Тарихы мен та?ылымы мол білім ордасы


Тарихы мен тағылымы мол білім ордасы
Құрманалина Ш.Х. – п.ғ.д., професор,
Ж.Досмұхамедов атындағы
педагогикалық колледждің директоры
Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж тарихына тереңірек үңілсек, 1877 жылы Оралда әскери реалдық училище – қазіргі педагогикалық колледж орналасқан ғимаратта өз есігін ашқан екен, бұнда 18 қазақ баласы оқыған. Осы оқу орнының жанында 2-3 жылдық жоғарғы оқу орындарына түсу үшін дайындық курстары да қызмет істеген. Сол 18 жастың бәрі түгелге дерлік кейіннен жоғарғы білім алып, жаңа ХХ ғасырдың басында елге оралып, қазақ жұртының рухани, саяси басшылары болып танылды. Халел, Жаһанша Досмұхамедовтар, Нұрғали Ипмағамбетов, Сабыржан Сарықожин, Шабақгерей Көсепқалиев, Жалмұхамед Суюнтуров, Иса Қашқынбаев т.б. “Алаш” қозғалысының белсенді қайраткерлері болып, ұлт-азаттық қозғалысының тарихи төрінен орын алғандар. Облыста мұғалімдер дайындау үшін аталмыш Оралдағы әскери реалдық училище жанынан 1903 жылы мұғалімдер дайындайтын курстар ұйымдастырылған. 1913 жылы мұғалімдер семинариясы шеңберінде жұмыс атқарған, бұл оқу орны 1919 жылы Кеңес үкіметінің декретіне сәйкес өз жанынан 3 жылдық педагогтер дайындайтын курстар ашады да, келесі – 1920 жылы педагогикалық техникум дәрежесіне ие болып, облыс көлемінде кәсіптік орта білім беретін мемлекеттік оқу орны болып қалыптасады. Орал қаласында 1932 жылы педагогикалық институт ашылғанға дейін педагогикалық техникум Республика аймағында ең беделді және жұмысы ерекше бағаланған мұғалімдер дайындайтын оқу орны болған. Оның өткен белестері Қазақстанның тарихымен тікелей тағдырлас. Туған еліміздің жас ұрпағын алғаш әріппен танытудан бастап, ағартушылық қызмет биігіне дейін көтерілген сан алуан азаматтар есімі осы оқу орнымен тікелей байланысты. Семинариядан педагогикалық техникум, училище аталып, кейін уақыт талабына сай колледж болған білім ордасы бүкіл халық кешкен жоқтық пен жоқшылықты, сонау сұрапыл соғыс пен соның салдарынан қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңін де бастан өткізді. Даланың сауаты мен парасатын өз өмірінен биік қойған жас ұрпақ тәрбиесіне жанкештілікпен қарайтын қаршадай қыз-жігіттердің қасиетті ұясы болды бұл білім ордасы.
Адамзат ұрпағын тәрбиелеу – адамның ең басты борышы деп ұққан талай тәлімгер ұстаз осы ұядан қанаттанып ұшқаны бұл күнде бүкіл аймаққа мәлім. Қазіргі заманда да ауыл, қала мектептерінің алғаш әліппесін ашқызатындар, әр сәбиге алғаш білім баспалдағын бастыратындар - осы колледж түлектері.
