БІЛІМ МАЗМ?НЫН ЖА?АРТУ ЖА?ДАЙЫНДА ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННЫ? ПЕДАГОГИКАЛЫ? ИДЕЯЛАРЫНЫ? САБА?ТАСТЫ?Ы.


БІЛІМ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ ЖАҒДАЙЫНДА
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННЫҢ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ.
Б.К.Алькенова
Өрлеу» АҚ БАҰО филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ»
ЖҒ(Г) ПОӘ және ИТ кафедрасының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің аға оқытушысы,
Көкшетау қаласы.
botagoz63.63@mail.ruПікір беруші - А.Қ. Құрманова., п.ғ. магистрі, академиялық доцент, Ш.Уәлиханов ат. Көкшетау Мемлекеттік университеті.

Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған, қазақ зиялылырының арасынан шыққан тұңғыш халық ағартушысы, қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күрескен, аса талантты педагог, дарынды жазушы, ақын, көрнекті қоғам қайраткері. ХІХ ғасырдың екінші жартысында аса көрнекті ағартушы-демократ - Ыбырай Алтынсарин Қазақстандағы қоғамдық ой-пікірдің өркендеу тарихында орасан зор орын алды. Ол жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ даласындағы аумалы- төкпелі заманда ұрпақ болашағын ойлап, балалар мен жас жеткіншектердің тағдырына терең үңілген ағартушы–ұстаз. Ыбырай Алтынсарин қазақ қоғамының мәдениет пен экономика жағынан мешеу кезінде өмір сүріп, халқымыздың демократиялық мәдениеті мен өнерінің бір сыпыра саласында жаңадан өсіп-өркендеуіне айқын жол ашып, негізін қалады. Ы.Алтынсарин Қазақстандағы әлеуметтік-педагогикалық мәселелерді шешудің басты жолдары мен негізгі ұстанымдарын ұсынды. Іргесі қаланбақшы алғашқы мектеп құрылысын, тұңғыш берілетін білімнің бағыт-бағдарын айқындады, қалың бұқараға оның мазмұны мен маңызын түсіндірді, бастауыш мектепке оқу-құралдарын әзірледі. Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің ағартушылық, педагогтік, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен зор талантын, жан-жақты терең білімі мен қайрат-жігерін елдің жас ұрпағына білім нәрін сусындатқан, оларды тәрбиелеуге, қазақ жерінде үлесін қосатын ұрпақ тәрбиеледі. Ыбырай Алтынсарин жаңа үлгідегі мектептер ашып, оқушыларды өз кезінің озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған. Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Өшпес ізі туған халқының мақтан тұтатын ардақтысына айналды. Ыбырай Алтынсарин өзі ашқан мектептерде ана тілінің таза оқытылуына көңіл бөліп, алғашқы тілашар ретінде халықтың ауыз әдебиетін пайдаланып, өзі де ұрпақ тәрбиесіне арналған әдеби шығармалар жазды. Сол әдеби шығармалары арқылы қазақтың жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі болды. Әдебиетке тың тақырыптар әкеліп, озық ойлар енгізді. Оның мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, әсерлі әңгімелері, мысалдары қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын алады. Осы тұрғыдан, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы Ы. Алтынсариннің тіл тазалығы үшін күрескерлігі, педагогикалық ілімнің тұңғыш кемеңгері деп білеміз. Көрнекті әдебиетші ғалым Қ.Жұмалиев өзінің «ХҮІІІ- ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» деген ғылыми – зерттеу еңбегінде педагог- жазушыға: ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Европа мәдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын- жазушы Ыбырай Алтынсаринның өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор,»- деп баға береді.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Омарханұлы Әуезов Ыбырай Алтынсарин туралы былай жазды: «Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогрессшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді... Ыбырай да сол бір бағытта болумен қатар, өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай Шоқан мен Абайдыңда ісін өз өмірінде еңбегіне түйістіріп, қоса білді. Сөйтіп, ол Шоқан мен Абайдың істеген тың тарихтың ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер өнерлі түрде қабыстырушы». Кезінде қазақ халқының болашақ тағдырын орыс мәдениетімен бірлікте алып қараған Шоқан, Абай және Ыбырай секілді ұлы ағартушы-демократтар тарихымызда өшпестей ізін қалдырды.
