Реферат ?аза? ?лтты? ойындары


Қазақ ұлттық ойындары
Жоспар:
Кіріспе
Қазақтың ұлттық ойындары-халқымыздың мәдени асыл мұрасы
2.1. Аңға, малға байланысты ойындар
2.2. Түрлі заттармен ойналатын ойындар
2.3. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар
2.4. Спорттық, той ойындары
2.5. Тоғызқұмалақ
Қорытынды
Пайданылған әдебиеттер
Кіріспе
Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады. Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады.Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген.Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, — Алматы: «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен». Ал енді, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты не- гізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған». [7]
2 Қазақтың ұлттық ойындары-халқымыздың мәдени асыл мұрасы
2.1. Аңға, малға байланысты ойындар
Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр.
Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.
Соқыртеке. Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған адамды – «соқыртекені» шы-ғарады. Шеңбер бойынша тұрған ойынға қатысушылар «соқыртекені» түрткілейді. Ол сол кезде түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуға тиіс. «Соқыртекенің» тыныш тұрған ойыншыны да ұстап алуына болады. Ұсталынып қалған ойыншы «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді. [1.34]
       Түйе мен бота.Ойын көгалды жерде немесе спорт залда өтеді. Балалардың санына шек қойылмайды. Бұл ойын орыс халқының «мысық-тышқан» ойынына ұқсас. Оның басқарушының нұсқауымен бір бала түйе болады, екіншісі ботаның роліне сайланады. Қалған ойыншылар өзара қолдарынан ұстап, шеңбер бойына қатарға тұрады. Түйе шеңбердің сыртында, ал ботасы ішінде қалады
Түйе шеңбердің сыртында жүріп ботасына үйге жүр дейді. Бота жоқ, үйге бармаймын дейді. Түйе ботасын әкетпек болып қуа бастайды. Ал бота шеңбер бойымен айнала қашады. Ойын шарты бойынша бота шеңбердің ішіне кіріп-шығып, еркін қозғалып жүре алады. Ал түйені аса еркіне жібермей, кей кездерде шеңбердін ішіне еркін кіріп-шығуына әртүрлі кедергілер жасалады, яғни шеңбер бойындағы ойыншылар қысып қалады. Ақырында түйе алдап жүріп ботасын колға түсіргенде, бота жібер дейді. Түйе жібермеймін дейді. Осы сәтте шеңбер бойында тұрған ойыншылар түйені қоршап, ұстап алып:- «шөк, шөк» деп түйені шөгеруге тырысады. Түйе оған көнгісі келмегенімен көпшілік болып шөгереді, яғни жүресінен отырады.
Содан кейін ойыншылар сапқа тұрып, кезек-тесіп ботадан бастап шөккен түйенін үстінен бір-бірлеп секіре бастайды. Ойын шарты бойынша түйе жүресінен екі колын жерге тіреп отырады да, үстінен секіргендерді орнынан козғалмай қолымен ғана ұстай алады. Осы кезде түйе үстінен секірген ойыншылардын кайсысын бірінщі ұстаса, сол түйенің ролін ойнайды да, екінші ұстағаны ботаның ролін ойнайды. Осылайша ойынды қайта жалғастыруға болады.
Түйенің үстінен секірген ойыншы оған колымен, болмаса аяғымен тиюіне болмайды. Түйенін үстінен секіргенде мүмкіндік болғанша алысқа түсуге тырысады. [5]
2.2. Түрлі  заттармен ойналатын ойындар
Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, епті жігіт, жаяу көкпар, жемекіл, жігіт қуу, жігіт ойыны, күзетшілер, күміс ілу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдік), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кімнің дауысы, таяқ жүгірту, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, түйілген орамал, шалма, шертпек, шілдік, хал қалай?
