?лтты? ойындарды? бала т?рбиесіндегі орны


Ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны.
 
     Ойын-өсіп келе жатқан бала ағзасы үшін өте қажет. Ойында баланың  дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып, жетіле түседі. Ойында балалардың ұйымдастырушылық дағдылары қалыптасып шыңдалады, ұстамдылығы іскерлігі дамиды.
   Ойын-балалар үшін күрделі әрекет. Дене тәрбиесі немесе спорт сабақтарында балаларға ойынның бағытын бере отырып, оның әділ және дұрыс өтуін қадағалаған жөн. Өйткені, мұның балаларға салауатты өмір салтын қалыптастыруда тәрбиелік маңызы зор. Жан-жақты дамыған  денсаулығы мықты дара тұлғаларды тәрбиелеу ежелден-ақ халық дәстүрі.
   Халқымыздың ұлттық ойындарының көпшілігі «ойлауды қажет ететін ойындарға»жатады. Балабақшада өткізілетін қимылдық ойын түрлері баланы ептілікке, зейінділікке, ұқыптылыққа баулиды. Балаларға арналған ұлттық ойын түрлері, мысалы: «Айгөлек», «Қанталапай», «Арқаласпақ», «Тақия тастамақ», «Түйілген орамал», «Арқан тартыс», «Аударыспақ», «Асық ойын», «Хан», «Бес тас», «Тартыс» т.с.с. ойындар- балалардың дене бітімінің ғана емес, ақыл-ойының жаттықтырушысы.
    Дене қимылының төмендеуі балаларға өте қауіпті. Ондай жағдайда бала бойында иммунитеті едәуір төмендейді. Баланың дене белсенділігінің төмендеуі сымбатының бұзылуына, омыртқаның қисаюына әкеп соқтырады. \
   Балалардың сәби шағынан бастап, дене бітімінің дұрыс жетілуіне мән беріп, дәстүрлі жаттығулар мен қимыл ойын түрлерін қолдана білгені дұрыс.                          
Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз.
 
                                    Ұлттық ойындар.
 
Көкпар
- Шығыс пен Орта Азия халықтарына ежелден-ақ таныс ойын.
«Зұлымдық атаулының аты өшсін» деген сеніммен қара ешкі сойылып додаға салынады. Ойынның тәртібі мынандай: көкпаршылар алаңды айнала тұрады да, қолында көкпары бар төреші алаң ортасына серкешті тастап, «баста» деген әмір берсе, даяр тұрған жігіттер лап қойып, ептісі іліп алады. Оны белгілеген межеге, не сыйлы бір үйге апарады. Ол үйде де қарымтада қарап қалмай, жігіттерді риза етуге тырысады.
 
Аударыспақ
Салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнайтын жігіттер қатысады.
 
Қыз қуу
Көнеден келе жатқан ойын. Заманның өзгеруіне қарай жаңғырып, екі-екіден жұп жасақталатын болған. Негізінде ұлттық киім киген қыз ортаға шығып, топ болып тұрған жігіттердің ішінен өзіне ұнаған жігіттің мінген атының сауырынан түртеді де, шаба жөнеледі. Жігіт атын тебініп, қыз соңынан қуады. Ойын шарты бойынша жігіт қызды қуып жетсе, құшақтап бетінен сүйеді. Егер межелі жерге дейін жігіт қуып жете алмаса, қыз қолындағы қамшымен жігітті бас демей, көз демей төпеп, орнына қуып әкеледі.
 
Алтыбақан
Алтыбақан құру үшін әрқайсысының ұзындығы 3-4 метрдей алты сырық пен мықты арқан керек. Мосыңа ұқсатып үш-үштен ағашты бір жақ басына байлап, жерге қадайды. Ойнаушылар аяғын тірейтіндей етіп түйіп, арқан байланады. Бір-біріне қарама-қарсы отырып тербелген жұптар ән бастайды, Қалғандары екеуіне қосылып, түнді әуенмен көңкереді.
 
