Дуалды ж?йе бойынша мамандар даярлау.


Дуалды жүйе енгізу
Әлемдік деңгейге сай кәсіби техникалық кадрларды дайындау-бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі заманда адамның өмірдегі жағдайы мен қоғамдағы орны оның білім мен еңбекке қатынасына қарай айқындалмақ. Тек сапалы білім алып, таңдаған мамандығы бойынша табысты еңбек ете алған адам ғана өмірден өз орнын таба алмақ. Сондықтан, бүгінгі күні еңбек пен білімнің қазақстандық қоғамның басты идеологиясы ретінде күн тәртібіне қойылуы- заңды. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, азаматтарының білімімен өлшенеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда техникалық және кәсіби білім беру жүйесі жеткілікті деңгейде дамыған. Алайда басты мәселе сапалы мамандар дайындау, олардың еңбек нарығының талаптарына төтеп бере алмауы болып табылады.
Жаңа инновациялық оқыту технологиясы кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Инновациялық оқыту технологиясын меңгеру үшін педагогикалық аса зор тәжірибені жұмылдыруды қажет етеді.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім берудің негізгі мақсаты былайша айқындалады: «Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Білім беруді әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар ретінде ғана емес, экономикалық инвестициялар ретінде түсіну қажет. Білімге негізделген экономика және қоғам, өмір бойы оқыту – бәсекеге қабілеттілік пен жаңа технологияларды қолдану проблемаларын шешудің, әлеуметтік бірлікті, тең мүмкіндіктер мен өмір сапасын жақсарту тәсілдері болуы тиіс» деп, қазіргі таңдағы қоғам мен мемлекеттің дамуы үшін білімді дамытудың маңыздылығын айқындай отырып, білімді дамытуда бірнеше міндеттер жүктейді. Сондықтан да, соңғы жылдары еліміздің білім жүйесін жаңғырту мәселесі үнемі күн тәртібінен түспей, соның ішінде оқытудың мерзімі мәселесі қозғалып, орта білім жүйесін жаңа технологияға негізделген білім беру стандарттары мен жаңа бағдарламалары, оқулықтар жобасы жасалып, олар барлық деңгейде талданып келе жатыр. Орта білім саласындағы осы өзгерістер педагогикалық білім беру жүйесіне де өз әсерін тигізіп, педагогикалық оқу орындары білім нәтижелерін осы тұрғыдан қарастыруға бағыт алуда.
  Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестер қарқынды даму үстінде. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайтынын бүгінгі қоғам дәлелдеп отыр. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын сол жаһандану білім саласына мықтап еніп отыр. Соның негізінде әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды. Сондықтан, білім саласын модернизациялауда ұлттық инновациялық жүйені жасау адам іс-әрекетінің жаңа ғылыми және кәсіби бағыттарын айқындауды көздей отырып, кадрлар дайындаудың мамандандырылған жүйесін іске асыруды талап етеді.
Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында кәсіптік білімді дамытудың маңыздылығын айқындай келе, білім саласына қатаң тапсырма жүктеген болатын: «Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет» осы негізде кадрларды дайындаудың мамандандырылған жүйесін жасауда ғылыми техникалық прогресстің қазіргі деңгейін ескере отырып, білім беру саласына қойылатын жоғары халықаралық талаптарды да қанағаттандыру мақсатында еліміздің мұнайлы аймақтарында, кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе — дуалды оқыту әдісі енгізіліп, осыған орай, қазіргі қоғамға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде, дуалды оқыту жүйесін ендіру осы салада нақты біліктілігі мен мамандығы бар кадрларға деген сұранысты арттырады деп болжам жасалуда.
Қазақстан Республикасының президенті барлық отандық компанияларды дуалды білім беру жүйесіне атсалысуға шақырды. Кәсіптік білім беру жүйесінде білікті маман даярлауда тиімді жолдардың бірі - осы дуалды оқыту жүйесін енгізу.
Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз –теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Ол  алғаш  Германияда  пайда  болып, негізі қаланды. Дуалды  оқыту жүйесінің  кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуалды оқыту жүйесі қазіргі дүниежүзілік тәжірибеде бар дүние. Бұл жүйе – озық индустриялы Германия, Австрия, Нидерланды, Швейцария сияқты көптеген еуропалық елдерде және кейінгі жылдары Қытайда, Оңтүстік корея, Азияның басқа елдерінде кең тараған.
Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті, кәсібін нақты таңдаған, өзінің кәсіби білімін үздіксіз жетілдіре алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.
Дуалды оқыту жүйесінің негізі – мемлекеттің корпоративтік жауапкершілігі негізінде, жұмыс беруші және оқу орны ұйымдастырған кәсіби кадрларды дайындаудағы бір формасы. Дуалды білім беру жүйесі оқытудың барлық кезеңінде өндірістік оқыту мен оқу орындарындағы теориялық оқытуды біріктіреді, 40% теориялық білім алса, 60% тікелей өндірісте өткізеді. Дуалды оқыту жүйесінің дәстүрлі оқытумен салыстырғанда негізгі артықшылықтары:
1.Дуалды жүйе бойынша мамандар даярлау дәстүрлі оқыту формасындағы теория мен практика арасындағы үзілісті жояды;
2.Дуалды оқыту жүйесінде болашақ маманның жаңа психологиясын құру тетіктері қарастырылған;
3.Дуалды оқыту жүйесі берілген білімнің дағдыларға ұласуына, оларды жұмыс орындарында сапалы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады;
4.Кәсіпорын басқарушыларының «өз» жұмысшыларын оқытуға деген қызығушылықтарын оятады.
«2020 жылға қарай колледждердің 50 пайызына дуалды оқыту жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл Мемлекет басшысының бізге қойып отырған тапсырмасы», - деп атап өтті білім және ғылым министрі.
Қойылған міндеттерді шешу жолында дуалды оқыту жүйесі Павлодар облысы колледждері мен кәсіпорындарында сәтті іске асырылуда. Павлодар облысы әкімі және «DEULA» Неміс ауылшаруашылығы академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, «Красноармейка» колледжінде іске асырылды. № 19 Ақсу колледжі Рогаланд (Норвегия) округының кәсіби дайындық көрсету орталығымен, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Қазатомөнеркәсібі» ҰАҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ сияқты «Самұрық-Қазына ҰӘҚ еншілес компанияларының 22 ТжКБ оқу орнымен жасалған шарттары іс жүзінде қолданылуда. Сонымен бірге, көпжақты келісім шеңберінде 137 колледж студенті «Қазақстан Темір жолы» АҚ «Көліктегі технологиялар» орталығының базасында одан әрі жұмысқа орналасу құқығымен практикалық оқытудан өткен.
Білім беру жүйесін жаңғырту аясында дуалды кәсіби білім беруді дамыту, жұмысшы кадрлардың тапшылығын еңсеру үшін, қазіргі заманда кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатын жүзеге асыру үшін Екібастұз қаласында Инновациялық Еуразия Университетінің Екібастұз колледжінде іс жүзінде қолданылып келеді.
Дуалды оқыту жүйесінің элементтерін іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс жасау туралы келісімшарт жасалды.
Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – білім беру жүйесіне дуалды оқытуды енгізу.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында дуалды оқыту жүйесіне көшудеміз.
2012 жылдың мамыр айында дуалды оқыту жүйесін іске асыру бойынша колледждің педагогикалық ұжымы біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Қазіргі уақытта Инновациялық Еуразия Университетінің Екібастұз колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру» мамандығына оқитын студенттерге дуалды оқыту жүйесі енгізілді.
2013-2014 оқу жылында Инновациялық Еуразия Университетінің Екібастұз колледжі «Бастауыш білім беру» мамандығын дуалды оқыту жүйесіне ендіруде «Екібастұз қаласы әкімдігінің Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен мектеп-гимназия №7, №25, №35 және жалпы орта білім беретін №18, №23, №33 мектептері арасында әлеуметтік серіктестік жөнінде келісімшарт жасалды. Оқыту мемлекеттік тілде және орыс тілінде жүргізіледі.
