М??ГІЛІК ЕЛДІ? ?ЛЫ М?РАТЫ ?аза?стан Республикасыны? 25 жылды?ына арнал?ан ма?ала


Қазақ Елінің ұлы мұраты – Мәңгілік Ел идеясы
(Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Мәңгілік Елдің ұлы мұраты» атты республикалық педагогтар арасында қашықтықтан өткізілетін ғылыми жобалар байқауы)
Түйіндеме
Кіріспе
Күлтегін жазуы – ежелгі түркі жазба ескерткіші
«Күш те, байлық та, мықтылық та тек қана ынтымағы жарасқан елде болмақ»
Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы айқын.
Қазақ елі мәңгілік
Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам.
«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде. Қазақ халқының тарихында ғұндардан бастау алатын «Мәңгілік ел» идеясын тасқа қашалған Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, қайда барса көрге кезіккен Қорқыт ата мен өмір бойы жерұйықты іздеп өткен Асан қайғы бабамыздан кездестіруге болады. Олардың әрекеттерінің негізінде де осы мәңгілік ел болуға ұмтылған, мәңгілік елді орнатуға деген құштарлық жатты. Асан қайғы – елдің ертеңінің жарқын, еркіндігі мен бақытының баянды болғанын армандап, қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, жайлы қоныс табудың жолын іздеген данышпан. Оның аңсағаны елді орнықтыратын жайлы мекен тауып, елдің мәңгілігін жаңғырту еді. Оның іздеген жерұйығының мәні халқы тәуелсіздік құндылығын ұлықтайтын, ел-жұрты бейбіт өмір сүретін, адамгершілік пен бауырластықты ту етіп, татулықта ұйысып өмір сүретін құтты қонысты табуда болды.
«Күлтегін» жыры – мәңгілік ел болудың, яғни «Қазақ елі – мәңгілік» деген бүгінгі, тәуелсіздік қолымызға қайта келіп қонған тұстағы ұлттық идеямыздың темірқазық арнасын осыдан мыңдаған жылдар бұрын жасап кеткен жасампаз дастан.
Әлем тарихында VI-VIII ғасырларда «Түркі қағанаты», «Түркі елі», «Тұран» деген аттармен әйгілі болған қуатты мемлекеттер болды. Бұл мемлекеттер мәдениеті мен өнері, шаруашылығы, танымы қазіргі қазақ, қарақалпақ, башқұрт, татар, өзбек, ұйғыр сияқты түркі тектес халықтарда сақталған, жері бай, сыртқы саясаты жағынан мықты елдердің бірі болды.
Түркі мемлекетінің бүгінге дейін жеткен куәгері – Орхон-Енисей жазба ескерткіштері. Орхон ескерткіштерін алғаш оқыған Дания ғалымы Вильгельм Томсен, алғаш «руна жазуы» деген ат берген швед офицері Ф.Н.Табберт-Страленберг екен.
Күллі түркі елінің бас қағаны – Білге қағанның құлпытасы Монғолиядағы Орхон өзені бойынан табылған. Қағанның кеңесшісі – Тоныкөк Монғолия астанасы Ұланбатырдан 40 шақырым жерде жерленген. Ал ежелгі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы Күлтегінге арналған ескерткіш 732 жылы жазылған, жалпы көлемі 70 жолдан тұрады.
Білге қаған інісі Күлтегін қайтыс болғаннан кейін оны өмірлік есте қалдыру үшін көптеген шеберлер алдырып, Қожа-Сайдам ойпатынан үлкен ескерткіш орнатады да, ондағы жазуды өз ағайыны Йоллығтегінге жаздырады. Кейін Білге қаған інісінің қасына жерленеді.
Йоллығтегін түркілер тарихын олардың саяси майданға шыққан кезі – VI ғасыр ортасынан бастайды, яғни түркі ордасын құрған дәуірден бергі 200 жылдық тарихты сөз етеді.