Ел басына күн туған 1941 жылғы Отан соғысы өз қасіретін училищеге де тигізді. Жоқтық пен қиындықты көрген, қасірет пен өкініш көз жасына булыққан жастар білім алуын тоқтатқан жоқ. Олар енді есейіп, ұстаз атанып, елде қалған жауынгерлердің балаларының басынан сипап, келер ұрпақ тәрбиесін өз мойындарына алатын мұғалімдер болып өсіп шықты. Ол жылдары училище қазіргі Жалпақтал (Фурманов) елді мекеніне көшірілген еді.1945 жылы Орал қаласына қайта көшірілген училище іргесі бекіген, орны кеңіген, 1957 жылға дейін, Батыс өлкенің көршілес облыстарына да мұғалім кадрлар даярлайтын елеулі оқу орнына айналды. 1957жылы Орал педагогикалық институтының ашылуына байланысты училищені институттың бір факультетіне айналдырып жапты, бірақ училище ұстаздарының көбі өз жұмыстарын институтта жалғастырған. Сонымен, Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж - бастауыш білім негізін қалауды 1903 жылдан алғашқы мұғалімдерді дайындаған педагогикалық курстардың, 1913 жылы мұғалімдер семинариясының, оның негізінде әрі қарай қалыптасқан 1920 жылдан педтехникумның, 1937 жылдан педагогикалық училищенің, отызыншы-қырқыншы жылдары Жалпақталда қызмет істеген педкурстар мен педучилищенің, 1957 жылы педагогикалық институттың факультетіне айналып, жабылып, он жылдан кейін, 1967 жылы қайтадан ашылған педагогикалық училищенің Заңды мұрагері.
Ұжым әр жылдар еңбек еткен құрметті ұстаздарын жас ұрпақ есіне салып отырады. Сонау 1913 жылдар семинарияны басқарған қарапайым мұғалім С.М. Уксукбаев, 1937 жылдарда училище директоры К.И. Ашгалиев, 1949 жылы П.П. Иванов, 1953 жылы Н.П. Бойко, Ж.С. Самарханов сияқты еңбегі елге белгілі ұстаз басшылар есімі тарихта қалды, сондықтан олардың есімдерін келешек ұрпаққа жеткізу біздің тікелей борышымыз.
1967 жылы қайтадан ашылған педагогикалық училищенің директоры болып Н.О. Оразов тағайындалды. Училищеге институтқа кеткен мұғалімдер: Р.Н. Абдульманов (оқу бөлімінің меңгерушісі 1959 - 1972 ж.), В.С.Авдеенко, М.А.Ахмедзьянова, В.П.Попов, Г.В.Мизинов, С.К.Алиева, В.А. Ажмуханова т.б. қайта оралды.
Педтехникум мен педучилищенің түлектері И.Д.Цибриенко, М.М.Шеслер, Ж.Ж.Курмангалиева, И.Г.Красников, У.М.Искакова, Н.М. Неусыпова және педагогикалық институттың ең жақсы түлектері: Л.И.Белоконь, В.Д.Пылаева, Г.В.Макеева, А.Е.Белоусова, И.Г. Волейко, Н.О.Стрелец, Ә.З. Казтуганов, К.С. Джумасоват.б.жұмысқа шақырылды. 1970-1971 оқу жылында училищеге жас мұғалімдер: Р.Т.Молдагалиева, Н.В.Дедейко, Л.М.Кажгереева қабылданды. Жұмыс сұраушының бірі мен едім, бірақ маған жүктеме жоқ болды, келіссең лаборант боласың, онда да сынақтан өту үшін, директор Нигмет Оразович Оразов қабылдау комиссиясының жұмысына көмектесуге шақырды. Маған жұмыс болса болғаны, ешкімді танымаймыз, екі чемоданмен Алматыдан жолдасым екеуміз Оралға келген кезіміз. Алғашқы танысқан мұғалімім Жәмила Зағыпаровна Құрманғалиева қабылдау комиссиясының хатшысы екен. Содан кейін математикадан қабылдау емтиханына шақырды, негізгі математик Әлібек Зейнулович Қазтағановпен таныстырды. Ә.З.