Мын т?рлі маманды? бар кездесу


Күні: 12.01.2017 ж
Тақырыбы : «Мың түрлі мамандық бар»
Мақсаты: Оқушылардың болашақта өз мамандығын дұрыс таңдай білуіне бағыт бере отырып, еңбекті сүюге, адам еңбегін құрметтеуге, бағалауға тәрбиелеу. Мамандық түрлерімен таныстыру.
Көрнекілігі: Мамандық жайлы суреттер, нақыл сөздер.
Түрі: кездесу кеші.
Барысы: Ұйымдастыру.
Ән «Ұстазым»
І жүргізуші: «Алуан-алуан кәсіп бар,
Таңдай біл де талап қыл»,-
демекші бүгінгі біздің кездесу кешіміздің тақырыбы «Мың түрлі мамандық бар» деп аталады.
Өмірге шыр етіп адам келді. Сан қырлы, қарама-қайшы, күрделі, әрі тамаша әлем осы болашақ азаматты келешектің жасампаз күрескері ретінде үміт арта қабылдайды. Зымырап жылдар өтеді, ал кешегі сәби өзінің оңын-солын танитын кәмелет жасқа толады. Сол кезде ол саналы түрде «Осы өмірде не үшін тіршілік етіп жүрмін, маған не қажет?» деген сұрақтар төңірегінде ойлана бастайды. Бүгінгі біздің кешіміз осы жас ұрпақтың болашақ мамандық таңдауына бағыт-бағдар беруге байланысты тақырып төңірегінде өткізілмекші.
ІІ жүргізуші: «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артында» -деп қазақтың
кемеңгер акыны Сәбит Дөнетаев айтқандай бүгін біз кешімізге ауылымызда түрлі мамандық бойынша қызмет етіп жүрген мамандарды, талай жыл өз мамандығының игілігін көріп, халқына қызмет еткен кісілерді шақырып отырмыз.
І жүргізуші: Кешімізге келген құрметті қонақтарымызбен таныс болыңыздар.
(Кешке келген әр түрлі мамандық иелері таныстырылады)
І жүргізуші: «Еңбекті жан тәніңмен сүймейінше, ешбір талант та, ешбір кемеңгер де шықпайды»,- Д.И.Менделеев айтқандай бүгін біз қонаққа мектебіміздің бұрынғы түлектері, қазіргі әр түрлі қаладағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттерін де мектебіміздің жоғарғы сынып оқушыларымен ой бөлісуге шақырып отырмыз.
ІІ жүргізуші: «Еңбекке тәрбиелемей тұрып, балаға дұрыс тәрбие бердім,- деп айту екі талай»-дейді жазушы Спандияр Көбеев. Бүгін біз кездесу кешімізге балаларына бағыт-бағдар беретін жандардың бірі- жоғарғы сынып оқушыларының да ата-аналарын шақырып отырмыз.
І жүргізуші: «Мың түрлі мамандық бар»- атты кешімізді «Жаса, Қазақстан» әнімен бастағалы отырмыз. Орындайтын 9-сынып оқушысы Сайынова Айтолқын
ІІ жүргізуші: Басың көкке жетсін десең, армандап,
Әр жұмысты біліп істе, қарма оңдап,-
дегендей ауылымыздағы өз мамандығын жақсы игерген ,әр түрлі мамандық иелері арамызға келіп отыр, енді өздеріңді ойландырып жүрген сұрақтарыңызды осы кісілерге қоюларыңызға болады.
Мамандықты өз жүрек қалауларыңызбен таңдадыңыздар ма?
Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
Қайта мамандық таңдаудың реті келсе қай мамандықты таңдар едіңіз?
Қиналған кездеріңіз болды ма?
Қазіргі заманда қандай мамандықтар таңдаған дұрыс деп ойлайсыз?
Балаларыңыздың қай мамандықты таңдағанын қалар едіңіз?Балаларыңыздың өз жолыңызды қуғанын қалар ма едіңіз?
ІІ жүргізуші: Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан
Сенде бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан- деп Абай атамыз айтқандай биыл біздің мектебімізді 17 түлек бітіріп, болашақта өмірден өз орындарын, қалаған мамандықтарын таңдағалы отыр. Осы мәселені жүйелі түрде ойланып,өзімізге не қажет екенін бүгін бірлесе отырып шешейік. Онда 11- сынып оқушыларына кезек беріп, өздері қалаған мамандықтары жайлы ой-пікірін тыңдасақ.