Алтыбақан. Бұл – жас-тардың кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, қыздар, жігіттер болып айтысып, бір-бірімен әзілдесіп көңіл көтеретін ойын-сауығы. Қазір де үлкен тойларда алтыбақан құрылады. Алтыбақанды құру мынандай тәсілмен жүзеге асырылады: алты бақанды сырықтың екі басын үш-үштен қосақтайды да мосы тәрізді етіп байлап тастайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиісті. Алты бақанды құрастырып болғаннан соң оның екі басына 3 қатар арқан байланады.  [2.83]
      Ақшамшық (сақина салу). Бұл – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны сақина салу, сақина тастау деп те айтады. Ойынға он –он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене оты- рып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің ала-қанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салған болып шығысымен, «Тұр сақинам, тұр», — деп, немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам орнынан атып тұруға тиісті, «Сақина менде», — деп. Оны көршісі ұстап алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді. Кейбір кітаптарда сақина тастау ақшамшық емес, ақшымшық деп те жазылып жүр.
       Ақсүйек. Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ ұтқан болады да, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын кезектесіп отырады. [3.112]
Сиқырлы таяқ. Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына келеді де, ойынның тәртібін түсіндіреді. Ойнаушыларды бірден бастап түгел нөмірлеп шығады. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты қоя береді. Аталған нөмір таяқты жерге құлатпай ұстап қалуы керек, ал таяқты ұстай алмай құлатып алса, онда айып тартады, яғни көптің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді. Ойынға қатысушылардың бәрі бір-бір реттен міндетті түрде ойнап шығулары керек, ал одан әрі ойынды жалғастыру-жалғастырмау ойнаушылардың өз еркінде. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді. [4.92]
2.3. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар
Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар: айгөлек, айдапсал, атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөріктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, біз де, егер…, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, қындық-сандық, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымақ, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, үй үстіндегі кім?, шымбике.Аударыспақ. Ол – қазақ, қырғыз халықтарының арасында кең тараған ойын. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Аударыспаққа үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалады. Оған он сегіз жастан асқан қарулы жігіттердің қатысқаны жөн. Аударыспақ ойынының ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Ептілікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты талап ететін спорттық ойын. [6]
Арқан тартпақ. Оны арқан тартыс деп те атайды. Бұл ойынның екі түрі бар. Біріншісі жазда көгал үстінде, екіншісі қыста қар үстінде ойналады. Жазда ойыншылардың саны 10 баладан көп болмаса, ой-ын қызықты болады. Ойынға ұзындығы 8-10 метрлік екі ұшы түйілген арқан әзірленеді. Оның тең ортасына белгі ретінде қызыл матаны байлап қояды. Ойынға қатысушы екі топтағылар өз жағында бойларына қарай сап түзеп, ойын бастауға белгі берілгенде арқанды өз жағына қарай тартады. Қыста он –он бес бала тартқанда үзілмейтін арқан таңдап алынып, үлкен адамның алақанының көлеміндей екі тақтайдың ортасынан өткізіліп, ортасына аққала үйіліп, екі жақ оны өзіне қарай құлату үшін тартады.
Айгөлек. Оны қыз-жігіттер екі топқа бөлініп, қаз-қатар тұрып, бір-бірінің қолынан ұстап тұрып ойнайды. Бір топтың ойын бастаушысы: «Айгөлек-ау, айгөлек, айдың жүзі дөңгелек, бізден сізге кім керек?», деп сұрайды. Екінші топтың ойын бастаушысы: «Айгөлек-ау, айгөлек, айдың жүзі дөңгелек, сізден бізге Ақерке керек!», — деп, бір адамның атын атап шақырады да, аты аталған адам бар пәрменімен жүгіріп келіп, шақырған топтың тізбегін үзіп кетуге тырысады. Тізбекті үзіп кетсе, ол топтан қалаған адамын алып кетеді, үзе алмаса сол топта қалып қояды. Ойын екі жақтың бірінің адамдары таусылғанша жалғаса береді. [2.117]
Ұшты-ұшты. Ойын бастаушы оған қатысушыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын, ұшпайтын заттарды араластырып айтады. Шарт бойынша ойнаушылар ұшатын заттарға ғана қолын көтеруге тиісті. Олар ұшпайтын затқа қолын көтеріп қалса, айыбына өз өнерін көрсетеді. Ойын бастаушы негізінен адамдарды былайша жаңылыстырады:— Ұшты, ұшты – тарғақ ұшты! (ұшады).— Ұшты, ұшты – жарғақ ұшты! (ұшпайды).— Ұшты, ұшты – тырна ұшты! (ұшады).— Ұшты, ұшты – тырма ұшты! (ұшпайды).