Қазіргі таңда Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғырту кезеңінде тұрмыз. Әрбір адамның сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білімге қолжетімділігін, колледжде, университетте жаңа кәсіби білім алуын, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді. Яғни Ыбырай Алтынсаринның ұлы, сара жолын әліде жалғастырып келеміз. Білім беру саласындағы реформалар, әлбетте жаңалықтар, оны тәжірибеге енгізу, оның нәтижесін, қорытындысын шығару үшін жылдар керек болады. Биылғы жылы 12 жылдық білім беруге көшу кезеңі басталды. Ыбырай атамыздың салып кеткен жаңа мектебінде жаңаша оқыту түрі енгізілді. Ондағы әр бала жеке тұлға ретінде қабылданады. Яғни бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң мотивациясы мен іскерлігін: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кеңінен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған. Ал негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады. Сол сияқты жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді. «Шеберліктің белгісі- әртүрлі әдісті біліп, сабақта орынды қолдана білу» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, заман талабына сай қазіргі мектеп мұғалімдері оқыту әдістерін жаңа бағытта құрып, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздейді.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландыруының негізіне айналуы тиіс. Бұл мәселе мектептерге байланысты айтылып тұрғандығы белгілі. Еліміздің болашағы орта мектептен толық қанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген баладан, яғни оқушыдан шығары анық, өйткені, ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі мектеп оқушысы.
Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімнің алдына қазіргі таңда қойылатын талап өте үлкен болып отыр. Мұғалім өзінің инновациялық іс-әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, өз практикасында қолданған әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алады.
Жаңа педагогикалық техналогиялар оқушының білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Оны «жаңалық», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «жаңашылдық» деп атауға болады. Инновацияны қолдану арқылы мұғалім өз-іс тәжірибесін байытып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алады.
Қазіргі бағдарламаның басым бөлігі сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтиды. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту, олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді.
Қазіргі мектептерге кіргізілген жаңаша технологияның бірі- тұлғаның ойын дамыту, ендеше оқу мен жазуды сыни тұрғыдан ойлау технологиясы бүгінгі білім беру саласында кеңінен етек жайды. Сыни тұрғыдан  ойлау бағдарламаның өн бойында екі мағынада қарастырылады: оқушылардың және мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Сыни тұрғыдан ойлау-бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау, көбінесе, қарсы пікір айтуға баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.
Жаңаша оқыту бұл- мағынаны іздеу, өзінің көзқарасымен ғана шектелмей, басқалардың да пікірін ескеріп, қандай да обьективті ойлау және қисыны бар өзіндік қате сенімінен бас тарта білу. Тұлға жаңа идеяларды ұсынуға және жаңа мүмкіндіктерді көруге қабілетті. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.
Жаңа инновациялық технологияларды қолдану, яғни ойлауға үйрету, оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған. Оқушы бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім-осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Қазіргі өзекті прблемалардың бірі- мектеп оқушысы әдеби кітап оқымайды, тек бар ақпаратты интернеттен іздеп, тауып алып, оқып, көшіріп алып, дайын материалмен жұмыс жүргізіп, қысқа оймен шектеліп жүр. Бүгінгі оқушылардың сөздік қоры тайыз. Себебі оқу материалынан басқа әдеби, тарихи кітап оқуға деген ынта жоқ. Ыбырай атамыздың барлық білімдік, тәрбиелік мәні бар әңгімелері, өлеңдері оқулыққа енгізілген, қазіргі ата-аналар мен мұғалімдер соған шүкіршілік етеді. Осындай жағдайда жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден бір шарты- мұғалімнің ізденімпаз болуы. Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан сабақты жаңаша құрып, инновациялық түрлі тәсілдерді, педагогикалық білімдерді жетілдіре отырып, оны дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу-әрбір ұстаздың міндеті болуы керек. Қазіргі сабақтар оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, жұптық және ұжымдық бірлесіп жұмыс жасауға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Ең бастысы оқушы білімінің тереңдігі мен тиянақтылығын арттырады.
Білім берудің әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ, бұлар бір-бірімен өзара өте тығыз байланысты болып келеді. Қазіргі балаларды оқытуда ойлауды үйрету үшін алдымен уақыт керек, оқушыларға ойланып толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру, әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау, үйрену барысындағы оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдану, бір-бірінің  жауабына жасаған жұмыстарының дәлелді, дәйекті болуын талап ету. Сол сияқты тіл тазалығын сақтау, тіл дамыту жұмыстарын сабақта жүргізу тіл пәні мұғалімдерінің ғана проблемасы болмауы керек, барлық пән мұғалімдері талап етуі тиіс. Тұлғаның ойын тіл арқылы жеткізуі, сауаттылық проблемасын да жүзеге асыру бүгінгі күні мұғалімнің білімділігіне де байланысты.