Қазтуғанов емтихан кезінде оқушылардың жауабынан гөрі менің сауатымды тексерген сияқты болып көрінді, себебі менің алдыма келгендердің көбі ештеңе білмейтін болып шықты. Ол қосымша сұрақ беріңіз, мүмкін білетін болар, тіпті қаттысыз ғой, деп араласып отырды. Бірақ менің сауатымды мойындады, риза болды. Маған лаборанттың қызметі ғана тигенін естігенде завучке барып, қосымша жүктеме беруге ұсыныс жасағанын естідім. Қуанышта шек жоқ, лаборанттың жұмысын көп түсінген жоқпын, бір шкаф оның ішінде отыз шақты кітаптар, музыкалық, техникалық құралдарға жауапты болдым, ол түкте емес, сондықтан өзім сұранып завуч Рахым Назмитдинович Абдульмановқа көмектестім. Қарап отыру деген қанға сіңбеген қасиет, ойламаған жерден мен завучтің көмекшісі болып, сабақ кестесін құру, оны сызып, жарға ілу, техникалық құралдармен жұмыстану, бастауыш кластағы математиканы оқытудың әдістемесінен сабақ беруге үйрендім. Менің алғашқы ұстазым Рахым Назмитдинович Абдульманов, өзі математик, әдістеменің атасы, көп сөйлемейтін, таңертеңнен кешке дейін тынымсыз жазатын, сауатты, жас маманның білім деңгейін, еңбекқорлығын бағалап, физика, математика, ТСО деген пәндерден қосымша жүктеме берді, бақылауға алғанын сездім, мен ол кісіні қабағынан түсінуші едім. Сол жылдың екінші жартысында жан жақты сыннан өтіп, толық жүктемеге қолым жетті, ол тек қана білімнің, еңбектің, беделді ұстаздардың әділдігінің арқасында деп ойлаймын. Алғашқы мұғалімдік қадамның бастамасы қазіргі колледж жағдайында істелініп жатқан жаңалықтардың негізін қалауға көмектесті, себебі олардың еңбекқорлығы, жүректерінің жылуы, әділ де алғыр ұсыныстары, бір сөзбен айтқанда адами қасиеттері, кәсіби шеберліктерінен мен көп үлгі алдым. 1974–1975 жылдары училищенің директоры болып Л.И. Белоконь тағайындалды, ол бұған дейін бір жыл завуч болып істеген еді. Сауатты, іскер басшы жанына іскер көмекшілер жинайтыны белгілі ғой, жастардың ішінен ол кісінің көзі маған түскен екен, мен ол кезде келгеніме төрт жыл болған, әдіскерлікке енді қалыптасып, білгенімнен білмегенім көп, бірақ үйренуден қашпайтын жас маманмын. Лидия Ивановна маған ең қиын жұмыс, педагогикалық практиканының меңгерушісі бол деп ұсыныс жасады. Училищеде екі ғана мамандық, бастауыш мектеп мұғалімі мен мектепке дейінгі бөлім, балалар бақшасының тәрбиешісін дайындаймыз. Мен қиналып, келісім бермедім, себебі балалар бақшасының жұмысын білмеймін деп. Ол кезде қалада қазақ мектептері жоқ, практиканың түрлері орыс мектептерінде, орыс тілді балалар бақшаларында ұйымдастырылады. Қазақ топтарына өте қиын болды, студенттерге де, мұғалімдердің өздеріне де. Әдістемені қазақша беріп, оны орысшаға аударып, балалардың алдына барғанда орысша сөйлеуге ұялып, талай қиындықтарды көтеруге тура келді. Лидия Ивановна да айтқанынан қайтпай, практиканы екіге бөліп, мектеп бөлімін маған жүктеп, мектепке дейінгі бөлімді В.Ф. Пылаева берді. Менің ұйымдастырушық қабілетім, әдіскерлік тәжрибемнің басталуына жол ашқан ұстаздарымның бірі Лидия Ивановна Белоконь, жұмыста қатал, әділетті, адам танитын, сыншыл, достықты қадырлейтін тұлға. Бірақ ол денсаулығына байланысты мұғалімдік жұмысқа ауысып, көп жылдар бірге оқу үрдісіне жаңалықтар енгіздік. Л.И. Белоконь кейін екі-үш жыл директордың міндетін С.Ж.Жанғалиев атқарды.1978 жылы мен Облыстық білім жетілдіру институтына, бастауыш класс кабинетінің меңгерушісі қызметіне ауыстым. 1979 жылы училищеге М.Қ.Құрметов директор болып келді, 1981 жылы оқу өндірістік практика жұмысы бойынша орынбасарлыққа шақырды. Институтта істеген үш жыл мен үшін үлкен практикалық тәжрибе алаңы болды, училищеде теориялық білім беріп, іс жүзінде оны пайдалану кезеңдерін бақылау, әдістемелік көмек көрсету, мұғалімдердің білімін көтеру, түрлі курстар ұйымдастыру, өзіңнің біліміңді көтеру, республика деңгейінде авторлармен танысу, конференция, семинарларға қатысып, пікір алмасу т.