Ашы? т?рбие са?атыны? та?ырыбы: Кітап-сар?ылмас рухани ?азына


Тақырыбы: Кітап-сарқылмас рухани қазына
Мақсаты: оқушыларды кітапты сүюге, оны оқуға, таза ұстауға тәрбиелеу. Кітаптың шығуы, қалыптасу тарихы жайлы түсініктерін, білімге деген құштарлығын ояту. Кітаптың адам өміріндегі аса маңызды рөлін түсіндіріп, оқушылардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру. Ақын-жазушылар жайлы кеңірек мағлұмат білуге ықпал ету. Ақыл, ой-өрісін дамыту.
Барысы:
1 Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім: -Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі« Кітап-сарқылмас рухани қазына» атты ашық тәрбие сабағымызға қош келдіңіздер!
«Кітап - ғылым, тілсіз мұғалім» деп тегін айтпаған. Бүгінгі сабағымыз бәрімізді білімді, өнерлі болуға тәрбиелеп, талай ғажайып істердің құпиясын ашуға көмектесетін ақылдың кені - кітапқа арналады.
Кітап - алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы
Кітабыңның әр бетін,-деп Мұзафар Әлімбаев атамыз жырлағандай, әдеби кітаптар мен оқулықтар - білім көзі, рухани қазына.
2. Ой қозғау
Мұғалім:-Ал, балалар, қазір жалпы кітап туралы не білетіндеріңізді анықтайық. -Кітап деген не? (балалардың жауаптары тыңдалады)
Мұғалім:
- Кітап туралы айтқандарыңызды толықтырып өтейін. Кітап деп 48 беттен кем емес, сыртқы мұқабасы қалың баспа шығармасы. Кітап - араб тілінен енген сөз, «жазу» дегенді білдіреді. Кітапхана сөзі де араб тілінен енген сөз, «жазу қоймасы» дегенді білдіреді. Кітапхана - қоғамдық мекеме, ал кітапханадағы кітаптар оқырмандардың игілігі.Үйлеріңде де кітаптар бар, соны меншікті кітапхана деп аталады. Кітапханаға кітаптар түрлі жолмен келеді: сатып алу, жаздырып алу, тегін сыйға тарту. Кітапханаға келіп түскен кітаптар, кітапшалар, журналдар - халық мүлкі, мәдени байлық болып табылады. Кітап ұрланбауы және ауысып кетпеуі үшін штамп басылады. (3және 17- бетіне). Кітапханадан кітапты тек жаздырып қана аламыз. Егер кітапты ұрлап алатын болсаң, заңға тартыласың.
Сендерге қоятын тағы бір сұрағым: -Кітапты кім ойлап тапты? Осы туралы қандай мағлұмат бере аласыздар?
Балалар қағаздың, кітаптың шығу тарихы туралы мағлұмат береді.
Мұғалім:
Кітап - адамның дүниетанымын, білімін ғана кеңейтіп қоймай, рухани дүниелерді оятып, адамды адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелейтін тілсіз ұстаз. Оқыған-тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. Дана халқымыз: «Батыр бірді, білімді мыңды жығады», - деп бекер айтпаса керек. Ендеше, осы кітаптың қазір қалай дайындалатыны туралы бейнематериалды тамашалайық.
«Кітап қалай жасалады екен?» бейнематериалы көрсетіледі.
Мұғалім: Міне, көрдіңдер ме, бір кітапты дайындау үшін бірнеше адам күні-түні жұмыс жасайды. Осындай еңбектің арқасында өмірге келген кітаптың өзі бізге қонаққа келіп отыр, қане, кітапты ортаға шақырайық.
Кітап кіріп келеді.
Кітап:
«Менің атым - кітап. Мені халық сүйеді, құрметтейді. Мен де адамды жақсы көремін. Мен адамға өмір сүруді үйретемін. Балаларды білімді, өнерлі болуға баулимын. Ойлаңдаршы, балалар! Мен сонда кіммін? Мен-адамның досымын. Мен сенің қолыңда тұрмын. Мені жыртпай, күтіп ұста. Мен-сенің сенімді досыңмын»
Мұғалім: Кітапхана - білімпаздар мекені дейміз. Өздерің де кітапханаға келіп, кітап алып оқып, кітаптан керекті тапсырмаларыңды алып дайындаласыңдар, білімдеріңді жетілдіресіңдер. Кітаптар кітапханада сақталып қана қоймайды, мұнда олар өмір сүреді және өздерінің оқырмандарының үйіне қонаққа барып тұрады. Кітаптың да түр-түрі бар. Ол туралы бізге мектебіміздің кітапханашысы Айнұр апайымыз айтып береді.
