?о?ыз батыр-??рбан?ажы туралы тарихи а?и?ат (?ылыми жоба)


Жобаның тақырыбы: Қоңыз батыр-Құрбанқажы туралы тарихи ақиқат.
Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады. Қазақ даласының әрбір ауылының, тау- тасы мен өзен бұлағының тарихы жазылуы тиіс. Н.Ә.Назарбаев

Жоспар
Кіріспе бөлім: Алаш арыстарының қатарында тұрған тұлға.
Негізгі бөлім: Қоңыз батыр – Құрбанқажының батырлығы, қажылығы, әулиелілігі туралы бірер сөз.
Қорытынды бөлім: Қоңыз батыр – Құрбанқажының есімі ел ардақтыларының қатарында.
Кіріспе: Өзге халықтар сияқты біздің де ел басқарған көсемдер, сөз бастаған шешендер қол бастаған батырлар болғаны шындық. Қазақ даласының қай жері қай пұшпағы болмасын қасиетті әрі тұнып тұрған тарих. Өйткені онда сан мыңдаған жылдар бойы мекендеп келе жатқан ата-бабаларымыздың жерін жаудан қорғап, төгілген қаны бар, мәңгілікке жаны жай тапқан мекені моласы бар. Қазақ өз алдына ел болып шаңырақ көтерген ХҮ ғасырдан бергі уақыттағы тарихы әлі тұтас зерттеліп, терең қазылмаған қазына, ал ол тарих сіз бен біздің қазір басып жүрген табанымыздың астында, ата-бабаларымыздың қалдырған асыл сөздерінде, жыр дастандарында, жер суларына қойып кеткен атаулары мен әр бұлақтың бойындағы,әр қыстаудың маңындағы қорым молаларда жатыр. Осы орайда мен өзімнің жобамды бастамас бұрын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мына бір сөзін келтіре кеткенді жөн көрдім.« Жалпақ жұртыңды,иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын,табиғатын танудан,адамдарын ардақтаудан басталады.Қазақ даласының әрбір ауылының,тау-тасы мен өзен- бұлағының тарихы жазылуы тиіс» Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, іргелі ел болу жолында мың өліп мың тірілсе де өзінің тұтастығын,түп іргесі мен болашаққа деген берік сенімін бойтұмардай қастерлеп сақтай білген халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған асыл арманы жүзеге асқан бақытты сәт туды. Тіліміз, дініміз,имандылығымызбен қайта табысып, келешегі кемел жеке-дара өркениетті даму даңғылына түстік. Миллиондаған жылмен саналатын адамзат тарихындағы тоқсан толғаулы тіршілікте ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы әрқашан алға қарай дамудың қуатты қорғаушы күші ретінде қызмет атқарып келеді. Кешегі күнсіз қазіргі талассыз өмір шындығы. Міне, сондықтан біз өткенімізге нақ осы тарихи үрдістердің өзара тығыз байланысы,үйлесімдігі мен біртұтастығынан баға беріп, зейін қойып,зерделеуге тиіспіз. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі уақытта осы өңірдегі Сайболат, Тоғас руларынан ел ішінде ықпалы бар,халыққа сыйлы,болыс, билер дін жолына түсіп қажылыққа барған адамдар аз болмаған. Олай болса менің бүгінгі ғылыми жобамның да негізгі өзегі өзімнің туған жерім Жаңаталап ауылының жоғарғы жағындағы Қызылащы қыстауындағы молада жатқан Құрбанқажы туралы болмақ. Құрбанқажы - жас кезінде арғы беттегі дүнгендер көтерілісін басуға келген «сарыаяқтармен» (қытай әскерлері) соғысқа қатысып, «Қоңыз батыр» деген атпен даңқы шыққан, кейіннен дін жолына түсіп, екі рет қажылыққа барған, шежірені тарихи оқиғаларды жақсы білген,болыс болған, әулие адам болған, елде тұңғыш рет орысша білім беретін мектеп ашып, бала оқыттырған, мешіт салдырған тарихи тұлға. Құрбанқажының «Қоңыз батыр» аталуының тарихи деректерге сүйенсек екі түрлі нұсқасы бар. Қоңыз батырдың азан шақырып қойған аты Байқоныс екен. Туған шешесі ерте қайтыс болып, өгей шешесінің қолында өскен бала кішкене кезінде өте тынымсыз болса керек.Сонда өгей шеше «қара қоңыз сияқты тынымсыз,жыбырлауық» деп Қоңыз деген лақап аты содан тарапты, ал Қоңыз батыр атағы жігіт кезінде берілген. Қоңыз батыр яғни Құрбанқажы өзінің қажылыққа барғандағы үшінші сапарындағы Түркия елінде Стамбул қаласында бір үйді жатар орын етіп, 40 қажымен қонады. Сол Түрік елінің ұсталмай жүрген қарақшысын өлтіріп, басқа қажыға барушыларды оятып, мен мына елдің адамын өлтірдім, сендер жолдан қалмаңдар, мен осы елдің заңымен жазамды тартуға тиіспін дейді. Бұған қасындағы серіктері көнбей Стамбулдағы заң адамдарына мәлімдейді. Олар тексеріп көріп, көптен бері ұсталмай жүрген жендет екенін біліп, қажыға сіз кінәлі емессіз сауапты іс істедіңіз деп, кешірім береді. Сіздің атыңыз Байқоныс, лақап атыныз Қоңыз екен, мұның бәрін қойып, сіз Құрбан айт байланысымен үшінші рет Қажыға кетіп бара жатыр екенсіз, сіздің атыңыз Құрбанқажы болсын деп ұйғарған екен, Меккедегі дін басшылар азан шақырып Құрбанқажы деп ат қойыпты.Содан бастап бүкіл ел Құрбанқажы атымен атап кетіпті Өкінішке орай Құрбанқажының суреті бізге жетпеген, ұрпақтарында да сақталмаған. Мен зерттеу кезінде мынандай деректі кездестірдім.