б. Сол жылдары шағын жинақталған мектептердің проблемалары, алты жасар балаларды мектеп алды оқыту сияқты өзекті мәселелер қарастырылды. Осындай үлкен тәжрибе жинақтап, ғылыми жұмысқа бетбұрыс жасап жүрген кезде, өзімнің бастапқы ұяма қайта баруға келісім бердім, себебі институттың жұмысы қызық, перспективасы мол болғанымен, жанұяға ыңғайсыз, командировкасы көп, балалар кішкентай болды. 1981 жылы училищеге қайтып келгеннен Мышпиық Құрметовичпен 1986 жылға дейін, 1986 – 1993 жылдарда И.Г. Волейконың орынбасары болып, еңбектенген жылдарыма ризамын. Мышпиық Құрметович Құрметов, Ираида Григорьевна Волейко колледж тарихының әр бетіне із қалдырған, адамгершілік қасиеттері жоғары, білімді, парасатты басшылар болды. Осы оқу орнында бүкіл ғұмырын өткізген, 20 жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі болған, көптеген жас мамандарға көмек берген, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Рахым Назмеддинұлы Абдульманов, ардагер ұстаздар, орынбасарлар Т.И.Кураксина, Л.К.Дубинина, Вячеслав Викторович Малуша, есімдерін асқан ілтипат, зор құрметпен атауға болады. 1993 жыл өте қиын жыл болды, Ираида Григорьевна ауырып, бір жылға жуық ауруханада жатты, училищеде 1990 жылдан бастап эксперимет жүргізіліп, үлкен ғылыми жұмыс басталған болатын, әрі завуч, әрі директордың міндетін орындау қиын болды, бірақ ұжым мүшелері менің бастамаларыма түсіністікпен қарап, қолдап, көмектесті. 1990-1992 жылы Т.Қ.Оспанов, Ш.Х.Құрманалина т.б. авторлығымен шыққан 1-4 сыныптарға арналған «Математика» оқулықтары қала мектептерінде сынақтан өтті. 1992-1995 жылдары теориялық оқу мен педагогикалық практиканы интеграциялау мүмкіндіктерін және оның кадрларды даярлау сапасына әсерін зерттеу мақсатында «Педагогикалық колледж жағдайында оқу-тәрбие үрдісі мен практиканы интеграциялау» тақырыбында эксперимент жұмысы аяқталды. “Бастауыш класс мұғалімі” және “Негізгі мектептің ағылшын тілі мұғалімі” атты интеграцияланған оқу жоспары әзірленіп, еңбек нарығының талаптарына сәйкес бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаумен қатар қосымша мамандықтар бойынша шағын комплектілі мектептерге мұғалімдер дайындау жұмыстары жүргізілді, ол менің ғылыми жұмысымның негізгі идеясы еді. 1993 жылы «Атамұра» баспасынан 3 кластың «Математика» оқулығы шығарылып, авторлық бағдарламалар жасақталды. Колледж базасында эксперименттік жаңа оқу жоспары бойынша бастауыш сынып мұғалімі және ағылшын тілі мұғалімін даярлау басталды.
1994 жылы 8 маусымда Қазақстан Республикасы Білім министрлігі коллегиясының шешімі негізінде Қазақстандағы училище, техникумдар колледж статусына көшті, бірақ Орал педагогикалық училищесі жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижесінде мақсат-міндеттері, мазмұнын өзгерту арқылы колледж статусын иеленді, 24 жыл училищеде лаборант, мұғалім, директордың өндірістік, оқу жұмыстарының орынбасары болған Шалқыма Құрманалина 1994 жылы 15сәуірде колледждің алғашқы директоры болып бекітілді. Колледж қабырғасында «Шағын комплектілі мектепте оқыту ерекшеліктері» атты алғашқы республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. «Еңбекке баулу» мамандығы ашылды. Эксперименттік зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1996 жылы «Колледж жағдайында бастауыш класс мұғалімдерін дайындауды жетілдірудің дидактикалық негізі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалды /Ш.Х.Құрманалина/.
