Открытый урок на тему Бастауыш сынып о?ушыларыны? ?абілетін ?алыптастыруды? теориялы?- психологиялы? м?ні


Бастауыш сынып оқушыларының қабілетін қалыптастырудың теориялық- психологиялық мәні
Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды талап етеді.
Философияда «қабілеттерді» тұлғаның белгілі бір әрекетті орындауға жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе олар қоғамдық-тарихи іс-әрекеттердің нәтижесінде қалыптасып, әрі қарай дамып отыратынын атап көрсетеді.
«Қабілет» ұғымына берілген психологиялық анықтамалар саны өте көп. «Қабілеттер» деп әрекеттің талаптарын қанағаттандыратын және үлкен жетістіктерге жеткізетін адамның қасиеттерінің синтезін атайды» (А.Н.Леонтьев).
«Қабілеттер» - білім алуға қажетті адамның психологиялық ерекшеліктері» - дейді А.В.Петровский (31).
«Қабілет» - іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауында көрінетін адамның жеке қасиеті», - деп жазады академик Т.Тәжібаев (39).
«Қабілеттер» - адамның іс-әрекеттің белгілі бір түрін орындай алу мүмкіндіктері» - деген де анықтама бар.
Психологтар қабілеттердің 2 түрлі деңгейі болатындығын дәлелдейді.
Репродуктивті (өнімсіз) – іс-әрекетті, не білімді берілген үлгі бойынша қабылдай, меңгере алу деңгейі.
Шығармашылық – жаңа нәрсе ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі.
Қабілеттердің даму мәселесін зерттей келе А.Н.Леонтьев, А.В.Петровский, В.А.Крутецкий, Б.М.Теплов, В.С.Шубинский, М.Мұқанов, Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев қабілеттер оқытусыз да дамитынын, бірақ онда ол ұзақ процеске айналатынын айтады.
Қабілеттер проблемасы – оқушылардың жекелік айырмашылықтар проблемасы. Егер барлық адамдардың әрекеттің түрлерімен айналысуға арналған мүмкіндіктері бірдей болса, онда қабілеттер туралы сөз етпеуге де болар еді. Мүлдем еш нәрсеге қабілеті жоқ адам болмайды. Әр адам бойында бір нәрсеге деген қабілет болатындығын кеңестік психология ғылымының негізгі ережелерінің бірі, бірақ ол қабілеттер дәрежесі әр адамда әр түрлі деңгейде болады. Олардың іс-әрекетінің белгілі бір түріне қабілеті не жоғарылау, не төмендей келеді. Бұған қарап мысалы музыкаға, не хореографияға немесе математикаға қабілет төмен оқушыларды қабілеті төмен дарынсыздар қатарына жатқызу әсте дұрыс емес. Бұл – оның қабілетінің басқа салада жатқандығының белгісі. Қабілеттер туа бітті қасиет емес, олар өмір сүру барысында іс-әрекет арқылы дамып отырады.
Кеңестік психологтар бірауыздан ақыл есі дұрыс, дені сау баланың оқуға қабілеті орта білім алу мүмкіндігі бар деген көзқарасты қуаттайды. «Мектеп курсында оқылатын пәндердің бірден-бір тарауының бала үшін қолайсыз екендігін кездестірген емеспін» - деп жазды В.А.Крутецкий. Ал академик А.Н.Калмогоровтың тұжырымдамасы былай дейді: «Математиканы меңгеру үшін баланың айрықша қабілеті болуы керек деген ұғымдар артық айтылады...».
Айтылғандарды қорытындылай келе, «қабілет» термині адамның белгілі бір істі орындап, одан нәтижеге жеткізетін қасиетін білдіреді деуге болады.