Балаба?ша?а арнал?ан ерте?гілік жоспары. Та?ырыбы: ?ош келді?, Жа?а жыл!


«Қош келдің, Жаңа жыл!» атты ертеңгілік сценарийі
Мақсаты: Балаларға жыл басы туралы түсінік беру, мерекелік көңіл күй тудыру. Мерекелерде өздерін еркін ұстай білуге дағдыландыру. Бойындағы өнерлерін шыңдауға, достық қарым-қатынасқа, әсемділікке тәрбиелеу.
Қатысушылар: Аяз ата, Ақшақар, Мыстан кемпір, Аю, Қоян, Тиін, Жаңа жыл, Ескі жыл.
Зал іші: Шырша тойы өтетін залың ортасында әсем безендірілген жасыл шырша. Залдың қабырғалары мен төбелері де жаңа жылдық әртүрлі жылтырақ ойыншықтармен жіпшелермен, түрлі-түсті шамдармен әдемі де, әсем безендірілген. Проекторда қысқы орман бейнесі көрсетіліп тұрады. Жан- жануарлар дыбыстары естіліп тұрады, музыкалық аппаратурадан мерекелік ән орындалып тұрады.
Қолданылатын техникалық құралдар мен жабдықтар: проектор, музыкалық аппаратура, микрофондар, радиомикрофондар.
Жүргізуші:
Жаңа жылың құтты болсын, жас ұрпақ!
Келген жылға қарамаңдар, тосырқап.
Жаңа жылың құтты болсын, аталар,
Сергек ұрпақ өздеріңнен нәр алар.
Жаңа жылың құтты болсын, аналар,
Бүлдіршіндер өздеріңнен нәр алар.
Жаңа 2016 жылымыз құтты болсын, халайық! Жаңа жылымыз әрбір отбасына қызық- қуаныш, денсаулық, береке бірлік ала келсін!
Бүгінгі мерекеге арнайы келген бүлдіршіндерімізді қошеметпен, шырша жанына шақырайық!(музыкамен балалар залға кіріп, шырша жанына келіп тұрады.)
Жүргізуші:
Балалар, бүгін біз жаңа жылдық мерекеге жиналдық, қане, бәріміз қол ұстасып, шыршаны айнала ән айтайық.
Ән:«Шырша жыры»
Жүргізуші:
Балалар, мынау не?(шыршаны көрсетеді.)
Балалар:
Ол шырша.
Жүргізуші:
Шыршамыз қандай керемет!
(Музыка ойнап, шырша артынан қоян секіріп шығады.)
Қоян: Жан-жағына қарайды, балаларды көріп, Сәлеметсіңдер ме, балалар? мұнда қандай мереке болып жатыр?- дейді.
Жүргізуші:
Сәлеметсің бе, Қоян?
Бүгін жаңа жыл мерекесі ғой, сен білмедің бе?
Қоян:
Алақай, алақай, Жаңа жыл келді, - деп шыршаны айнала жүгіріп жүріп, шырша астында бірдеңе жатқанын байқап қалады да, балалар, қараңдаршы мұнда біреу жатыр,- дейді.
Жүргізуші:(шырша жанына келіп, ой , балалар, бұл аю ғой.
Балалар, аю қыста не істейді?
Балалар: Аю қыста ұйықтайды.
Қоян: Аю сен қалай ұйықтап жатырсың? Тұрсаңшы, балалармен бірге жаңа жыл мерекесін толайық та.
Аю:(керіліп, созылып, ұйқысын қимай,) мазамды алмаңдаршы,- дейді.
Жүргізуші:-Балалар, аюды ояту үшін, бір ойын ойнап көрейік. Мүмкін, аю да ұйқысынан оянар.
Ойын: «Аюды ояту» ойын екі рет ойналады, аю оянады.
Аю: Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Сәлеметсіңдер ме, қонақтар?
Жаңа жылдың алдында,
Тойды еске алдым да,
Ұйқымды ашып, сергідім.
Ұйықтамаймын мен бүгін!