Кітапханашы сөйлейді.
Мұғалім: Кітапханашы апайымызға маңызды мағлұматтар бергені үшін көп рахмет! Ендігі кезекті балалардың кітап туралы өлең жолдарына береміз.
1-оқушы
Елімізде атақты,
Ғалым ата не тапты?
Бәрін, бәрін білесің,
Оқи берсең кітапты.
2-оқушы
Білім алар көп адам,
Жақсы нәрсе жоқ одан.
Қызыға кеп оқимын,
Кітап көрсем жаңадан.
3-оқушы
Адамның досы-кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған мүлкі.
Ақылшы жанға серік, жол бастаушы,
Ақыл ой қазынасы, өмір көркі.
4-оқушы
Тұрады басын құрап әріп неден,
Басталған білім басы әліппеден.
Қарасақ, шалқар теңіз, түпсіз мұхит,
Оқысаң кітап сырын ашып терең.
5-оқушы
Оқулықты мектебің, берер саған теп-тегін.
Білмейсің-ау сен бірақ, қаншама еңбек кеткенін.
Оқулығың құралың, жағар білім шырағын.
6-оқушы
Баса алмайсың ешқашан, онсыз алға бір адым.
Оқулықты құрметте, кітап ұста кірлетпе,
Кішілерге табыс ет, дақ түсірмей бір бетке.
Мұғалім:
-Балалар, біз сияқты кітаптар да ауырады екен. Олар қандай аурулармен ауырады, оны бүгін бізге келіп отырған кітап дәрігері айтып береді. Дәрігер апай, сізге сөз кезегі беріледі.
Дәрігер сөйлейді
Мұғалім:
Сол зиянды ауруларды болдырмау үшін мынадай ережелерді сақтау қажет.
Есіңе сақта!
-Кітапты ұқыпты, таза ұстау керек.
-кітапты төсекте жатып, ас ішіп отырып оқыма.
-кітапты жыртуға, сызуға болмайды.
-кітапханада шулауға болмайды, өйткені басқаларға кедергі келтіресің.
-кітап бетіне сурет салма.
Мұғалім:
-Балалар « Кім тапқыр?» ойынын ойнайық. Жұмбақтар шешейік.
Қабат-қабат қапталған,
Асыл сөзбен апталған.
Парағы бар сөйлейтін,
Ол қазына өлмейтін. Бұл не? (кітап)
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы.
Жас балаға нұр шашқан
Қандай кітап тіл ашқан? (Әліппе)
Тілі бар да,үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар,қаны жоқ
Сөйлейтұғын ішінен. Ол не? (кітап)
Мұғалім:
Алдарыңызда оқушы мен кітап айтысы:
Оқушы
Асыл ойдың иесі, Ғылымның жүйесі,
Қуанышты көңілдің, Баспалдағы өмірдің,
Жан азығым серігім, Ардақтамас сені кім?
Кітап
Күнде өсіп көңілім, көріктеніп келемін.
Көптің тауып керегін, кезінде айтып беремін.
Бірақ білмес парқымды, байқап жүрмін әркімді.
Оқушы
Әсерлемей, асырмай, айтып берші жасырмай,
Жан азығым, серігім, ренжіткен сені кім?
Кітап
Кейбіреулер ерігіп, бос жүруге зерігіп,
Бетімді менің ашады, әңгімеге басады.
Жолдарымды сызады, шырқымды да бұзады.
Мұнымен іс бітпейді, беттерімді бүктейді.
Көп жерімді жазады, қайшыменен қияды.
Налымаймын неге мен, бұл секілді пендеге.
Оқушы:
Сені сүймес адам аз, ақылды көп надан аз,
Ондайлардан түңілме, сені сыйлар түбінде.
Күш –білімде, білім-кітапта. Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек. Мектепте оқу керек, ал мектептен шыққан соң тағы да оқу керек.
Мұғалім:
Балалар,кітап туралы мақал-мәтелдер, нақыл сөздер айтып жарысайық.
1. Кітап оқығандыкі, білім тоқығандыкі.
2. Кітап алтын сандық
Іші толған қазына құт.