Қ. Жұмаділовтың «Тағдыр» романында Құрбанқажының бейнесін былай деп суреттейді. Еңсегей, ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, сүйегі тұтас ер тұлғалы адам еді деп суреттейді. Білетіндердің айтуынша, тұла бойында найзаның ұшы тимеген не оқ жалап отпеген сау жері жоқ деседі. Кезінде найза жырып кетіп, қазір сетік болып біткен оң жақ танауының тыртығыда сол сөздің растығын дәлелдейді деп жазады. («Тағдыр» Қ. Жұмаділов.90 бет)
Құрбанқажы – Қоңыз батыр батыр адам болған. Құрбанқажының әкесі Кенже жай шаруа баққан адам болған. Құрбан мазасыз тентек болып өсіпті. Жаны кеудесіне симай алып ұшып тұрады екен. Найзагерлікті далада жылқы бағып жүргенде үйренген. Қысырақтың үйірін қуып жүріп, тай- байталдардың құйрығын найзалағанда қимылына көз ілеспейтін көрінеді. Жылқының құйрығын қан жоса қылғаны үшін әкесінен ұрыста естіпті, таяқта жепті... Бірақ сол өнері түптің түбінде кәдеге асқаны ғой. Кейін ел басына күн туып, жаугершілік заман басталғанда әкесі Кенже ұлына арнайы сауыт соқтырып, бес қаруын сайлап, батасын беріп жауға өз қолымен аттандырған екен. («Тағдыр» Қ. Жұмаділов 70 бет). Құрбанқажының - Қоңыз батырдың батырлығы Қ. Жұмаділовтың «Тағдыр» кітабында былай деп суреттеледі, сарыаяқтардың тобына араласқанда қойға тиген қасқырдай, ол жүрген жер есіктей болып ойылып қалатын. Шеріктер білтелі мылтықтарын оқтап үлгергенше бастары домалап жерде жатар еді.... ал енді Бор батыр екеуі тізе қосқанда жау әскерінің ту –талақайын шығарушы еді. Кейін сарыаяқтардың жүрегіне майдай тигені сонша Қоңыз келе жатыр дегенде зәре құты қалмай тым – тырақай қашатын болған деседі. («Тағдыр» Қ. Жұмаділов 71 бет). Қ. Жұмаділовтің «Тағдыр» романында Қажы өзіңің батырлығы туралы былай дейді: адам іштен батыр болып тумайды, батырлықты заман, уақыт тудырады, адам намыстың құлы, сол намысы үшін оққа ұшып өліп кетсең де өкінбейтін кезің болады.