Жаңа жылды қарсы алайық,
Би билеп, ән салайық.(Аю мен Қоян балалармен бірге би билейді)
Би: «Аңдар биі»
Жүргізуші:Балалар, бүгінгі біздің мерекемізге кімдер жетіспейді?Балалар: Аяз ата мен Ақшақар.
Жүргізуші: Олар неліктен кешігіп жатыр екен?мүмкін олар адасып қалды ма екен? Қане, бәріміз дауыстап, Аяз ата мен Ақшақарды шақырайықшы.
Балалар: Аяз ата, Ақшақар.(2,3 рет дауыстап шақырады)
(Есік ашылып ішке Аяз атаның киімін киіп Қасқыр мен , Ақшақардың киімін киіп, Түлкі келеді.)
Жүргізуші:(Қуанышты дауыспен) Сәлеметсіңдер ме Аяз ата, Ақшақар! Балалар сендерді көп күтіп қалды.
Қасқыр -Аяз ата-: Салеметсіңдер ме? Шаршап қалдық қой, кел қызым, отырып демалып алайық.
Түлкі -Ақшақар:(таңдана) Мұнда өзі не болып жатыр?
Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар сендерге не болған? бүгін біз жаңа жыл мерекесін тойлауға жиналдық қой...
Қасқыр -Ақшақар: Той тойлайтындай халіміз жоқ, бізге не бересіңдер?
Жүргізуші: Балалар, Аяз атамыз бен Ақшақарымыз алыс жолдан шаршап келіпті, қане көңілдерін көтерейік.
Ән:« Жаңа жыл»
Түлкі -Ақша қар: Мыналарың, жақсы екен... (айналып, билеп жүреді).
Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар! Балаларымыздың бәрі де өнерлі, енді тақпақтарын тыңдап көріңіздерші.
1-бала:
Аппақ қылып қаланы,
Аппақ қылып даланы,
Қуандырып баланы,
Төрлет, төрлет Жаңа жыл!
2-бала:
Кел, билейік, үйренейік,
Ол келгенше жаңа жыр.
Құтты болсын, құтты болсын,
Құтты болсын, Жаңа жыл!
3-бала:
Ақ сақалды, таяқты,
Қалың қырау қабақты.
Аяз ата сыйлығын,
Қайда тығып қойыпты?
Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар!шыныменде, балаларға беретін сыйлықтарыңыз қайда?
Қасқыр -Аяз ата: Сонда, бағанағы қапшықта сыйлықтар болғаны ма?
Түлкі -Ақшақар: Қап, мыстан кемпір қайдан келіп қалып еді?
Жүргізуші:Түсінбедік, қайдағы мыстан кемпір? Сендер, не деп кеттіңдер?
Мыстан кемпір:(Сыпырғышына мінген) -Ха, -ха, -ха! Осында екендеріңді білгем, менен қашып құтыла алмайсыңдар!
Қасқыр -Аяз ата: Аһ, Мыстан кемпір! сенің де жүрмейтін жерің жоқ екен, әкел қапшықты( мыстан кемпірдің арқасындағы қапшыққа жабысады).
Мыстан кемпір: Әуелі, сендер маған, Аяз атаның ақ таяғын, тауып беріңдер!( үшеуі таласып жатады)
(Боранның дауысы естіледі, Аяз ата мен Ақшақарды ертіп, тиін кіріп келеді).
Тиін: (Балаларды көріп қуанып кетеді). Аяз ата, Ақшақар сендердің іздеп жүрген балаларың осылар ма еді?
Аяз ата мен Ақшақар: Ия, осы балалар болатын.
Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар! балалар сіздерді көп күтіп қалды, қайда болдыңыздар?
Аяз ата: Біз, осында келе жатып, бораннан көз аша алмай, адасып қалдық. Алдымыздан қасқыр мен түлкі шығып, адастырып киімдерімізді тартып алып, қашып кетті. Сол кезде мыстан кемпірдің қайдан келгенін білмейміз, қапшығымызды алып ұшып кетті. Мына, Тиін кездеспегенде, біз адасып жүре берер ме едік...
Жүргізуші: Ой, рахмет саған Тиін, сенің кездесіп қалғаның қандай жақсы болған, әйтпесе Аяз ата мен Ақшақарсыз тойымыз не болар еді?
