ГЕОГРАФИЯ П?НІН О?ЫТУДА АЙМА?ТЫ?-?ЛКЕТАНУ М?ЛІМЕТТЕРІН ПАЙДАЛАНУ АР?ЫЛЫ О?УШЫЛАРДЫ ?АЗА?СТАНДЫ? ПАТРИОТИЗМГЕ Т?РБИЕЛЕУ


ГЕОГРАФИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА АЙМАҚТЫҚ-ӨЛКЕТАНУ МӘЛІМЕТТЕРІН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМГЕ ТӘРБИЕЛЕУ
Қожырақова З.Қ., жоғары санатты, бірінші (ілгері) деңгейлі география пәні мұғалімі
Атырау облысы Махамбет ауданы Ақтоғай селосы Ақтоғай орта мектебі
«Мемлекеттік идеологияның бізге аса қажет бір ірі бұтағы, қомақты тармағы – халықты, ұрпақты патриотизмге, отаншылдық, елжандылық рухқа елді, жерді сүюге, қорғауға жұмылдыру» - деп айқын жол көрсеткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев.
Адам бойына патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасы тәрбиесі мен балабақшадан бастау алатыны айқын. Сәбиді отбасында патриотизмге тәрбиелеу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата-тегін білуді таныту –ата-ана парызы. Халқына құрмет, тарихи дәстүрлерге адалдық, сондай-ақ, туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік сияқты перзенттік борыш тұлға бойына сәби шағында дарыса, бұл қасиеттер өсе келе ары қарай дамып, қалыптасуына қолайлы жағдай туады.
Жас ұрпақ тәрбиесі Қазақстанның егемендік алып, тәуелсіздік жағдайына ие болғанда өз мемлекеттілігін қалыптастыруға байланысты бала тәрбиесін қайта қарау маңызды міндеттердің бірі болып отыр. «Қазақстан –біздің ортақ үйіміз, біздің өзіміз де, біздің бабаларымыз да осы жерді мекен етеді. Егер біз өзіміздің елімізді, өзіміздің өмірімізді сынауды білер болсақ, осы жасампаздықпен жаңғыртып, бой көрсеткен әр бір тал шыбықты мәпелеп өсіріп отырмасақ, онда біз өзімізді нағыз патриот деп санай алмас едік», - деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекетіміздің келешегінің тұтқасын ұстайтын жас ұрпақты осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеуден артық борыш жоқ екендігін атап көрсетті [1]
Қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі халықтың береке –бірлігінде, ынтымақ ықыласында, елдігімен –ерлігінде. Қазақстандық патриотизм қоғамды топтастырудың жетекші факторы болып қала береді. Мемлекетіміздің беріктігі мен күш-қуаты, өміршеңдігі де, оның ұлан байтағының біртұтастығы да Отанды сүюге, патриотизмге байланысты [10].
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады. 
Біз тәрбиенің қойған мақсатынан және одан туындайтын міндеттерге сүйене отырып тәрбие жұмысының бағыттарының ішінде мынадай бағыт айқындалғанын білеміз: Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие гуманизмге, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға,  азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы,  қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты  қалыптастыруы тиіс.  Балалар мен жастардың азаматтық патриоттық  білім беру ұйымдарында азаматтық құқықтық, патриоттық тәрбие беруде мазмұны мен әдіс тәсілдер мен оқу тәрбие құрылымының өзара іс әрекеттестік негізінде деңгейін көтеру белгіленген. 
Қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Қазақстанның патриоты дегеніміз:
1. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының
мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарап, шын ниетімен қадірлеуі.
2. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға
дайын болуы.
3.  Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімінің болуы.
4. Қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы
дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға ынталы болуы т.т.
Өз тарихын білу — ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі, ол этникалық тұтастықтың сақталуы мен оның келесі буындарда жалғасын табуда маңызды.  Қазіргі ұрпақтың  өз халқымен бірлігін сезінушілігі және өзін оның күллі тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры  мен  нақты сақтаушысы әрі жалғастырушысы  ретінде  сезінуінің мәні зор.
Егеменді елдің іргетасы қаланып, экономикасы дамуға бет алған қазақ елінің болашағы- оның сапалы дайындалған, инновациялық технологияларды жетік меңгерген, қазақтың ұлттық тәрбиесін бойына сіңірген жастардың қолында.