Жасырынбақ. Ойын, әдетте, жазды күндері ай жарығында, шөптесін алаңдарда, ал күндіз қора-қопсысы мол жерде, яғни жасыратын жері бар алаңдарда ойналады.Ойнаушылар көмбеге жиналғаннан кейін, саусақ санау әдісімен кезекшіні, яғни жасырынатын ойыншыларды іздеп тауып көмбеге әкелушіні тағайындайды. Осыдан кейін ойын басқарушы кезекшінің көзін басып тұрып дауыстап елу рет санайды да, қоя береді. Осы кезде ойнаушылар жасырынып үлгерулері керек. Кезекші жасырынған ойыншыларды іздеуге кіріседі. Жасырынған ойыншыларды ол іздей жүріп көмбе маңынан алыстамауы керек. Себебі, кезекші бірінші жасырынған ойыншыны көрген бетте көмбеге ойыншыдан бұрын келіп хабарлайтын болады. Егер кезекшінің көзіне бірінші түскен ойыншы көмбеге кезекшіден бұрын келсе, онда кезекші өзінің қызметін екінші рет қайталайды. Бұл жерде кезекші ұтылмас үшін, бірінші көрген ойыншының атын атап, мәселен, Бекбай деп дауыстап көмбеге қарай жүгіруі керек. Содан кейін асықпай басқаларын іздей бастайды. Тағы бір ескеретін жай: кезекші ойыншыны көрмейінше, атын атап дауыстамайынша, ойыншылардың өз бетінше көмбеге кетулеріне болмайды. [2.128]
2.4. Спорттық, той ойындары
Соңғы кезде қалып-тасқан ойындар: әріп таңдау, бригада, мейрамхана, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Бұлардың ішінде бірқатар ойындар спорттық, той ойындары болып саналады. Ал енді, қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар.
Алтын қабақ. Мергендер сайысы. Жігіттер садақ жебесін нысанаға әрі тез, әрі дәл тигізуге тиісті. Бұл сайыс үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалып өткізіледі. Алтын қабақ сайысының түрлері: жаяу немесе ат үстінен сы-рық басындағы теңгені атып түсіру, жоғары лақтырылған қалпақты, басқа да заттарды атып түсіру, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізу. Мергендер сайысының тағы бір түрі – жамбы ату, садақ тарту.Ат сайысы. Спорттық ойын. Оның түрлері: ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту, теңге алу, қыз қуу, қыз жарыс, сайысу т.б. Олар үлкен тойларда ұйымдастырылады. Сайысқа түсетін аттар алдын-ала жаратылады. Ат сайысындағы кейбір ұлттық ойындар Олимпиада ойындарының жоспарына енгізілген. [1.77]        Аламан бәйге. Мұнда жүйрік, жарыс аттар 25-100 шақырымдық қашыққа шабады. Оның жолында айналып өтетін көл, сай-сала, бел-белестер тәрізді кедергілі жерлер болуға тиісті. Аламан бәйге үлкен тойда, үлкен аста, торқалы тойлар мен зор мерекелерде жарияланады.
Теңге алу. Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабондоздық тәжірибені талап етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Бұрындары қазақ жігіттері атпен шауып келе жатып қолындағы қылышымен жерде жатқан тезекті түйреп алып көкке лақтырып жіберіп, оны жалма-жан қылышымен екіге бөліп шауып түсіретін.
