Біз бір-бірімізді жа?сы білеміз бе


Сыныбы: 5
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Біз бір-бірімізді жақсы білеміз бе?»
Мақсаты: Оқушыларды бір- бірін жақынырақ тануға, жақсы қасиеттерін бағалай білуге үйрету.
Міндеттері
білімділік: сабақ барысында әр түрлі тапсырмаларды орындату арқылы оқушыларды бір-бірінің бойындағы мінездерін ашқызу;
дамытушылық: оқушылардың өзін және басқа адамдарды түсіне білу қабілеттерін дамыту;
тәрбиелік: оқушыларды өзара жағымды қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: тренинг сабақ
Сабақтың типі: тәрбие сағаты
Әдіс-тәсілдер: «шаттық шеңбері», әңгімелесу, жаттығу, тренинг.
Көрнекіліктер: «бес бұрышты жұлдыз», «сиқырлы орындық»
Сабақтың жоспары
I.Ұйымдастыру кезеңі
II.Кіріспе сөз
III. «Мен қандаймын?»
IV.«Мінездеме беру» тренингі
V.«Сиқырлы орындық» жаттығуы
VI.Жағдаяттарды талдау
VII.Сабақты бекіту
VIII.Сабақты қорытындылау
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбері
Балалар шеңбер құрып тұрады да, бір-бірімен кезектесіп амандасады.
- Сәлеметсің бе, .....!
- Қайырлы күн, ......!
Осылайша бір-бірімен сәлемдесу аяқталған соң, төмендегі сөздерді айтады:
- Армысың, сұлу күн! (күнге қарап бас иеді)
- Армысың, ашық аспан! (аспанға қарап бас иеді)
- Қайырлы күн, баршаға! (құшақтарын жаяды).
II.Кіріспе сөз
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы - «Біз бір-бірімізді жақсы білеміз бе?». Осы орайда Ө. Ақыпбековтың «Өзін тану» өлеңі есіме түсіп тұр:
Жақсы болу - өзіңнен,
Жаман болу - өзіңнен,
Өзіңді өзің ая да,
Өзің үйрен, өзіңнен.
Жақсылық көрсең біреуден,
«Мен қандаймын?» деп ойла
Өзіңді өзің қолыңа ал,
Өзіңсің – ақыл айнасы.
Расында да, басқа адамды тани білу үшін алдымен өзімізді, адан соң барып басқа адамды бақылауымыз керек. Олай болса «Мен қандаймын?» деген сұраққа жауап беріп көрейік.
III. «Мен қандаймын?»
Әрбір оқушы өзіне тән басты мінезін айтады.
IV.«Мінездеме беру» тренингі
Қазір мен сіздерге «бес бұрышты жұлдыз» таратып беремін. Әр саусақта өзіңіздің қолыңыздағы жазылған есімді балаға бір-біріне көрсетпей мінездеме жазыңдар.
Тірек сөздер:
Адал Арам Жомарт Өз қамын ойлайтын Адамгершілігі мол Кекшіл
Қарапайым Сөзге түсінбейтін Мейірімді Жалқау Кешірімді Тәккапар
Төзімді Қатал Ақылды Мейірімсіз Сабырлы Сараң Салмақты Қызғаншақ
Кек сақтамайтын Тұйық
V.«Сиқырлы орындық» жаттығуы.
Ортадағы бір орындыққа бір оқушы отырады. Қалғандары сол оқушының ұнамды жақтарын айтады.
VI.Жағдаяттарды талдау
Балалар мұғалімнің көмегімен төмендегідей жағдаяттарды талдап, шешеді.
1-жағдаят:
Әділ мен Мирас бірлесіп әдемі қайық жасапты. Олар қайықты өзенге жүздірмекші болғанда таласып қалыпты. Әділ мен Мирас ренжісіп қалады.
Тапсырма:
– Әділ мен Мирас қалай татуласады деп ойлайсыңдар?
2-жағдаят:
Самал мен Шынар бірлесіп гүл отырғызады. Гүлдері әдемі болып өсе бастайды. Олар гүлдерді суғаратын кезде сусепкішке таласып қалыпты. Самал Шынарға өкпелеп кетіп қалады.
Тапсырма:
– Самал мен Шынарды қалай татуластырар едіңдер?
Оқушылар жағдаяттар бойынша шешімдерін жариялап айтуларына болады.
VII. Сабақты бекіту
Мақалды жалғастыр.
1. «Кемшіліксіз ... іздеген адам ... қалады».
2. «Дұшпан ... айтады, дос ... айтады».
3. «Жаңылмайтын ... жоқ, сүрінбейтін тұяқ ...».
4. «Досы ..., өзі де жақсы».
Жауаптары:
1. «Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады».
2. «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады».
3. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ».
4. «Досы жақсының - өзі де жақсы».
VIII. Сабақты қорытындылау
Бүгінгі тәрбие сағатымыз осымен аяқталды. Сабаққа белсене қатысқандарыңызға рахмет! Сау болыңыздар!