?аза? тілі п?нінен дидактикалы? материалдар


Тест тапсырмалары және оларды құрастыру
Қазір әлемде тестік тапсырмалар арқылы білім сапасы мен деңгейін тексеру жоғары технологиялар қатарына жатқызылады. Тестілеу әдісі көптеген дамыған елдерде білімнің ажырамас бөлігіне айналды. Тестілеу жайлы айтпай тұрып, алдын-ала оқушы білімін бағалау үшін қолданылатын тестің не екенін білу керек.
Педагогикалық тест дегеніміз біртіндеп күрделенетін, жеке адамның педагогті қызықтыратын білімі мен басқа да қасиеттерін түпкілікті түрде сенімді бағалай алатын, бір-бірімен тығыз байланысты тапсырмалар жиынтығы. Педагогикалық тест ұғымын ашу — тестің тапсырмасы, күрделілік деңгейі, сенімділігі және біліктілігі ұғымдарымен танысуды қажет етеді. Әртүрлі тапсырмалар арқылы білім мен қабілеттілікті тексеру тарихы төрт мың жылға созылады екен. Ежелгі Вавилон, Қытай, Греция, Спарта және басқа халықтар талапкерлерді таңдау мақсатымен көптеген сынақтар жүргізген.
Еуропа елдерінде «Ақыл-тест» ұғымы алғаш рет психологиялық әдебиетте – 1890 жылы американдық Д. Кэттелдің мақаласында айтылған. Оның пікірінше, тест — ғылыми сынақ өткізу үшін қолданылатын құрал. Қойылатын талаптар:
-Барлық сыналушыларға шарт бірдей;
-Сағат бойынша шамамен тестілеу уақытын шектеу;
-Тестілеу кезінде сырт көздің болмауы;
-Құрал-жабдықтардың қажетті деңгейдегі сапалылығы;
-Бәріне бірдей нұсқау беру;
-Тестілеу нәтижелерін статистикалық өңдеуден өткізу мүмкіндігі.
Тестілеу теориясы мен практикасы тестер мен сыналушыларға арнаулы ережелер бойынша қарым-қатынасты қалыптастырып, олардың мәртебесінің кемуі мәселесін сол жеке адамның пайдасына шешуге мүмкіндік береді.
Шет елдерде бұл жұмыс басқаша сипатталады. АҚШ-та, мысалы, тест жұмысын жетілдіру және қолданумен бірге оны үнемі сынға алу да тоқталмайды. Бұл елдің 90 пайыз тұрғындары өз өмірінде кемінде бір рет тестілеуден өткен. Әр жыл сайын оқушылардың білімі мен қабілеттілігі шамамен 400 тест компаниялар шығарған 48 миллион тест бланкілердің көмегімен тексеріледі. Жыл сайын жоғары және орта оқу орындары студенттерінің интеллектуалдық қабілеттері мен білімдері тексеруден өтеді. Осы тексерудің нәтижесінен оқу орнының мәртебесі көрінеді. АҚШ-та педагогикалық тестілеу қызметі жұмыс жасайды. Ол жастардың жоғарғы оқу орнында оқу жарамдылығын тексеретін тестілер жүйесін, яғни америкалық колледж бағдарламасының тестілерін және жеке пәндер бойынша білім тереңдігін анықтау тестілерін жасаған.
Қазақстан Республикасында 1998 жылдан бастап, жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде талапкердің білімін бағалауда және мемлекеттік білім гранты мен мемлекеттік білім кредиттерін беру мәселелерінде әділдікті барынша сақтау үшін кешендік тестілеу технологиясы қолданыла бастады. Ал, 2004 жылдан бастап, Ұлттық бірыңғай тестілеу жалпы орта білім беретін ұйымдары бітірушілердің қорытынды мемлекеттік аттестаталуын және колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізуді көздейтін, білім ұйымдарына тәуелсіз жалпы орта білім сапасын бағалайтын, жаңа технологияларға негізделген мемлекеттік жүйе — кешендік тестілеу технологиясы енгізіліп отыр. Кешендік тестілеу технологиясының атқаратын міндеттері:
білім беру сапасын басқару жолдарын күшейту;
жалпы орта білім сапасын бірыңғай өлшеуіш материалдардың көмегімен мемлекеттік бақылау; білім беру сапасын бағалаудың әділдігі мен сенімділігін арттыру.