Қасқыр-Аяз ата: Қаштық, қызым!
Түлкі -Ақшақар: Қашсақ, қашайық!
Мыстан кемпір: Мыналар, қайдан келіп қалды? Енді ғана, қызық болғалы жатыр еді.
Аяз ата: Қасқыр, Түлкі, Мыстан кемпірлерге: сендер сонда балаларды алдамақ болып келдіңдер ме?
Бұл ойларың іске аспады! Балалардан ұялмайсыңдар ма? Қане, киімдерімізді шешіңдер!
Қасқыр: (Киімін шешеді)
Балалар: Қасқыр ғой, мынау!
Түлкі: (Киімін шешеді)
Балалар: Түлкіні қараңдар!
Ақшақар: Мыстан кемпір! қане, сыйлықтар салынған қапшықты әкел бері!
Мыстан кемпір: (Қапшықты беріп жатып, қасқыр мен түлкіні көрсетіп) Бәрін бастаған мыналар ғой! Әйтпесе, мен де шырша тойын тамашалайыншы,- деп кетіп бара жатқам.
Қоян: Бұларды қуып жіберші Аю аға!
Аю:(ақырып) сендер ме едіңдер? Мен, Аяз ата мен Ақшақар екен деп қалдым, әйтпесе...
Жүргізуші: Аю аға, ашуланбаңыз! Қазір, бұлардың не ойлары бар екенін біліп алайық.
Қасқыр: Шырша тойын көргім келеді..
Түлкі: Менің де...
Мыстан кемпір: Менің де көргім келеді.(жалынышты дауыспен)
Аяз ата: Балалардың алдында ұятқа қалдыңдар! Қане, бәрінен кешірім сұраңдар, балалар келісімін берсе ғана, тойға қатысатын боласыңдар!
Қасқыр, Түлкі, Мыстан кемпір: Аяз ата, Ақшақар, Балалар, біздерді кешіріңдерші, біз енді, бұлай қайталамаймыз!

Аяз ата: Балалар! кешірім береміз бе?
Балалар: Жарайды, кешіреміз!
Жүргізуші: Жақсы, ендеше, балалармен бірге би билеп, ән саласыңдар!
Қасқыр, Түлкі, Мыстан кемпір: (қуана) Жарайды, жарайды.
Жүргізуші: Балалар, Аяз атамыз бен Ақшақарымыз келді, тойымызды бастаймыз!
Балалар: Сәлеметсіз бе, Аяз ата? Сәлеметсіз бе, Ақшақар?
Аяз ата:
Амансыңдар ма, балаларым?
Амансыңдар ма, қыздарым?
Қандай жарқын жүздерің,
Қандай әсем жырларың.
Жаңа жылдарың құтты болсын балғындарым! Алыс сапардан әдейілеп, сендердің өнерлеріңді көруге, Ақшақарды ертіп келдім.
Жүргізуші:
Әсем ән де, би де бар.
Отыр, ата, сәл демал!
Ақшақар: Ата, мына шырша көңілсіз сияқты!
Аяз ата: Балалар, шырша шамын жағуға көмектесесіңдер ме?

Балалар: Иә!
Аяз ата: (Сиқырлы таяғын шыршаға тигізіп)
Қуант, бізді таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!(3 рет айтсаңдар, шамдарымыз жанатын болады)
Балалар:Қуант, бізді таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!
(Шырша шамдары жанады, балалар қуанады.)
Аяз ата:
Шаршап келдім алыстан,
Өздеріңе оралдым.
Бар сый менен жоралғым,
Керемет бір ән тыңдап ,
Келіп тұр ғой, демалғым.
Ән:«Шырша жыры»

Ақшақар:
Ата, бізге осы жылы көп қуаныш сыйлаған, жыл иесі- Қойды ортаға шақырсақ қайтеді? Балалар оған да сый- құрметтерін көрсетіп, ризалықтарын білдірсін!
Аяз ата: Дұрыс айтасың,қызым! Шақырсақ, шақырайық! Кел, қой жылы, ортамызға кел!
(Ескі жыл- қой кіреді).