Қазіргі таңда колледжімізде теориялық оқытуды педагогикалық практикамен ұштастыра жүргізу мақсатында 2014 -2015 оқу жылында эксперименталды түрде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша білікті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында қаламызың № 23 «Балауса» мектепке дейінгі гимназиясымен, №5, №9, №22, №24 балабақшаларымен арнайы келісім шартқа қол қойылып, мемлекеттік тілде оқытылатын 3 курс студенттері дуалдық әдіс негізінде кәсіптік тәжірибеге бағытталды. Тәжірибе барысында дуалдық білім беру жүйесін өз тәжірибемізге енгіздік. Дуалдық оқыту жүйесін дамыту негізінде Инновациялық Еуразия Университеті колледжінің студенттері «Колледж – студент - кәсіпорын» арасындағы үш жақты тиімді келісімге отыру жүйесін тәжірибемізде кеңінен қолданудамыз. Бұл келісім бойыша «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру» мамандықтары бойынша мектептер мен балабақшаларда теориялық білімдерін өндіріспен ұштастырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуде.
2016-2017 оқу жылында Инновациялық Еуразия Университетінің Екібастұз колледжі «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары» мамандығын дуалды оқыту жүйесіне ендіруде.
Колледжімізде 2015-2016 оқу жылынды 153 студент дуалды оқыту жүйесімен білім алды. Ал 2016-2017 оқу жылында 127 студент дуалды оқыту жүйесімен білім алуда. Жұмыс жоспарына сай колледжде 40% теориялық білім алса, 60% тікелей өндірісте өткізеді.
Дуалды оқыту жүйесін ендіру төмендегідей нәтижелер көрсете бастады:
Біріншіден, оқу өндірістің сұранысына сай жүргізілді және өндіріс өзіне қажетті мамандар алады.
Екіншіден, болашақ мамандар қызығушылықпен,үлкен жауапкершілікпен оқиды, диплом алған соң сол жұмыс орнында қызмет етуді көздейді.
Үшіншіден, түлектердің қажеттілігі мен жұмыспен қамтылуы жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі.
Жергілікті жұмыс берушілермен (қала мектептерінен, балабақшалардан өтінім) диалог жүргізу нәтижесінде колледж жүйелі түрде еңбек нарығына талдау жасап отырады.
Екібастұз аймағында келесі мамандықтар бойынша педагогикалық кадрларға қажеттілік саны төмендегідей:
-«Бастауыш білім беру» мамандығына 2017 жылға 37 адам; 2018 жылы 42 адам;
-«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығына 2017 жылы 65 адам; 2018 жылы 48 адам.
Дуалдық жүйе маман даярлауда өндіріс, білім алушының және мемлекеттің мүдделерін біріктіруге бағытталған кәсіптік білім берудің түрі. Бұл өндіріс орны үшін экономикалық жағынан тиімді. Маманды қайта даярлауға, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетпейді. Білім алушы жастар үшін өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады, жұмысқа ерте араласып, бейімделеді. Қазіргі таңда әлемде оқытудың дуалды жүйесі кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол, кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіп орындарда технологиялық, диплом алдындағы тәжірибелерден өтеді.
Әдебиеттер тізімі:
1.Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2010-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстан Республикасының  Білім  туралы  заңы.
2.Кәсіптік білімнің дамуы - мемлекет қамқорлығының нәтижесі //Қазақ тарихы. - 2007. - № 4. - 123-125- бб.
3. Омарбекова Ж. Білім берудің жаңа жүйесі // Орталық Қазақстан. - 2012. - №6. -7 6.
4. Маханбетова А. Дуалды жүйе - кәсіптік маман тапшылығын жояды // Егемен Қазақстан. - 2013. - 8 қараша.
5.Сборник материалов по проекту «Внедрение дуальной системы обучения», (Часть 1), Астана-2013.
6.Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы».
7. Дуалды оқыту жүйесі «Қазақстан мектебі»  2014 ж
8. Магазов Е.Д., Эффективность внедрения дуальной системы обучения в ТиПО, Қазақстан кәсіпкері. – №6. – 2013.
9.«Техникалық және  кәсіптік  білім».  2015 ж
10. ҚР «Білім туралы» Заңы // Астана, 2011.