?аза?стан тарихы саба?ында сындарлы о?ыту ?діс – т?сілдерін пайдалану тиімділігі.


Қазақстан тарихы сабағында сындарлы оқыту әдіс – тәсілдерін пайдалану тиімділігі.
Кішкентай адамның рухани әлемін оқуға ғана жетелеуге болмайды. Егер біз баланың бар күшін сабаққа жұмсауға ұмтылсақ, оның өмірі төзгісіз болады. Ол оқушы ғана емес, ең алдымен сан қырлы қызығушылығы, сұранысы, ынтасы бар адам болуы керек.
(В. Сухомлинский)
Тарих - мектепте оқытылатын негізгі қоғамдық пәндердің бірі. Кешегісіз бүгініміз, ал бүгінгісіз ертеңіміз жоқ екенін шәкірттеріміз тарих пәні арқылы жақсы біледі. Тәуелсіз демократиялық мемлекетіміздің болашақ тұтқа ұстар ұрпағының білім дәрежесі қандай деңгейде болуы керек екендігі әрбір ұстаздың көңіліндегі түйткіл ой.Тарих - мектептегі оқу пәні ретінде жалпы негізгі білім беретін барлық гуманитарлық және қоғамтанушылық курстардың негізін құрайды. Тарих ұлттық өзіндік сана - сезімді және адамгершілік этикалық нормаларды қалыптастыра отырып, оқытудың дүниетанымдық негізін қалыптастырады. Тарихтың басқа пәндермен өзара байланысы талдау, жинақтау сияқты ортақ логикалық таным - әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екенін паш етті.Мұғалімдер үшін ең басты мәселе боп отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және «мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» деген сұрақтар.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының деңгейлік бағдарламалары осы мәселені шешуге бағытталған.Мен де өз мектебімізде құрылған «Даму» кәсіби қауымдастығының мүшесімін.Осы қауымдастық мүшесі бола жүріп мен Синектің «Көшбасшылықтың конустық метафорасымен» таныстым.Конустық метафора ең алдымен «Мен неге өзгеріс енгізуім керек?» деген сауалға жауап іздеуге жетеледі.Осы сауалға жауап табылғаннан кейін,енді «Өзгерісті қалай енгізем? Оқушыларыма қалай көмектесуге болады?» деген сауал өзінен-өзі туындады. Осы сауалдардың жауабын мен мектебіміздің көшбасшы мұғалімдерінен алып,үйренетінімді ұғып,кәсіби қауымдастыққа мүше болдым.Қазір өз сабақтарыма жеті модульді кіріктіріп жүрген тәлім алушымын.
Мен түрлі әдіс - тәсілдерді пайдалана отырып, сапалы білім, саналы тәрбие беруде сабақтың тиімді түрлерін қолданып келемін. Осы мақсатта өзім сабақ беретін 6 - сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін пайдаланып жүрген әдіс - тәсілдерден мысалдар келтіруді жөн санадым. Тарих сабағын оқыта отырып, сын тұрғысынан ойлау, ұжымдық оқыту, топтық жұмыс,диологтік оқыту, сынақ, өзіндік жұмыс және тарихи диктант т. б. тәсілдерді қолданамын. Сурет - иллюстрациялар бойынша әңгіме құрастыру, тірек - сигналдар, тірек - сызбалар, кластерлер, хронологиялық таблицалар құрастыру, венн диаграммасы арқылы жұмыс істеу әдістері де қолданылады. Бұл әдістер СТО әдіс-тәсілдері екені аян.Тағы бір ерекшелігі, күнделікті сабақпен салыстарғанда қайталау сабақтарында оқушылардың өз беттерінше ойланып, жұмыс істеуіне едәуір мүмкіндік туады.
Әртүрлі әдіс - тәсілдерді сабақ үстінде қолдану барысында төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады.
1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау.
2. Сенімділікке тәрбиелеу.
3 . Қиялын дамыту «менің ойымша» деген сұраққа жауап алуға жағдай жасау.
4. Әр түрлі жауапты соңына дейін тыңдау.
5. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау.
6. Баланың дүниетанымының кеңіп, рухани өсуіне, әр сабақта жағдай жасау.
7. Топпен, ұжыммен және өз бетінше жұмыс жасауға жағдай жасау
Оқушылар өз ойлары мен байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта біліп, өзара алмасады. Оқушы алған білімін пайдалана отырып шешім қабылдайды, топпен бөлініп берілген тапсырмалары болса, өздері дәлелдейді, көрсетеді, бағалайды немесе «Эссе жазу, бес жол өлең», т. б. стратегияларды қолданып тәсілдерін қолданып қорытындылайды. Мен өз сабағымда пайдаланатын стратегиялар түрі:
1. Негізгі ойды суреттеу
2. Топтастыру
3. Бес жол өлең
4. Эссе жазу
5. Галереяға саяхат
6. Венн диаграммаcы
7. Шығармашылық жұмыс
8. Әлемді шарлау
9. Ой қозғау
Осы аталған нәтижеге қол жеткізу үшін мен өз сабақтарымды «Блум таксономиясы» негізінде құрып жүрмін
Бағалау
Жинақтау
Талдау
Қолдану
Түсіну
Білу
Жеті модульге негізделген сабақтарда әртүрлі инновациялық әдістерді пайдалана отырып,мен көп жетістіктерге жеттім.Ең бастысы-оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып,олардың бір-бірімен пікірталастырып ашық сөйлеу дағдылары қалыптаса бастады.Өздеріне сенімсіздік білдіріп,бұйығы отыратын оқушылар өз ойларын аз да болса жүйелеп,еркін айта бастады
Жеті модульдің бірі,әрі маңыздысы боп табылатын оқыту әдісі –Диалогтік оқыту.Мерсер дәлелдеп,айқындап берген диалогтік оқытудың 3 түрін өз сабақтарымда пайдалана отырып,оның тиімділігіне көзім жетті.