3 . Оқы, оқы, ойна, тоқы.
4. Кітап-ғылым, тілсіз мұғалім.
5. Күш білімде, білім кітапта.
Мұғалім:
Балалар енді кітаптың ата-аналары жайлы білейік.
1-сұрақ: Фамилиялары бірдей қандай қазақ ақын,жазушылардың,қоғам қайреткерлерін білесіңдер?(Тұманбай Молдағалиев, Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов, Сәрсен Аманжолов, Асқар Сүлейменов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Берік Шаханов)
2-сұрақ: Аттары бірдей қандай жазушыларды білесіңдер? (Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Құрманалин, Сәбит Мұқанов, Сәбит Дөнентаев, Сәбит Досанов)
3-сұрақ: Балалар ақыны,балалар жазушыларынан кімдерді білесіңдер? (Бердібек Соқпақбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қадыр Мырзағалиев, Абай Құнанбаев)
Мұғалім:
-Қазақстан азаматтары білімді,мәдениетті және өнерлі болуы керек. Ол үшін терең білім, ғылыми жаңалықтар, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітаппен тынымсыз еңбек етеді. Бірақ кейбір оқушылар кітапты күтіп ұстауды білмейді. Сол туралы көрініске назар аударайық.
Көрініс «Кітаптың мұңы»
Мұғалім:
-Кітаппен туыс болып келетін газает-журналдар да кітапханада сақталады. Бірақ айырмашылығы, газет-журналдар мерзімді басылымдар болып табылады. Яғни, оларда бір уақыт аралығындағы жаңалықтар басылып шығады да, уақыт өте келе өз маңыздылығын жояды. Ал кітаптар мерзімсіз басылым болып табылады. Яғни, қанша жыл өтсе де кітаптар өз маңыздылығын жоймайды. Біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз, өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылыми кереметтері де кітаптан табуға болады. Рухани білімнің, мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Кітап-талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтардың көзі. Осы кітапқа өз өлең жолдарын арнаған жас ақындарымызды ортаға шақырайық.
(Екі оқушы өздерінің ойынан ұйқастырып, ойлап, тауып жазып келген кітап туралы өлеңдер жолын ортаға салып айтады.)
Мұғалім:
-Мен сендерге келесі сұрақ қоймастан бұрын бейнематериалға назар аударайық.
«Менің атым Қожа» көркемфильмнің үзінді
-Бұл көркемфильм қалай аталады?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Мұғалім:
-Ия, бұл Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі негізінде түсірілген Абдулла Қарсақбавтың «Менің атым Қожа» көркемфильмі. Осындай кітаптарда басылып шыққан романдар, повестер, әңгімелер негізінде түсірілген басқа да көркемфильмдер де бар. Мысал ретінде М.Әуезовтің «Қараш-қараш», «Көксерек», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» повестерін айтуға болады. Ал Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» романы көркемфильмге арқау болатын қызықты шығарма. Осы шығарма негізінде келешекте жақсы көркемфильм түсірілетіне сенімдіміз.
Олай болса, кітап оқуға жол ашатын мектебімізге арнап, «Мектебім» әнін айтып тамашалайық.
Қорытынды бөлім.
Мұғалім: -Балалар,сендер бүгінгі тәрбие сағатынан өздеріңе пайдалы біраз мағлұматтар менн кеңестер алдыңдар деп ойлаймын.Бұдан да көп білгілерің келе ме? Ондай болса, кітапханаға жиі келіп, қызықты кітаптарды оқыңдар. Мен соңғы сөзді кітапқа бергім келіп отыр.
Кітап:
-Балалар, сендер мен туралы біраз мағлұматтар алдыңдар. Енді сендер менімен дос болып, күтіп ұстайтындарыңа сенімім мол. Мен де өз кезегімде сендердің білімді, оқуда озат, тәрбиелі, тәртіпті оқушы болуларыңа септігімді тигіземін. Кітапханада кездескенше, қош сау болыңдар!
Кітап шығып кетеді.
Мұғалім:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің кезекті жолдауында «Қазақстан әлемінің бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарынан лайықты орын алу үшін өзінің мәдениеті мен ғылымын, білімі мен білігін, рухани байлығымызбен елімізді айдай әлемге паш ете білу керек», - деген еді. Олай болса, кітаппен дос болайық, кітапхана оқырмандары көбейе берсін! Қош сау болыңдар!