Ұстаз қаумының алдында тұрған үлкен талап ұрпақты ата-салтымызбен ұлтжанды етіп тәрбиелеу. Себебі бала мектеп табалдырығына келгенде, көрсем-білсем деген алып-ұшпа сезіммен келеді. Осы сәтті ұтымды пайдаланып, ұлттық білім тәрбиемен ұштастыра білген мұғалім ғана жемісті жетістіктерге қол жеткізеді. Жас ұрпақты халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасымен сусындату ел ертеңін ойлайтын саналы азамат қалыптасуының бірден-бір кепілі.
«Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан  салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы. Елін сүйген адам сол елдің салт-санасын, мәдени мұрасын қастерлеп, өнеге тұтуы тиіс.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында білім беру жүйесінің басым міндеттері – «азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны − Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға және қоғамға қарсы кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу» – деп айтылған [5].
Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру – біздің мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағыттары шеңберіндегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең өзекті мәселелердің бірі. Патриоттық тәрбие берудің рөлін арттыру, неғұрлым маңызды құралдарына өлкетану, яғни туған өлкенің табиғатын, халқы мен шаруашылығын, оның өткені мен бүгінін жергілікті қоғамдастық өмірін жақсарту мақсатында зерделеу болып табылады. Оқушыларға өзінің туған өлкесі туралы туралы толық, терең мазмұнды білім беруді талап ететін, олардың туған жеріне және табиғатына деген сүйіспеншілік сезімін, сондай-ақ өз халқының әдет-ғұрпына деген құрметін қамтитын аймақтық-өлкетану ұстанымында өз бейнесін табады.
Мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде оқушыларға патриоттық тәрбие беруді қалыптастырудағы аймақтық-өлкетану мәліметтерін пайдаланудың рөлін арттыру, аймақтық базалық білім берумен байланыстыру, педагогикалық шарттарын айқындау, аймақтық-өлкетануға тән ерекшеліктерді анықтау біздің зерттеуіміздің негізі болып табылады [6].
Аймақтық-өлкетану арқылы оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу проблемасын зерттеу мақсатында орта мектептердің базистік оқу жоспарында жетінші сыныпта география пәнінен «Өлкетану» факультативі оқытылады. Нәтижесінде туған ел, жер тарихы жайлы біраз мағлұматтарды оқушылар оқып білетін болады. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы –жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа баулу –тәрбиенің ең басты міндеттерінің бірі. Зерттеу нәтижесі жалпы білім беретін орта мектептердің оқу-тәрбие үдерісіндегі маңызды компоненттердің бірі – патриоттық тәрбие беруді әлі де болса жүйелеп, жетілдіру қажеттілігі байқалды. Зерттеу барысында мектеп оқушыларының отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіруде өлкетану мәліметтерін мектептің оқу бағдарламасына кешенді түрде енгізу, сабақ барысында кіріктіру мүмкіндіктері қарастырылды.
Мектептегі «жаратылыстану білім саласын» құрайтын «Қазақстанның физикалық географиясы», «Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік географиясы» пәндерінің бүгінгі оқу бағдарламаларында оқушылардың патриоттық тәрбие негізінде рухани кемелденуіне мән берілгендігін көреміз [7].
«Қазақстан географиясы» курсының негізгі мақсаты – оқушылардың өз елінің табиғи, әлеуметтік және экономикалық жүйесі туралы түсінігін қалыптастыру, оның табиғат жағдайлары мен мен ресурстарының әр алуандығын ашып көрсету. Курсты оқып үйренудің нәтижесінде оқушылар еліміздің табиғи, әлеуметтік және экономикалық проблемаларына бағдар жасай білуі тиіс.
Курстың негізгі идеясы - қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениетін тәрбиелеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Оқушыларды өлкетану арқылы патриотизмге тәрбиелеуде мектеп әрқашанда жоғары рөл атқарады. В.А.Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда, «төрт түрлі құрмет: Отанға құрмет, адамға құрмет, кітапқа және туған тілге құрмет салтанат құрғанда ғана мектеп мәдениеттің нағыз ошағына айналады»[8].
