Физика саба?ында а?паратты? технологияны ?олдану ма?ала


 
Физика сабағында ақпараттық технологияны қолдану
Рахимбаева Жұлдыз Сархытхановна
Семей қаласы, Евразиялық технико-гуманитарлық колледжінің
физика пәні оқытушысы
Ақпараттық технологияны қолдану арқылы физика сабағында ойын элементтерін пайдаланудың маңыздылығы. Жеке тұлғаның әртүрлі ақпаратты қабылдау, табу, сақтау, оны жүзеге асыру және ақпараттық – коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін жан - жақты қолдану қабілетілігі – бұл ақпараттық құзіреттілік болып табылады. Қазіргі заман – физика ғылымының өте жан - жақты дамыған кезеңі. Қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологияның озық жетістіктерін физика сабағында қолдану арқылы танымдық іс - әрекеттерін ұйымдастыра отырып, студенттердің құзыреттілігін дамытуға болады. Жаңа ақпараттық технология оқытушының жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Физиканы оқытудағы негізгі талап – студентке есептер шығара білу жолдары мен тәсілдерін үйрету. Физика сабағында ақпараттық технологияны тиімді пайдалану білім сапасының артуына әкеледі, студенттің логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, интернет желісінен сабаққа қажетті деректерді өз бетімен іздеуіне компьютерлік сауаттылықтарына жол ашады. Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамда сапалы және терең білімнің, іскерліктін болуын, сондай - ақ жастардың белсенді шығармашылықпен жұмыс істеуін және кеңінен ойлауға қабілетті болуын талап етеді. Арнайы педагогикалық әдістермен мақсатты және жүйелі түрде студенттердің интеллектін, шығармашылық ойлауын дамыту, ғылыми көзқарасымен белсенділігін қалыптастыру. Әр баланың бойындағы туғаннан пайда болған интуициясын әрі қарай дамытуға ықпал ету. Студенттер сабақта ойын немесе жұмыс үстінде ойлау, өлшеу, есептеп табу, зерттеу сияқты процестермен кездеседі. Оларды ұштау, жетілдіру - оқытушының басты міндеттерінің бірі. Сабақта ойын элементтерін пайдалану студенттердің ой - өрісін, танымдылық белсенділігін арттырады. Теория мен практиканы ұштастыруға жол ашады. Оқу процесінде ойынды ұзақ уақыт созуға болмайды. Ойын белгілі бір уақытта пайдаланылып, сабақ кезеңдеріне нұқсан келтірмейтіндей етіп ұйымдастырылуы керек.
«Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деп В. Ф. Сухомлинский айтқанындай ойын ақылды, ойды, тапқыр алғырлықты дамытады. Ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты дамуы да жоқ, және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезесі іспеттес. Ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған, дүние туралы түсінік алады. Физикалық ойын ол тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат беретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл - ой жетекшісі.
Көрнекті педагог В. Ф. Сухомлинский «Егер мен сабақ беруші ғана болсам, педагогтік деңгейге көтеріле алмас едім, шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді.», деген сөзін өз санамызға сіңіріп, бұл тұжырымға көп мән беруге болады.Ойын барысындағы қарым - қатынаста педагог басты назарды достық, жолдастық қарым - қатынас пен өзара түсінікке аударады. Топтық ойындағы оқушының алар орны күнделікті өмірден айтарлықтай өзгеше. Ол ойындағы атқаратын рөлінен туындайтын мазмұнымен сипатталады.Өз сабағымда ойын элементтерін пайдалануымның мақсаты:- студентті тұлға ретінде дамыту, оны қоғамда өз бетінше жемісті шығармашылыққа дайындау- өткен сабақты немесе тарауды студент бойына, санасына мықтап бекіту- студенттерді тапқырлыққа баулып, зейін, байқампаздығын жан – жақты арттыру- студенттердің ойлау қабілетін дамытып, дүние және білім танымын кеңейту, эстетикалық тәрбиелеу- дербес жұмыс жасауын жетілдіру, экспериментальді - ізденушілік іс - әрекетін жүзеге асыру дағдысын дамыту- студенттерді ұжымдылыққа баулу, дұрыс шешім қабылдай білуді және қиын жағдайдан шығудың әр - түрлі жолдарын таңдай білуді қалыптастыру- студенттердің өзін - өзі басқаруын, бағалауын, өзіне деген сенімің арттыру.