика пәні және жас мамандар» семинарын өткізсек, аудандық тамыз маслихатында да өз жұмысымды жүргізіп, таныстырылым жасадым.
Сонымен қатар оқыту мен оқу үрдісінде де айтулы нәтижеге жету мақсатында жүйелі түрде ықпалдастырылған жеті модульді қолданып, оқушыларды бірлесіп топтық жұмыс жасауға, өздігінен білім алуға, бірін-бірі оқытуға, бір-біріне қолдау жасауға, бағалау процесіне қатысуға үйретіп отырдым. Нәтижесінде байқағаным- оқушыларға өздіктерінен білімді меңгеру, бірлесіп жұмыс істеу, бағалау процесіне қатысу, құрдастарын оқыту және қолдау жасау өте ұнайды.
Өз тәжірибемді насихаттау, бөлісу мақсатында ана тілінен «Ол ақын болар ма еді?», «Таза бұлақ», сауат ашудан «Нн дыбыс әрпі» шебер сыныптарын өткіздім. Жоғарыда аталған жұмыстар ретін жүргізіп, куәсі болып жүргеннен кейін мектебімізде өтіп жататын іс-шаралардың бұрынғы бірсарындылықтан біртіндеп қара үзіп, жаңалыққа бет бұрып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын және еліміздің білім беру жүйесіне сындарлы оқу жүйесін енгізу қажет және соның негізінде оқыту мен оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп, мұғалімдердің қоғамдастықта ынтымақтастықпен бірлесе еңбектенуіне мүмкіндік туғызып, курстан өткен мұғалімдер әрдайым қолдау көрсеткеніміз дұрыс деп есептеймін.
Келешекте осындай жұмыстарды еліміз бойынша барлық курсты оқыған ұстаздар жүйелі жүргізіп, әріптестерміздің жаңалыққа бет бұруына өз үлестерін қоса алатын болса, дамыған елдер қатарына қосылу мүмкіндігіміз жоғары болар еді. Оқушылардың өздігінен білім алуы жолға қойылып, ұстаздар қажетті бағыт беруші ретінде танылар еді. Сындарлы оқытудың әдіс-тәсілдерін оқыту мен оқу үрдісінде қолдану, желімен жұмыс істеу жаңалық емес, күнделікті қажеттілік болып есептеліп, білім сапасы артар еді. Және де ұстаздар қауымы еліміздің болашағы жастарымызға қандай білімді қалай беруді біліп, ал жастарымыз алған білімдеріне байланысты қиналмай өз орындарын тауып, Қазақстан Республикасының бар салада дамуы мен көркеюіне өз үлестерін қоса алар еді. Отанымыздың мәңгілік ел болуына барлығымыз қолайлы жағдай жасаған болар едік.

Қолданылған әдебиет:
Қазақстанның білім беру жүйесі Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Мұғалімге арналған нұсқаулық. І деңгей 52 бет
ҚР “Білім беру туралы” Заңы
«Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»