«Күлтегін» ескерткіші желісі жағынан екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – түркі тарихының кіріспе бөлімі іспеттес, екіншісі – мемлекет тарихының негізгі бөлімі, «ел өсиеті» болып есептеледі.
Күлтегін – ежелгі түркілердің тамаша ерлік сипаттарын бойына дарытқан қас батыр, ұлан-ғайыр жазира даланы еркін билеген дала халқының қайсар жауынгері. Ал Тоныкөк болса талай жорықтардың куәгері, үлкен өнер иесі, ойшыл философ, халық дипломатиясының білгірі. Тас жазуларда ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік, тәлім-тәрбие, тұрмыс-салт мәселелері әсем айшық өрнектермен, жанды бейнелерге толы сезім толғаныстарымен баяндалады. Мысалы, «Ұландарым, бектерімнің, халқымның қасы-көзі әз болар деп қайғырдым... Құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойлап толғаныңыздар... Менің ағам мені адам етті... Аштықта тоқтықты түсінбейсің...». «Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, алыс отырған сыйдың «немкеттісін» алады» деп келетін сөз тіркестерінің тәрбиелік мәні зор. Құлпытастарда жас жеткіншектерді елін, халқын сүюге, жақсы, ұнамды әдеп-ғұрыптарға баулу, үлкенді сыйлау, зеректік пен ойшылдыққа, батылдық пен тапқырлыққа үйретіп тәрбиелеу жайындағы мәселелер сөз болады.
Тарихи құндылығымыз болған тәуелсіздік идеясының негізінде сол ұлттың тағдыры, ұлы тұлғалардың ерен еңбегі жатыр. Тәуелсіздіктің бабаларымыздың сан ғасырғы арманымен келгенін Елбасымыз әрдайым қазіргі ұрпақтың есіне салып отырады. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді.
... Халқы ата-баба дәстүрін берік ұстаған кездерінде ешкімге тәуелсіз, еркін өмір сүргенін жырлай келіп, осы жолдан тайып, дұшпанға алданған сәттерінде: «Бек ұлдары – құл болды, пәк қыздары – күң болды», - дейді. Жырда Күлтегін түркі елінің «төрт бұрышындағы» барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатады. Күлтегін батырдың күллі түркі халқын тәуелсіз еткені, әрі оны байлыққа кенеткені туралы:
Жалаңаш халықты тонды,
Кедей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым, –
деп зор мақтаныш сезіммен баяндалады. «Күлтегін» жырының басты идеясы – түркі халқын ауызбіршілікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу.
«Күлтегін» жырындағы елдік, бірлік, адами асыл қасиеттер туралы филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітов былай дейді: «Біздің ақырғы атамыз түркілеркөк аспанның астында найзағайдай жарқылдап өскен. ақыл айтар абызы, жауды жасқар батыры қай кезде де сақадай сай тұрыпты. олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тұрған ауызбіршілігі барда өз алдына дербес ел болып, гүлдеп-көктеп, биіктеп өскен. Кейіннен өзара баққа, таққа таласып, хандығынан айырылып, қабырғасы қайысқан, омыртқасы майысқан. Бұл жайында «Күлтегін» жырында тайға таңба басқандай анық айтылған: «алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. Асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты өзіне соншама жақындатар еді», - десе, халқымыз «дүние көздің құрты» деп қалай дәл тауып айтқан. Аталарымыз мал-мүлікке қызығып, бірін-бірі талап жеп, аяқ астынан билігінен айырылып, ел қолына қарап зарлап қалды. Алайда әрбір адамға керекті ең қымбат дүниенің бірі – бас бостандығы, жанының, көңілінің, сөзінің еркіндігі. Адам өзін бұғаудамын, біреуге бағыныштымын деп сезінсе, оның өмірі күрсіну мен күңіренуде өтері хақ. Бұл жайында кешегі өткен зерделі жандар таусыла айтқан болатын.
Көне тарих, ескі шежіренің бәрінде «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалдың мазмұнын аша түскендей. «Күш те, байлық та, мықтылық та тек қана ынтымағы жарасқан елде болмақ».