1997 жылы ұрпақтар сабақтастығына, қоғамдық – саяси жұмыстарға, салттар мен дәстүрлерге барынша мән беріп, оқу-тәрбие жұмыстарына аға ұрпақ өкілдерін қатыстыру үшін, сол кездегі қала әкімінің орынбасары, қазір Парламент депутаты Е.И.Тарасенконың қолдауымен ардагерлердің “Ұрпақтар сабақтастығы” клубын ұйымдастырдық, оның төрағасы болып атақты өлкетанушы, алғашқы Жаханшаның атын шығарған Жайсаң Ақбай сайланды. Оның мүшелері - соғыс, еңбек ардагерлері, аудан, облыс деңгейіндегі басшылар, еліне еңбегі сіңген, елінің, туған жерінің патриоттары - Бисен Жұмағалиев, Мұхтар Ажғұлов, Мағруфа Батықова, Жайсаң Ақбай, Бижан Иманғалиев, Ізтелеу Сапаров, Халам Суюншалиев, Қияс Өтенов, Қарасай Тұрашев, Федор Скобочкин, Әділғазы Нұрғалиев, Нәбия Сейткалиева, София Иманғалиева, Құрманғали Юсипов, Ғалия Юсипова т.б. аға– апаларға педагогикалық ұжым атынан басымызды иіп ризашылығымызды білдіреміз. Клуб мүшелері колледждің күнделікті, ағымдағы тынысына өз үлестерін қосып, түрлі қоғамдық, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерге байланысты студенттермен, ұстаздармен кездесулерге қатынасып, ақыл-кеңес береді, өмір тәжірибелерін ортаға салумен айналысады. 1997 жылы клуб мүшелерінің қолдауымен “Саяси қуғын сүргіндерді еске алу” жылы қарсаңында колледж ғимаратының жарына он үш “Алаш” қозғалысының белсенді қайраткерлерінің есімі жазылған естелік тақта орнатылды. Бұл ғимарат – Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов сияқты білім мен өркениетке халқын бастаған асылдарымыздың ізі қалған тарихи ескерткіш.
Тарихи деректерге қарағанда Жаханша қазіргі педколледж орналасқан ғимаратта бірнеше жыл оқыды, оқуда жақсы үлгерімге қолы жетіп, кейіннен жоғары білім алуға жолдама алды. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, Күнбатыс Алаш орда билігінің көсемі белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың есімін колледжге беру жөніндегі “Ұрпақтар сабақтастығы” клубы мүшелерінің ұсынысын колледж ұжымы қабыл алып, 1998 жылдан бері оқу орны Ж.Досмұхамедов есімімен аталады. Клуб мүшелерінің бастамасымен колледж жанына – Ж.Досмұхамедовке ескерткіш қойылып, көше аты да берілді.
Колледж - бүгінгі таңда жаңа заман талабына сай жыл сайын ғылыми-әдістемелік ізденістерімен есейіп өсіп келе жатырған оқу орны. Оның түлектері он төрт мамандық бойынша негізгі мектептердің 5-9 кластарына да сабақ беруде. Білім деңгейлері университеттер жобасымен үндес, жан-жақты тәрбие жұмыстары да жолға қойылған, іргетасы ерте қаланған оқу орнына лайық қалыпты еңбек етіп, қазір зейнеткерлік демалыста жүрсе де ұжым тірлігімен бірге болып, жастарға жеке бастарының үлгі өнегелері арқылы тәрбие беріп жүрген ардагерлер: Н.И.Петренко, А.В.Бисенғалиева, А.М.Исмурзина, Ұ.М.Искакова, Н.И.Мусина, Б.С. Ғұбашева, З.Н.Хусаинова, Л.И.Белоконь, А.Н.Белоусова, А.А.Иргалиева, Р.Г. Гайсина, Н.В.Ворожейкина, К.С.Жұмасова, А.Б.Кыдырниязова, В.В.Зеленцов, О.С. Матвеева, Қ.Ш.Даулетова, Р.Т.Молдағалиева т.б. ұжым атынан ризашылық білдіремін. Қазіргі колледжде қызмет ететін ұстаздардың арасында 25 Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озаты, 1Қазақстанға еңбек сіңірген қызметкер, 1 педагогика ғылымының докторы, 4 педагогика ғылымдарының кандидаты, 4 магистр, 38 жоғарғы категориялы ұстаз, 26 бірінші категориялы мамандар еңбек етуде.
