Баяндама: Инновациялы? технологияларды ?олдануды? тиімділігі


Білім беру жүйесінде инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігі
Раисова Р.Б.қазақтілі мен әдебиетінің мұғалімі, «Винное орта мектебі» КММ
Глубокое ауданы Винное ауылы
«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының негізі –жоғары интеллектуалды жастарды жан-жақтылыққа тәрбиелеу, олардың потенциялық деңгейінің көтерілуіне үлес қосу. Сондықтан мұғалімдер қауымының алдына өте үлкен міндет жүктелді. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі –жаңа технология негіздері болып табылады. Жаңа технологиямен оқытудың негізгі мақсаты –баланың ашылмаған қабілетін ашу, дамыта оқыту, белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімділігін күшейту, іздендіру, пәнге қызығушылығын арттыру.
Тіл үйрету- күрделі іс болғандықтан, әр сабақта ең тиімді деген тәсілді таңдай білу, баланың тіл үйренуге талпынысын оятып, қызығушылығын тудыра білу- әркімнің қолынан келе бермейді. Ол шығармашыл ұстаздың сан жылдар бойғы тынбай еңбек етуін талап етеді. Міне, сондықтан тіл үйретуші әрбір ұстаз үздіксіз іздене отырып, әр сабағында инновациялық технологияларды қолдану арқылы нәтижеге қол жеткізуге ұмтылуы керек. Тіл үйренушіге қажетті білім беру «инемен құдық қазғандай» аса жауапты да қиын іс. Әсіресе, өзге тілді шәкірттерге ана тілімізді үйретуде тер төгіп жүрген мұғалімдерге мұны естен шығармаған абзал. Бір сөзбен айтқанда, ізденуін тоқтатқан мұғалімнің сапалы білім беруі мүмкін емес. Бұл жөнінде әдіскер-ғалым Қ.Қадашева мынадай тұжырым жасайды: «Оқытушы сабақта үйренушінің үнемі іздену қабілетін арттыратын ең қажетті сабақ үлгілерін ұсынып, уәждеме тудыратын әдістерді ұтымды қолдануға әрекет жасауы керек» [1]. Әр сабақ айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым, тілдесім сияқты әрекеттерден тұратындығы белгілі. Қазіргі кезде тіл үйретуде жаңа технологияларды қолданбай сабақ өткізу мүмкін емес. Мұғалім сабақта тиімді деп санаған тәсілдерін әр түрлі көрнекі құралдардың көмегімен жүзеге асырады. Сабақта интербелсенді тақтаны қолдану тіл үйренушіге үлкен көмегін тигізеді. Дегенмен интербелсенді тақтаны ұтымды қолдану мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Өкінішке орай, интербелсенді тақтаны қолдану кейбір мұғалімдердің арманы болып жүр. Бұл тығырықтан шығудың да шешімін шебер ұстаздар тапты. Атап айтатын болсақ, біздің мектепте интербелсенді тақтаны теледидармен алмастырдық. Шағын мектеп болғандықтан, бала саны аз сыныптарда теледидарды сабақта қолдану өте ұтымды.
Қазақ тілі сабағында оқушы қызметін белсендіру негізінде педагогикалық технологиялардың бірі –деңгейлік саралап оқыту технологиясын, соның ішінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қараевтың «Үш өлшемді әдістемелік жүйесі» білім беру технологиясын қолданамын. Деңгейлік тапсырмалар әр оқушының шамасына, біліміне қарай қарапайымнан күрделіге қарай сатылы түрде орындалатын, ойлау, сөйлеу қабілетін дамытатын, жеке көзқарасын қалыптастыратын, ізденімпаздыққа баулитын жұмыстар жүйесі.Бұл технологияның тиімділігі мен ерекшелігі: оқушының білімі нақты бағаланады; белсенділігі артып, қызығушылығы оянады; ой еңбегі жетіледі; белгілі бір нәтижеге жеткенін іштей сезеді; өзіне деген сенімділігі артады; шығармашылық деңгейге дейін жетуге ұмтылады. Ж.Қараевтың деңгейлік саралап оқыту технологиясы мынандай төрт түрге бөлінген: репродуктивті, алгоритмдік, эвристикалық, шығармашылық. Деңгейлік тапсырмалардың алғашқы үш деңгейі мемлекеттік стандарттың міндетті деңгейін құрайды. Төртінші деңгейде шығармашылық тапсырмаларын мұғалім жеке баланың қабілетіне қарай өзі құрастырады. [2]. Аталған технологияны сабақта қолдану өте тиімді. Әр сабақта деңгейлік тапсырманы орындаған белсенді оқушылар шығармашылық деңгейде тақырып бойынша шығарма жазу, ойтолғаныс, пікір, эссе жазу тапсырмаларын қиындықсыз орындайды. Осындай деңгейге жеткен оқушылар тілдесімге еркін қатысып, тіпті аудан, облыс, республика көлеміндегі әр түрлі сайыстар мен олимпиадаларда жүлделі нәтиже көрсете алады. Атап айтатын болсам, оқушыларым шығармашылық деңгейге жетіп, дарынды оқушылар қатарынан көрініп жүр.
