Доклад на тему ?ор?ыт к?йлеріні? прима ?обыз аспабында орындалуы («?о?ыр» к?йіні? негізінде )


Қорқыт күйлерінің прима қобыз аспабында орындалуы
(«Қоңыр» күйінің негізінде )
Сұрағанқызы Жансая
Қызылорда қаласы,
№267 орта мектептің жанынан құрылған
"Көркемдік-эстетикалық балалар орталығы",
"Қобыз" үйірмесінің жетекшісі
Қазіргі заманымызға дейін жеткен көптеген тарихи ескерткіштер қазақ көшпенділерінің басқа да көршілес шығыс халықтары сияқты, өз музыкалық аспаптарының өте бай негізін құрағанын аңғартады. Бұл жөнінде шығыстық ғұламалардан бастап, қазақ жеріне келген алғашқы шет елдік саяхатшылар, зерттеушілер мен этнографтар және ұлт ғалымдары да жазып, дәлелдеп кеткен [1: 256].
Сан ғасырлар халқымызбен бірге жасасып келе жатқан рухани төл өнерімізде қобыз аспабының орны ерекше. Қобыз аспабын, қобыз күйлерін сөз еткенде күй атасы, қобыз атасы – Қорқытты алдымен ауызға аламыз. Ол — киелі аспаптың үнінен мәңгілік өмір іздеп, халықтың мұң-шерін, зарын қобыз сарынымен жеткізе білген. Қорқыт — қазақ елі үшін ең алдымен күй атасы. Қобызда күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы. Қобызын серік етіп, ел қамы мен халық тағдырын болжайтын көріпкел бақсысы. Оның өміріне қатысты аңыз-әңгіменің басым көпшілігінің күймен көмкеріліп, күймен сабақтасып жатуының сыры осында. Оның қобыз күйлері, көне сарындары күні бүгінге дейін тартылады. Күйлердің аңыз-әңгімесінен де бұрын әуен-сазындағы қарапайым, көнелік, бақсы сарындармен үндестік, әсіресе өмір құбылыстарына тікелей еліктеушілік ең алдымен Қорқыттың тарихи тұлға екеніне күмәнсіз айғақ болатындай. Бұл орайда, Қорқыт туралы аңыз-әңгімеден бұрын, Қорқыттың бейітінен де бұрын, тіптен «Қорқыт ата кітабынан» да бұрын оның тарихта болған нақтылы тұлға екеніне музыкалық мұрасы бұлтартпас дәлел бола алады [2: 103].
Күй атасы Қорқыттан бері келе жатқан күй сазы ғасырлар үнін, өмір тынысын, халық арманын, мұң-шерін, қуаныш-күйінішін баяндайды. Аты аңызға айналған Қорқыттан бастап, өмірдің қыры мен сырын күй тілімен сөйлетіп кеткен халық композиторларының есімдері мен мұраларының ел арасында сақталып келуі – халқымыздың өнер мұрасының молдығын көрсетеді [3: 7].
Қобыз аспабының дыбысталуы және орындаушылық ерекшеліктері туралы белгілі өнертанушы Омарова Г. өзінің «Кобызовая традиция. Вопросы изучения казахской традиционной музыки» атты еңбегінде былай дейді:
«Вообще звукоподражательность на кобызе – одна из важных сторон, связанная, быть может, с истоками кобызовой музыки вообще. Подражание на музыкальном инструменте голосам зверей и птиц восходит еще вероятно, к магическому назначению музыки, когда она исполнялась во время охотничьих обрядов в целях умилостивления духов, различных сил природы в шаманских камланиях. Во всяком случае, традиция звукоподражательности на кыл-кобызе известна с очень давних пор, и в этом отношении возможности смычкового инструмента данной конструкции не могут сравниться ни с каким другим в семействе казахских музыкальных инструментов» [4: 51].
Қобыздың дыбысталуы жайында тағы бір мысал С.Күзембаева мен Т.Егінбаеваның пікірі: «Наиболее древним среди струнных инструментов является кылкобыз. Этот смычковый инструмент считается священным. Для его изготовления идут все материалы (дерево, металл, кожа, волос, кость). Он синтезирует особенности всех инструментов (способ извлечения звуков – флажолетная игра духовых, подвески самозвучащих и т.д.)» [5: 45].
Қорқыт бабамыздың музыкалық мұрасын біздің заманымызға жеткізушілер Ы.Дүкенұлынан бастау алады. Ықыластың шығармашылығын жалғастырып, байытып, біздің дәуірімізге жеткізген Д.Мықтыбаев пен Ж.Қаламбаев болды.