Колледж оқытушылары оқу үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық, компьютерлік, жобалап оқыту, интерактивтік, қашықтан оқыту, модульдік оқыту, ойын, дамыта оқыту, оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту, деңгейлеп-саралап оқыту, Интернет-технология т.б. технологияларды қолдануда.
Колледжде ғылыми мектеп ашылған, бұл мектепте педагогтардың біліктілігін арттыруға, кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға, функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруға бағытталған ғылыми практикалық семинарлар, шеберлік кластар ұйымдастырылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде колледж жанында 2000жылдан бері 12 педагогикалық мамандықтар бойынша базалық Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. БжҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті, оның басшысы Қ.Қ.Бөрібеков сияқты білім саласының патриоттары, құзырлы мамандары отырғанда, сауатты, білімді басшылар өседі, оқу орындарының, педагогтардың статусы жоғарылайды, сенім, жауапкершілік әрі қарай дамуға ықпал етеді. Сондай сенім арқалаған ұжымда, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу бағдарламалары жасақталып, республика көлемінде сынақтан өтіп, оқытушылардың 60 пайызы оқулықтар пен оқу-әдістемелік кешендер, 86 типтік бағдарламалардың авторы болды. Колледжде үш мамандық бойынша жасақталған мемлекеттік стандарттар республика колледждеріне таратылуда. 2010 жылдан бері «Бастауыш білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары бойынша қаладағы әлеуметтік серіктестер, №17 мектептің директоры Т.К.Рудич, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің директоры Е.Қ.Сапаров, №44 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры А.М.Темирханова, осы мектептің директорының бастауыш сыныптар бойынша орынбасары Г.Ж.Қарағойшина, №19 мектептің директоры А.Г.Жұмағалиева, №34 гимназияның директоры Ж.К. Батыров т.б. мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларын құрастырған авторлар мен сарапшылардың қатарында. Болашақта барлық серіктестерімізбен бірігіп, модульдік оқу жоспарлары, білім беру, оқу бағдарламаларын барлық пәндер бойынша енгізу, тестілік тапсырмаларды түрлендіру сияқты күрделірек жұмыстарды да бастап жатырмыз.
Біздің саладағы тағы бір жаңалық заманауи кәсіптік стандарттарды әзірлеуге, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртуға Дүниежүзілік банк қарызының есебінен «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Мысалы, 0100000 «Білім» бейіні мамандықтары бойынша 5 кәсіби стандарттар 3 тілде жасақталып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің келісімімен, ҚР БжҒМ 2013ж.31 шілдеде №310 бұйрықпен бекітілді, ҚР Әділет Министрлігінде тіркелуде. Кәсіби стандарттар жұмыс берушілер, әлеуметтік серіктестермен бірігіп дайындалды. Жалпы көп жылдан бері болашақ мұғалімдерді дайындауда, педагогикалық училищенің, колледждің облыс көлемінде өсіп, дамуына, оның түлектерінің бәсекеге қабілетті, сапалы біліктілік алуына, жұмыс берушілер, әлеуметтік серіктестермен практиканың түрлерін ұйымдастырып, әдістемелік көмек көрсетуге, материалдық базаның дамуына қолдау жасаған облыстық білім басқармасының, оның І.С.Сапаров, Л.К.Есеев, Қ.Қ.Юсипов, Е.С.Катаев, Е.Қ.Қасымбеков, С.И.Бисембаева, М.Л.Тоқжанов, А.Ә.Мыңбаева сияқты басшыларының басқарудың тиімді тәсілдерін қолдану арқылы жетістікке жетелеу жұмыстарының нәтижесі деп бағалаймыз. Колледж ұжымы қалалық, аудандық білім бөлімдері, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшыларына, Облыстық білім жетілдіру институты ұжымына, № 1, 2, 6, 7, 10, 17, 19, 21, 30, 33, 36, 34, 40, 43, 44 мектептердің, № 10 «Балапан», №34 «Балбұлақ», «Жұлдызай », «Еркемай » бөбекжайларының ұжымдарына қоғам талабына сәйкес құзыретті жаңа мұғалім дайындауда бірлесіп істеген жұмыстарына шексіз алғысын білдіреді. Әріптестік ынтымақтастықтың ізгі қарым-қатынасы, сенім, табысқа жетелейтін атмосфера ұжым мүшелерінің өмір нормасына айналған.