Сонымен қатар,«Қазақтың Қанипасы» атанған аңыз ұстаз Қ.О.Бітібаеваның әдіс-тәсілдерін өз сабақтарымда қолданатынымды айтқым келеді. Қазақ әдебиеті сабақтарында графикалық органайзерлерді: Венн диаграммасын,дара диаграмманы, қос диаграмманы, уақыт тізбегін, хикая картасын, балық қаңқасын тірек кестелерді ұтымды пайдалану оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттырады.
Оқушыны жан- жақты дамыту мақсатында өз тәжірибемде бірнеше технологияларды қолданамын. Кембридж университетінің әдістемесін қолдану мақсатында жеті модульді ықпалдастырудың маңызы зор. Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану өте ыңғайлы да тиімді. Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз, ол:
-Шыңдалған ойлау, кез келген даму деңгейіне байланысты мәселелерге сын көзбен қарау;
-Күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешім қабылдауға құштарлық;
-Үйрету мен үйрену бірлігінен, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің сеніміне негізделген құрылым. «Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясы үш кезең бойынша қолданылады:
Қызығушылықты ояту. Мақсаты: бұрынғы бар білімді еске түсіру,белсенді ойлауды жүзеге асыру,жаңа сабақты игеруге дайындық, бар білім мен игерілетін білім арасына көпір салу. Қолданылатын стратегиялары: «Психологиялық жаттығулар», «Кіру парағы», «Ассоциация құру», «ББҮ кестесі», «Деңгейлік тапсырмалар», «Т кестесі», «Бағдаршам», «Семантикалық кесте», «Ой топтастыру», «Ой қозғау», «Раундробин». Бұл кезеңде оқушыларға қойылатын сұрақ: Не туралы білемін деп ойлайсың?
Мағынаны тану. Мақсаты: жаңа тақырыппен танысу, сұрақтарға жауап іздеу, білімді кеңейту, жүйелеу,тақырыпты ашу. Қолданылатын стратегиялары: «Аялдамамен оқу», «ДЖИКСО», «ТСО қолдану», «жуан,жіңішке сұрақтар», «Болжау кестесі», «Венн диаграммасы», «Сұқбат», «Қос жазба күнделігі», «Кластер», «Кілт сөздерді табу», «Өз миыңды суретте», «Рөлдік ойын», «Аквариум», «Бірлескен жоба». Оқушыларға қойылатын сұрақ: Не білдің? Не ұқтың? Қандай ереже шықты? Қайда қолданасың?
Ой толғаныс. Мақсаты: алған білімді талдау, толықтыру, тиянақтау, ізденіске жетелеу, ортаға салу, қорытындылау, жаңа білімге болжау жасау. Қолданылатын стратегиялар: «Синквейн», «Шығу парағы», «Эссе», «РАФТ», «Бағалау парағы», «ББҮ», графикалық органайзерлер. Оқушыларға қойылатын сұрақ: Не алдың? Не жасай аласың?
