Егеменді елімізді? ерте?і біздер


«Егеменді еліміздің ертеңі-біздерміз»
Мен Алла жазса, мектепті бітіріп, өмір атты кемеге жолдама алғалы отырған өреннің бірімін. Бұл біреулер үшін қуаныш, біреуге өкініш. Себебі енді ес жиып, айналаға ойлы көзбен карайтын шаққа жеттік. Алдыңғы буын ағаларымыздың ерлік істерін жалғастыратын есею деген кезеңге аяқ бастық. Қазақта «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала он бесінде жаспын дер» деген.Мен де зулап жатқан өмір ағысынан қалмай алға жылжи бергім келеді.Ұстазым келіп Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы ізденіп,жазамыз дегенде қатты қуандым. Менің қуанышымның өзіндік себептері де бар. Мен де барша адамзат баласы сияқты тарих сахнасында зұлмат жылдар деген атпен қалған соғыс үнінің енді естілмеуін тілеймін. Жүрекке ызғар шашқан сол жылдарда біреудің ардақты әкесі,біреудің жалғыз ұлы, біреудің сүйікті қызы қаза тапты. Қан майданда жауына қарсы тұрып,жан берген бабаларымыздың өлмес ерлігінің арқасында бүгінгі жарқын болашаққа жеттік. Бірақ сол азаматтардың кейбіреулерінің есімдері аталмай, үнсіз жатыр.Бүгінгі менің кейіпкерім сол тарихта ізі жоқ, жүрген жолы бар, құрмет жоқ, құрмет тұтар еңбегі бар, асыл азамат жайлы болмақ. Ұлы Отан соғысының ардагері , кейіннен Еңбек Ері Чожиков Ахмет Әмірбайұлы. Тамырын тереңнен жайған ақсақалдың ұрпақтары жауқазындай көктеп, өрісін кеңге жайып, әр қиырда еңбек етіп жатыр. Қарапайым ғана қатарда жүрген ұстазым Куланда Ахметқызының әкесінің өмір тарихын қағаз бетіне түсіруге бел байладым.Ой елегінен өткізе келе, мақтан тұтар атамды таныстырып, өмір жолын тізбектеп көрсетсем деймін. Чожиков Ахмет Әмірбайұлы 1917 жылы 7 мамыр күні Алматы облысының Алакөл ауданы Ұялы аулында дүниеге келген. Руы –Семізнайман ішінде жаңбыршы. Ата-анасы қарапайым адамдар. Заман ағымына қарай сол кездегі 7 кластық мектепті тәмамдаған. Октябрь революциясынан кейін 1934 жылы Мақаншы ауданындағы «Қызыл Ту» колхозына мүше болып, еңбек жолын бастайды. 1937-1938 жылдары «Қызыл Ту» колхозында бригадир қызметін атқарады. 1938-1939 жылдары Алматы облысының Талдықорған қаласында 1 жылдық бухгалтерлік оқуды оқып, аяқтайды. 1939 жылдан 1941 жылдың 21 маусымына дейін «Қызыл Ту» колхозының есепшісі қызметін атқарады. Жасынан жігерлі, жұмысқа епті ағамыз, өмірдің қандай қиыншылығынан болса да қайпайтын. Оның ақкөңіл, қайсар мінезін көз көрген қариялар жыр ғып айтып отыратын. Рақымжан ақсақал: «Ахмет арамыздағы өжеті еді, соғысқа да бірінші болып кетті» дейді естелігінде.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда әскерге шақырылады. 1941-1946 жылдары соғыстың басынан аяғына шейін соғысқа қатысты. Соғыстағы ерліктері үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен, ІІ дәрежелі ”Ұлы Отан соғысы” орденімен, ІІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды. 1946 жылы еліне қайтады. Туған жеріне келіп, еңбек жолын жалғастырады. Мен неге осы кісі жайлы жазып отыр деген сұрақтар да туындауы мүмкін. Әрине, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Жылдар көмескіленіп,аты аталмай ,сарғайған қағаздардың түкпірінде жатса да, кейінгі ұрпақ сандықтан суырғандай қайта жаңғыртып жатыр.
Чожиков Ахмет Әмірбайұлы 1946-1950 жылдары Семей облысы Мақаншы ауданыныдағы «Қызыл Ту» колхозының председателі болды. 1950 жылы Кировка колхозында председательдік қызметке тағайындалып,1953 жылдың 20 декабріне дейін қызметін жалғастырады. 1954-1958 жылдары Семей облысы Мақаншы ауданыныдағы Сталин атындағы “Коммунизм жолы” колхозында председательдің орынбасары болды. 1958-1959 жылдары осы колхоздың председателі болып тағайындалады. 1959 жылдан КПСС партия мүшесі. 1959-1961 жылдары Бахты совхозының шаруашылық бөлімін басқарып, директордың орынбасары қызметін атқарады.1961-1967 жылдары «Бахты» совхозын басқарады.
1967-1976 жылдары Фрунзе атындағы колхоздың шалғайдағы Көктал аулында бригадир қызметін үлкен абыроймен атқарды. 1966 жылы “Еңбек Қызыл Ту”,1973 жылы “Октябрь революциясы” орденімен, 2 медальмен марапатталды. 3 мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президумының “Құрмет грамотасымен”, Қаз.ССР кәсіподақтары Президумының “Құрмет грамотасымен” марапатталған. 1973 жылы Фрунзе атындағы колхоздың “Құрмет кітабына” аты жазылған. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қатынасушысы, жарыс жеңімпазы белгілерінің иегері.Қарапайым ауылда туып-өскен Ахмет Әмірбайұлы елмен бірге есейіп, еңбекте шыңдалып, ел басқару ісіне аянбай тер төкті. Осы жылдар аралығында зайыбы Наушарбанмен бақытты ғұмыр кешіп, 11 баланы тәрбиелеп өсірген өнегелі әке ретінде көпшілікке үлгі-өнеге бола білді. Балаларының барлығы да жоғары білімді. Қазіргі кезде әке тәлім-тәрбиесін алған ұрпақтары әртүрлі мамандық саласында қызмет атқаруда. 1978 жылы Мақаншы аулында өмірден озды. Туған елінің бақыты мен бейбіт өмірін сақтаудағы ерен еңбектері үшін көптеген наградаларға ұсынылды.Бар байлығым, бақытым-балаларым деп тілейтін Ахмет ақсақалдың бар арманы орындалғандай. Көңілі дархан даласындай кең, келген қонақты құшақ жая қарсы алатын алпауыт адамның атын бүгін аузыма алып, өзім де бір марқайып қалғандай боп отырмын. Неге десеңіз? Көз алдыма елестетіп те қоям.Тоя тамақ ішіп, барға мастанып жүрген бүгінгі кейбір жастарға осынша атақ пен даңқ берсе, жер басып жүре алмай қалар ма екен , әй қайдам... Келешектен жақсылық күткен қазақ дейтін маңдайы жарқыраған еркін елдің ұланы боп жүргеніме тәуба етемін. Елімнің гүлденуі үшін еңбек етіп, маңдай терімді төгіп, өз үлесімді қоссам деймін. Тек еліміз аман, аспанымыз ашық, көк байрағымыз биіктен көрінсе екен деп соғады менің жүрегім.(Осы награда мен медалдарын мен қызы Куланда Ахметқызынан сұрап алып сіздерге дәлел ретінде жиберіп отырмын)
Жазған: Жиимбаев Бауыржан Үсенұлы
Жетекші: Омаргазина Роза Муктарқызы