Осындай ұлы тұлғалардан дәстүрлі қобызда ойнау өнерінің қыр-сырын қолма-қол, тікелей үйренген Ә.Жұмабеков, Б.Косбасаровтар қазіргі кезде елімізде қобыз өнерін жалғастырып, жас қобызшы өнерпаздар дайындауда қомақты үлестерін қосып жүрген ұлағатты ұстаздар.
Қобыз өнерінің дамуына үлкен үлестерін қосып, осы кезеңге дейін жетуіне себепші болған ұлы тұлғалар және кейінгі жалғастырушы-орындаущылар жөнінде Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, өнертану кандидаты К.А.Уразалиеваның «Ғасырлармен үндескен қобыз» атты еңбегінде толық мәліметтер берілген [6: 7-40].
Бағзы заманнан бастап ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан асыл қазыналарымыздың бірі – аты аңызға айналған Қорқыт ата күйлері. Ежелгі қазақтың «қара қобызы» біздің заманымызға өзімен бірге көптеген ән-күй туындыларын ала келді. Бізге жеткен қобыз күйлері ұлттың мәдениетімен, тарихи тағдырымен сабақтасып жатыр. Бірқатар қобыз күйлерінде жануарлардың ұлуы, құстардың қанат қағып ұшуы, аттың шабысы сияқты дыбыстарға еліктеу тән. Қобыз шығармаларының тағы бір тобы — эпикалық тақырыпқа арналған күйлер.
Қорқыт күйлеріндегі стильдік тұтастық, қобыздың тартылу үлгісі, өмірді бейнелеу тәсілінің тұрақтылығы, сөз жоқ, жеке тұлғаның қолтаңбасын айқын аңғартады. Қорқыт ата күйлеріне терең философиялық тебіреніс, элегиялық көңіл-күй мен майда қоңыр лиризм тән. Күйші қобызы бірде тағдырдың қайғы-мұңын шертіп, ботадай боздайды, бірде мәңгілік өмір мен сұлулық жырын төгіп, аққудай сызыла сұңқылдайды. Қобыздың дыбыс бояуы қоңыр, мұңды, кейде қайғыға толы адам дауысын елестетеді.
Қорқыт күйлеріне тән тағы бір ерекшелік – оларда әуендік байланыс, бір-бірмен сабақтастық бар. Бір күйдегі нақыш-саз екіншісінде ашық және жасырын түрде де қайталанады. Олар әрбір күйде кейбір ырғақтары, фактуралық сілемдері өзгеріп, түрленгенімен саздық байланыс үзілмейді.
Қорқыт баба күйлері – формасы өте күрделі емес, қарапайым, қысқа сарынды шығармалар. Басқа күйлерімен салыстырғанда, «Қоңыр» және «Қорқыт» күйлері көлемдірек, формалары күрделі. Қорқыт мұрагерлері атақты қобызшылар Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтың репертуарынан алынған бұл шығармалардан орындаушылардың күй желісін байытып, өрнек-нақыш қосып, өңдегені байқалады. Әсіресе, Жаппас Қаламбаев орындаған «Қоңыр» күйінен оның өзіндік қолтаңбасы анық аңғарылады. Дегенмен, Қорқыттың стилі жоғалып кетпеген, қайта өңі ашылып, айқындала түскен [7: 9].
«Қоңыр» күйіне жеке тоқталып, оның қыл қобыз бен прима қобыз аспаптарында орындалуының айырмашылығы мен ерекшеліктерін салыстырмалы түрде саралауға болады.
«Қоңыр» күйінде қыл қобызда орындалатын, өзіне ғана тән, көптеген тәсілдер кездеседі. Бір-бірінен желісі үзілмей сабақтасып жататын бірнеше сарыннан тұрады. Күй — шоқтығы биік, парасат пен адамгершілікке, өмір жайында толғанысқа толы болып келеді.
Қорқыттың «Қоңыр» күйін ҚР Мәдениет қайраткері, қыл қобызда орындаушылықтың дәстүрлі үлгісін жалғастырып келе жатқан белгілі қыл қобызшы А.Д.Қазақбаев прима қобызға фортепианоның сүйемелдеуімен өңдеп түсірген. Аталмыш күйдің қыл қобыз бен прима қобызда орындалу ерекшеліктерін А.Д.Қазақбаевтың өңдеген үлгісімен салыстырамыз. Қорқыт күйлерінің көбісі басынан бастап соңына жеткенше екпіні мен ырғақтық өлшемдері өзгеріп тұрады. Сол жағынан келгенде күйді прима қобызға өңдегенде А.Д.Қазақбаев күйдің негізгі әуенін, мазмұнын сақтап, бірақ өлшемдеріне біршама өзгерістер енгізген.
Мысалы, күйдің түпнұсқасы 2/4 өлшемде басталып, басында ысқыш қос ішекте қатар жүреді. «Ре» ішегіндегі «соль» нотасын төртінші саусақтың ішкі ет жағымен ұстап тұру керек те, «соль» ішегінде негізгі әуенді орындау керек.
Мысал 1:


Осы әуен екі рет қайталанады және екеуінде де бір октавада ойналады. Күйдің бесінші және оныншы тактісіндегі он алтылық ноталарда жүретін иірім прима қобыз нотасында квинтольмен берілген. Ал, прима қобызға өңделгенде күйдің басында фортепианоның он төрт такті кіріспесі бар, ары қарай қобыз әуені кіші октаваның «ля» дыбысынан басталып, былай өрілген:
Мысал 2:

Әуеннің екінші қайталануы прима қобыздың регистр мүмкіндігіне байланысты бірінші октавада, бірақ секунда төмен орындалады.
Мысал 3:

Бұл әуенді күйдің кіріспесі деп қарастыруға болады, ары қарай қыл қобыз нотасында тональдік d moll-дан G dur-ға ауысады және екпіні жылдамдатылады.
Мысал 4:

Ал прима қобызда тональдік ауыспайды, күйдің басынан аяғына дейін g moll тональдігінде жүреді.
Күйдің негізгі бөліміндегі тақырыптың дамуы әуендік жағынан құрылымын сақтаған, бірақ ырғақтық өлшемдері екі аспапта әр түрлі боп берілген. Мысалы қыл қобызда негізгі әуен екі ішекте ауысып, қатар жүріп отырады.
Мысал 5:

Ал прима қобызға өңдегенде негізгі әуен «ля» ішегінде жүреді де, «ре» ашық ішегі қатар алынып, бурдонды дыбыс беріп тұрады және ырғақтық өлшемдері төмендегідей берілген.
Мысал 6:

Негізі қыл қобыз күйінде тональдік d moll-дан G dur-ға екі рет ауысады, яғни, күй G dur тональдігіндегі дәл осы әуендік сарынның қайталануымен аяқталады.
Қорқыт абыздың күйлерінің дамуы бір-біріне ұқсас, ырғақ пен әуенінің қосарлана қайталануынан құрылған. Олар ырғақ әуені жағынан әуезді, сазды, философиялық мән-мағынасы терең шығармалар.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда халқымыздың ұлттық өнерін дамыту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылып, жақсы іс-шаралар өткізілуде. Еліміздегі арнайы балалар музыкалық мектептерінде, жоғарғы оқу орындарында қыл қобыз және прима қобыз аспаптарын оқыту әдістемесі бір жүйеге келтіріліп, оқытылуда, сонымен қатар осы аспапты үйренуге, оқуға келетін кішкентай бүлдіршіндер санының артуы – қобыз өнерінің болашағының жарқындығын көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Жумалиева Т., Ахметбекова Д., Қоспақов З. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы. - Алматы, 2005. - 486 б.
2. Қорқыт ата энциклопедиялық жинақ, аңыздар мен күйлер. Сейдімбек А. Қорқыт аңыздары, - Алматы, 1999. - 798 б.
3. Бекенов У. Күй табиғаты. Тереңнен толғап сыр тартқан. - Алматы: Өнер, 1981. -173 б.
4. Кузембаева С., Егинбаева Т. Лекции по истории казахской музыки, Казахская инструментальная музыка, - Алматы, 2005. - 270 с.
6. Уразалиева К.А. Ғасырлармен үндескен қобыз. - Астана: Елорда, 2006. - 134 б.
7. Жарқынбеков М., Қорқыт. Елім-ай. - Алматы: Өнер, 1987. -47 б.