Осы кезеңдердің ұтымды өткізілуі мынадай нәтиже береді:
-Оқушылар басқалармен қарым қатынас жасай береді;
-Басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға;
-Өз ойын топ алдында ашық айта алу, қорғай білуге;
-Керек кезде өз көзқарасын өзгертуге үйретуді, дамуын қамтамасыз етеді;
-Ең бастысы оқу мотивациясы өзгереді, өз бетінше ізденуге үйретеді, сабаққа қызығушылығы артып, балалардың белсенділігі өте жоғары болады. [2]
Орыс мектептебінде қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдаланамын. Бұл технология баланың ойлау, сөйлеу, тілдесу, оқу, жазу қабілетінің қай деңгейде екеніне көз жеткізіп, кездескен олқылықтарды дер кезінде түзетуге мүмкіндік болады. Мысалы, «Маған ұнайтын университет» тақырыбын өткенде, оқушылардың мәтінді оқи отырып, тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім дағдылары дамытылады. Оқылған мәтін барысында оқу түрлерін салыстырып, өзінің таңдаған университеті туралы айтады.
Дарынды және талантты балалармен жұмыс нәтижесін әр түрлі мектепшілік, аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатыстырылады. Көшбасшылық қасиетке ие әр сыныпта оқушылар баршылық. Оларды басқа оқушылар сыйлайды, сенеді. Сын тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалану арқылы оқушының функционалдық сауаттылығының қай дәрежеде екеніне көз жеткіздім. Қазіргі таңда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту - басты міндет болып отыр. 2012 жылғы 27 қаңтардағы Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында 5 жылдық ұлттық жоспарды қабылдау міндеті қойылған. Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау. Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр.Тек білім ғана бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыра алады. Сондықтан да мұғалім сапалы білім, салиқалы ой - өрісі кең тұлғаны қалыптастыруы үшін 45 минуттық сабағын қазіргі заманғы білім берудің жаңа технологияларын қолдана отырып өту керек. Осы жерде орыс педагогы А.С.Макаренконың «45 жыл мұғалім болса да 45 минуттық сабағына дайындалып келу керек» деген нақыл сөзін еске алуға болады. Мұғалім оқушыны тек қана мектептің бағдарламасымен шектеліп қалдырмай, теориялық білімдерін практикалық жұмыстармен, өмірмен байланыстыра білуге үйрету керек. Осындай әдіс - тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланған мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.
Жалпы қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдаманы ұсынуға болады:
1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу;
2. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;
3. Мемлекеттік тілде ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау;
4. Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету;
5. Оқушыларды өзгермелі өмірге бейімделуіне үйрету;
6. Оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытуы;
7. Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуы;
8. Қазақ халқының салт –дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеуге баулу;
«Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында инновациялық технологияларды қолданып, оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту» мәселесі бойынша бірнеше жыл жұмыс атқарып келемін. Оқушының сауаттылығын дамыту үшін, тиімді технологияны таңдап алдым. Сабақта сын тұрғысынан ойлау технологиясының тиімді тәсілдерін қолдана отырып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздім. Оқушылардың сауатты оқып, жазу, сөйлесу, мәтін құрастыру, өз ойын жеткізу сияқты дағдылары қалыптасты. Сабақта берілген тапсырмаларды еш қиындықсыз орындай алады. Кез келген сабақта берілген мәтінмен толық жұмыс жасалғаннан кейін, мәтін соңы жұмысы, яғни ойтолғаныс жазады. Тәжірибелі ұстаз әдіс- тәсілдерді өзі ойлап, ұтымды қолданады.Мысалы, сабақта Блум таксономиясы арқылы ұйымдастырылған тапсырмалар алдын ала іріктеліп алынған әдістер арқылы жүзеге асырылады. Осындай жаңа технологияларды сабақта қолдану нәтижесінде сыныптарда білім сапасы 56-65% -ға дейін өсті. Аудандық, облыстық «Мемлекеттік тіл менің тілім», «Махамбет оқулары», «Жарқын болашақ», олимпиадаларда оқушыларым жүлделі орындарды иеленді. Білім – теңіз, мектеп – кеме. Мұғалім – мектептің жүрегі. Білім нәрімен сусындап, оның құпиясын аша білу – күрделі де қиын іс. Осы білім теңізінде еркін жүздіру – бала жанының бағбаны мұғалімнің іс-әрекеті. Мұғалімнің бір-біріне және ешкімге ұқсамайтын сабақтары келер ұрпақты заман талабына сай оқытып, тәрбие бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қ.Қадашева . «Қазақ тілін оқыту әдістемесі». «Мұрагер» 2005
«Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде», №12 2007, №1 2012