« Адамның жаны жас кезінде артында, қартайғанда көзінің алдында тұрады» дейді ғой, сол рас сөз. Көтеріліс басталғанда менің жиырма бестен жаңа асқан кезім болатын.Осы соғыста өлемін-ау оқыста мерт боламын-ау деген ой қаперіме кіріп шықсашы. «Өлсем мына қыршын кеткендерден жаным артық па?» деген бір жанкештілік тұрады көкейімде. Бірақ ажалсыз адамға дауа жоқ екен, талай рет түтеген отқа қарсы шапқан кезім болды. Оқ жанап өтпеген найза ,қылыш тимеген менің денемде сау тамтық жоқ.Егер мені шешіндіріп көрсеңіз шошып кетер едіңіз... Манас бойындағы соңғы бір шайқаста қара санның қалың етінен оқ тесіп өткен кезі болды, сол жер әлі күнге дейін тесік, үңірейіп тұр. Өзім кемінде жүз рет ажалдан қалған шығармын. Ал менің қолымнан сөз жоқ жүздеген адам жан тәсілім етті. Осы күнге дейін кейде солардың кейбіреуі түсіме енеді. Түсімде ылғи қырғын соғыстың ішінде жүремін. Кілең бір оқ тиіп шыңғырған, өкпесіне найза қадалып омақаса құлаған адамдар. Ояна келсем қара суға түсіп, терлеп жатқаным. Сол қан төгіс кім үшін, не үшін керек болды, қазір ойласам жаным түршігеді. Сірә адамзаттың оқта – текте қаны тасып, сол қанды ағызғанша тағат таппай тұрады - ау деймін, енді міне не болды бәрі айналып орынына келді. Көн қатып қалыбына барды. («Тағдыр» Қ.Жұмаділов 125 бет)
19- ғасырдың екінші жартысы Тарбағатай тауының арғы – бергі бетін мекендеген қазақ рулары үшін дүрбелеңге толы уақыт болады. 1860 жылы Жоңғар патшалығының қалдық қүштері қазақ жеріне қайтарма шабуылдап маза бермейді. Жұмық батырлары бас болып, Құлыстай бойындағы жоңғардың бытыранды күштерімен соғысады. Осы Жоңғар әскерімен болған Шәуешектің шығысындағы Еміл өзенінің бойындағы шайқаста Қоңыз батыр қалмақтың батыры Жырғамен жекпе – жекке шығады. Жырғаны өлтіріп, Жұмық батырларына абырой әпереді. Осы соғыс он жылға созылып (1860-1870жж), Құлыстай өңіріндегі жоңғарларды Қарашәрі, Байынғолынға дейін қуалайды.
Тарихшы Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса» атты еңбегінде 1860 жылдың қарсаңында және одан бірнеше жыл өткеннен кейінгі Қытай жеріндегі дүнгендер қозғалысы туралы оны басуға келген қытай әскерлері шекарадағы елдің де мазасын әлсін- әлі алып тұрғандығы айтылады. Ақыры оларға қарсы басталған көтеріліске шекара бойында отырған Найманның Қаракерейінен тарайтын Байжігіт елінің қолын бастаған Мәмбеттің Отыншы биі болса, сарыаяқтарға (Маншың әскерін жергілікті халық солай атаған) аяусыз соққы берген дүңгеннің Бор батыры бастаған қол мен Қоңыз батыр айрықша танылған. Осы көтеріліс – азаттық соғысы, жалпы алғанда осы өлкені мекендеген қазақ халқының тұрмысы, Құрбанқажының ерліктері, тарихи бейнесі қазақтың халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романында аса шыншылдықпен суреттелген. Құрбанқажы - Қоңыз батырдың жас кезіндегі ел іргесін қорғаудағы ерен ерліктері туралы ауылдың көнекөз, шежіреші шалдар бұрын таңды таңға қосып әңгіме айтып, жырдай қылып отыратын еді - деп суреттеледі. Соның бірі - Маңшың әскерімен болған бір қалың соғыс ортасында Қоңыз батыр жарақат алып, астындағы аты құлап түскенде, бір сарбаздың іле шала көлденең тартқан атына мінгесе кетіп, сытылып шығады. Сонда «Батыр, әйтеуір аман қалдыңыз» деп жұбатқан оған, «Аманмын ғой, бірақ біреудің артына міңгескенім жаман ғой» деп жауап беріп, қатты күрсініпті деседі. «Елінің ертең біреудің қанжығасында кететінін меңзегені екен?» - деседі үлкендер бұл туралы. Ал қара сөздің хас шебері, жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында Құрбанқажы сол соғысты еске ала келіп, ажал деген жас кезде адамның желкесінде, қартайғанда көз алдында тұрады екен. Ол кезде өліп кетемін, деген ой кәперімізге кіріп шықпайтын еді деп еске алғанын жазады. («Тағдыр» Қ.Жұмаділов 125 бет)