Ескі жыл-Қой:
Шырша тойы құтты болсын, ағайын,
Мен сендермен қоштасуға кеп тұрмын.
Келе жатқан Мешін жылы өзімен,
Ала келсін қызығы мен байлығын!
Жаңа жыл құтты болсын!
Жүргізуші:
Шырша қандай тамаша,
Түрлі моншақ таққандай.
Көз тоймайды қараса,
Ойыншықтары көп сондай!
Ән:« Аңдар жыры»
Ақшақар:
Көрікті шыршамыз,
Шамдары самсаған.
Көңілді ұлпамыз,
Көп билеп бұралған.
Балалар, менің сендермен бірге билегім келіп тұр.
Би:«Ақшақарлар»
Ескі жыл-Қой: Балалар, менің де сендермен, бір ойын ойнағым келіп кетті.
Ойын:«Кім жылдам?»
Шарты: Балалардың қолдарына түстері әртүрлі қалталар беріледі. Сол қалталарға, жердегі шашылып жатқан қолғаптарды, түстерімен сәйкес келетіндей етіп, жинап салулары керек.Ескі жыл-Қой: Құрметті балалар! Мен енді, демалайын! Жаңа «Мешін» жылын қарсы алып, көңілдеріңді көтере беріңдер! Мен сендермен тура бір жыл бірге болдым. Сол уақытта, сендердің ойларың да, бойларың да өсті! Көптеген жетістіктерге жеттіңдер. Менің қуанышымда шек жоқ. Келе жатқан жаңа жылдарың да құтты жыл болсын! Мен сендермен әлі кездесемін! Сау болыңдар!
Жүргізуші: Құрметті - Қой жылы!
Сіз, бізге құтты жыл болдыңыз, біз сізге ризамыз! Біз сізбен қоштаспаймыз, себебі тағы кездесеміз.
Балалар ескі жылымызды шығарып салайық.
Балалар: Рахмет, сізге -Қой жылы! Сау болыңыз!
Ескі жыл-Қой: Жақсы, мен сендерді ұмытпаймын, сау болыңдар!
Жүргізуші:
Жаңа жылым жол болсын,
Басқан қадам оң болсын.
Төрлет, төрлет, Жаңа жыл,
Бізге құтты жыл болсын!
(Жаңа жыл- Мешін кіреді)
Жүргізуші:
Қош келдің, Жаңа жыл!
Балалар: Қош келдіңіз, Жаңа жыл!
Жаңа жыл- Мешін: Амансыңдар ма, Халайық? Амансыңдар ма, балалар? Мен жаңа жылдарың -Мешін боламын! Мен де, қой сияқты адал қызмет көрсетемін деп уәде беремін. Менен үлкен үміт күтулеріңізге болады, маған сеніңіздер!
Жүргізуші:
Қош келдіңіз, Жаңа жыл кешімізге,
Жаңа табыс тілейік, ісімізге.
Бақыт, байлық, тыныштық ала келсін,
Келе жатқан Жаңа жыл, бәрімізге!
Қадамың құтты болсын, Жаңа жыл!
Кел, төрлет! Балалардың өнерін бірге тамашалайық!
Жүргізуші:
Жаңа жылда алдағы,
Көңіл өсіп, кеңейсін.
Тыныштық боп елімде,
Жақсылықтар мол болсын!
Балалардың мерекелік тақпақтарына кезек берейік.

4-бала:
Аппақ көше, бар қала,
Аппақ ой мен қыраттар.
Ақ шатырлы қар дала,
Ақ жамылып тұр бақтар.
5-бала:
Қандай қызық қыс деген,
Қалтырайды құс деген.
Құлақшынды кимесең,
Құлағыңды тістеген.
6-бала:
Көрдің бе, Аяз атаны,
Аппақ екен сақалы.
Аппақ екен мұрты да,
Аппақ екен шапаны.
7-бала:
Жасыл желек жамылған,
Ақ моншағын тағынған.
Міне сұлу шыршамыз,
Көптен күтіп сағынған.
8-бала:
Төрлетіңдер, төрлетіңдер,
Шырша сәнін көріңдер.
Әсем ән мен би билеп,
Күй жырларды төгіңдер.

