Баскетбол ойынын о?ушылар?а ?йретуді? ма?ыздылы?ы


Ескелді ауданы, Шымыр ауылы
мектепке дейінгі шағын орталықты
М.Маметова атындағы орта мектебі ККМ
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
Естибаев Женис Алматаевич
Баскетбол ойынын оқушыларға үйретудің маңыздылығы
Дені сау халықтың ұрпағынан құралған сапалы қоғам – адамдардың еңбек және қоғамының іс-әрекетке жемісті қатысуының кепілі. Жан-жақты дамыған, ізгілікті тұрғыдан таза және рухани бай адамды қалыптастыру- мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті. Сондықтан да, жастардың дене бітімінің дамуы, дене дайындығы және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін дене шынықтыру сабағында, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.
Тәуелсіздік алғаннан бері республикамызда өзіндік дене шынықтыру жүйесі қалыптасқандықтан, салауатты ұрпақ тәрбиелеу де туындаған күрделі мәселелер шешімін тауып, халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп келеміз. Қазақстандық жүйенің тиімділігі көптеген факторлар арқылы анықталады, олардың арасында спортшы тұлғасының іргетасы қаланатын жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін құру және оның мазмұнын жақсарту маңызды рөл атқарады.
Спорттық ғылыми-әдістемелік әдебиеттерде оқушыларды жалпы білім беретін мектептерде оқытудың шарттары, құралдары мен әдістері ұсынылған. Басты назар дене жаттығуларының түрлері, соның ішінде баскетбол бойынша оқу бағдарламасын топтастыруға аударылып келеді. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде дене шынықтыру бойынша оқушы немесе сыныптың қозғалыстары мен қимылдарының сыртқы сипатын ғана емес, ойын шарттарын негізге ала отырып, оқу материалдарының бастысы мен екінші дәрежелісін анықтауға деген жаңа көзқарастарды негіздеу талпыныстары бар. Дене тәрбиесі жүйесін оңтайландырудың маңызды шарттарының бірі оқушылардың типтік-ерекшелік және даралық ерекшеліктерін ескеру арқылы оқу-тәрбие үдерісін дараландыруды іске асыру балып саналады.
Мәселені оңтайлы нәтижелер арқылы шешу үшін бірсыпыра себептерге бола өз шешімін таба қоймаған мәселелерді атап көрсеткен жөн деп білеміз:
- сабақтарда баскетбол бойынша оқушылардың техникалық және тактикалық қимылдарын қалыптастыру барысында сенімді технологиялық көзқарас жасалмаған;
- ойын тәсілдерін меңгерудің орындалған детерминанттары жеткілікті дәрежеде атқарылмай қалғандықтан, динамикалық ойын жағдайларын және үйретудің құрылымды-қисынды кестесін жобалауды едәуір қиындатады;
- дене шынықтыру пәні мұғалімі мен оқушы арасындағы ақпараттар ағымын тиімді басқару тәсілдері елестетудің әртүрлі түрлеріндегі мәліметтер мен хабарламалар түрінде нақтылана қоймағандықтан, үйрету қарқынын, дене бітімі статусы мен спорттық нәтижелерін едәуір төмендетеді.
Баяндалған мәліметтер бойынша тұтас педагогикалық үдерісте оқушыларды үйретудің бастапқы кезеңіндегі жоғары маңыздылығы мен осы кезеңдегі спорттық-педагогикалық технологияларды жоспарлау жағдайлары мен тәсілдерінің жеткілікті түрде жасалғандығы арасындағы объективті қарама-қайшылық баскетболшы оқушыны қалыптастырудағы өзекті мәселе болып табылады. Жоғарыда аталған мәселлелерді шешу үшін біршама іс-шаралар жүргізілуі қажет:
- баскетбол ойынының негізгі тәсілдерін кезеңдер бойында қалыптастырудың педагогикалық технологиясы оқушылардың базалық қозғалыс және техникалық-тактикалық әрекеттерін меңгеру тиімділігін арттыруға ықпал етеді;
- динамикалық ойын жағдайлары түріндегі арнайы жаттығулар мен қозғалмалы ойындардың дербестендірілу түрлері жалпы білім беретін мектеп оқушыларына баскетболды үйрету үдерісін педагогикалық басқару тәсілдерін оңтайландыру үшін негіз болып қызмет етеді;
- баскетбол бойынша оқу үдерісіне деген технологиялық көзқарасты іске асыру әдістемесі оқушылардың ойын әрекетінде қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жағдай жасайды;
- баскетболды дене шынықтыру сабақтарында пайдалану олардың дене және тактикалық дайындығы деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Баскетбол сабақтарындағы оқушылардың оқу-тәрбие үдерісінің бастапқы кезеңі баскетбол қозғалыс әрекетінің көптігімен, алуан түрімен сипатталады. Оған жүгіру, жүріс, секіру, лақтыру, қағып алу мен лақтыру, күш және қозғалысты үйлестірудің түрлі жаттығулары кіреді. Бұл жаттығулар ойыншылардың өз командасымен және бәсекелес командамен өзара әрекеттесу жағдайында орындалады. Оқушының ойын барысындағы әрекетінің тиімділігі ойын жағдайына тез баға беріп, ойыншылардың әрекеттерін шапшаң бағалауына, техникалық тәсілдерді жетілдіруіне, дене жағынан дамуына байланысты болмақ.