ҰБТ-ның енгізілуі білім беру ұйымдарының қызметін әділ бағалауға, олардың нақты рейтингісін анықтауға, оқушылардың оқуда жақсы нәтижеге жетсем деген қызығушылығын туғызады.
Тестік тапсырмалар арқылы жеке оқушыда қалыптасқан және жалпы білім ұйымының берген білім сапасы тексеріледі. Сондықтан ең алдымен «білім дегеніміз не?» — деген сұраққа жауап алуымыз керек. Пифагор: «мейірімділік біліммен байланысты, білімді адам қайырымды болады, білімнің жоқтығы жаман істер істеуге жетелейді» деген. Ал білімнің мағынасы туралы алғаш рет Сократ «білім – ақиқаттық өнер» деп қарастырған. Білім ұғымына қазіргі философиялық энциклопедиялық сөздікке мынадай анықтама беріледі: білім – ол қоғамдық-тарихи практикамен тексерілген және адам санасында ұғымдар, теориялар, түсініктер түрінде қалыптасатын, логикамен куәландырылған ақиқатты тану процесінің нәтижесі. Оқытудың ақпараттық жүйесі шеңберінде білім белгілі бір пән бойынша берілген ақпарат. Айтылатын сөйлемдер, талдаулар стандартты түрге келтіріледі. Сондықтан білім сапасын бағалау – оқу пәнінің мазмұнына ғана емес, тест мазмұнының білімнің мына элементтерін: беріктігін, толықтығын, тереңдігін, икемділігін, нақтылығын, жалпылығын және шапшаңдығын бағалауға мүмкіндік болатындай берілуіне байланысты.
Білімді классификациялау жүйелерін жалпылай, жинақтай отырып, Ресейдің тест теориясы саласындағы әдіскер-ғалымы В.С.Аванесов білімді классификациялаудың жаңа түрін ұсынады.
Атаулар, аттар туралы білім. Аттарды білген адам осы аттардың не нәрсеге қажетті болатынын біледі (Сократ).
Атаулар мен аттардың мағынасы туралы білім. Атаулар мен аттардың мағынасын түсіну оларды еске сақтауға дұрыс қолдануға көмектеседі.
Фактілер туралы білім. Фактілерді білу қателер жібергізбейді, білімнің дәлелді болуына көмектеседі.
Анықтамалар туралы білім. Жалпы орта білімнің ең осал жері осы. Оқушыларды анықтамаларға үйрету қиын. Оқушы оларды өзі ұғынып түсінуі керек. Білімнің анықтамаларының жүйесін білу теориялық дайындықтың басты көрсеткіші бола алады. Білімнің қарастырылған осы төрт түрі репродуктивті білім түріне біріктіріледі де, білімнің 1-ші деңгейі болып саналады.
Салыстырмалы білім. Бұл көбінесе, зерттеулер жүргізу үшін ғылым саласында, ғылыми зерттеулерде пайдаланылады, белгісіз білімді бұрыннан белгілі біліммен салыстыра отырып оқу қажет.
Нысаналардың қарама – қарсылықтары, қайшылықтары, антонимдері туралы білім. Бұны жаңа бір тарауды бастап оқыту кезінде қолданған дұрыс.
Ассоциативті білім. Бұл интеллектуалды өнер, мәдениет саласы адамдарында көп кездеседі.Адам тілінің мәдениеті, жазушы еңбегі, суретшінің, конструктордың жұмысы және басқа өнер қызметкерлерінің еңбектері.
