Латын ?рпіне к?шу – заман талабы.


Латын әрпіне көшу – заман талабы.
Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келеді. «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік»- деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін бәріміз де санамызбен түсініп , оның шынында да , қазіргі қоғамға тигізер ықпалы туралы ойлануымыз қажет.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы бірталай пікірталастар туындай бастады.
Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшу әлі де екі жақты тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып табылады. Халықаралық деңгейде ойлайтын ойшылдарымыз бен ұлттың нағыз жанашырлары латынға көшуді дәріптесе, кейбір зиялылар қауымы тарихтың бұл үрдісіне әліге дейін қарсы болып келеді.
Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, заман талабы болып отыр. Сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз керек.
«Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді. Осы орайда, XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз,» - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз қазақ тілінің мәртебесін, қазақ тілінің тазалығын ойлауымыз қажет! Негізі қазақтың тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты тіліміз өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда біз латын әліпбиіне көшуіміз керек. Біріншіден, бұл қазақтың тіліне ең жақын әліпби. Екіншіден, біз шетелдегі отандастарымызды ұмытпауымыз керек. Олардың елден хабар алуы да біраз жеңілдей түседі , өйткені көп елдерде осы латын әрпі пайдаланады.Үшіншіден, латын әліпбиін меңгерген жастарымыз келешекте ағылшын тілін үйренуге бейім болады, сол арқылы әлемдік ақпаратпен сусындай алады. Мәселен, көрші Өзбекстан елі асығыстау болса да, латын алфавитіне көшті. Түрік мемлекеті, Әзірбайжан латын әліпбиін пайдаланады. Артықшылығы болмаса, ешқандай қиындық көріп отырған жоқ.
Сонымен бұл мәселе бойынша біздер де, Елбасының айтқан сөзін қолдап, латын алфавитіне көшудің жолдарын қарастыруымыз керек. Сондықтан бізге ХХІ ғасырдың күллі тынысын бойына сіңірген, жаһандану талабын ескеретін, жиырма жылдан астам тәуелсіз тарихы бар жаңа тұрпатты Қазақстанның бүгіні мен болашағын толық бейнелей алатын әліпби қажет.
Рахимова Эльмира Ерсәлімқызы ,
Қостанай қаласы №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Ерденова Назгүл Бабашқызы,
Қостанай қаласы №1 орта мектебінің оқу жөнінде директордың орынбасары.