Айналайын анашым т?рбие са?аты


Тақырыбы: Айналайын, анашым!
Мақсаты: Балаларға көктем туралы, көктем мезгілінің құбылыстары, 8-наурыз мерекесі туралы түсінік беру. Отбасындағы ананың орнын, анаға деген құрметті ұғындыру, ана мен бала арасындағы байланысты барлық жанрлар бойынша көрсету (театр қойылымы, өлең, ән айту, би билеу). Анаға қалай көмектесетіндері туралы өз ойларын жеткізу арқылы байланыстырып сөйлеуге талпындыру, сөздік қорларын жетілдіру, ойын арқылы ой-өрісін дамыту. Мейірімділік, қамқорлық, кішіпейілділік, адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу, достыққа, ұйымшылдыққа баулу.
Балалар сазды әуенмен, қолдарына гүл ұстап залға кіреді. Шеңбер жасап би билейді. Қолдарындағы гүлдерін аналарына сыйлап, орындарына отырады.
Жүргізуші: Ана десем сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Бар адамға берсе ананың мейірін,
Орнар еді бар әлемде тыныштық.
Жасұлан: Сөздерді ең аяулы,
Жақсы көріп жаттадым.
Енді білдім оларды,
Кімнің ойлап тапқанын:
«Ана» деген сөзді де,
«Аға» деген сөзді де,
«Әке» деген сөзді де,
«Тәте» деген сөзді де,
«Ата» деген сөзді де,
«Апа» деген сөзді де,
Ойлап тапқан балалар.
«Жаным, күнім» дегенді,
«Құлыншағым» дегенді,
«Ботақаным» дегенді,
«Қошақаным» дегенді,
«Толған айым» дегенді,
Ойлап тапқан аналар!
Жомарт: Жамандықтан сақтандырып.
Жақсы ісімді мақтан қылып.
Мәпелеген ақ мамамды,
Жүрсем деймін шаттандырып.
Береке: Еркелесем күлімдейтін
Ұрысқаны білінбейтін
Маңдайымнан искеп менің
Құлыншағым күлімдейтін
М.Нұрислам: Болар күнде алаң
Жанашыр кім саған
Болсаң егер жаман.
Кейитін кім саған
Таң қалғандай ғалам
Кім ең сұлу адам
«Боташым»дер саған
Кім сүйікті адам.

Дулат: Анам мені «Айым» дейді
Мен мұңайсам уайым жейді
Анам мені «күнім дейді,
Мен қуансам, күлімдейді.
Әлишер: Әлпештеген аялаған,
Ақ сүт берген апатайым
Сәлем жазып бүгін саған
Мейрамыңмен құттықтаймын.
Жүргізуші: Қане, балалар, ән айтып аналарымызды мерекелерімен құттықтайық.
Хор: Құттықтаймын, мама, туған күніңмен!
Жүргізуші: Тақпақтар
Науша: Мерекесі бүгін
Алтын анамның
Сыйлайыншы гүлін
Жарқын даламның
Күлімдеген көзі
Күннің нұрындай
Қызым деген сөзі
Ақын жырындай
Аяулым: Ана біздің гүліміз
Ана-біздің күніміз
Ұландарды қуантып
Ұзақ өмір сүреміз
Аламат: Мен мұғалім анамның
Өнегесін аламын
Ертең менде анамдай
Оқытушы боламын
Индира: Жарқын жүзді жан анам
Сендей болсын бар адам
Сендей болса бар адам
Шаттық кетпес баладан
Жүргізуші: Көктем мезгілі аналардың мейрамын алып келді. Балалар, көктем мезгілінің басқа қандай ерекшеліктері бар?
Балалар: Күн жылына бастайды, қар ериді, сай-салаға ағады, құстар ұшып келеді, ағаштар бүршік атады, гүлдер көп болып өседі.
Жүргізуші: Балалар, кім көктем туралы тақпақ біледі?
Нұрахмет: Келіп көктем құстары,
Бау-бақшада ән салды.
Оларды жас достары,
Ұя салып қарсы алды.
Дастан: Көктем келді шуақты,
Балаларды қуантты.
Алақай-ау, алақай!
Құстар сайрап, бақтар жайнап, гүл атты.
Дала гүлге толыпты,
Аққу көлге қоныпты.
Алақай-ау, алақай!
Көктем қандай, көктем қандай көрікті!
Ислам: Кетті қысқы ызғар,
Еріп жатыр мұздар.
Мерекеңіз бүгін,
Қызғалдақтай қыздар!
Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар. Ендеше ортаға сол қызғалдақтай қыздарымызды шақырамыз.
Би: Қазақша
Жүргізуші: Балалар, біз аналарымызды құттықтап, тақпақ, ән айтамыз, би билейміз, ал анамыз туралы не білеміз?
(Балалар өз аналары туралы айтып береді).
Жүргізуші: Бәріңде аналарыңды жақсы көретіндерің көрініп тұр, ал енді қалай көмектесесіңдер?
Балалар: Үй жинап көмектесемін; ойыншықтарымды жинаймын; киімдерімді реттеймін; гүлге су құйямын; шаң сүртемін;
Жүргізуші: Тақпақтар
Ержан: Әр сөзімді жаттаған,
Жүрегінде сақтаған.
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам!
Есбол: Бізге қарап елжіреп,
Сүйсе беттен күнім деп,
Құшақ ашса келші деп,
Жүгіреміз күлімдеп.
А.Жасұлан: Әлемдегі ақылды адам
Бәрінен сол жақын адам
Ол жанымда жүрсе, менде
Батырларша батылданам
Жүргізуші:Балалар енді біз гүлдер жинау ойынын ойнап жібірейік
Дидактикалық ойын: «Гүлдерді түсімен жинаймыз».
Жиналған гүл шоқтарын қыздарға сыйлаймыз.
Жүргізуші:Балалар, ойын ұнады ма?
Жүргізуші: Әже дейміз бәрімізде аңқылдап,
Әже дейді жас сәбиде жарқылдап.
Әже деген бәйтерегі өмірдің,
Әже деген алтын қазық, алтын бақ.
Немере үшін ең мейрімді жан әже,
Шыңғыс: Менің әжем мейірбан,
Мені жақсы көреді.
Қажетіне жарасам,
Жас балаша күледі.
Гүлдана: Менің әжем , ақ әжем
Ұл мен қыздың бағы әжем
Ертегі айтып бер десең
Айтып берер тағы әжем
Менің әжем-жыр әжем
Шуағы мол-нұр әжем
Ақ орамалды тағып ап
Аман-есен жүр әжем
Хор: «Ақ әжем»
Жүргізуші: Жаңбырменен жер көгерер,
Өнерлі бала сүйкімді көрінер.
Әжелерді құттықтап мейрамымен,
Би билеп бүлдіршіндер дөңгеленер.
Би: «Ақ жаңбыр»
Ойын: Кім жылдам
Би: «Ертегі ханшайымы»
Жүргізуші: Аналар, әжелер, ұстаздар мейрамдарыңыз құтты болсын. Сәбилердің күлкісі әрбір шаңыраққа қуаныш, бақыт әкелсін. Ана мен баланың мерейі үстем болсын!