Н.Н.Баранскийдің «Отанды сүю үшін, оны жақсы білу керек» деген кең таралған сөзі бар. Бұл сөздердің астарында қаншама мәнді мағына жатыр. 8-9 сыныптарға арналған Қазақстан географиясы пәні арқылы алған оқушылардың білімі өз отаныңның көздеген мақсатын орындауға жол ашады деп ойлаймын.
Қазақстан географиясы оқулығы сан алуан тақырыптар ұсынады. Тақырыптар негізінен оқытудың өлкетанушылық принципіне бағытталған. Хабарламалар мен рефераттар өз облысы (қаласы) және ауданы (ауылы) туралы білімді кеңейтудің, ауызша және жазбаша жауап беру мәдениетін қалыптастырудың, кредиттік жүйе жағдайында оқытуға даярлаудың құралдары болып табылады. Бұл жұмыстар оқушыларды қосымша білім көздерімен – аймақтық-өлкетану оқулықтарымен және энциклопедиялармен, монографиялармен, жергілікті БАҚ материалдарымен, облыстық және аудандық газеттермен жұмыс істей білуге үйрету үшін арналған. Оқушылар тақырыптарға қажетті ақпаратты жылдам табу, жүйелеу, оларға талдау жасау, толықтыру және баға беру, олардың негізінде мәтін құрастыру, оны мақсатты жағдайға байланысты өзгерту сияқты өз бетінше білім алуға қажетті дағдыларды өздеріне қалыптастыруы керек [9]. 
Қортындылай келе: Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді . «Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths — отан, атамекен) Қазақшасы-жерлес, отандас дегенді білдіреді, яғни Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау екендігін ұғындыруымыз қажет.
Осылайша, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қашанда ұлттық сипатқа ие, өйткені, патриоттық сезім мен көзқарастар  қашанда белгілі бір ұлтқа, ұлысқа жатады.
Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда  ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен  тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан- ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру.
Қазақ халқы ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған.
Оны Қазыбек би өз сөзінде былай келтіреді: «Біз  қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз;ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз; асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» дей отырып, қазақ халқының өз елін, жерін қорғаудағы қажырлығын, жанын аямайтын патриоттығын, такаппарлығын көрсетеді. Олай болса,  біз жастарға осындай ұлағатты сөздерді санасына сіңіру арқылы, оның өз ата-тегін, ұлтын, халқын силауға, Отанын сүюге, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуға бағыт береміз. 
Бүгінгі жаһанданған заман тұсында ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізумен қатар, ұлы хакім Абай айтқандай: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген қағиданы жастарымыздың бойына сіңіруіміз қажет. Жастардың сапалы білім алуына, инновациялық технологияларды игеруге, ұлттық құндылықтарымызды көзінің қарашығындай қастерлеуге, елін құрметтеуге тәрбиелеу бүгінгі күнгі педагог ғалымдардың, ұстаздардың басты міндеті.
Әдебиеттер тізімі:
1. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа
саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Егемен Қазақстан. 2012 ж.
2. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстанның болашағы –қоғамның идеялық бірлігінде. Алматы:
Қазақстан 1993 –б
3. Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана. 2006 ж.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Білім» бағдарламасы. Астана. 2005.
5. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана 2007 ж.
6. Т.В.Имангулова. Аймақтық-өлкетану компоненттері арқылы жоғары сынып
оқушыларына патриоттық тәрбие беру («География пәні мысалында»).
Пед.ғыл.канд.дисс.авторефераты.: 13.00.01. Алматы, 2009. 26-бет.
7. А.Қ.Дүйсенбаев. Ұлт мектебіндегі жаратылыстану, гуманитарлық пәндер
бағдарламаларындағы отансүйгіштік тәрбие берудің мүмкіндіктері //ХХІ
ғасырдағы қазақ мектебі: даму болашағы. Республикалық ғылыми-конференция
материалдары. Алматы. 2006 ж.
8. В.А.Сухомлинский. Как воспитать настоящего человека. Киев. 1975.
9. В.Усиков. А.Усикова, Г.Зәбенова . Анықтамалық құрал. Алматы. 2009 ж.
10. Әлімбаев М. Халық –ғажап тәлімгер. Алматы Рауан. 1994