Классификациялау білімі, мысалы Д.И. Менделеевтің элементтерінің периодтық жүйесі, Линнейдің классификациясы, тестердің классификациясы, т.б. Білімнің бұл түрі интеллекті аса дамыған адамдарға тән, ол абстракты ойлауды, құбылыстар мен процесстердің жиынын біртұтас және өзара байланыстыра көре алады. 5-8 топтағылар білімнің 2-ші деңгейіне жатады.
Себепті білім, себеп – салдарлы қатынас туралы білім. Қазіргі білімде себеп – салдарлы талдау ғылыми зерттеудің негізін құрайды.
Процессуалды, алгоритімдік, процедуралық білім. Бұл практикалық іс әрекеттерде қолданылады.
Технологиялық білім – ол даярлықтың әр түрлерінде байқалады. Бұның технологиялық процесстің әр тізбегінің жеке операциясы немесе қойылған мақсатқа жетудегі білім кешені болуы мүмкін. 9-11 топтағылар білімнің жоғары 3-ші деңгейіне жатады.
Ықтималды білім. Бұндай білім белгісіз, бар білімі жетпей тұрған кезде, бар ақпараттарда қателер кездескенде, шешім қабылдағанда жіберілетін қатені азайту үшін керек (деректерді орналастыру зандылықтары, болжамның дәлелдігінің дәрежесі және т.б).
Абстракты білім. Бұл білімнің ерекше түрі – нақты өмірде жоқ, жекешеден бөліп алынатын нысаналармен операциялар жүргізіледі. Бұндай нысаналар геометрияда, физикада көптеп кездесседі.Әрбір оқу пәнінде ықтималды, абстракты және арнайы білім беріледі және олар теориялық білім негізін құрайды. Бұл теориялық білім деңгейі.
Методологиялық білім. Бұл тиімді іс — әрекет құру туралы ғылыми білім. Бұлар білімнің 5-ші деңгейінде жатады.
Тест (ағылшын тілінде «test» — «сынақ») – белгілі бір ретпен орналастырылған сұрақтар мен тапсырмалар жиыны. Тестің мақсаты-адамның белгілі бір сапасы мен дағдыларын бағалау. Тестің сұрақтары мен тапсырмалары сөздік (вербалды) және көрнекі (вербалды емес, мысалы суреттермен) формаларда берілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта тестік формадағы тапсырмалар жүйесі құрастырылып, басылымдарға шығуда. Ерекше көңіл бөлетін тапсырмалар – бірнеше дұрыс жауапты таңдауға болатын тапсырмалар. Білімді бақылауда бұл тапсырмалар технологиялық, ғылыми жағынан негізделген. Оқушылардың білімі мен қабілеттілігін анықтауда білім тереңдігін, нақтылығы мен толықтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Жаңа үлгідегі тестік формалар білім беру үрдісін жақсартуға, жаңа оқулықтар мен бағдарламаларды шығарғанда, сонымен бірге мектеп бітірушілерді қорытынды бақылауда қажет болып отыр.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор В.С.Аванесовтың пікірінше тест тапсырмаларының төрт түрі бар, ал қалғандары осыларды араластырудан туады не осы формалардың бір нұсқасы болып табылады. Әрбір педагог өзі оқытатын пәннің мазмұнын түгел қамтитындай тест тапсырмаларын құруды практикалық түрде игере алмай келеді, оның ешқандай оқуы жоқ деп ойлайды, сол себепті әркім тапсырманы еркін түрде өзінше құрады. Оны көбіне тест деп айту қиын.
Тестологияның негізгі қағидалары мен ережелері бар. Тест тапсырмаларын құру кезінде соларға сүйену керек.