Ел басына күн туғанда атқа мініп, халқын жаудан, ұрпағын оқтан сақтап, даңқы алыс – жақынға жеткенімен бұл дүниенің баянсыздығын ерте пайымдаған батыр ел іргесі тынышталған соң, жақсылықты бақидан күтіп, дін жолына бет бұрады. 1880 жылдың күз мөлшерінде алғаш рет қажылыққа аттанады. Осы сапардан қайтып келе жатқан жолда Семейде шежіре жинау үшін біраз аялдайды. Зерттеу барысында қажының сонда ұлы ақын Абаймен қалай кездескені туралы ел ауызында сақталған мынандай тағылымды әңгімені таптым. Бір күні қажы базар аралап келе жатса жанында серіктері бар Абайға кезігіп қалады. Ақынның атына қанық болғанмен қажы бұрын Абайды көрмеген, Абайда қажыны танымайды.Сонда жанындағы Дәулетбай деген адам Абайға сәлем береді де қажыға қарап, «Тақсыр қажы, мына кісі Құнанбай сұлтанның баласы Абай мырза ғой, танымадыңыз ба?» дейді. Сонда жасының үлкендігі, әрі аздаған өкпесі бар қажы «Тәйір – ай, өз ағасын ағаламаған,кісі ағасын жағаламайды деуші еді. Есіктен кіріп төр менікі деп, кеше Көкиірімнің сиезінде төбе басшылыққа өкпелеп, сәлем бермей кеткен Құнанбайдың Абайына Семейдің базарында несіне жалпауыштанамын»,-дейді. Сонда Абай: «Ә, әділдігімен аты, батырлығымен даңқы шыққан Қоңыз батыр сіз екенсіз ғой. Бірақ ол жер екеуіміздікі де емес еді ғой» депті. Қажының еске алып тұрғаны Көкиірім деген жерде (қазіргі Көкпекті ауданы аумағы) Арғын – Найманға ортақ сиез өтпек болып, оған Абай да қатыспақшы болды. Бірақ Абай кешігіп қалады да төбе басылыққа Байжігіттің Жұмығынан тарайтын Саты Бұтабай сайланып кетеді. Мұны естіген Абай орта жолдан бұрылып қайтып кетеді. Қажының меңзеп тұрғаны сол оқиға болса, Абайдың айтқаны Көкиірімнің Құрбанқажы ауылынан мүлде алыс жатқаны болса керек. Сол жерде қажы «Абай – исі қазақтың ардақтысы еді, кінәсін айтып сөзден бір сүріндіргенім де жетер, сөзі асыл еді, сүйегімнен өтіп кетер», - деп ойлап:
«Адам шықпас бел едің,
Дем алайын деп едім.
Надан татпас көл едің
Дәм татайын деп едім.
Асылықпен артық айтсам ғафу ет, Абай інім, - деп Абайға қол бергенде дана адам «Жоқ, қажы, артығы жоқ, құдай жолынан келесіз, Сіздікі жөн. Дүние-боқшылықпен жүріп, адамшылық жолдан тайып кетеміз ғой кейде» депті.
Сайболат елінің болысы болып, Мәметектен шыққан момындау Қайрақпай деген адам тағайындалыпты. Бірақ ел басқаруға ебі болмай, халықтың қалауымен Құрбанқажы болыс болып сайланады. Барынша әділ, қара қылды қақ жаратын қажыны бүкіл ел жұрты қадірлейді екен. Жасы ұлғайған соң болыстықты баласы Қыдырмолдаға бергенде,

ол өз ағайындарына үстемдік көрсете бастайды. Сонда қажы баласының кейбір озбырлығын тыйып, әділдік орнатып отырыпты.
Құрбанқажы әділдігімен қатар қазақтың арғы – бергі тарихын терең білген шежіреші, білімді, қасиетті адам болған. Құрбанғали Халидің өз еңбегінде қазақ пен қалмақ арасындағы «Қандыжап бітімнің» тарихын, болған жылын айқындайтын мәліметтерді осы кісінің аузынан жазып алғанын айтады. Батырдың жорығы жайлы аңыз – әңгімелері қажы 1914 – 1915 жылдарда осы Терісайрық болысында қазақтар «Пірәмилә» атап кеткен жерде (управление) мектепте бала оқытқан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа айтып отырған екен. Бұл кезде осыған дейін ел іргесінің шекара шебіндегі әлсін – әлсін қақтығыстар тоқталып тынышталған уақыт еді. Есесіне ел мен жерге орыс отаршылдары дендеп ене бастаған болатын. Оған дәлел сол уақыттағы Зайсан уезіне қарасты Байжігіт елінің бір шеті Шіліктіге егін екпек болғаны, орыс байларының Зайсан көлінің маңайындағы алғашқы орыс қоныстанушыларының пайда болған деуге болады. Ел ішінен орыс ықпалының келе бастауы көзі ашық көкірегі ояу ел ағаларында ойларындыра бастайды. Олар ендігі жерде заман ағымына қарай балаларына орысша білім берудің қажеттілігін түсінеді. Осы мақсатта Құрбанқажы өңірімізде мектеп ашады.