Жаңа жыл-Мешін:
Балалар, менің де сендермен бірге билегім келіп тұр, би билеуге дайынсыңдар ма?
Балалар: (қуана)Иә, билейік!
Би: «Маймылдар биі»

Ақшақар:
Қараймыз мына шыршаға,
Неткен әсем көрікті.
Жаңа жылдық шыршаға,
Барлығы да келіпті.
Қоян: Балалар, мен де бүгінгі тойға құр қол келмедім. Менің де сендерге дайындаған жұмбақтарым бар еді, шешуін тапқыларың келе ме?
Балалар: Иә, (Жұмбақты шешуге келіседі)
Жұмбақтар:
1.Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Қарға омбығып, бет домбығып,
Балғындары ойнайды.
Бөбектерім айтыңдаршы, бұл қай кезде болады?
Балалар: Қыста.
2. Терезеге қонады,
Әсем ою ояды.
Балалар: Қырау.
3.Сақалы желбіреп,
Жүрегі елжіреп.
Жылда бір келеді,
Көп сыйлық береді.
Балалар: Аяз ата.
Қоян: Жарайсыңдар! Жұмбақтарым көп, сендердің көп уақыттарыңды алмайын, дегенмен тағы біреуін жасырып, сендердің білімдеріңді тексеріп көрейін.
4.Тікен- тікен, тік пісте,
Қысы- жазы бір түсте.
Балалар: Шырша.
Аю: Аяз атаны да, сынап көрейікші. Ата балалармен ойын ойнағыңыз келмей ме?
Аяз ата: Әрине, балаларым мені ұзақ күтті ғой, енді менің олармен ойнамағаным дұрыс емес шығар.
Ойын: « Кім тез жетеді?»
Шарты: Ортаға қойылған бір орындыққа жүгіріп барып отыру.(музыкамен)
Ақшақар: Ата! Осындай ақылды балалардың сыйлықтарын беруді, ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Аяз ата:(Күліп) Ақшақар қызым-ау, менің қартайғанымды осыдан -ақ, біле бер! Қане, сыйлықтардың бәрін берейік! Балаларым өнерлі де, білімді екен, мен риза болдым, Жарайсыңдар балаларым!
(Ақшақар мен Аяз ата сыйлықтарды таратып береді)
Жүргізуші:
Бүгін міне, Жаңа жыл!
Құтты болсын, Халайық.
Жаңа жылдың кешінде,
Шырқап әнге салайық.
Ән:«Құтты болсын Жаңа жыл!»
Ақшақар: Ата, бізді балалар күтіп қалған шығар
Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар сіздер асығып тұрған сияқтысыздар ғой.
Аяз ата: Иә, сендер сияқты көптеген балалар бізді күтіп отыр...
Жүргізуші: Балалар! Аяз аталарыңның сыйлықтарын алып қуанып тұрғандарыңды көріп тұрмыз, қуаныштарың ұзағынан болсын!
Аяз ата мен Ақшақарды сағына күтіп отырған, балалар бар екен, ендеше. Аяз ата мен Ақшақарымызды шығарып салайық!
Аяз ата мен Ақшақар: Рахмет, сендерге балалар! Бізді қуантып тастадыңдар. Келесі жылы да кездесеміз ! Сау болыңдар!
Жүргізуші: Балалар, Аяз ата мен Ақшақарымызды шығарып салайық!
Балалар: Сау болыңыз, Аяз ата! Сау болыңыз, Ақшақар!
Жүргізуші: Келесі жылы да аманшылықпен кездесуді, алла нәсіп етсін! Рахмет, сіздерге! Балаларымыз қуанып қалды. Сау болыңыздар!
(Аяз ата мен Ақшақар шығып кетеді)
Жүргізуші:
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,
Ақ мамыққа бөлеп алды маңайды.
Бақыт, байлық ала келсін Жаңа жыл,
Құтты болсын Мешін жылы шырайлы!
Осымен«Сиқырлы, Жаңа жыл!» атты ертеңгілігіміз аяқталды, бізбен бірге көңіл көтергендеріңіз үшін көп рахмет! Жаңа жылымыз- Құтты болсын!