Жаңаша оқытудың тиімді жақтары, ол оқушылардың өздігінен жан-жақты білім алуға жағдай жасалады, сабақ кезінде уақытты ұтымды пайдалану мүмкіншілігі молаяды, оқушылар өзара пікір алмасуына мүмкіндік туғызылады, мұғалім мен оқушылар арасында ізгілікті қарым-қатынастар орнайды, сонымен қатар оқушылардың  шығармашылық қабілеттерін, түсіну сезімдерін арттыру, сауатты жазу, мәнерлеп оқу, мағыналы сөйлеу, өлең шығару, эссе жазу, тағы да басқа көптеген қасиеттерін дамытып қалыптастыруға болады.
Білім беру саласында мұғалімнің алдына қойған қазіргі мақсаты- Ыбырай Алтынсарин атамыздың салып кеткен сара жолымен, оқушыларға  ұлттық педагогикалық тәрбие және білім берумен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру. Сол себепті сабақты идеялық жағынан ғылыми негізде, өмірмен байланысты ұйымдастыру, білім құмарлығын таныту, әр сабақта оқушыларды ойлануға өздігінен ізденіс жасауға баулып, ойын ауызша, жазбаша  жинақтап баяндай білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету арқылы ұлттық әдет-ғұрыпты бойына сіңіруге дағдыландыру-әрбір ұстаздың абыройлы борышы деп санаймын. «Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім» деп Стронг айтқандай, ұстаздық білімділікпен қоса ізденпаздықты, дарындылық, ұйымдастырушылық, тағы да көптеген құндылықтарды талап ететін маман иесі. Шығармашылық қабілет баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз-оқушының бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерді ашып көрсету. Ол үшін мұғалім ғылымда болып жатқан жаңалықтармен үнемі танысып,өз біліктілігін үнемі арттырып, толықтырып отыруы керек.
Қолданылған әдебиет
Аймауытов Ж. Тәрбиеге жетекші. «Қазақстан мектебі», 1989ж.
Бержанов К., Сейталиев К. Ауыз әдебиетіндегі адамгершілік, тәрбие мәселелері. «Қазақстан мектебі»,1970ж.
Бастауыш мектеп. №7, 2001ж.
БодановЖ., Болеев К. Қазақтың халық педагогикасы. Жамбыл,1992 ж.
Жарықбаев Қ. Ұстаздық еткен жалықпас. Алматы, «Мектеп» 1987ж.
Игнатьев Е.И. Психология в беседах с учителеями.-Санкт Петербург,2001ж.
Қоянбаев Б.Ж. Педагогика.- Оқу құралы.-Алматы, «Рауан»,1992 ж.
Қазақстан мектебі №4, 1995ж
Мұқанов М.М. Жас және педагогикалық психология.-Алматы,1981ж.
Макаренко А.С. Педагогикалық шығармалары. Т.5.-Москва, 1958ж.
Мұғалімге арналған нұсқаулық.- 3 деңгей, 2012 ж.
Оқыту –тәрбиелеу техналогиясы журналы. 2011ж.
Салтақова Л.Қ. Бастауыш сыныптың оқу-тәрбие жұмысында халықтық педагогиканы оқыту әдістері. 2015ж.

Аңдатпа. Бұл мақалада Ыбырай Алтынсаринның педагогикалық идеясы мен қазіргі білім берудегі сабақтастық туралы айтылады. Ол жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл аударды, сол жолды әлі күнге дейін біз жалғастырып келеміз. Қазақ даласындағы аумалы-төкпелі заманда ұрпақ болашағын ойлаған ғалым туралы терең ойлар айтылған. Қазіргі білім беру саласына үлкен өзгерістер енгізіліп жатқандығы туралы баяндалған.
Аннотация. В этой статье изложены педагогические идеи Ибрая Алтынсарина, который придавал огромное значение воспитанию и образованию молодежи. Его прогрессивные взгляды имеют преемственность с современным образованием и внедряются в педагогический процесс и сегодня. Нас поражает глубина мыслей просветителя. Он предвидел те изменения, которые сегодня находят воплощение в обновлении содержания образования.
Түйінді сөздер: прогрессшіл, халық ағартушысы, реформалар, оқу мен жазуды сыни тұрғыдан ойлау технологиясы, обьективті ойлау, инновациялық іс-әрекет.
Ключевые слова: прогрессивный, народный просветитель, реформы, технология критического мышления через чтение и письмо, объективное мышление, инновационная деятельность.