Методическая статья ?згеріс не ?шін ?ажет?


Өзгеріс не үшін керек?
Халық пен халықты , адам мен адамды теңестіретін нәрсе -білім.
М. Әуезов.
Дүние жүзінде білім берудің әр түрлі жүйесі мен түрлері белгілі. Мысалы; еуропалық, америкалық, жапондық, кеңестік (ресейлік) және т. б. Бұл мемлекеттерде білім берудің тиімді жолдары қалыптастырылып , оның ел экономикасының дамуына оң әсер ететін ғылыми-тәжірибелік жүйесі бар. Қазіргі кезде дүние жүзінде барлық салаларда интеграциялық үдеріс кеңінен дамып келе жатқанын білеміз.Әлем елдері білім беру жүйесі жөнінен қанша озық деңгейде болғанмен жүйені жетілдіру мақсатында үнемі реформалар жүргізіп отырады.Солардың ішінен Азия елдерінен дамыған үш мемлекеттің білім саласындағы ерекшеліктерін саралап көрейік.
Күншығыс елі - Жапонияда білім беру саласындағы алғашқы маңызды реформа XIX ғасырдың 70-жылдары жүргізіле бастаған. "Қытай білімпаздығы және жапон рухы"(кансай-вакон) ұраны " Жапон рухы және батыс технологиясы"(вакон-есай) ұранына ауыстырылды. " Вакон-есай"- шетелдіктер жасаған білімді алу, бірақ оларға жапон рухы мен жапондық ойлау қалпының негіздерін әлсіретуге мүмкіндік бермеу" деген мағынаны білдіреді.Өзге елдердің озық жетістіктерін өз ұлтына енгізуде аса талғампаздықпен қарайтынын көруге болады.
1879 жылы жапон императоры Мэйдзи елдің тыныс- тіршілігін білу үшін елді аралағанда оқушылардың адамгершілік тәрбиесінің нашарлығынан қатты шошып ,көп ұзатпай "Білім берудің ұлы ұстанымдары " деген жарлық шығарады. Жарлықта " Адамдар алдымен өзінде руханилықты тәрбиелеп, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек, содан кейін өздерінің қабілетіне сәйкес әртүрлі пәндерді игеруіне болады"-делінген.[1].Бұдан шығатын қорытынды—жапондар өздерінің бүкіл тарихы бойында жас ұрпақты тәрбиелеуге аса зор көңіл бөлген.
Жапонияда бір сыныпта 40 бала , ал Оңтүстік Кореяда 50-60 баладан отырса да оларда тәртіп жөнінен мәселе туындамайды. Өйткені отбасылық тәрбиенің күштілігі, ата-ананың әсерімен мектепке деген және мұғалімге деген сыйластықты баланың кішкентай кезінен бойына сіңіріп өсуіне басты назар аударады. Осындай тәрбиені біздің де ата-аналарымыз ұстанатын болса, мектептегі білім беру үдерісі әлдеқайда жеңілдер еді.Біз бұл тұрғыдан өкінішке орай мақтанатындай жағдайда емеспіз . Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып, кеңестік идеологиялық қысымға ұшырап, сол кезеңнің зардаптарын тартудамыз.Сондықтан балаларымызды тәрбиелеуде , оқытуда халықтық тәрбиенің негізгі идеялары мен ұлттық құндылықтарын қалпына келтіріп,кеңінен пайдалануымыз керек.
Сингапурдағы білім беру жүйесіне келетін болсақ , ол Білім беру министрлігінің бақылауында. Мектептік білім- беру жүйесі үш сатыдан тұрады:
1.Алғашқы білім беру сатысы 6 жылға созылады. Оқушылар бұл сатыны аяқтағанда бірыңғай ұлттық тестілеуден өтеді, бұл тест оқушылардың бұдан кейін қай білім алу мектебіне баратындығын шешуіне мүмкіндік берсе, бізде ұлттық тестілеу мектеп бітірушілерден алынып болашақта қай жоғары оқу орнына қабылданатынын шешеді.
2.Орта білім беру сатысында оқушылар 4 жыл оқып орта білім -беру кезеңін өтеді, оны аяқтағаннан кейін - арнайы «орта білім беру тестін" тапсырады.