11- сыныптар сөйлейді. Оқушылардың өз қалаған мамандықтары жайлы ой-пікірлерін тыңдау.
І жүргізуші: Мамандық бар таңдай білсең сан қырлы
Айтып берер әңгіме қып тартымды
Сөз береміз осы кеште құрметпен
Мамандықтың иесіне сан қырлы,- дей отырып, бүгін арамызға
келіп отырған қонақтарға сөз берсек.Өз мамандықтарының қыр-сыры жайлы айтып өтсе және осы оқушылардың таңдаған мамандықтары туралы не айтар едіңіздер?
Мамандық иелерінің пікірін тыңдау.
ІІ жүргізуші: Ортада « Хат тасушы» әні
І жүргізуші: 11- сынып оқушыларының ойын білдік. Енді осы 11- сынып оқушыларынан білгілеріңіз келетін жайларыңыз болса, қоятын сұрақтарыңыз болса қоюларыңызға болады?
11- сыныпқа сұрақтар қойылады
Егер алған балыңыз таңдаған мамандығыңызға түсуге жетпесе мамандықты қайта өзгертесіз бе, әлде келесі жылы қайта тапсырасыз ба?
Мамандық таңдау кезінде өз еркіңізбен таңдайсыз ба, әлде ата-анаңыздың немесе ұстаздарыңның ақылын ескересіз бе?
Өз шамаларыңызды білсеңіздер де ата-ананың айтқаны бойынша ҰБТ-ға қатысқалы отырғандар бар ма?
ІІ жүргізуші: Мамандық таңдау-өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда ең алдымен баланың қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне және жүрек қалауына қарау керек деп ойлаймын. Келесі сұрағымызды ата-аналарымызға койсақ
Балаңыз сіз қалаған мамандықты таңдай ма, әлде оның қалауымен келісесіз бе?
Балаңыздың өз жолыңызды қуғанын калайсыз ба?
Балаңыздың ҰБТ-ға дайындалуына қандай жағдайлар жасап жатырсыз?
ІІ жүргізуші: «Қай істің өнуіне болсын үш шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», -деп қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай келесі сөз кезегін бұрынғы мектеп түлектері, қазіргі студенттер, болашақ мамандық иелеріне береміз.
І жүргізуші: Болашақ мамандарға келген қонақтарымыздың, оқушыларымыздың қоятын сұрақтары болса коюларына болады.
Студенттерге сұрақ қою
Мамандық таңдау кезінде кеңес беріп, қолдау көрсеткендер болды ма?
Осы кезде алып жатқан мамандығыңыз өзіңізге ұнай ма, ұнамаса , кейін ұнап кетеді деп ойлайсыз ба?
ҰБТ барған тиімді ме, әлде «Жол картасымен» колледжге тапсырған тиімді ме?
Осы кезде оқып жүрген мамандықтарыңызды өз жүрек қалауларыңмен таңдадыңдар ма?
Қазіргі таңдаған мамандығыңызды меңгеруде қандай қиындықтарға кездесіп жатырсыз?
ҰБТ дайындық кезінде қандай қиындықтар болды және қалай дайындалған тиімді?
ҰБТ-ға бармай неліктен «Жол картасымен» колледжге баруды ұйғардыңыз? Осы тиімді ме? Өкінген кездеріңіз жоқ па?
ІІ жүргізуші: «Ұстазым» әніне кезек береміз
І жүргізуші: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» — деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай бүгін осы кешке қатысып отырған барлық қонақтарға, оқушыларға өмірден таңдаған мамандықтарыңыздың жемісін көріп, игіліктеріңізге пайдалана беріңіздер демекпіз.
ІІ жүргізуші: «Еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну-үлкен бақыт» -деп В.И.Качалов айтқандай өз қалаған мамандықтарыңыздың ел кәдесіне жарап, өздеріңізге қуаныш сыйлауына, бақытты болуларыңызға тілектеспіз.Бүгін бізбен бірге болып, ой бөліскендеріңізге көп рахмет .Кездесу кешімізді осымен аяқтаймыз.