Орта білімнің сапасы мен бәсекеге қабілетін арттыру үшін көптілді оқытуды енгізу жұмыстарын жалғастырудамыз. Дана бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім ал» - деген өсиет қалдырған. Ендеше, бұл игі бастамаға бүкіл қоғам болып қолдау көрсетуіміз керек. 2011 жылы English Discoveries Online бағдарламасы шеңберінде «Ағылшын тілін оқытудың біріктірілген кешенді жүйесі» базалық, орта және тереңдетілген деңгей бойынша 17 мультимедиялық оқу курсы алынып, оқу үрдісіне онлайн режимде енгізілуде. 12 оқытушы сертификат иеленіп, 4 оқытушы тренер ретінде бекітілді. Колледжде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан əрі – АКТ) орталығы, ақпараттық білім беру ортасы (АБО), электронды оқу залы, компьютерлік техникалық құралдар паркі, теледидар арқылы оқыту белсенді қолданыс табуда, 222 компьютер бар, 2 жылжымалы компьютер класы, 7 мультимедиялық проектор, 6 интерактивтік проектор, 1999 жылдан бері 2 электрондық оқу залы, 8 компьютерлік класс, 10 мультимедиалық кабинет, интерактивтік тақталар, ActivBoard, ActivStudio, ActivTablet, Activout, жылжымалы экрандар, Work-Center мини-типографиясы қолданылуда, барлығы колледжішілік желіге және бүкіләлемдік Интернет желісіне қосылған.
Біздің салаға енгізілген тың бағыттардың бірі– түлектердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыздандырудың маңызды факторы - кәсіби дайындық деңгейін тәуелсіз бағалау. Ағымдағы жылғы түлектердің кәсіби даярлық деңгейін бағалаудан 5 мамандық пен 8 жұмысшы біліктілігі бойынша 100% түлектер өтті, оның барлығы 100% сәйкестік сертификаттарын алды.
Колледж даму режимінде жұмыстануда. Колледжді дамытудың тұжырымдамасы мен бағдарламасы жасақталған. Колледжде инновациялық эксперименттік және тәжірибе жұмыстары жүргізілуде. Студенттер мен оқытушылардың біріккен ғылыми-әдістемелік қызмет жүйесі ұйымдастырылған. Біздің колледжде студент өзінің білім алу құқын өз қажеттілігі, қабілеттері және мүмкіндігіне сәйкес іске асырады.Оқытушы өзінің кәсіби және жеке сапаларын дамытады.Басшы оқытушы мен студент қызметінің табысты болуын қамтамасыз етеді.Ұжым шығармашылық ізденіс режимінде жұмыс істейді. Біз студентті тұлға деп есептеп, оған өз бетімен білім алуға жағдай жасаймыз, оқу-танымдық қызметін ұйымдастырамыз, жеке тұлғаны студенттердің таңдаған пәндері арқылы қосымша дамытамыз. Білім сапасының белгіленген деңгейіне нәтижеге жеткізетін құзыреттілік пен ұлттық құндылықтардың ұстанымдарына негіздеу арқылы жетудеміз. Білім сапасын арттыру барысында қойылып отырған талаптарға сәйкес, жоғары деңгейдегі ғылыми әдістемелік жұмыстарды орындауда көш басынан көрініп, ыстығы мен суығына, кемшілігі мен жетістіктерін абыроймен бөлісіп жүрген әріптестерім: Р.Ғ.Шынтемирова, Р.А.Сулейменова, Қ.И.Қазтуғанова, А.Ө.Ғалымова, Г.Ғ.Жұмалиева, Ш.