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» армандаған жас пері Сұлтанмахмұтты ертіп әкеп сабақ бергізеді. Білімді жас ақынды қырда қымыз ішіп, денсаулығын түзеттіру, әрі балаларды орысша оқыту үшін еліне шақырған, қажының сөзін құп алған ол шежіре қарттан елінің өткен тарихын тыңдап, қағаз бетіне түсіріп кеткен. Ақын еңбегі шашылып кеткен асылдың сынығын тірнектеп жиғандай әсер қалдырады. Ақын Құрбан қажының аузынан жазып алған «Көкжарлы көкжал Барақ» туралы әңгімені «Айқап» жураналында жариялайды. (1913ж № 8). Сұлтанмахмұттың Қажы ауызынан естіген еш жерде жарияланбаған «Жазықсыз тамған қан» жазбасы зерттеу кезінде біздің қолымызға тиді. Сол жазбаның қысқаша мазмұны мынандай. Сұлтанмахмұттың ескі қазақшылық мінездерді жаза жүруге көңілі бар екенін білген Құрбанқажы- Қоңыз батыр «Менің бала күнімде қыз алып қашқан осындай бір жігітті түйеге асқызып өлтірді осы Мәметек., бейітін бағана өздерің көрдің ғой» деп болған оқиғаны баяндаған екен. Мәметек руының ішіндегі Атантай Шала деген кісінің Мәни деген қызымен Ешке деген елдің Құрбан деген жігіті көңіл қосып жүріпті, Мәметек мың үй болса да осы күнге дейін қыз алыспайды ғой, Құрбанға Мәниді алудың жалғыз– ақ жолы, алып –қашып, елді - жерді көрмей безіп кету еді. Әке –шеше, мал – жан, бауырларын мұндағы Мәметектің талау талқысына тастап, бір күнде Мәниді жабықтан шығарып алып, жол тартады. Елдің қыз алыспайтын рәсімін бұзғанға Тана бидің сүйегі қорланып Құрбанды өлтірмей ашуы тарқамайтын болады. Ақыры Құрбанды түйеге асып, өлтіреді. Түйенің басын жетектеген өзін күндеп жүретін ағайындары: Ережеп, айдаған Олжеке осы күні екеуінің де тұқымы оңбай кеткендігі жөнінде баяндалады.Құрбанқажы қасиетті әулие адам болған екен. Мен зерттеу кезінде қажының әулиелігі мен қасиеттілігі жайлы біраз деректерге кездестім. Құрбанқажының қасиетті әулиелілігін мына бір зерттеулерден көруге болады. 1973 Жылы Шығыс Қазақстанның Ласты фермасындағы бір малшының әйелі асқан арақкеш екен. Ол арақ ішіп алып, мас болып зират басына келіп ұйықтап қалады. Оның мас болып зират басында ұйықтап жатқанын көргендер еріне айтады. Ері әйелін оятып үйіне алып келіпті. Үйіне келгеннен кейін әйелдің бір жақ қол – аяғы жансызданып, тілі күрмеліп, сөзі ұғылмай, бет –аузы қисайып қалады. Алдыңғы уәделерден хабары бар әлгі әйелдің ері оны суға құйындырып тазалап, дәрет алдыртады . Фермадағы үлкендерді шақырып, бір малын айтып сойғызып, қажыға қатым түсіріп, жұма намазын оқытады. Қажының қабір топырағынан алып әйелге езіп ішкізіп, қисайған бет – ауызына жағады. Емдеу өнім беріп, Алла тағала шипа етіп, әйелдің денсаулығы бұрынғыдай қалпына келеді. Әйел сол күннен бастап арақтан тиылып, бес уақыт намаз оқып, дәретсіз жер баспайтын болыпты. Бұны көрген қазақтар «Әулие ата» деп қажының зиратының басына барып үнемі тәуіп етіп тұрады екен. Олар малы не адамы ауырсын қажының топырағымен емдейді екен. тағы бір дәлел жаңадан үйленген, бүгінде көздері тірі Қуан мен Нәзигүлдің аузынан естігенім: «Екі жас үйленгеннен кейін он-он бес жыл уақыт құрсақ көтере алмай, сәби сүйе алмай өмірлерінің біраз жылдарын уайыммен өткізген көрінеді. Көнекөз қариялардан Жаңаталап елді мекенінің күнбатыс жағында әулие Құрбанқажының қыстауы, зираты бар екенін естіп сол әулиенің зиратының қасындағы Қызылащы қыстауына көшіп барып зиратты күтімге алып, ұрпақтары салып кеткен үйге келушілерге жағдай жасап, өздері де зират басына түнеп, дұға қылып жүретіндігін» - айтады. Көп кешікпей Нәзигүл жүкті болып, сәби сүйеді. Бұл күнде Қуан мен Нәзигүлдің Әулие атаның қасиетінің арқасында Бота және Махаббат атты бүлдіршіндері бар.