3.Екінді білім беру сатысы 2 жылдан тұрады, жоғарғы оқу орнына тапсырмастан бұрын тағы бір тестілеуден - "озат тестілеу" бағдарламасы экзамендерінен өтеді.Білім министрлігі мемлекеттік мектептерді басқару мен дамытумен қатар,жекеменшік мектептерге бақылау жасап оларға кеңес беріп отырады, себебі олардың өз ерекшеліктері болғанымен жалпы стандарттарға бағынады. 1960-1970-ші жылдары білім беру жүйесінде реформа жүргізіліп ,онда ағылшын тілін оқу барлық мектептерге міндеттелсе, барлық жоғарғы оқу орындарында білім тек ағылшын тілінде берілетін болды.Мемлекет жақсы оқитын студенттерін әлемнің үздік университеттерінде оқуына көптеген қаржы жұмсады. Қазір де білім беру саласына жұмсалатын қаржы ұлттық бюджетінің 20% құрайды. Соның арқасында сингапурлық білім беру жүйесі"әлемдік көшбасшы"ретінде танылып отыр.Сингапурда білім беру адамды үйлесімді тәрбиелеуді-адамгершілік, зияткерлік және дене бітімінің дұрыс қалыптасуына,сондай ақ әлеуметтік,эстетикалық дамуының жиынтығына көп көңіл бөледі.
Оқушылардың сабақтан басқа да толып жатқан спорттық үйірмелер,секциялар ,клубтардың көптігінен теледидар көруге уақыттары болмайды.Теледидардан балалардың тәрбиесіне кері әсер ететін зорлық-зомбылық, бұзақылық, қырып-жою туралы мультфилмдер мен киноларды,хабарларды эфирге жібермейді,оған бұл елде қатаң қадағаланатын цензура бар. Бізде де ондай сабақтан тыс жұмыстар жүргізілгенмен соған оқушылардың тартылуы өз дәрежесінде емес,ал теледидар мәселесінде елімізде бұл салада заңнамалық тұрғыда жетілдірулер өте қажет деп есептеймін.
Оңтүстік Корея өзінің білім беру жүйесін,экономикасын және мәдениетін дамытуда айрықша жолдан өтті. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл ел шығыстағы елдердің ішіндегі ең кедей мемлекеттердің бірі болатын. Ал қазір Оңтүстік Корея өндірісі ,білімі ,мәдениеті дамыған елдердің алдыңғы қатарынан саналады. Балаларды белгілі бір дәстүрде тәрбиелеу,өз бетімен өмір сүруге бейімдеу корейлер үшін ата-аналардың қасиетті борышы саналады. Олар үшін ата-анасына қамқорлық жасау –мемлекетке қатысты міндетке қарағанда маңызды борыш болып есептеледі.Оңтүстік Кореяда басқа дамыған мемлекеттердегідей электронды білім беру жөнінде арнайы ұлттық бағдарламалар жүзеге асырылуда.[1]
ҚР қазір білім беру үдерісінің басты мақсаттары- үздік білім беру ресурстары мен технологияларына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жалпы орта білім беретін мектептерде зияткерлік ,дене бітімі дұрыс қалыптасқан,рухани дамыған азаматтарын қалыптастыру,заман ағымынан қалыспайтын,алған білімін нәтижелі қолдана алатын ұрпақ тәрбиелеу.
"Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының халықаралық салыстырмалы зерттеулердегі нәтижелерін (оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық-PISA), 4-8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылығын бағалау(TIMSS),("Оқу және мәтінді түсіну сапасын")(PIRLS) көтеру және жаратылыстану- математика пәндері бойынша білім беру оқу бағдарламаларын жетік меңгерген оқушылардың үлесін арттыру мақсаты қойылды".[2]
Қазақстанда 1999 жылы " Білім заңы" қабылданып білім беру саласында түбегейлі өзгерістер енгізіле бастады. 2004 жылы мектеп бітірушілер үшін ҰБТ енгізіліп және 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі қолға алына бастады.
Қазақстан Республикасының әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі туралы мемлекетіміздің қабылдаған қаулысын жүзеге асыру мақсатында 2006-2008 жылдарға арналған бағдарлама жасалынды.Бұл бағдарламаның мақсаты мемлекетімізді жаңғырту үрдісін жылдамдату,ал ол өз кезегінде елімізді жоғары сапалық деңгейге алып шығуға тиіс.
Жоғары сапалық деңгей үш негізгі міндеттерді қамтиды :
Халықаралық озық қоғамдастыққа кіру
2.Қоғамның барлық салаларында бәсекелестікті ынталандыру,
3. Білім беру мен әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту.
