«Балаба?шада бала тілін ?алыптастыру »


Тақырыбы : «Балабақшада бала тілін қалыптастыру »
Бала тілін дамыту жұмысының негізгі мазмұны – сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгертуге көңіл бөліп, ойлау қабілеттерін дамыту, өз ойын еркін жеткізуін, қоршаған орта мен айналасындағы адамдармен еркін қарым - қатынасқа түсу, сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру.Тіл мәдениетін игеру – баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін кезең. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.Балабақшада тілдік қатынастың ең маңызды түрі ауызша сөйлеп үйрену жатады. Ол болса сөздерді байланыстырып айту арқасында жүзеге асады. Сөздің байланысты айтылуы баланың тілдік және ақыл - ой дамуымен біртұтас жүреді.Жас жеткіншектерді баулып, тәрбиелеуде көркем әдебиеттің ролі ұшан - теңіз. Ол жаңа өскін балауса буынының сана - сезімін оятып, ақыл - есін дамытатын, адамгершілік моральға тәрбиелейтін өмір оқулығы.Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді өздерінің бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу педагогтардың алдындағы міндеті. Ертегі, әңгімені, өлең – тақпақтар мен жаңылтпаштарды, сондай - ақ мақал - мәтелдер мен жұмбақтарды мәнерлеп оқып беру мен әсерлеп айту – тек қана олардың сөздік құрамын байытып қана қоймайды, сонымен қатар, сәбидің ақыл - ойының жетілуіне әсерін тигізеді. Баланың әдепті, көргенді болып өсуіне ықпалы өлшеусіз, баланың Отанын, өз ұлтын, өз жерін сүюі, оны қадірлей білуі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің әсері деп білеміз. Өйткені, бала кітаптағы жағымды кейіпкерлерге еліктеп, ер атанғысы келіп, еркелікке, еңбекке құлшынып өседі.Ежелгі қазақ әдебиеті өкілдерінің балаларға қалдырған әдеби мұрасы, Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың өлең - әңгімелері осы күнге дейін тәрбиелеу мен оқытуда, ғылым жолын танытып, өнер - білімге баулуда қастерлі қасиетін еш жойған жоқ. Жамбылдың, Сәкеннің, Жансүгіровтың, Майлиннің, Мұқановтың сондай – ақ көптеген жас жазушылардың балалар сүйсінерлік қызығып тыңдарлық жақсы шығармалары бар. Мұның бәрі, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде баға жеткісіз қазына. Әрбір тәрбиеші соларды іздестіре отырып, термелеп жинап жүрсе, өз жұмысына өте демеуші дәнекер таппақ.Жас кезінде әңгіме, жырларды көп тыңдаған бала өз көрген - білгенін қиыстырып, тұжырымдап достарына, тәрбиешілеріне, ата - аналарына айтып бере алса, тіл шеберліктері артады. Мұндай жақсы қасиеттер баланың парасатты, инабатты, әдепті, еңбексүйгіш, көргенді болып өсуіне әсер етеді.Мектепке дейінгі шақта бала тілі икемді келеді, сондықтан - да балалармен жүргізілетін жаттығу түрлері әр алуан. Балалардың жас ерекшелігіне қарай топтарды үлкейген сайын тіл дыбыстарын айтып, үйренуге арналған жұмыс түрлері біртіндеп күрделене береді. Балабақшада жүргізілетін тәрбие, білім беру үрдісінде дыбысқа байланысты жаттығу түрлері кешенді түрде іске асырылады.Дыбыстардың ерекшеліктерін жете меңгеріп, дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру басқа да тілдерін дамыту сауат ашу оқу іс - әрекеттерінде ғана емес, ән, дене шынықтыру оқу іс - әрекеттерінде де, бос кезеңдерде де балаға өлеңдер, тақпақтар үйретіледі.Балабақшада балалардың жас ерекшелігіне лайықты көркем әдебиет шығармаларын, оқыған шығарма мазмұнын әңгімелеп айтқызу, суретке қарап әңгімелеу, ертегілер оқып беру, мақал - мәтел, жаңылтпаш, тақпақтар үйрету сияқты жұмыстары арқылы бала тілін дамытуға болады.Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы жүйелі жүргізуді талап етеді. Қазіргі уақытта баланы халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу ана тілі арқылы өз дәрежесінде жүзеге асатыны белгілі. Баланы ана тілінде анық, жүйелі, өзгелерге түсінікті, мәнерлі үн ырғағымен келістіре сөйлеуге, сөздің дыбыстық құрамын дұрыс жеткізуге мектепке дейінгі кезеңде үйрету керек.Тәрбиеші әр баланың тілін зерттеп, ерекшелігін жете меңгергеннен кейін, тәрбие білім беру үрдісіне күн тәртібінің қолайлы сәттерінде дыбыстарды дұрыс дыбыстауға орай жаттығу жұмыстарын жоспарлы түрде ұйымдастырып жүргізеді.