С.Набидоллина, М.С.Мұқашев, И.К.Кальченко, А.Б.Искалиева, Л.М.Кабенова, А.Ж.Мухсинова, А.Ж.Қайырлиева, Г.С.Нұрашева, Б.Қ.Набидоллин, Қ.Ү. Жақыпова, Н.А.Хамзин, Н.Г.Спашева, Б.К.Сәпиев, А.К.Утебаева, А.Б.Джамбаева, Ә.Б.Журекенова, Ә.О.Хамзина, М.С.Жұматова, С.Е.Капсиева, М.Р.Сарипова, А.Қ.Оразғалиева, Р.Қ.Ильясова, А.О.Кидришева, Г.Т.Жолдасова, К.Ж.Жидебаева, Ә.М.Сағидуллина т.б. колледждің мерейлі мерекесі қарсаңында шын жүректен алғысымды білдіремін. Колледж мерейтойы қарсаңында көтеріңкі көңілмен оқу орнының тарихына қысқаша шолу жасап, істелінген істер баршылық, алдымызда алынбаған асулар, шешілмеген проблемалар да жеткілікті, бірақ біз қай мезгілде де шәкірттеріміз, ұшырған түлектеріміз, ұжымның әрбір мүшесінің жеткен жетістіктерімен мақтанамыз.
Колледж ұжымы 100-жылдық мерейтой қарсаңында «Біздің кәсіби шыңдалуымыздағы колледждің ролі» атты әр жылғы колледж түлектерімен кездесу- дөңгелек үстел, мамандықтар презентациясы, «Ең үздік кафедра» байқауы, арнайы пәндерден олимпиадалар, спорт олимпиадасын өткізужоспарланды. Оқу топтарында Ж.Досмұхамедовтың өмірі мен қызметі туралы «Тағылымы мол тарихи тұлға» сыныптан тыс ашық шаралар, студенттердің әр жылғы түлектермен кездесу шаралары, «Мен және менің колледжімнің тарихы» тақырыбындағы студенттік конференция ұйымдастырылды. Оқытушыларға арналған шеберлік сабақтары, «Ең үздік әдістемелік құрал», «Ең үздік дипломдық жоба, «Ең үздік курстық жұмыс» байқаулары, электрондық оқыту бағдарламаларының презентациясы өткізілді.
Мерейтой жылындағы ең үздік оқу тобы, спорт тобы, техникалық шығармашылық көрмесі, декоративті және қолданбалы өнер көрмесі, ең үздік жатақхана бөлмесі, ең үздік жатақхана секциясы, суреттер байқау-көрмесі, шығармалар байқау-көрмесі, «Менің колледжім» тақырыбында өлеңдер байқауы жоспар бойынша жүргізілді.
100-жылдық мерейтойдың бірінші күні республикалық «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу» атты ғылыми-практикалық конференцияның ашылуымен басталды, ашық микрофон «Колледж түлектері сөйлейді...» бағытында түрлі мамандықтар бойынша елеулі тәжрибелерімен ерекшелінген түлектер панорамалық сабақтар көрсетті. Күннің екінші бөлігінде, колледждің 100-жылдығына арналған салтанатты жиын өткізілді.
Екінші күні түске дейін Ж.Досмұхамедов ескерткішіне гүл шоқтарын қою, 5 түрлі тақырыппен секциялар отырысы ұйымдастырылды. Түстен кейін Панелдік дискуссия. «Білім берудегі инновациялар» шеберлік-кластары: 1-зал. «Қазіргі инновациялық технологиялар - болашақ мамандардың кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру негізі». 2-зал. «Көптілділік - колледж жағдайында мұғалімдерді дайындаудың негізгі құралы». 3-зал. «Жеке тұлғаны қалыптастыру моделі – ХХI ғасыр көшбасшысының рухани құндылықтарының негізі» т.б. мерекелік шаралар өткізілді.