Қазіргі кезеңде әлемдік бәсекелестік заманда әрбір адамның білім сапасын,қабілеттік деңгейін,іскерлік мүмкіндіктерін анықтайтын адам ресурсын дамыту маңызды мәселе болып отыр. Сондықтан адамның білімі мен біліктілігі бүгінгі таңда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің ең маңызды көрсеткішіне айналды .
Қазақстанда халықаралық деңгейде білім беру кеңістігін құру, озық елдердің ұлттық білім беру жүйесінің заман ағымына сай үлгілерін теориялық-әдістемелік тұрғыдан жақындастыру арқылы елімізде ұлттық білім беру жүйесін қайта қарау қажеттігі туындады. Жоғары білім жүйесін халықаралық деңгейде интеграциялау бағытындағы құнды шешім болып табылатын 1997 жылы қабылданған Лиссобон конвенциясы. Еліміз бұл құжатты негізге ала отырып , білім беру жүйесіне ұтымды түрде пайдалануға шешім қабылдады. 1998 жылы Батыс Еуропада -Германия, Италия, Франция, Ұлыбританияда білім берудің жүйелері мен құрылымдарын сәйкестендіру жөнінде Сорбон декларациясын қабылдаған болса, 1999 жылы Еуропаның басқа да 30-ға жуық елінің білім беру өкілдері Болон декларациясына қол қойды. Бұл декларация бойынша 2010 жылға дейін Еуропалық білім берудің бірыңғай жүйесіне көшу көзделген болатын. Білім беру нормаларын өзара мақұлдау жөніндегі Лиссабон конвенциясын, жоғары білім саласы мен құрылымындағы бірізділікке қатысты Болон декларациясын қолдап, белсенді араласуға талпыныс жасаған мемлекеттердің арасында Қазақстан алғашқылардың қатарында тұр.
Сонымен еуропа мемлекеттері қолдап, бүгінде Ресей де қосылып ,ықылас білдіріп отырған Болон декларациясының негізгі қағидалары қандай, кредиттік технология деген не?, оның қандай артықшылығы бар екенін қарастырсақ;
1. Азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында және халықаралық бәсекелестік жағдайында Европа білімінің беделін көтеру үшін біртұтас білім мен ғылым мәртебесін қабылдау;
2. Білімнің үш сатысын-бакалавр,магистратура, докторонтура деп бекіту.
3 .Оқу процесін ұйымдастыру мен білім үлгерімінің қорытындысын бағалау бойынша еуропалық кредиттік жүйені енгізу;
4. Еуропа елдері мен университеттері арасында профессорлар мен студенттердің алмасуын өрістету ;
5.Оқу үрдісін Еуропалық сапа деңгейіне көтеру;
6 .Жоғары оқу орындарында халықаралық аттестаттау мен акредиттеуді жандандыру .[3]
Болон үдерісіндегі жоғарыда көрсетілген талаптарға сай болу үшін еліміздегі білім беру сапасын көтеру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналуы қажет.Себебі дәл қазіргі жағдайымызда біздің білім деңгейімізді сол талаптарға жауап беретіндей күйде деп айта алмас едім. Мемлекетімізде үш ауысымдық және базалық деңгейі сын көтермейтін мектептер тұрғанда сонымен қатар құзыреттілігі төмен мұғалімдер барда бізден көп уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан ,бұл кезде жойылып бара жатқан ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздың негізінде өскелең ұрпағымызды тәрбиелеуді қолға алуымыз керек.
Педагог ғалымдардың зерттеулері бойынша,оқушылардың шығармашылық әрекетін қалыптастыруда мынадай ережелер жүзеге асырылуы ұсынылады; тұлғаның алға қойған мақсаттарға сай ізденімпаздықпен іс-әрекет етуі, шығармашылық тұрғыда ілгері дамуы, озық білім мен білікті меңгеруге талаптануы, тұлғаның өз-өзіне деген сенімділігінің артуы.
Ал осындай жоғары талапқа қазіргі біздің мектептеріміздің құзіреттілігі сай келе ме? Біздің мектептеріміз оқушыларға тек жаттанды, дайын білім берумен айналысып келеді, бұл болашақты жасайтын нағыз белсенді, іскер тұлғаларды қоғамға дайындап беруге дәрменсіз деген сөз. Ол үшін балаға дайын білімді берумен шектелмей,өз бетінше оқып білім алуға үйрететін нағыз жаңашыл,зерттеуші ,идеал мектептер жасауымыз керек.
