Статья по воспитательной части Баланы? жа?сысы


Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі.
«Баланың жақсысы –қызық, жаманы күйік»
Абай.
Отбасында бала дүниеге келгеннен кейін ,оны бағып-қағып,аялап өсіріп,білім мен жақсы тәрбие беру –ата-ананың қасиетті борышы.Баланы тәрбиелеуде әрбір ата-ананың алдымен қолданатын тәсілі- өзінің өмір тәжірибесі.Адамның өмір тәжірибесі – өзінің азды –көпті, жақсылы –жаманды жүріп өткен жолы.Ұрпағына тәрбие берудегі мақсат-баласын тура өзіндей етіп шығару емес, келешек қоғамға лайықты етіп шығару. Әзірет Әлінің «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе ,өзімдей болма деп үйрет » деген сөзі- ата-анаға жіберген қателеріңді балаңның қайталамауын қадағала дегенді білдірсе керек.Сонымен қатар әрбір ата-ананың баласын тәрбиелеудегі тағы бір ұстанатын қағидасы – ұлттық тәрбие беру болу керек.Әрбір ұлттың бала тәрбиелеуде ескіден қолданып келе жатқан дәстүрлі сара жолы бар.Қазақ ұлтының баласы өз ұлтының арасында өмір сүріп,сол ұлты үшін қызмет ететіндіктен ата-ана, мектеп, қоғам оны ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті. «Заманның озығы бар, тозығы бар» дегендей заманының жақсысын,озық жақтарын алуға ,алтынын мыстан айыра білу үшін түрлі ұлттың әр замандарында шыққан тәрбие ғылымдарымен ,бала тәрбиесінде дұрыс жолға түсу үшін тәрбие пәні –педагогикамен әрбір ата-ана таныс болуы керек.
Балаға тәрбие беруде мына төрт нәрсеге көңіл бөлу керек,олар: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі ,сұлулық тәрбиесі және мінез-құлық тәрбиесі . Егерде адам ыстық- суыққа ,аштыққа, тағы сол сияқты сыртқы орта қолайсыздықтарына төзімді,мықты денсаулықты болса,дұрыс ойлай білетін,қандай да бір тығырықтан тура жол таба алатын ақылды болса, барша сұлулықты сезіне алатын жаны нәзік болса , жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын көркем мінезді болса адам баласының дұрыс тәрбие алғандығы.
Ата-ана күнде кем дегенде бір сағат ештеңеге алаңдамай балаңызбен жақын тартып емін –еркін әңгімелесіп, оның күнделікті тыныс тіршілігімен танысып отыруға уақыт бөліңіз.Балаңыздың көңіл күйіне назар аударып,нендей қиыншылықтары бар екенін білуге тырысыңыз.Сонда бала өз проблемасымен өзі ғана қалмай ең жақын адамдары -ата-анасының қолдауын сезінетін болса ,қазіргі кезде жиі деп айтсақ та болатын суицидке ұрынбаған болар еді деп ойлаймын.Егер де балаңыз сабағын оқымай,сөз қайтарып, дөрекілік көрсете бастаса, айтқаныңызды тыңдамайтын болса,көп ұзатпай сынып жетекшісімен, психолог маманмен кеңесіңіз.Біздің кейбір ата-аналарымыз мектепте балаларымен психолог маманы әңгімелесетін болса «менің баламды психқа»шығардыңдар деп ренжіп,дау шығарады.
Үйдегі тәрбиенің мықтысы-еңбекке баулу.Ғалымдар баланың ойнағанда құлшына, шын беріле ойнауы –оның болашақта еңбекті де солай құлшына орындайтынына зерттеулерінде көз жеткізіпті. Халық даналығында: «Баланы 5-ке дейін патшаңдай көр, 15-ке дейін құлыңдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай сыйла,» - деген керемет ұлағатты нақыл бар. Соны әрдайым басшылыққа алып отырыңыз.Еңбектене білетін бала ,оның қадірін де білетін болады.
Ата-аналар кодексінде: -« Ата-ана ерекше жағдайда ғана емес, тәрбиемен ұдайы айналысуға міндетті»делінген. Ата-аналар «қолымыз тимейдіні» сылтау етіп мектептің шақырған жиналыстарға келуге де құлықсыз. Мектеппен тығыз қарым-қатынаста болып,баланыздың ата-аналар жиналысына міндетті түрде қатысуыңыз қажет. Тәрбие ісін тек мектепке артып,мұғалімдер сол үшін жалақы алып отыр деп ысырып қоюыңызға болмайды.Өйткені болашақта бала тәрбиесінің жемісін өзі көретін болғандықтан ата-ана ең алдымен өзіне жауапкершілік алуы қажет.Мен мұнда бала тәрбиесіне ұстаздар мен мектептің мүлдем қатысы жоқ деуден аулақпын, керісінше ата-анамен өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнаса шешімі табылмайтын мәселе болмас еді.Әрбір ата-ана үлгі алса болатындай ,қаламыздың Құрметті Азаматы «Арнұр» балалар үйінің басшысы Жұмашев Ысқақ ағамыз: «Балаларымызға берген тәрбиеміз- біздің болашақтағы зейнетіміз » деген еді. Ағамыз өз балаларын білімді,іскер , керемет азаматтар етіп тәрбиелеп қана қоймай , немерелерімен қатар төрт бірдей қыз балаларды жоғары оқу орындарында оқытып, өмірден өз орындарын табуға көмектесуде.