Ақсүйек
Ақсүйек ойнаушылар екі топқа бөлініп, әрқайсысы  өз жетекшілер белгілейді. Жеребе бойынша  ойынды бастау кезегі кімге тисе, сол топтың қарулы жігіті сүйекті құлаштап алысқа лақтырады. Бұл сәтте қалған ойыншылар теріс айналып тұрады. Содан соң ойыншылар ақсүйекті іздеуге жүгіреді. Сүйекті алғаш тапқан адам «ақсүйек, ақсүйек» деп айқай салады да, межеге қарай жүгіреді. Ақсүйегі бар адамның соңынан басқалары тұра қуады, ол қуып келе жатқан адамның қолы сүйекке тигенше өз тобындағы ойыншыларға лақтырып үлгеруі керек. Мәреге жеткен топ қажетті ұпайды алады, не ақсүйекті лақтыру кезегіне ие болады. Қанша ұпай жинағанша ойнайтындары алдын ала келісіледі. Көп ұпай жинаған жеңіске жетіп, жеңілген жақ екінші топтың талабын орындайды.
 
 
Теке тіресБалалар екі топқа бөлінеді. Әр топтағы ойыншылардың саны бірдей болуға тиісті. Ойын алаңында ара қашықтығы 50 сантиметрден үш қатар сызықтар тартылады. Екі топ та дәл ортадағы сызықтың екі жағына, қарама-қарсы қатар түзеп тұрады. Ойын басталды дегенде, қарама-қарсы тұрған балалар бірін-бірі иықтарымен итеріп, қарсыласын шегіндіріп жіберуге бар күштерін салады. Сонда, қай топтың ойыншылары қарсыластарын артындағы сызықтан асыра итеріп жіберсе, сол топ жеңген болып есептеледі.
 
Атқаума
Балалар үш-үштен бөлініп ойнайды. Екі бала қолдарын айқастырып «атқаума» жасайды. Ол былай жасалынады. «Атқаумаға» қатынасатын балалар сол қолымен өзінің оң білегін қысып ұстайды да, сонан соң бос тұрған оң қолдарымен  бір-бірлерінің сол білектерін ұстап, үшінші бала атқа мінгендей еркін отыратындай орын дайындайды. Көзі орамалмен таңулы үшінші бала, айқасқан қолдарының үстіне келіп отырады. Сонан соң қолдасып тұрған екі бала:
-Атқаума, атқаума,- деп белгі қойылған көмбеге жеткенше жүре береді. Осы кезде, ойынға жай араласып жүрген балалардың бірі:
-Ақ сандық па, жоқ әлде, көк сандық па?-деп сұрайды. Оған көзі таңулы бала:
-Көк сандық, көк сандық,- деп жауап береді.
-Аспанда не бар?
-Жұлдыз бар.
-Жерде не бар?
Құндыз бар.
Қаумалап көтеріп келе жатқан балалар:
-Бақа, бақа, балпақ.
Басың неге жалпақ?
Бұтын неге талтақ,
Көзің неге тостақ?
Бұған көзі таңулы бала былай жауап береді.
-Темір телпек көп киіп,
Басым содан жалпақ.
Теуіп жауды қашырдым,
Бұтым содан талтақ.
Қарауылда көп тұрдым,
Көзім содан тостақ!
Қаумалай көтеріп тұрған екі бала:
-Мына жерде шөл бар,
Мына жерде ел бар,
Мына жерде көл бар,-
Деп қолдарын ағытып жібереді. Отырған бала құлап жығылса, айып тартады. Құламай тік тұрып қалса екі бала оны қайтадан көтеріп жүреді. Ойын осылайша жалғаса береді.
АлшыАсық ойындарында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың  асығы болып табылады. «Алшы» ойыны сақаның салмақты да алшы тұрғыштығына байланысты. Бұл ұту үшін өте қажет. «Алшы» ойынын ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында, ойын жүргізуші, барлығының сақаларын жинап алып, әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол бірінші, тәйке түссе екінші, бүк түссе үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде мақасы алшы түсіп, асық кез- келген жағында жатса да асықты алады, тағы да атады. Ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекті тұрған ойыншы көмбеде тұрып,  оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді.Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді.