Ислам т?рбиесі имандылы? т?рбиесі


Ислам тәрбиесі
Ғылым және технология дамудың шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірі оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда.
Ислам діні адамның жаратылысымен пайда болған әр түрлі қажеттіліктерін халал жолмен табуды, қанағаттандыруды бұйырады. Сондықтан, зинақорлық, өсімқорлық, маскүнемдік, нашақорлық сықылды жат қылықтарды лағынеттейді.
Ислам – бейбітшілік деген ұғымды білдіреді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Исламның ішіндегі экстремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам деген дүние жүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дініне бағынады. Сондықтан, әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді, Мұхаммед Пайғамбарымыздан қалған, діннен қалған мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан, осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолыменен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз» деген сөздері хақ дініміздің адам үшін қажетін айтып отырған жоқ па?
Экстремистік жолға, теріс ағымдарға ұрпақтың ұмтылуы немесе жастайынан түзу жолдан адасуы елдің болашағы үшін ауыр қиямет деуге болады. Ата-бабамыздың салихалы да сара жолына үңілсек, әрбір қимыл, әрекетінен Исламның нақыштарын көруге болады. Ата-бабамыз «Иманды адам, ұяты бар адам» деп бекер айтпаған. Ұрпағының бойына жақсылық жасауға, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете білуді, айналаға нұрын шашып жүруді о бастан-ақ дарытуға тырысқан. Бүгінгі таңда өкінішке орай, намаз оқитын адамды көрсе, қазағым үркіп, шошитын болған. Ал шындығына келгенде, намаздың адамды нұрландыратынынан, оның жүрегін ізгілік пен жақсылыққа бөлейтінінен, жаманнан жирендіретінінен бейхабармыз. Хақ дініміздің ең таза екенін айта отырып, ұрпағымыздың бойына адами ізгі қасиеттерді сіңіргіміз келсе, дәстүрлі дініміздің жарқын жақтарымен тәрбиелейік. Ұрпағымыз таза дінімізді теріс ағымдардан шатастырып алмауы үшін, біздер үлкендер, ата-аналар көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болсын.
Ұрпаққа әрдайым сабырлылық көрсетіп, дінімізді негізгі бұлақтардан түсініп, ұрпағымызға шамамыз жеткенінше түсіндіру басты міндетіміз. Ислам дінінің бейбітшілік, татулық, адамшылық, достық, туыстық, тазалық діні екенін ұмытпағанымыз жөн.

Ботакөз Уразгалиева
Талпын ауылы
Таңғы шық
Бүгінгі күн Жамила үшін кешегіден өзгеше болғалы тұр. Кешегі апайымен болған әңгімеден соң, шынында да енді айналаға өзгеше қарайтындай ма қалай?! Кінәні өзгеден емес өзіңнен іздеп, болған іске парасаттылықпен қараған жөн екенін де түсінгендей. Кешегі ашумен айтылған сөздердің Жанардың жүрегіне инедей қадалып, көңіліне жара салғанын түсінгенде ауыр күрсінді. Иә, ашу - аз уақыт адамның естен тануы, ақылынан адасуы екенін апайы айтқанда аһ ұрмады ма? «Шын досың көзге емес, сырттан мақтар, досыңның сыртын қойып, ішін ақтар, сыртыңнан әр ісіңе қамқор болып, күндерде қиын – қыстау сенімді ақтар» деген асыл сөздің түбіне енді үңіліп отыр. Дос атану бар да, дос қадіріне жетіп, достықты кіршіксіз сақтай білу бар, достың дәм-тұзын ақтай білу бар... «Досыңмен жақын жүрген болсаң салқын, болмайды бұрынғыдай көңіл жарқын». Иә, адал достан аяқ астында, ақылсыздықтың қырғынынан айрылар болсаң, аһ ұрмай өтпессің. Содан сақ болған абзал. Әлбетте бұл досыңның жағымсыз мінезін де жақсыға балап, жалпақшешейлікке салын деген сөз емес. Адал дос, мінін айтқанға атырынбай ақылмен тыңдап, өз мінезінің қисығын түзейді. Сүрініп кетсең болды, мысықтілеулілер мысыңды құртады, мысқылдайды. Жәмиланың көз алдына Жанарға кешегі орынсыз ренжіп, жолдастарының алдында ауыр сөздермен тұқыртып жатырғанда миығынан күліп тұрған Сәуле келді. Дос атанғандардың опалысы да, опасызы да бар. Табаның тайған күні қарасын да көрсетпей тайып отыратындары біржола жоғалмай, сені артыңнан бағып отырады екен. Басыңа бақыт, байлық қайта оралса, әр жерден жеткен достар жылмаң етер. Достардың көңілі таңғы шықтай мөлдір болуы тиіс. Ендеше, Жанарының алдына барып, шын жүрегімен кешірім өтінгені дұрыс болар. Ренжіткен қандай оңай болса, кешірім сұрау нендей қиын еді. Жо-жоқ бекер қамығыпты. Жанары оған түк те ренжімепті. Таңғы шықтай мөлдір көздері күлімдеп, досын қолын жая қарсы алды. Жанарындай досы болғанға Жамила шүкіршілік етті. Осындай досын ренжітіп алғанына іштей қынжылды. Жүрегі сыздады. «Білмеген дос қадірін не біледі, көңілің шын доспенен семіреді». Қандай дөп айтылған сөз десеңші...
Ботакөз Уразгалиева
Талпын ауылы