Тест тапсырмаларын құру шығармашылық ой құрылым мен мазмұны сәйкес келуін, логикалық құрылымның дұрыс болуын талап етеді. Тест үлгісіндегі тапсырмалар – педагогикалық өлшемдердің негізгі ұғымы болады. Төменле көрсетілген талаптарға сай педагогиқалық құрал ретінде анықталады:
— мақсаты болуы;
— технологиялық;
— қысқа, жинақы түрде болуы;
— ойдың логикалық құрылымы дұрыс;
— жауаптарды бағалаудың теңдігі;
— жауаптардың анықталған орны болуы.
МАҚСАТ.Берілген тапсырма белгілі мақсатпен құрылады, басқаша айтқанда әр тапсырманың миссиясы, характеристикасы болады. Мысалы, үлгерімі нашар оқушыларға не үздік оқитындарға, интеллектуалды жағынан қабілеттілерге немесе дарынды оқушыларға арналып құрылған, өздік жұмысына, дайындық деңгейін компьютер арқылы тексеру, аттестациялау үшін құрылған тест тапсырмаларын атауға болады.Педагогикалық тапсырмалар оқытушы, үйретуші, әрі бақылаушы функцияларын атқарады. Белгілі бір біліктілік дағдыны қалыптастырып, өзін-өзі дамыту мақсатында оқытушы тапсырмалар қолданылса, керісінше білім сапасын анықтау үшін оқу жылының соңында мектеп аралық бақылауда тест тапсырмалары беріледі.
ҚЫСҚАЛЫҒЫ. Тапсырманың мазмұны жағынан жинақы болуы әр сөз, символ-таңбаларды, графиктерді мұқият таңдау арқылы іске асырылады.Тапсырмада мағынасы түсініксіз, сирек кездесетін сөздер, сөз тіркестерінің болмауы, сөздердің қайталанбауы қажет. Бір ғана ойды, не мағынаны білдіретін қысқа тұжырым түрінде болуды талап етеді.
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҒЫ. Қазіргі уақытта қойылатын талаптардың бірі. Тестілеу үрдісінде техникалық құралдарды қолдану арқылы нақты, үнемді, әрі шапшаң, әрі объективті түрде жүргізілуін технологиялығы деп айтады.Сыналушыға тапсырманың түсінікті тілде жазылуы, компьютерге енгізу мүмкін болуы — технологиялық түрі деп аталады.
ТҰЖЫРЫМДАМАНЫҢ ЛОГИКАЛЫҚ ФОРМАСЫ –тест мазмұнын реттеу және дәйекті түрге келтіру. Белгілі оқу пәнінен өз білімін көрсетуге бағытталған нақты ойды білдіру құралы. Оқу сұрақтары мазмұны шұбалаңқы, көпсөзді болады, сондықтан сұрақтарды логикалық формамен ауыстырылады. Егер тапсырмаға бір дұрыс жауап таңдау берілсе, яғни олардың біреуі дұрыс та, қалғандары қате болса, ондай тапсырмаларды бір дұрыс жауапты таңдау тапсырмалары деп атайды. Бұл тапсырмаларға міндетті түрде «Дұрыс жауап нөмірін дөңгелектеңіз» деген нұсқау беріледі. Тұжырымдаманың логикалық формасы Аристотельдің үшінші терістеу заңына негізделген, сондықтан «дұрыс жауап жоқ» немесе «барлық жауаптар дұрыс», «басқа жауап» деген жауаптар қоюға тыйым салынады.
Дұрыс жауапты таңдау формасы тапсырманың кең тараған түрін көрсетеді. Дұрыс жауап тек бес жауаптың біреуінде ғана бар. Мұндай тестерді құруда шындыққа жанасатын, бірақ дұрыс емес жауапты алу көп қиындық келтіреді. Әдейі жазылған дұрыс емес жауапты сыналушы бірден ажырата алады (тіпті игерілген пәнді өз дәрежесінде білмесе де). Өзің жауапты құрғаннан гөрі дұрыс жауапты таңдау ыңғайлы.