Имандылы?-инабаттылы? айнасы ??гіме са?аты


Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Қазақ Мемелекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті
Физика-математика факультеті
Информатика және қолданбалы математика кафедрасы
Имандылық-инабаттылық айнасы
(Әңгіме сағаты)
Топ эдвайзер: Базаева Ж.Б
Дайындаған: Кожахметова А.С

Алматы,2013 жыл
Ұйымдастырушы: ИҚМ кафедрасының оқытушысы Ж.Б.Базаева
Өтілген күні: 30 қыркүйек 2013
Өтілген уақыты: 13.15
Өтілген орны: Бас оқу ғимараты, 424 аудитория
Қатысқандар: Топ студенттері
Мақсаты: Студенттерге имандылықтың мәні мен негізі инаббатта екенін түсіндіру.
Міндеті: Имандылықтың мазмұнымен таныстыру.
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.
Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. 
Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (ғ.с.): “Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім”, – деу арқылы әлемдегі тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен, имандылыққа өзі бірінші үлгі болған делінеді. Алла тағала адамды иман мен имандылық үшін жаратқан, сондықтан: “Алланың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар” (Мұхаммед пайғамбар), – деп уағыздалады. Имандылықтың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) мінезі жайлы Хазіреті Айша: “Оның мінезі – Құран”, – деп жауап берген. Құранда: “Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлық бар”, – делінген (Бақара, 2/277). Бұл аяттағы ізгі істер, діни ұғым бойынша имандылық болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады. Имандылыққа қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық
Имандылықтың шынайы төріне төрт нәрсе арқылы жетуге болады. Олар:
1. Аланың жазуына шүкіршілік;
2. Алла тағалаға шын пейілмен сенушілік;
3. Барлық істе де Аллаға жүгінушілік;
4. Сана сезіміңе кереғар нәрсеге шыдамдылық.
Иманды адам деп кімді айтамыз? Біріншіден, мінезі сыйымды; Екіншіден, әйелдерге ізет-құрметпен қараған адамды айтамыз.
Аллаға иман келтіргеннен кейінгі істің ең абзалы – адамдармен достасу.
Алла тағаланың алдындағы қадірлі саналатын іс – жасы үлкен кісіні сыйлау, шын ықыласпен оқылған Құранды тыңдау, әділдікпен, жақсылықпен айқын жол көрсеткен сұлтандарды, халифаларды құрметтеу.
Кімде-кім өзінің, не біреудің жетім балаларын ес біліп, етек жиып, өз күнін өзі көретіндей жасқа келгенше бағып-қағып тәрбиелесе, оған пейіштің есігі ашық.
Қарапайым киінудің өзі де иманға қатысты әдет.
Жақсы мінез-құлықтар туралы ден қойып, әбден ойлану керек. Шариғаттың ақ жолымен жүрмеген ғалымдар да, кәрілер де, жастар да көргенсіз қылықтарға душар болады. Бәрі де өркендеуге емес, халықтың бетімен кетуіне апарып соғады. Теріс қылықтарға қарсы күресудің өзі әділетті іс.
Мұхитдин Исаұлы еліміздің белгілі « Айқын» газетіне «Атам қазақта имандылық пен иман ұғымдарының маңызы» атты сұқбат береді. Сол сұқбатында:
Қазақта имандылық адамгершілік, ізгілік қасиеттерді білдіреді. Имандылықтың мұндай мағынаны білдіруі қазақтың мұсылман болуынан туындаған. Имандылық сөзі иманнан шыққан. Иман - жүректегі нұр, имандылық соның сыртқы пішіні. Имандылық – Аллаһ Тағалаға иман еткен адамнан туған көркем мінез. Имандылық көркем мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді. Өйткені, кейбір кәпірдің сипаты кәпір сипаты болмағаны секілді, әрбір мұсылманның сипаты имандылық пен көркем мінезді болуы шарт емес. Атам қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Өйткені, адамгершілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік – барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан  туған қасиет. Имандылық – әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман атты сүйіспеншілігінен туған аса ізгі қасиет. Яғни, әрбір имандылықта адамгершілік бар болса да әрбір адамгершілікте имандылық болмауы бек мүмкін. Сондықтан қазақта имандылық - ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. Атам қазақ иманын - өз болмысының тірегі мен ар-ожданның асыл тас ақиқаты деп ұққан. Сол себепті атам қазақ жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған атам қазақтың мына сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы». Бұл жерде атам қазақтың «арым», деп, отырғаны - иман. «Ұят кімде болса, иман сонда», деуі де, содан қалған.