Бұдан басқа да қажының зиратының жанына орналасқан «Терісайрық» шекара заставасында қызмет етіп жүрген әскерлері қажының зиратының басына барып дәрет сындырып, мазақтағаннан кейін астындағы аттары мөңкіп өлтіргендігі айтылады. Және заставада қызмет етіп жүрген шекара бастығы әскерлерге қажының зиратын бұзғызып, кірпішін алып, заставаға монша салғызған. Бірнеше рет әйелімен моншаға түскен әскер бастығының аузы қисайып, талып қалғаны сияқты деректер баршылық. Осыдан кейін қатты қорыққан орыс шекара бастығы моншаны бұзғызып, кірпішін қайтадан зират басына қазақтарға апартқан.
Аягөзде тұратын қажының шөбересі Дәлелқан Кенжин дейтін ағамыз да өзінің ұзатқалы жатқан қызы аяқ астынан дірілдеп –қалшылдап ауырып қалады. Бұлар да осы қажы атасының қабір топырағын езіп, дәкеге сүзіп үстінде жаққанда қызының жазылғандығын айтады. Құрбанқажы – Қоңыз батыр шежіре, ғұлама, әділ адам болған екен. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың қоғамдық –саяси ойының көшбасшысы болған, алашордашылар шығарып тұрған «Қазақ» газетінде де қажының айтуы бойынша жазылып алынған көптеген шежіре әңгіме, аңыз – дастан, басқа да материялдар жарияланған. Соның бірі Абылай ханның әйгілі қырғызға жорығы туралы «Жалаңаш әулие» әңгіме дастаны.
Ойы терең, парасат – пайымы мол, қара қылды қақ жарған әділ қажыға ел билеп тұрған кезінде халыққа жақын қасиетін естіген атақты ақын, әнші ӘсетНайманбайұлы қырық шумақ өлеңін арнаған екен. Солақай саясаттың кесірінен өлең өртеледі. Біз зерттеу кезінде соның бір бөлімін таптық. Өлеңмен жазған хатының есте қалған үзіндісі:
Бұл сәлем Сағымбақтың айтқан жайы
Діл ғалбыр, дін мұсылман туған айы
«Иншалла дұғаң қабыл!»- деп ойлаймын
Жарылқар пәзілті мен бар құдай.
Ғибадат моттақ қаділ қабыл болсын
Көкірегі баһарланып, әр маңайы
Байжігіт мінбарында жалғыз шамдал
Мағұлым дін туралы осындай
Найманда жалғыз кәрі жақтағаным
Көп еді айтайын деп сақтағаным
Алсаңда қаһарыңа айтар едім
Халқңа болса егер жақпағаның
Хат барғай Терісайрық тарабына
Қажы ием Құрбанқажы жанабына
Басы «Әліп», аяғы «Ти» тәмәм болсын
Қол қойдым Инабатпен аяғына! – деп аяғына қолын қойған екен.
Мұрын Кәрібай ақын Құрбанқажыға өлеңмен жазған хаты да, жоғарыдағыдай солақай саясат кезінде өртеледі. Төменде соның есте қалған бір бөлімі:
Сәлем бердім Құрбан қажы ақсақалым
Жалғанның қапасында көңілім жарым
Тұсында тентек тиіп мақұл жиып
Ақылың алты алашқа болған мәлім
Тарқатып кісіліктің тойын тойлап,
Көп істі ақылменен қойдың ойлап
Ләпсіні шынжырменен қойдың байлап – деп жазған екен.
Қоңыз батыр қажылыққа үш рет барған. Қажы қажылықпен қатар шығыстың ұлы қалаларын аралап, мәдениетін үйренуді де мақсат еткен екен. Құрбан қажы қажылық сапарға екінші рет өзінің екі ұлы Қыдырмолда мен Қанапияны ертіп барды. Жолда Стамбул қаласында ақырет киімін сатып алып, оны Қыдырмолдаға табыстаған. Құрбан қажы аты алты арысқа таныс болады. Осы сапарында Құрбан қажы қасындағы серіктерін елге қайтарып жіберіп, Араб, парсы,түрік елдерінде 6 жыл сапар шегеді. Бұл елдің басты – басты қалаларын аралап,мәдениетімен өнерін көзімен көреді. Түріктерді өз қандасым деп таниды. Осы сапарда аштық пен тоқтықты, барлық пен жоқтықты, даму мен күйзелісті, қанау мен қаналудың не түрлі хикметтерді көзімен көреді. Дамыған елдердің жеткен жетістіктері оқу мен білім екендігіне көзін жеткізді.1895 жылы еліне қайта оралып, Тарбағатайдың теріскей бетіндегі мекені Терісайрықта мешіт салдырып, медрессе ашты.

