Баяндама: «К?сіптік о?у орындарында білім алушылар?а терминдерді ж?йелі ме?гертуді? тиімді жолдары»


Кәсіптік оқу орындарында білім алушыларға терминдерді жүйелі меңгертудің тиімді жолдары
Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжі
Абушарипова Шынар Темирбековна
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы
Қазіргі кездің жастары өз болашақтары Қазақстанмен,өз елінің нарығымен тығыз байланыста екендігін жақсы түсінеді.Ел экономикасына мемлекеттік тілді жақсы меңгерген мамандар қажеттілігі күн санап артып келе жатқандығын да біледі.Сондықтан да қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде маңыздығын түсініп,оны меңгеру жолында тер төгіп,күш-жігерін салып жүрген жастар арасында біздің Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледж білім алушылары да бар.
Кәсіптік оқу орны-үздіксіз білім берудің ұлттық жүйесіндегі негізгі буынның бірі. Кәсіби білім беру оқу орындарының білім алушыларына кәсіптік білім-бағдар бере отырып, оқыту қазақ тілінде сөйлеу тілін қалыптастыру мен дамытудың ең маңызды факторы. Кәсіптік білім-бағдар бере отырып оқыту дегеніміз – оқыту үрдісінде болашақ маманды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу.
Бүгінгі таңда қазақ тілінде өз мамандықтары бойынша кәсіби терминдерді  меңгерту талап етілуде.  Ал терминдерді оқытудағы басты мақсат – болашақ маманға мамандығына қатысты сөздер мен сөз тіркестерін үйретумен қатар, сөздік қорын байыту, яғни үйренген терминдерді күнделікті өмірде,  болашақта қызмет барысында қолдануға машықтандыру болып табылады.  Сондай-ақ  өзі таңдаған мамандығы бойынша меңгерген терминдерді қазақ тілінде өзге адамға жеткізе білу дағдысын қалыптастыру да бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
Ғылым мен техникада терминдердің мәні күшті. Ғылым мен техниканың белгілі бір саласын меңгеру үшін сол салаға тән терминдердің мағынасын, ғылыми мәні мен білдіретін ұғымын жете түсіну қажет.
Термин жасауда негізгі мынадай тілдік тәсілдердің басты нысанаға алынатындығы баршамызға аян. Біріншіден, қазақтың өз сөздерін термин қатарына тарту, екіншіден, туыстас түркі тілдерінің сөздік қорын және озық тәжірибелерін пайдалану, үшіншіден, халықаралық терминдерді алғанда тіліміздің дыбыстық ерекшеліктерін ескеру
Кәсіби терминдермен жұмыс жасауда термин сөздердің аударылу және жасалу ерекшеліктеріне көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар жаңа сөздерді өткен грамматикамен байланыстырып түрлендіру, олармен сөз тіркестерін жасау, сөйлемдер құрастыру сияқты жұмыс түрлері жаңадан үйренген атауларды есте сақтауға көп көмегін тигізеді. Тіл үйренушілерге терминдерін меңгерту үшін ең алдымен сөздік жұмысын  дұрыс ұйымдастыра білу керек. Сөздіктермен жұмыс негізінен, белгілі бір мамандыққа байланысты   аударма және түсіндірме сөздіктер көмегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан әрбір сабақта  сөздік жұмысын дұрыс пайдалану қажет. Таныс емес сөздердің мағынасын  жан-жақты ашып, әр сөзге нақтылы талдау жасатып, ол сөздің стилдік  мүмкіндігін  тиімді  пайдаланып отырамыз.
         Белгілі бір терминді сөздік арқылы меңгерту үшін ең алдымен, тіл үйренушінің өзіне берілген сөзді сөздіктен іздетіп, таптыру қажет; екіншіден, оны тақтаға жаздыртып, дұрыс айтуға машықтандыру қажет; үшіншіден, жаңа терминнің ұғымын кең ашу үшін оларды қатыстыра отырып, сөз тіркесін жасату,  сөйлем құрату, ол сөздердің контекстегі мағынасын ашу қажет; төртіншіден,  жаңа сөздерді тірек сөз ретінде пайдаланып,  мәтін, диалог, әңгіме,  құрастыру қажет.
       Осындай әдіс-тәсілдерді дұрыс қолданатын болсақ,  мамандыққа қатысты терминдерді  тиімді  меңгерте аламыз.  Әр терминді өз орнына  дұрыс қолдана алатын,  өз ойын дұрыс жеткізе алатын  білімді маман даярлау үшін тіл дамыту жұмыстары жүргіземіз. Тіл дамыту жұмыстарының барлық түрі лексикалық материал негізінде тіл үйренушілерге мәтіннің мазмұнын игеру барысында жүзеге асады.
