Презентация дене т?рбиесінен Асы? ойыны


Ұлттық ойындар Қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, ойындары көбінесе төрт түлік малмен байланысты болды. Олар ойынға мал сүйегін,қой құмалағын пайдаланды. Соның бірі-асық. Ұсақ мал асығымен әртүрлі ұлттық ойындар ойнаған. Мысалы мынадай ұлттық ойын түрлері бар: “Омпы“, “Асық“, “Ханталапай“. Малдың сүйегі - асық Асықтың атаулары:Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы.Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі.Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.Шоңқай – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі. Шеңберден шығару. Ойын шарты бойынша диаметрі 1,5-2 метрлік, кейде одан да үлкен шеңбер сызылады. Қатысушы балалар шеңбердің дәл ортасына (5-6 бала болса, бір-бірден, 2-3 бала болса, екі асықтан) бір-бірден асық тізеді. Тағы да сақаларын бір қолға жинап, шиыра шашады. Шарт бірінші ойындағыдай. Ату кезегі сақаларының алшы/тәйкі тұруына қарай анықталады. Сосын шеңберден ортасында тізілген асықтан есептеп, екі жаққа қарай адыммен 4-5 қадам жасап, белгі сызады да, сол сызықтан тұрып кезегімен шеңбердің ортасында тізілген асықтарды атады. Ханталапай Бұл ойынға 4 – 5 бала қатысады. Ойынға он асық алынады. Он бірінші асық “хан“ болады. Бірінші ойыншы қос уыстай ұстаған барлық асықты ортаға үйіруі керек. Басқа ойыншылар “ханға“ қарап тұрады. “Хан“ алшы түскенде, балалар ортадағы асықтарға ханталапай жасайды. “Хан“ кімнің қолында кетсе, асықтарды сол үйіреді. “Ханмен“ бірге қолына алған асықтардың санына байланысты ұпай саналады. “Хан алшы түспесе, үйірген ойыншы шашылған асықтардың бүгі мен бүгін, шігі мен шігін, алшысы мен алшысын, тәйкесі мен тәйкесін бір-біріне соғады, соғылған асықтардың біреуін алып, ұпай жинайды. Бір-біріне тимей, басқа асыққы соғылса немесе басқа асықты қозғап кетсе, онда кезек басқа ойыншыға беріледі. Осылай ойыншылар алған асығының санына қарай ұпай жинайды. Халқымызда «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады немесе басымдыққа ие болады. Яғни, асықтың алшы тұруы оның иесіне (балаға) сәттілік жолдас болып тұрғанын білдіреді. Сондықтан, аталарымыз белгілі бір оқиғаға, болмаса жағдайға байланысты мерейлі болғанын қалайтын адамына осындай тілек айтқан. Бұл сөз қандай да бір даулы мәселеде, айтыс-тартыста, бәс тігілген сәттерде мерейі үстем шыққан немесе бастаған ісі игі жалғасын тапқан азаматтарға  қарата: «асығы алшысынан түсті»  деп те қолданылады. «Қой асығы демегін, қолыңа жақса, құлжа (сақа) ғой». Бұл нақыл да қазақтың болашағынан үмітті балаға қаратып айтылатын сөзі. Бала деп жасытпай, сеніммен қарасаң, тәжірибеңмен бөлісіп, тәліміңді берсең, ол да ертең елдің жүгін арқалар азаматың  деген мағынадағы үмітті меңзейді.