Дәстүрлі оқыту жүйесіндегі кездесетін негізгі кемшіліктерге жататындар-оқушыдан жеке пікірдің талап етілмеуі, қиын тақырыптарды мұғалімдердің жеңілдетіп түсіндіріп беруі және нақты фактілерге жүгініп,білімді жинақтап қабылдауға мән берілмеуінде болып отыр. Бұндай кемшіліктерді жою мақсатында оқу үдерісіне тұлғаның дамуына бағытталған жаңа технологияларды енгізу қажет.Қазіргі қолданыстағы 50-ден астам оқыту технологияларының өздеріне тән ерекшеліктері болады: негізділігі-әрбір технологияның өзіне тән философиясы, тұжырымдамасы болуы керек, жүйелілігі (құрылымдық элементтерінің біртұтастығы), басқармалылығы (оқыту процесін бастанаяқ жоспарлап,нәтижесін сараптауға болатындығы), тиімділігі (қысқа уақытта аз шығынмен жоғары нәтижеге жеткізу) .
Мысалы: тірек сигналдары арқылы және тірек кестелер арқылы оқыту\В.Ф. Шаталов, С.Н. Лысенкова\,деңгейлеп-саралап оқыту\Ж.А.Қараев\,модульдік оқыту\В.М.Монахов,П.И.Третьяков,М.А.Чошанов,М.М. Жанпейісова\,дамыта оқыту/А.С.Выготский,Л:В.Занков,Д.Б.Эльконин,В.В.Давыдов\,оқушы әрекетін шоғырландыра қарқынды оқыту\Н.Н.Нурахметов,К.А.Абдыгалиев\, саралап оқытутехнологиясы\Н.Гузик,И.Первин,В.Фирсов,т.б.\,дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы\П.М.Эрдниев\,интегралды технология\В.В.Гузеев,В.В.Сериков,М.Ж.Жадрина,т.б.\, пәнішілік интеграция\В.И. Загвязинский\, жүйелілік тұрғыда оқыту технологиясы\Т.Т.Галиев\, компютерлік технология\В.К.Дьяченко\. Бұл аталған технологиялардың барлығының да өз ерекшеліктері, өздеріне тән мақсаттары бар.[4]
Бұл технологияларды жүзеге асыра отырып біз оқушының шығармашыл тұлғасын қалыптастыратын көптеген сапалық қасиеттерінің дамуына қол жеткізе аламыз.Мысалы:1.когнитивтік\танымдық\ сапа-қоршаған әлемді түсінуі, құбылыстардың мәнін білуге. ұмтылуы, танымдық ынтасының тұрақтылығы.
2. креативтілік\шығармашылық\ сапалары—ойлау белсенділігі, шығармашылық шабыт,қиял,болжай білу ,терең ойлауы,қарама қайшылықтарды көріп ,тани білуі және сезуі, қандай да бір мәселенің өзектілігін тани білу т.с.с.
3. әдіснамалық\ұйымдастырушылық\ сапалар—тапсырманың мән-мақсатын ажырата білу, іс-әрекет барысында оңтайлы ұйымдастыра білуі , нәтижеге жетудегі зор табандылығы,рефлексиялық саралаудағы ұшқыр ой-санасы,кез-келген ситуациялық жағдайға бейімделе алатын икемділігі.
Дүние жүзіндегі АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Канададағы кең қолданыстағы электронды оқыту мен 12-жылдық білім беру қазіргі кездегі Қазақстандағы білімді реформалаудағы жаңалықтарымыз болып табылады.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, е-learning  жүйесі білім беруді жаңғыртуға арналған негізгі құралдардың бірі болып табылады. 2012 жылдың 16 наурызында Астанада Қазақстан Республикасының білім және ғылым жүйесінде Қазақстандық электронды оқыту жүйесі үшін цифрлық білім беру контентін жабдықтаушылардың Халықаралық консорциумы құрылды. Бұл құрылымның мақсаты елімізде электронды оқытудың 2020 жылға дейін белгіленген Мемлекеттік білімді дамыту бағдарламасына және 5-ші Халықаралық білімді ақпараттандыру форумының резолюциясына сәйкес сапалы болуын қамтамасыз ету. Консорциумның міндеті электронды оқытудағы және цифрлық контент дайындаудағы озық шетелдік тәжірибелерді отандық білім беру жүйесіне ендіру. Бұл қадам пән бойынша оқыту әдістемесін түрлендіре түседі, оны ағылшындар, поляктар, румындар, ресейліктер қол жеткізген дәрежеге жақындатуға мүмкіндік береді.