Ел тағдырының мәні азаттықтыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттілікті сақтау болса, осы жолда қаншама алаш зиялылары тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Кешегі кеңестік кезеңде де ғасырларға созылған тарихы бар қазақ елін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, «қазақ жері» деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектер атқарылды.
Ұлттық намысты биік көркемдік деңгейге көтеріп жырлаудың асыл үлгілері ретінде біздің заманның ҮІ-ҮІІІ ғасырлар аралығында ғұмыр кешкен бабаларымыздың ерлігін, қаһармандығын, тәуелсіздік жолындағы қасиетті күресін жаңа тыныспен жырлайтын «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларына бүгінгі күні күллі түркі жұрты, қала берді күллі әлем бас иеді. Біз бұл эпостық жырларды өзіміздің ұлттық символымызға балаймыз. Егемендік алған қазақ ұлты да осынау рухани құндылықтарымызды Астанамыздың қақ төріне әкеліп биік тұғырына қондырды.
«Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген.
Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын.
«... Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.
Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді.
Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.
Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.
Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.
Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.
Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпін.
Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!
Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз бабаларымыз аңсап өткен  тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, бабаларымыздың ұлан байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз. Жастар сондай текті ұрпақтың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті.
Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қарулануы қажет. Елдің экономикалық, рухани жағдайының дамып, өркендеуі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру елдің білім деңгейімен де тығыз байланысты. Қазіргі кезде бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып та жатыр. Жастар «Болашақ» бағдарламасының аясында шетелдерде білім алып, шетел тәжірибесінің артықшылықтары мен кемшін тұстарына көз жеткізіп, санасына тоқып келіп, еліміздегі маңызды қызмет салаларында сол тәжірибелерін қолданып еңбек атқаруда.
Қазіргі кездегі жаһандану үдерісі, қолжетімді ақпараттар легі жастардың бойында ақпараттарды електен өткізе білу, теріс пиғылды идеологияларға қарсы тұра білетін иммунитетті қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені қазіргі таңда жат пиғылды ағымдардың ықпалына еріп, экстремистік әрекеттердің қатарын толықтырушылар осы жастар болып отырғаны белгілі. Жастардың мұндай әрекетке баруының басты себебі ретінде олардың білім, сауаттылық деңгейінің төмендігін айтуға болады. Экстремистік идеялар халықты өзінің ертеден келе жатқан бай рухани құндылықтары мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, мәдени, тарихи, рухани санасын жойып жіберуді көздейді. Мұндай идеология кез келген мемлекет секілді Қазақстан қоғамының да ішкі тұрақтылығына елеулі қатер төндіреді.
Бұған қарсы тұра білудің жолы жастардың діни сауатын арттыру, оларды адамгершілікке, сүйіспеншілікке тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрімізді бойларына сіңіріп, дәріптеу, оларды еліне, жеріне, дәстүріне, дініне жанашыр азамат етіп тәрбиелеу болып табылады. Қазақ елінің бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дəстүрлі ұлттық тəрбие мен рухани құндылықтармен сабақтасқан түрде жүзеге асады. Сол себептен де жастардың бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, қазіргі жаһандық даму жағдайында оларды батыс мəдениетінің негізінен алыстатып, өзіміздің рухани бай мұрамыздың құндылықтары тұрғысынан тəрбиелеу  - алда тұрған басты міндеттердің бірі. Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік ел» идеясының көздегені де осы болатын, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету. 
«Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырып, одан әрі дамытатын жастар болғандықтан олар ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы керек. Мемлекеттің осы бағытта атқарып жатқан ізгі жұмыстары аз емес, солардың бірі осы - «Мәңгілік ел» идеясы.    
Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін қабылдаған өте маңызды және тарихи мәнге ие құжат «Бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған нақты жүз қадам» атты бағдарламаның идеологиялық негізі етіп алды. Мұндағы «Біртектілік пен бірлік» реформасында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, т.б. нақты қадамдар жүзеге асыру көзделді.
