Білім еліне саяхат. сыныптан тыс шара


Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Білім еліне саяхат.Мақсаты:
1. Білім әлемі туралы түсінік беру. «1 Қыркүйек – Білім күні» екенін айтып, білім алу мақсатында алғаш мектеп, бала – бақша табалдырығын аттаған балаларды құттықтау.
2. Саяхат жасау арқылы балалардың білімге деген құштарлықтарын арттыру, қиялдарын дамыту.
3. Ұжымды достық қарым – қатынасқа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: мектепке, балабақшаға, кетіп бара жатқан балалардың суреттері.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
Балалар шеңбер құрып, дөңгелене тұрады.
Балалар, біз дөңгелене тұрып, бір–біріміздің жүзімізіді көреміз, бір–бірімізге жымиямыз, жылы лебіздер айтамыз, осылайша қуанышқа бөленеміз. Бүгін – мереке. Еліміздің түкпір–түкпірінде білім күнін атап өтуде. Бүгінгі мерекелік көңіл – күймен бір – бірімізге қуаныш сыйлайық.
Армысың асыл күн, армысың жан досым.
Жылуыма жылу қос, міне, менің қолым.
Балалар, бір – бірлеріңнің алақандарыңды ұстап тұрып, нені сезіндіңдер?
Жылылық, қуаныш, т.б.
Балаларға «Білім» еліне саяхатқа шығатындарын, алдарында қызықты тапсырмалар тосып тұрғандығын айтады. Бірнеше аялдама болатындығын, әр аялдама сұрақтарға жауап беретіндіктерін, тапсырмаларды орындайтындықтарын және дыбыстар мен әріптер, сандар жайлы мәліметтер алатындықтарын хабарлайды.
1. «Әдебиет әлемінде» аялдамасы.
Бұл аялдамада өлең – тақпақтар, жұмбақ – жаңылтпаш, ертегілер, қызықты әңгімелер жайлы қысқаша мағлұмат беріледі.
Қандай өлең немесе ертегі білесіңдер?
Балалардың жауаптары тыңдалады, болашақта көркем әдебиет арқылы қызықты әңгімелер, ертегілерді оқып, өлең – тақпақ, жаңылтпаштар жаттайтындарын айтады.
2. «Әріптер әлемінде» аялдамасы.
– Дыбысты айтамыз, естиміз.
– Әріп – дыбыстың таңбасы. Әріпті жазамыз.
Балалар, әрқайсыңның есімдеріңнің қай дыбыстан басталатынын айтыңдар.
Менің атым – жандос. Менің атым ж дыбысынан басталады.
«Дұрыс айт» дидактикалық ойны. Тәрбиеші дауысты а дыбысының әртүрлі интонациямен айтылатынын мысалдар арқылы айтып көрсетеді. Сонан соң балалар бірнеше рет қайталайды.
Дәрігерге келген бала аузын кең ашып «А–а–а», – деп айтады.
Қыз бала: «А–а–а», – деп әндетеді.
Анасы сәбиін: «А–а–а», – деп әлдилейді.
Осындай жұмыстардан кейін болашақта сөз, сөйлем, буын, дыбыс, әріп ұғымдарын меңгеретіндігін айтып түсіндіру.
3. «Математика әлемі» аялдамасында математикалық ұғымдармен, таңбалармен, геометриялық пішіндермен танысады.
Балалар онға дейін санайды.
Геометриялық фигуралардың суретін көрсетеді, балалар айтады. Мысалы: үшбұрыш, төртбұрыш, т.б.
математикалық есеп шығарады. Мыс:
Ағаш бұтағына үш торғай қонып отыр. Бір торғай ұшып ке тті. Бұтақта неше торғай қалды. (жауабы: екі торғай қалды).
Математика арқылы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастырып, бұл бағыттағы санау мен есеп шығару тәсілдерін игеруге бағытталатындығы айтылады.
Балалар, «Білім» елі сендерге ұнады ма? «Білім – сарқылмас қазына» дейді. Өмірде тек білімді ғана емес, қайырымды, мейірімді болу керек. Білімді, тәрбиелі адам Отанының өсіп–өркендеуіне үлесін қосады.
Дәптермен жұмыс:
а) Мереке, білім, мектеп, оқушы, мұғалім, қоңырау деген тірек сөзді пайдаланып және жетекші сұрақтар арқылы әңгіме құрастыру. Сурет бойынша қойылатын сұрақтар:
Балабақшада не үйрендіңдер?
Балалар мектепке не үшін барады?
Мектепте оқитын баланы кім деп атайды?
Мектепте қоңырау не үшін соғылады?
ә) Оқу құралдарымен таныстыру. Осыдан кейін дәптерлеріндегі сөмкеге қажетті оқу құралдарын сызықпен сызып көрсетеді.
б) Дәптерде берілген мақал – мәтелдің мағынасын түсіндіру, жаттау.
Оқу іс - әрекетін қорытындылау.