Өзі бас болып, сауатын ашты. (суреті көрсетіледі) Баласы Қыдырмолда кеңес үкіметі орнаған кезде заманның теріске бұрылғанын бағамдаған ол Іргедегі Қытайға өтпек болады. Алайда шекара күзетінде әскерлер кедергі жасағандықтан еріксіз оларға оқ жаудырып, соғыспен арғы бетке өтеді.

(Қыдырмолланың суреті көрсетіледі) Алайда 1925 жылы әкесі Құрбан қажы 85 – ке қараған шағында қайтыс болғанда жолын торыған шекара әскерінен жасқанып әкесіне топырақ сала алмай қалады.
Қажының тағы бір баласы Қанапия ақын адам болған екен. Әкесі өлгенде қажының қыздары мен келіндеріне жоқтау жазып беріпті. Сондағы:
Ертістен қуып қалмақты,
Манастан ары айдаған
Сексен беске келгенше
Түзуліктен таймаған,-
деген сөздері батырлық, әділдік сипаттарын айқын көрсетіп тұрса керек. Құрбан қажы қайтыс болғанда бүкіл Жұмық елі жиналып, өзінің қыстауы Қызылащыға жерлейді.Ұрпақтары кейінен басына биік мазар орнатады




(суреттері көрсетіледі) Кеңестік қызыл дүрмек қажы ұрпақтарын да үркітті. Балалары Қыдырмолда, Мырзасадық, Молдасадық Қытай жерінде қалды. Кейіннен Қыдырмолданың ұрпақтары елге оралғандарымен, қызыл саясаттың салқынынан сақтанып, арғы аталары Кенженің атына жазылады. Татарстанның Қазан қаласындағы баспасөзінің бастығы, тарихшы Құрманғали Қажиден «Шығыстағы бес ұлт» таурих хамзаның авторы. Ол Құрман қажының қайтыс болғанын естиді. Терісайрықтағы қажының ауылына келіп, құран оқып, зираттың басында төмендегі арнауын оқыған екен.
Замананың көсемі едің
Жөн үйреткен наданға
Тіл біткеннің шешені едің
Сөз бермеген адамға
Жан біткеннің кесегі едің
Атың шыққан әлемге
Бұл дүниге бөтен едің
Тұрмадың ақыры заманға
Десе, қазақ ақындарының бірі Қажының қолында болып бала оқытқан, оның кеудесіндегі сыр қазынасынан дәм татқан Сұлтанмахмұт Торайғырұлының 1924 жылы жазған «Ауылға арнау» деген толғауында Қажыға мынандай арнау арнаған екен
Бұл сөзім Тарбағатай биігінде
Тазының заман түлкі күйі міне.
Сәніңіз көзден кетіп, сөзде қалар,
Жалқаулық енді орансаң киіміне, -
деген өлең жолын арнаған екен. Ақынның бұл өлеңін оқыған қажы, зерделі азаматтың сөзінің мәнінің тереңде жатқанын зерделеп, «Заманың балаларыңды оқыт деп отыр, әйтпесе дәулетің де даңқың да өзіңмен кетіп, ұрпағың болашақсыз қалады дегені ғой» деп отырады екен. Сөйтіп ақынның ақылымен мектеп аштырады, балаларын оқытады,мешіт салдырады. Қажының бір баласы Мырзасадық өте білімді, тоқығаны мол болып өсіпті. Жоғарыда айтқанымыздай, ол да басқа балалары сияқты арғы бетке өтуге мәжбүр болады. Мырзасадық Құрбанұлы кезінде Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиі туралы білікті пікір білдірген,әлеуметтік өмір сырын терең түсінген зиялы тұлғалардың бірі болған. Амал не,туған жерінен тұрақ таптырмаған уақыт қысымы, аласапырын заман оның өмірін қалай құбылтқанын, топырақты қайдан бұйыртқанын белгісіз етті. Қажы есімі саусақпен санарлықтай ардақтыларымыздың қатарынан орын алуға әбден лайық. Қазақтың ұлы даласы кішкентай ғана ауылдардан құралса, сол ауыл ардақтылары бүкіл алаштың мақтаны болмай ма? Қазақ халқы рулардан құралса, сол рулардың қамқоры бүкіл қазаққа ортақ емес пе? Осыны ескере отырып, Құрбан қажының еліне сіңірген еңбегін, алысқа даңқы кеткен бейнесін халыққа жеткізуіміз керек. Жасында елінің намысын ту қылып көтеріп,халқын жаудан қорғаған, есейгенде еліне пана болып, әділдікті пір тұтқан бабамыздың аруағы желеп – жебеп жүрсе жақсылық жолдан таймаспыз.