«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде
 
Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел!» деп Елбасымыз атап көрсеткендей тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен мәңгілігі қазіргі ұрпақтың оны түйсініп, түсінуінде жатыр. Осындай қасиетті ұғымның мәнін жете ұғынып, бағасын біліп, зердесіне сіңіру қазіргі ұрпаққа жүктелер үлкен міндет болып табылады.
Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз - егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Мәңгілік ел» болу идеясын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете білейік!
«Мәңгілік Ел - халқымыздың тарихи арманы, біздің болашағымыз». Тұтас ұлтты ұйыстырушы идеяға айналған Мәңгілік Ел мұратына үн қосу мақсатында өткен акцияға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тілек тақтасына осылай деп жазып қалдырды. Том-том кітаптарға арқау боларлық мәселені тарының қауызына сыйдыр-ғандай етіп келтірген осы бір сөйлемде расымен де тұтас халықтың ұлы мұраты жатыр. «Мәңгілік Ел - Елбасының ерлігі, бейбітсүйгіш халқымыздың бірлігі мен бүгіні. Ал, бүгінгі жастар – біздің болашағымыз» деген аймақ басшысы Президент бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» стипендиясының келешек иегерлеріне даңғыл жол ашқанын атап өтті. «Бүгінде көптеген жастарымыз шет мемлекеттердің белді жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Алдыңғы лектегі мемлекеттік жауапты қызметтерді атқаруда. Бұл әр адамның болашағының да, бақытының да өз қолында екенін көрсетеді» деген облыс әкімі одан әрі елдегі тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Елдегі бірлікті бағаламаудың соңы қандай болатынын бауырлас Украинаның бүгінгі жағдайынан көріп отырмыз. Ол елдің болашақта қандай арнаға түсерін ешкім біліп отырған жоқ. Сондықтан да, бірлігімізден ажырамау маңызды» деп атап өткен облыс басшысы еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтты.
Бір мың жарымға жуық жасты қамтыған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен атаулы шараға Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбек арнайы келді. «Ізгі ой ойла, ізгі сөз сөйле, ізгі іс тындыр» деген өсиетке кезінде Пайғамбарларымыз тоқтаған екен деседі. Демек, Мемлекет басшысы жария еткен Мәңгілік Ел идеясы мен республикамызды «Қазақ елі» деп атау бастамасы – осындай ізгі ниеттен туған дүние. Ең бастысы, Мәңгілік Ел болудың бізде барлық алғышарттары дайын», – деп атап өтті ол.
«Мәңгілік Ел идеясы – ұлтымыздың бірлігін сақтай отырып, болашаққа бірге жұмылуға жасалған қадам» деп есептейді «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының ардагері Сейтамин Акаев. Оның пікірінше, Қазақ елі бүгінде әлемдік қауымдастыққа достықтың бесігі ретінде танылды. «Ендігі жерде еліміздің болашағы үшін ерінбей еңбек ету маңызды» дейді ол. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев сөзін тереңнен толғады. «Ерте замандарда өткен батырларымыз өз жерінде туса да, өз елінде өлмеген екен. Сонау қарақалпақ жерінде Сырым батыр жатыр. Басқасын айтпағанда, арыстан туған Исатай батыр мәңгілік мекенін Ақтөбе жерінен тапты. Олар «қазағым» деп, «елім» деп, «жерім» деп өтті. Осындай арыстарымыз армандап өткен Мәңгілік Ел болу идеясын Президент Нұрсұлтан   Назарбаев ұсынды» деген драматургтың пікірінше, бұл – мемлекетіміздің барлық саласындағы реформаларға жол сілтейтін қуатты идеология. «Сол секілді мемлекетіміздің атауын «Қазақ еліне» ауыстыру да – бабаларымыздан қалған аманат. Бұл ұсынысты Елбасы ең алдымен болашағымыз – жастарға сеніп айтты» деп атап өтті жазушы.