Елімізде электронды оқыту жүйесін енгізу екі кезеңмен жүзеге аспақшы.  Оның бірі 2011-2015ж, ал екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Сәйкесінше, бастапқы кезең бойынша білім беру мекемелерінің   50℅ ,( осы бірінші кезеңде біздің де мектеп-лицейіміз алғашқылардың бірі болып«E – learninq» жүйесіне қосылды), екінші кезеңде 90 ℅ электронды түрге көшпек. 
  Орта білім берудегі негізгі міндеттердің бірі- 12 жылдық оқытуға көшу болып табылады. Өкінішке орай біздің қоғамда бұл жоба маңында көптеген пікірлер қайшылығы туындауда. Озық елдердің көпшілігінде 6+3+3 болса,бізде 4+6+2, бұнда I-ші бастауыш сатысы-4жыл, II-ші негізгі жалпы білім сатысы-6жыл,III-ші жалпы орта білім сатысы-2 жыл деп белгіленген. Қазіргі уақытта еліміздің 107 мектептерінде 12жылдық жоба аясында эксперименттержүргізілуде.Бұл жоба жүзеге асырылу үшін материалдық жағдай жасауды, «Бейіндік мектептің» тұжырымдамалық–құқықтық негізін, жаңа мемлекеттік білім беру стандартын, оқулықтар мен оқу–әдістемелік кешендерді, оқыту бағдарламаларын әзірлеуді, педагогтерді қайта даярлау сияқты ауқымды жұмыстарды талап етеді. Мұғалімнің кәсіби-жеке тұлғалық құзыреттілігін диагностикалау жүйесі әзірленетін болады. Мұғалімдердің оқытудың инновациялық әдістерін, қазіргі заманғы білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануы қолдау табатын болады. Мұғалімдер мен оқушыларға қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып ең үздік оқытушылардың сабақтарына қатысу қолжетімділігі ұсынылатын болады. Интерактивті, инновациялық, жобалық-зерттеу технологияларын, сандық инфрақұрылымдарды пайдалана отырып, сынып ұжымын жаппай оқыту нысанынан әрбір білім алушының жеке білім беру аймағын іске асыруға ауысу қамтамасыз етілетін болады.Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламада 12 жылдық оқыту жүйесіне көшу сызбасы берілген.Бұл сызбада 2015-жылдан бастап 2021жылға қарай аяқталып, 6 жылға созылады делінген. Кейбір ғалымдар өз зерттеулеріне сүйене отырып 6 жылды 4 жыл көлемінде біртіндеп өтуді ұсынып отыр.
" Қазақстан Республикасы Президентінің"Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бағытындағы"Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам"атты бағдарламалық мақаласында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленіп ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115
Бұйрығыменбекітілген"Өлкетану"(7сынып),"Алаштану"(9сынып),"Абайтану"(9-11 сыныптар) таңдау курстарының бағдарламалары мектептердің таңдау еріктіліктеріне ұсынылды."[2] Бұл оқушылардың өз қалаулары бойынша аталған бағдарламалар негізінде білім алып ,жан-жақты дамуына мүмкіндіктер туады деген сөз.
Сондай- ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері Кембридж университетімен бірлесе отырып жаңа білім беру бағдарламасын жасап шығарды.Бұл мектепте физика, химия пәндерін меңгеру 6 сыныптан басталады .Жоғары мектепте игерілетін пәндер саны азайып,нақты жоғары оқу орындарына түсуге бағытталған дайындықтар жүргізіледі. Оқыту мен оқу әдіс-тәсілдерін жаңарту мақсатында жалпы білім беретін мектептерімізге Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратуды қамтамасыз ету қажет. Оқыту нысандары мен әдістерін түбегейлі жаңарту мұғалім мен оқушы арасындағы әріптестік және достық қарым-қатынастың орнауына ықпал ететін болады.
I .II. III-деңгей бағдарламалары бойынша біліктілігін арттырған мұғалімдер өз мектептеріне барып, білім сапасын арттыру мақсатында зерттеу жүргізіп, оң өзгерістер енгізеді.Негізінен қандай елдерде болсада білім беру реформалары әлемдік тоқырау кезеңдерінде тығырықтан шығу мақсатында жасалынатындықтан еліміздегі реформалар мемлекетіміздің әлеуетін көтеретіндігіне сенемін.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.А.Құсайынов."Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы"Алматы-2013
2.Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы.www.nao.kz.
3.Мектеп журналы 2009 №8
4 .Білім журналы 2010 №9
5. Білім журналы 2011 №4.