Адамзатты? б?рін с?й, бауырым деп (9-сынып)




Мерзім : 10-12.12.16ж Мектеп: № 130
Тақырыбы: Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп
Құндылық: Сүйіспеншілік
Қасиеттер: Бауырмалдылық, мейірімділік, кеңпейілділік
Мұғалім: Тұрғанбаева Гүлнар Сынып: 8 «а, б» о қушы саны -20-
Сабақтың мақсаты: Жалпыадамзаттық бауырмалдық ұғымы арқылы сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашу. Ресурстар: Өнеге кітабы, оқулық, плакат, түрлі түсті қаламдар.
Сабақтың міндеттері:
Балалардың «Риясыз сүйіспеншілік» ұғымы жайлы түсініктерін кеңейту;
Бауырмалдылық, мейірімділік, кеңпейілділік қасиеттерін дамыту;
Әлемді риясыз сүюге тәрбиелеу.
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті (Нұрға бөлену)
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет.
Ескерту: 5Т ережесі.
3.Үй тапсырмасын тексеру.
«Шаян» (Өсиет әңгіме)
Бір адам бір құлап, бір тұрып судан шыға алмай жатқан шаянды көреді. Адам оны құтқару ниетімен қолын созғанда шаян шағып алады. Адам шаянды сонда да судан құтқаруға тырысады, бірақ шаян қайта шағады. Мұны көрген біреу жақындап келді де, қайта – қайта шаққан шаянды несіне құтқарып жатқанын сұрайды. Сонда жаңағы кісі: «шағу» шаянның табиғатында бар нәрсе. Менің табиғатымда болса, «сүю» бар. Шаянның табиғатында шағу бар екен деп мен өзімнің сүю табиғатымнан бас тартпаймын ғой», - дейді.
Әңгіменің идеясы неде?
«Менің табиғатымда болса, сүю бар» - дегенді қалай ұғасыңдар?
Өз бойыңдағы құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді өмірде қалай қолданасыздар? 4.Дәйексөз
Махаббат құдіреті – жер жүзіндегі күллі ізгі, таза, риясыз атаулының қайнар көзі.
Ж. Сталь (1766 – 1817)
Дәйексөздің мағынасын қалай түсіндіңіздер?
«Риясыз сүйіспеншілік» дегенді қалай түсінесіздер?
Сүйіспеншілік адамды қандай күйге бөлейді? 5. Әңгімелеу. Мұғалім сыйы.
«Бақытты болудың кілті»
Ешкімі жоқ бір жетім қыз көңілсіз күндердің бірінде бір көбелекті көреді. Көбелек тікені бар гүлдің арасына кіріп, ұша алмай тұрады. Қыз көбелекті бар ынта мейрімімен тікенді гүлден құтқарып босатады. Ұшып кете салмай көбелек әдемі бір періге айналады да «Сенің үлкен жүрегің мен мейірімің үшін бір тілегіңді орындайын», - дейді. Жетім қыз біраз ойланып «Бақытты болғым келеді», - дейді. Пері «жарайды» деп, қыздың құлағына бір нәрсе сыбырлайды. Жылдар өтіп, қыз есейсе де, сірә, одан артық бақытты адам жоқ сияқты болады. Бәрі де одан бақытты болудың құпиясын сұрайды. Ол болса жымия салып «Бар құпиям – кішкентай кезімде періні тыңдағаным», - дейді. Жасы ұлғайып қартайған кезде көршілері келіп «Перінің саған не дегенін айтшы, бақытты болудың кілті өзіңмен бірге кетпесін», - деп жалбарына сұрайды. Көздері мейірім төккен кемпір күлімдеп: «Жас болсын, бай болсын кім де кім болса бәрі де мейірімге мұқтаж, сен оларға керексің» - деген еді деп жауап береді.
Әңгімеден қандай ой түйдіңіздер?
Өздеріңіздің риясыз сүйіспеншілікпен жақсылық жасаған кездеріңіз болды ма ?
Адам қай кезде бақытты бола алады екен ? 6. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» тақырыбында жоба қорғау. 7. Топпен ән айту.
Мейірімді болайықшы бауырлар
Көктем етіп көркейтсе де маңайын,
Көріп жүрміз өкпешілдің талайын,
Өшігуді қояйықшы өзгеге,
Кешірімді болайықшы, ағайын!
Көк нөсерін көл етсе де жауындар,
Көк пен жерді сел етсе де дауылдар,
Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,
Мейірімді болайықшы, бауырлар!
Болашаққа қол ұстасып барайық,
Ақиқаттың ауылын іздеп табайық,
Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,
Кішіпейіл болайықшы, халайық!
Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,
Сонда дағы бөлінумен шаршап ек,
Өзімізге қалайтұғын нәрсені,
Тілейікші өзгеге де болса деп.
Ұлттың қамын жүректермен ұғынып,
Жұрттың жүгін көтерейік жұмылып,
Қаратайық Құбылаға жүздерді,
Таратайық адамзатқа жылылық!
Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,
Сонда дағы бөлінумен шаршап ек,
Өзімізге қалайтұғын нәрсені,
Тілейікші өзгеге де болса деп.
Көк нөсерін көл етсе де жауындар,
Көк пен жерді сел етсе де дауылдар,
Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,
Мейірімді болайықшы, бауырлар!
8. Үй тапсырмасы.
Өнеге кітабындағы «Алғыс дәмету» мәтінін оқып келу.
Алғыс дәмету
Бір ауылда даналығымен танымал қария тұрыпты. Оған ақыл-кеңес сұрау үшін көрші ауылдардан да адамдар келеді екен. Осындай көрші ауылдың бірінен бір шал қарияға барып: «Бай болмасақ та, сізге ең күшті тамақтар әзірлеп қонақ күткім келіп отыр», - деп асқа шақырады. Қария қуана келіседі да қонаққа жиналады. Шалдың үйінде расында да дастархан неше түрлі асқа толып тұрады. Тамақты жеп алып, қария дастарханнан тұрып кете бермекші болғанда, шал таңғалып:
- Қария, мен сізге ас даярлап, қонақ күттім, маған айтар еш алғысыңыз жоқ па сонда? – дейді.
Қария: Сіз тамақ ішіп кет деп шақырдыңыз ғой, сізге алғыс айту үшін емес, - деп үйден шығып кетеді.
Мұндай жауапты күтпеген шал Қариядан «есе қайтаруды» көздейді. Оған қайткен күнде де алғыс айтқызу керек деп ойлайды. Осы оймен жүрген күндердің бірінде оның үйіне қария жүгіріп келіп: "Далада қатты жаңбыр жауып тұр! Маған қолшатырыңды бере тұршы", - дейді.
Шал сәті түскен мүмкіндікке қуанып, сыпайы түрде Қарияға керегін береді. Осы жолы міндетті түрде алғысын аламын деп ойлайды. Бірақ қария қолшатырды өзі әкелмей, шәкірттерінің біреуінен беріп жібереді. Шәкірті да ұстазы тәрізді шалға еш алғыс айтпай, қолшатырды ұстатып кете беріпті. Бірнеше күннен соң, шал мен Қария ортақ таныстардың үйінде кездеседі. Шал бәрін шешетін уақыт келді-ау деп, әңгімені жәйлап бастайды:
- Өткен күні қатты жаңбыр жауып ауырып қалған жоқсыз ба?
- Жоқ, ауырмадым. Қолшатырыңызды шәкіртімнен беріп жіберген болатынмын, алған боларсыз? – дейді қария.
- Иә, әрине. Ұмытпай жібергеніңізге рахмет, - дегенін білмей қалған шал қария орнына өзі алғыс айтып отырғанын байқап ашуланады.
Қараса қария өзіне қарап күлімдеп отыр екен. Одан әрі шыдамай шал орнынан ұшып тұрып:
- Қария, сізді де дана дейді-ау елдер! Түк тәрбие көрмепсіз! Жасаған осыншама жақсылығыма кем дегенде бір рахметіңізді айтсаңыз неңіз кетеді?! – депті. Сонда қария:
- Мен сізге деген алғысымды ұдайы ішімнен айттым, жақсылығыңызды ұмытқан емеспін. Егер де адам жасаған жақсылығы үшін алғыс дәмететін болса, жасағаны шынайы жақсылық болмайды. Сіз жақсылықтың ақысына елдің ризашылығын не болмаса алғысын алам деп дәметпеуіңіз керек. Жақсылық жасағаныңыздан алатын қуаныш жеткілікті болуы керек. Жақсылықтың негізі – осы. Егер де ақысын күтетін болсаңыз, ешкімді емес, өзіңізді алдаған боласыз. Адамдардың болмысында мақтаншақтық пен менменшілдік бар.
Жақсылықты жеке өзіңіздің мақсатыңызды көздеп жасасаңыз, қате жасаған боласыз. Егер де еш алғыс дәметпей адамдарға жақсылықты тек жақсылық болсын деп жасасаңыз, ешкімнен ешқашан көңіліңіз қалмайды, - дейді қария.
«Риясыз сүйіспеншілік-менің табиғатым» тақырыбында эссе жазу. 9. Сабақ соңындағы тыныштық сәті.
Баяу әуен («Красивая музыка» композициясы) қосылады. Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады.
Мұғалім жәй дауыспен:
Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Көздеріңді ашуға болады.
Махаббат мәні
А. Самиғоллаұлы
Адамзатты аялаған ақ арман,
Барлық ғалам махаббаттан жаралған.
Өмір – өзен сан тарапқа ақса да,
Жақсылықтан шуақ алып, нәр алған.
Махаббаттың тоймай ішіп дәміне,
Адамзаттың талмай айтар әні ме?
Өзіңді де, өзгені де сүйе алсаң,
Жете аларсың Махаббаттың мәніне.
Х. Курбанов. Бала мен құстар


О. Таңсықбаев. Тауда