Тіл үйренушілердің тілді білу деңгейіне қарай кәсіби қазақ тілін оқыту екі топқа (бастауыш және жалғастырушы) бөлінеді. Бастауыш топта кәсіби сөздермен, сөз тіркестерімен, оңтайландырылып алынған мамандыққа қатысты мәтіндермен жұмыс жүргізілсе, ал жалғастырушы топта көбінесе мамандықтарына байланысты тақырыптармен сабақтастыра, күрделенген кәсіби мәтіндермен жұмыс жүргізіледі. Кәсіби мәтіндер білім алушыларды мамандық тілін меңгертуде ерекше қызмет атқарады. Сабақ барысында кәсіби мәтінмен жұмыс істеу тіл үйренушінің кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, тілге деген қызығушылығының артуына, кәсіби лексиканы меңгеруіне игі әсерін тигізеді. Кәсіби мәтіндер негізінде білім алушының мамандығы туралы білімін жетілдіреді, өзінің келешекте атқаратын жұмыстары туралы пайдалы, өте қажетті ақпараттар алады, кәсіби танымдары кеңейеді, сонымен қатар кәсібіне сай сабақта алған білімдерін болашақ қызметінде пайдалана алады.
         Кәсіби мәтіндер – мамандыққа қатысты лексикалық минимумдарды қамтитын, белгілі бір мамандықты игеру үшін қажет кәсіби білім беретін күрделі қатысымдық бірлік. Әр сала бойынша білім алатын студенттер өздерінің таңдаған мамандықтарына қатысты мәтіндермен жұмыс істеу кезеңінде терминдерді өте жақсы қабылдайды және олармен қызыға жұмыс істейді. Осыған орай кәсіби қазақ тілі сабағында көбінесе мамандығына қатысты кәсіби мәтіндермен жұмыс жүргізіледі. Кәсіби мәтінмен жұмыс жүргізудің мақсаты – студенттің мәтінді практика жүзінде игеруін жүзеге асырып, байланыстырып сөйлеу дағдысын қалыптастыруға икемдеу. Кәсіби мәтіндер–мазмұндық, тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленіп, пәрменді лексика нормасына құрылған, мамандыққа қажетті ақпаратқа толы, кәсіби терминдері мол, студенттердің білім деңгейіне сай болуы шарт. 
Кәсіби қазақ тілі сабағын студенттің мамандықтарына қатыстыра, тығыз байланыстыра оқыту студенттердің өз мамандығы жайлы мағлұматын кеңейтіп, кәсіптік ынтасын арттырады, әрі пәнге қызығушылығын күшейтеді.
Болашақ маман алған білімін өзінің кәсіби қызметінде пайдаланатын дәрежеде болуы тиіс. Сонымен қатар мамандықтарына қатысты ой-пікірлерін анық, нақты түрде ауызша және жазбаша жеткізу дағдысы қалыптасады. Тілді мамандыққа сай оқытуда тіл үйренушінің кәсіби тілді меңгеруіне мүмкіндік туады.
Кәсіби қазақ тілі сабақтарында терминдерді оқытудағы басты мақсат - болашақ маман қазақ тілімен қатар мамандыққа, кәсіпке байланысты атау  сөздерді үйреніп, сөздік қорын байытады, терминдердің түсініктемесіне мән береді және оны келешекте қызмет барысында қолдану-олардың өз саласын жетік меңгерген маман болуына септігін тигізеді. Терминдермен жұмыс барысында сөздердің мағынасын меңгерілмейінше, еш нәтиже бермейді.
Өзінің таңдаған мамандығының нағыз шебері болу үшін оқытушы термин жасаудың жолдарын үйретіп, студенттің қызығушылығын арттыруы қажет.Мамандыққа қатысты сөздік қорды байыту дегеніміз – мамандыққа қатысты лексикалық единицалар мен терминдердің толық түсінігін қалыптастыру. Терминдерді аударғанда сыртқы пішін ұқсастығы, қызмет бірлігі, мағыналық жақындығы болуы шарт.
Мамандыққа, кәсіпке қатысты тіл үйрету бір жағынан осы тілді оқытудың мотивациялық аспектілерін кеңейтуді көздесе, екінші жағынан, олардың жалпы тіл туралы дүниетанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндағы басты міндет-тілдің өзі қалаған мамандықпен тікелей қатысын, осы саладағы жұмсалу ерекшеліктерін, терминдерді, кәсіби сөздік қорын игерту. Сондай-ақ бұл сабақтарда талапқа сай білім алушының өзіндік ізденісінің салмағын арттыруға мән беріледі. Бұл бағытта білім алушылар әр сабақ сайын өз мамандықтарына қатысты мәтіндерді оқып, кәсіби сөздер, сөз тіркестері, терминдермен танысып, оларды есте сақтауға, сауатты жазуға, сөйлеу тілінде дұрыс қолдана білуге үйренді.
Бүгінгі білім алушы – ертеңгі білікті маман. Кәсіптік оқу орындарында білім алушылардың термин меңгерудегі білімі жүйелі берілсе, келешекте оны тәжірибе жүзінде пайдалануда ақсамайтыны мәлім. Сондықтан колледж түлегіне және оның бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз етуге міндетті оқытушыға қойылатын талаптар жоғары болмақ.Біздің колледжіміздің тіл мамандары өзінің алдына қойылған маңызды тапсырмаларды орындау мақсатында еңбек етуін жалғастыра бермек.