Арнайы бағдарлы қабілеттілікті дамыту мектептеріндегі сабақ өткізу жүйесі маңызды орында болуы тиіс: ол кешенді көрсеткіш болып табылады және оқушының жеке-дара қабілетімен анықталады.
Аталған бағдарлауды дамытудың сыртқы әсері 9-12 жаста байқала бастайтыны белгілі. Осыған байланысты оқытудың бастапқы кезеңінде оқу үдерісін қимыл-қозғалыс дағдысын және ептілікті игеруді, балалардың бойында қимыл-қозғалыс міндеттерін нақты жағдайды талдау негізінде, өздігінен шеше алатындай етіп тәрбиелеумен бірігетіндей етіп құруға кеңес беру қажет. Бұл үшін аңғарғыштықты, көру алаңының көлемін, күрделі әрекет ету шапшаңдығын, бір қимылдан екіншісіне тез арада өтуді дамытуға бағытталған дайындық және арнайы жаттығуларды кеңінен қолдану қажет. Ұдайы өзгеріп тұратын жағдайдағы жаттығуларды қолдану мен оларды орындауды өзгертіп тұрудың да маңызы зор.
Жоғарыда аталған ерекшеліктер оқудың кез-келген түрін ұйымдастыру кезінде немесе оның қандай да бір стандарт негізінде автоматты түрде жүзеге аса қоймайды. Мұның өзі спорттық ойындар техникасының күрделігін және олардың орындалу маңыздылығын көрсетеді.
Қозғалыс қимылдарына үйретудің технологиялық тұжырымдамалары және оларды баскетбол сабақтарында ойын техникасын игеру үдерісінде қолдануды үйрету барысында оқушыларды қарапайым ойын кезінде тәсілдерді қолдануға жетелейтіндей етіп, жағдайды күрделендіру қажеттігі қарастырылып отыр.
Жасөспірімнің бойында қимыл дағдысы мен икемділігін қалыптастыру ұтымды қимылдарды әрі қарай жетілдірудің негізін салады. Жасөспірім жекелеген бөліктерді емес, сабақтың басынан бастап тұтас жаттығулардың техникасының негізін меңгеруіне ұмтылу керек. Жасөспірімдермен сабақ өткізгенде баскетбол техникасының негіздері әдетте жеңілдетілген жағдайда оқытылады. Арнайы дайындықты және дене шынықтыруға жақындатылған арнайы жаттығулар кешені кеңінен қолданылады.
Баскетболда спорттық-техникалық дайындыққа салыстырмалы түрдегі көп уақыт бөлу қажет, өйткені, оқушылар дағдының көптеген техникасын игерулері тиіс.
Баскетбол ойынын мектеп оқушыларына үйретудің маңыздылығы,оқушылардың қимыл-қозғалыс әрекеттерінің,дене бітімінің дұрыс дамуы мен салауатты өмір салтын сақтау үрдісін қалыптастыруда және (көптеген пайдалы қылықтарға) білімді,сау денелі, бәсекеге қабілетті,ұлтжанды, өмірді сүйе білетін, ертеңгі еліміздің жарқын болашақ иесі болатын сапалы ұрпақты өмірге бейімдеу болып табылады.