Ар-ұятын сатқан жанға «иманын сатты», арсыз жанға   «имансыз», деген сөзбен түйреген.  Қазақта мұндай сөз тіркестері толып жатыр. Бұл – атам қазақтың аса иманды момын-мұсылман жан екендігінің белгісі. Яғни, қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Ақиқат осы бола тұрса да, кейбір жандардың атам қазақты аруақтарға табынған, мазарларға сыйынған, деулері, неткен жала десеңіші. Өткеніне түңіле қараған ілгеріге үңіле қарап жарытпас. Әруақты сыйлау бар, табыну жоқ. Бүгінгі ұрпақтың кейбірі аруақты сыйлаймын, деп, оған табынып жатса, ол - сол адамның кінәсі. Дініне салғырт қарағаннан туған нәрсе. Болмаса, қазақ әрқашан Ұлы Досына беріктігін көрсеткен. Иә, қазақ шыр етіп дүние келген баланың құлағына азан айтып, ажалы жетіп бұл жалғаннан озған жанның да жүзін құбылаға қаратып, жаназасын оқып Ұлы Жаратушының жарлығын бұлжытпай орындауға тырысқан. Құранда сол Ұлы Дос «Маған берген уәделеріңді орындаңдар, мен де сертімді орындайын. Және Менен ғана қорқыңдар»,-дейді (Бақара). Міне атам қазақ шексіз ұлынғайыр далада еркін де азат ғұмыр кешіп, сол Ұлы Досына деген уәдесін орындауға тырысып, тек Жалғыз Жаратушыдан ғана қорқып тағзым етіп, басқа жаратылыс атаулыға бас имеген. Аллаһқа тағзым етіп одан ғана қорыққан бөгделерден қорықпас. Ал, Құдайдан қорықпаған, оған бас имеген сөзсіз бөгделерге бас иеді. Бұл айнымас шындық. Жаратушы адамды жаратқанда өзіне қорған тілер етіп жаратқан. Қазақта орынсыз қорыққан жанға «иманы қалмады», «иманы ұшты», «иманы түршікті», деуі, соның дәлелі. Яғни, «қорықсаң, бір Құдайдан қорық, бөгдеден қатты қорқу, иманды адамға жараспайтын қылық», деген, мағыналар бар мұнда. 
    Қазақ иман мен имандылықты Пайғамбарымыздан үйренген. Пайғамбарымыз былай дейді: «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім», деу арқылы әлемдегі имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Сондықтан да Пайғамбарымыз имандылықты жаю жолында өзі бірінші үлгі болған. Ол имандылық пен көркем мінезділікте алдына жан салмайтын теңдесіз жан болатын. Ол бірде «Мені Раббым тәрбиеледі. Әрі аса көркем түрде тәрбиеледі»,-деген болатын. Негізінде, Аллаһ Тағаланың адамды жаратудағы негізгі мақсаты осы иман мен имандылық. Сондықтан адам баласы Ұлы Аллаһқа иман етіп, оның мінезі ұқсау керек. Жер бетіндегі адам баласының Аллаһтың мінезіне ұқсауы - осы имандылық. Пайғамбарымыз «Аллаһтың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар»,-дейді. Осы үлгі алу мектебінің негізі Құранда жатыр. Аллаһ Тағала Құранды адамдар иман етіп имандылық жасап, толық адам шыңына жетсін, деп, түсірген. Міне, осы кітапты бізге жеткізген Пайғамбарымыз болғаннан кейін, сол кітаптан ең көп үлгі алған да, сол болатын. Оның мінезі жайлы Хазіреті Айшадан сұрағанда «Оның мінезі – Құран»,-деп жауап береді. Негізінде Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) жайлы Аллаһ Тағала кітабында былай дейді: «Сен аса ғажап көркем мінездесің»,-дейді. Бұл- имандылық. Имандылық – адамгершілік, ізгілік. Құранда «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларының жанында сыйлық бар» (Бақара, 2\277). Бұл аяттағы ізгі істер – имандылық. Аллаһқа мойынсұну – иман, ізгі істер жасау арқылы Ұлы Досқа жақындау – имандылық. 
      Міне, бұлар діннің негіздері боп саналады. Осы иман мен имандылыққа айырқша көңіл бөлген қазақ бұл екі ұғымды өміріне сіңірген. «Адамның пікірі қандай болса, зікірі сол», деген. Атам қазақтың «иманды адам, иманмен қаптап қойғандай, иман таразыға салды, иманы бетінде үзіліп тұр, иманы жолдас болсын» т.б. иманға байланысты сөз тіркестері оның терең иманды болғанының белгісін білдіретін болған.