Қоңыз батыр – Құрбанқажының есімі ел ардақтыларының қатарынан орын алуы керек. Ел жадынан өшпеген ерекше болмысты адамның бір кезде салдырған мешіттің қаңқасы ауыл сыртында қалқайып әлі тұр. Одан әрі көгілдір сағымға орнатып Тарбағатай биігі тұнжырайды. «Ұрпағым, өткеніңді ұмыттың ба?» - деп кеуде кере күрсініп тұрған батырдың асқақ тұлғасындай.
Қорытынды бөлім:
Бұл – тарихқа қатысты дүние. Ал қазақта тағы бір қасиетті сөз, мағынасы терең ұғым бар. Ол туған жер туралы түсінік. Бәлкім ол бар халықта да бар шығар. Бірақ, «балық тереңді,адам жайлы жерді іздейді», - дегенді өмірлік қағидасына айналдырып алған кейбір халықтар сияқты емес, қазақ үшін әлі мәнін жоймаған түсінік. Оны баяғы ата – бабаларымыз «Ер туған жеріне,ит тойған жерінде», «Өзге елде сұлтан болғанша – өз еліңде ұлтан бол» деген тағы басқа осы сияқты нақылдарына сыйғызып кеткен.
Сайып келегенде Құрбанқажы шарапатты адам болған.
Қазір де Құрбанқажының немересі Заманбектің балалары бас болып аталарының зиратының жанынан екі бөлмелі үй салған.





Оған ыдыс – аяқ, кереует қойып, зиратқа тәуіп етіп барушыларға қолайлылық жасап қойыпты. Зерттеуде көрсетілген біраз деректерді біз бүгінде көзі тірі, көп жыл білім беру саласында қызмет атқарған, бұл күнде қазіргі Құйған орта мектебінде математика пәнінен сабақ беретін шөбересі Кенжин Қажықұмардан алған деректерге сүйене отырып жаздық.
(суреті мен өлеңі көрсетіледі)
«Құрбанқажы жеке батыр ғана емес, елі үшін еңкейіп туған, тас жүректі,мұз қанатты ер ғой, екі жағы тең ғой». Бұл ұлы атамыз Құрбанқажыға бабамыздың дәуірлік тұлғасы,өзі айтқан,жарапазан батасындағы «Сексен түйең боталап,сегіз келінің қомдасын!» дегендей. Құрбанқажыдан тарағандар киелі атасының атына кір келтірмей, ұрпақ сабақтастығын жалғап келеді.
Тақырыбымызды түйіндей келе айтпағымыз қай уақытта, қай қоғамда болмасын оның басты байлығы адамдар болып қала беретіндіктен және белгілі бір аймақтың, өлкенің,ауданның, ауылдың атын шығаратын,даңқын асыратын сол жердің тумалары болғандақтан,біздің ауыл аумағынан да әлі талай – талай таланттар шығатыны, дарындар туатыны сөзсіз болса керек.
Зерттеуімізді қорытындылай келе қажының шөбересі Кенжин Қажығұмардың бір ауыз өлеңін келтіре кеткенді жөн көрдік.
Тебрентіп аруақты
Ой қозғаған салмақты
Азаматтар мың алғыс
Пікір айтқан жан жақты
Бәріде мұның болған жай
Мақтау емес асыру
Кіна бекер пендеге
Ақиқат істі жасыру.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Қ. Жұмаділов «Тағдыр» романы
Ниязбек Махмұтқан Кенжин «Құрбанқажы (Қоңыз батыр) жайлы деректі шежіре»
Еркінбек Асқарұлы «Алаш арыстарының қатарында тұрған тұлға»
Нұржан Қуантайұлы «Дидар» газеті.
Жанат Әскербекқызы «Қоңыз батыр – Құрбан қажы туралы»,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ
ЖАҢАТАЛАП ОРТА МЕКТЕБІ КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІ
ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫ
Жобаның тақырыбы: Қоңыз батыр-Құрбанқажы туралы тарихи ақиқат.
Орындаған: Бекенова Мөлдір Ерболқызы
8 сынып оқушысы
Жетекшілері: қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі А.Кесенбаева
Тарих пәнінің мұғалімі: А. Қаниев
2012-2013 оқу жылы