Баланы шыдамдылыққа үйретсе, ол басқаларды тыңдай біледі.
Баланы мадақтап отырса, ол мейірімді болады.
Бала әркез қамқорлықта болса, ол айналасындағы адамдарға сене біледі.
Баланы қолпаштап , қолдап отырса, ол өзін бағалауды үйренеді.
Қазіргі күні біздің кейбір ата-аналарымыз мәселенің байыбына бармай жатып немесе жекелеген ұстаздардың қателігінен жаппай ұжымға кіна етіп тағып байбалам салуды өздеріне жөн көреді.
Құрметті ата-аналар ! Сіздерге азғана бір этикалық кеңес: балаңыздың мектеп ішінде, сыныпта бола қалған қиын мәселелі жағдайларда қайда шағымдансаңыз да құқыңыз бар әрине, бірақ оны мынадай тәртіппен шешуге тырыссаңыз: 1. Сынып жетекшісі; 2. Пән мұғалімі (қажет жағдайда); 3.Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары; 4.Мектеп басшысы
Әлемдегі озық елдер: Жапонияда,Кореяда, Сингапурда бала тәрбиесінде рухани-адамгершілік пен ұлттық құндылықтарға баса назар аударады екен. Бір мысал келтірейін ; Жапонияда 120 жылдық тарихы бар мектептің бастапқыда анықталған мақсаттары осы күнге дейін өзгермепті :
1.Өзін адам деп терең түйсіне білетін бала тәрбиелеу.
2.Мәдениетті жалғастыратын,жасайтын және дамытатын бала тәрбиелеу.
3.Өзін Жапония азаматымын деп түйсінетін бала тәрбиелеу.
4.Дені сау және белсенді бала тәрбиелеу.
Оларда балаларды ерте жастан үлкендерді сыйлауға тәрбиелейді.Үлкендер сөйлегенде кішісі мұны сөзсіз қабылдайды.Біздің де ата-бабаларымыз : «Үлкені тұрып, кішісі сөйлегеннен без» деген емес пе?
«Конфуцийлік қағидаларға сәйкес ата-ананы сыйлау адам бойындағы ізгіліктер ішіндегі ең жоғарысы ретінде саналады. Мұндай тәрбиені өз балаларына ,бірінші кезекте ата-анасы береді.Бала тәрбиесіндегі негізгі қамқорлық анасына түседі»-деп жазады профессор Асқарбек Құсайынов
Шығыс елдеріндегі мектептерде мұғалімдердің тәртіпке байланысты проблемалары жоқ,өйткені ата-аналардың әсерімен әбден нығайтылған, мұғалімдердің беделі ешқандай дау туғызбайды,мектепке және ұстазға деген терең де шынайы сыйластық қалыптасқан.Бала тәртіпті болса ,ұстаздарға балаға білім беру қиындық тудырмас еді деп ойлаймын.Сөз соңында құрметті ата-аналар Сіздерге:
«Қателігін түсіне білетін,
Дұрыс жүріп,күтіне білетін,
Үлкенді сыйлап ,кішіні сүйетін,
Білімді жинап ,дүниені шолатындай – үміт артқан ұл-қыздарыңыз үлкен азамат болып өссін!» демекпін.
Сіздің ойыңыз..........
1- жағдай . Ата- ана ұрысуда. Бас себебі: ұлдары әкесінің ойынша өздеріне көмектесетін жасқа толды. Анасы қарсы болып тұр, «әлі кішкентай, мен үзілді- кесілді қарсымын»
Сіздің ойыңыз....
2 -жағдай. Жанұядағы жалғыз қыз. Анасы әзер дегенде қызын жұмсайды. Қызы болса, әжесіне сенеді. Ал әжесі қуана – қуана үй шаруасын тындырады. Сіздің ойыңыз.........
3-жағдай.Бала сабақ үстінде ұйықтап отыр.Себебі ол түні бойы «ВК»-да отырады.Сынып жетекшісі анасына : балаңыздың түнге қарай телефонын алып қоюын,күн тәртібін жасап ,оны қадағалаңыз деп ұсыныс айтады.Анасының жауабы: «Ол маған соткасын өлсін берер....»
Сіз не істер едіңіз?
4-жағдай . Баласы күніге анасынан «апай әкел деп жатыр» деп ақша сұрайды да ,сабақтан кейін компьютер клубына барып ойын ойнайды .Анасы апайының сыртынан ұрсып-ұрсып баласына ақшасын беріп жібереді.Неге кешіктің деген анасына баласы «апай ұстап қалды »деп айтады.
Сіздің әрекетіңіз?
5-жағдай. Сіздің балаңыздың сабақтан көзі көгеріп келді.Сіздің сұрағыңызға ол: жай, досыммен алысып ойнап жүріп көгерттім деді.Сіз ұлыңыздың досынан сұрап ,олай болмағанын жоғары сыныптың оқушысы ақша талап етіп ұрғанын білдіңіз .
Сіз не істейсіз?
6-жағдай. Балаңыз мектепте сотқарлық жасап ,сабаққа кедергі келтіреді.Ұстазы сізге балаңыздың тәртібіне қатысты шағым айтты .
Сіздің әрекетіңіз?
Ататүрік атындағы мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі :
Жаманқараева К .