Диалогтік оқыту
Куммулятивтік әңгіме Дебат әңгіме Зерттеушілік әңгіме
Мысалы 6-сыныпта өткізген «Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі» сабағымда 1-топ куммулятивтік әңгіме ретінде оқулықтағы материалдардан постер дайындап ұсынса,2- топ оқушылары өздеріне қойылған «Сақтардың күресі шын мәнісінде тәуелсіздік үшін күрес сипатында болды ма?» деген сауалға 2-топқа бөлініп, «иә» және «жоқ» ойларын дәлелдей алды.Ал 3-топ оқушылары,яғни зерттеуші топ мүшелері,Сақтардың өмірі,мәдениеті,шаруашылығы туралы,Томирис патшайым мен Спитамен ерліктері туралы тың деректер ұсына алды.Мұғалім сабақта тек қана көпірше бола алады, қолдаушы, демеу, бағыт беруші болады. Материалды жеңіл тілмен, көрнекіліктер пайдаланып, ситуациялық ойындар, практикалық мысалдармен ұштастыра өткізілген сабақ оқушының білім сапасын, олардың сабаққа қатысуы мен үлгерімін жоғарылататынын байқауға болады.
Сындарлы оқыту теориясына негізделген әдіс-тәсілдерді,яғни жеті модульді өз сабақтарыма кіріктіріп жүрмін.Оқыту мен оқуда АКТ-ны тиімді пайдалану,оқыту мен оқу үдерістерін жақсартуға жағдай жасайды.Мен де өз сабақтарымда тек өзім ғана емес,оқушыларымды да АКТ-ны меңгеруге жетелеймін.Үй тапсырмасы ретінде таныстырылымдар жасау,фотошоптар әзірлеу сияқты тапсырмалар беру арқылы оқушының ақпараттық танымдық деңгейін көтеремін.
Ағылшын ғалымдары Джон Дьюи мен Дональд Шон зерттеген және енгізген «Рефлексивтік оқыту» термині қазір белең алып келеді.Оқытудың бұл тамаша әдіс-тәсілін мен де қолдаймын.Бала сабақ барысына өзінше тұлға ретінде баға беріп,оған не ұнап,не ұнамағанын жазуы әншейін бір жеңіл нәрсе емес,ол өзіндік салмағы бар және мұғалімнің келесі жұмыс барысын жоспарлауға аса қажет дүние.
Осы айтылған әдістердің кейбірін пайдалану сәттерінен ұсынар болсам:
1.Топтық жұмыс орындау сәттері
2.постер дайындау
3.топтар жұмыстарын қорғауда
4.кері байланыс парақшалары
Қазір күнде өтілген әңгімеден соң оқушылар ой - толғанысын жасап өз ойын жазбаша білдіреді, кейде мәтіндегі ойға байланысты мақал-мәтел де кірістіріп жазады.
Сабақ үстінде қолданылған әдіс - тәсілдер арқылы оқушылар өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік жасайды. Бұл әдіс - тәсілдер тиімділігі мынадай нәтижелерінен көрінеді.
1. Оқушының сабақта алған білімі эмоциялық бояулармен, сезімдік әсерлермен қабылданып, тарихи оқиға туралы өзіндік қорытынды жасауына мүмкіндік береді.
2. Оқушылар ортақ мақсатты түсініп, міндеттерді дұрыс бөліп ала білуді, өзара дұрыс қарым - қатынас және бақылау жасауды үйренеді.
3. Сабақты әртүрлі әдіс - тәсілдер арқылы өткізу мұғалімнің сабақ жоспарын, өтілетін материалдық мазмұнын, жан - жақты ойластыруын, қосымша материалды алдын ала жинақтауды, тарихи тұлғалар рөлін ойнайтын оқушылардың сабаққа дайындалуына дұрыс жетекшілік жасауын талап етеді.
Сабақта әртүрлі әдіс - тәсілдер арқылы әр балада өзіндік ой пайымдауы, бір - бірімен қарым - қатынас жасаудағы белсенділігі, мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасындағы қарым - қатынас белсенділігінің артқандығын көруге болады.
Қорыта айтқанда СТО бағдарламасының әдістері арқылы оқушылардың ой - пікірі, көзқарасы, дүниетанымы қалыптасады. Оқушылардың белсенділігі артады, келесі сабақты асыға күтеді. Олардың тарихи әдебиетті оқуға деген қызығушылығы мен қажеттілігі қалыптасады. Өз пікірін айта алатын, өз көзқарасын қалыптастыра алатын, ұлтын сүйетін оқушы ертеңгі өмірдің ағымына да төтеп бере алатын азамат болатынына мен кәміл сенемін.