      Қыз қуу. Ол – ұлттық ат спорты ойыны. Қазір бұл ойынның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстан-да қыз қуудың алғашқы спорттық жарыстары 1923 жылы өткізілді. Содан бері мерекелік бағдарламаларға енгізіп келеді. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт айналып қайтатын жерге дейін алдында атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюге тиісті. Бұл – жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігітті, оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені. [3.91]
Көкпар. Ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алғанда өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, мәз-мәйрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналған. Көкпар Орта Азия халықтарының да сүйікті ойыны. Көкпар жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес. Егер әр команда 5 адамнан болса, алаңның аймағының ұзындығы 300 метр, ені 100 метр; 10 адамнан болса, 500х200 метр; 15 адамнан болса 700х300 метр; 20 адам болса, 1000х500 метр. Көкпарда басы кесілген серке тартылады. [2.152]
2.5. Тоғызқұмалақ
      Тоғызқұмалақ — қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын.
      Тоғызқұмалақ ережесі. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.
Тақтаның жазу үлгісіндегі жалпы құрылысы төмендегідей:
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1
9 9 9 9 9 9 9 9 9 Қостаушы қазаны (0)
9 9 9 9 9 9 9 9 9 Бастаушы қазаны (0)
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1 Берілген диаграммаларда бастаушының отаулары мен ондағы құмалақтар мөлшері үнемі төменгі жағында орналасады.
       Жүріс жасау ерекшеліктері. Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесе қарсыластардың келісімімен анықталады.
1.Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен біреуін орнына қалдырып,қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады.
Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды.
Мәселен, жоғарыдағы тақтадағы алғашқы жағдайда бастаушы №3 отаудағы 9 құмалағын таратса, соңғысы қарсыласының №6 отауына барып түседі және ондағы 9 құмалақ соңғы құмалақпен 10 болып, ұтып алынады және қазанға салынады.
Сол кезде тақтада төмендегідей жағдай қалыптасады.
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1
9 9 9 – 10 10 10 10 10 (0)
9 9 9 9 9 9 1 10 10 (10)
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1  
2.Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады.
3.Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.
      Тұздық алу ережесі. Тоғызқұмалақ ойынында құмалақтан басқа ойында бір рет қарсыластың отауын ұтып алуға да болады. Оны ежелде – “тұзды үй”, қазіргі тілде – тұздық деп атайды.
4.Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде, қарсыластың екі құмалағы бар отауынатаратқан құмалағыңыздың соңғысын түсіру керек.
Сонда сол отауда қалыптасқан 3 құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, ойынның аяғына дейін сіздің меншігіңізге айналады.
Енді жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ, міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады.
Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Жазбаша түрде – Х деген шартты таңбамен белгіленеді. Мәселен, төмендегі диаграммаға қарайық.
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1
– 10 10 1 11 11 11 11 11 (0)
10 10 10 10 10 10 2 11 1 (12)
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1 Осы жағдайда қостаушы ойыншы №7 отаудағы 10 құмалағын тарату арқылы, соңғы құмалағын бастаушының №7 отауына түсіріп, ондағы 2 құмалақты үшеу етіп, осы құмалақтарды ұтумен қатар, осы отауға тұздық жариялайды. Сонда төмендегі жағдай қалыптасады.
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1
1 11 1 1 11 11 11 11 11 (3)
11 11 11 11 11 11 Х 11 1 (12)
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1 Ендігі кезде бүкіл ойын барысында №7 отау – қостаушының меншігіне айналады.
5.Тұздық ойында бір рет алынады және №9 отаудан ешқашан алынбайды.
6.Тұздық аттас отаулардан алынбайды.
Мысалы, жоғарыдағы диаграммадағы жағдайда қостаушы ойыншы №7 отаудан тұздық алды, енді бастаушы ойыншы ойын барысында бұл отаудан тұздық алуға қақысы жоқ.
         “Атсырау” ережесі. Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ таусыла бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері кеми береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірінің отауларында жүріс жасай алмайтын жағдай да кездеседі.
7.Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші таусып алып, жүріссіз қалуы – атсырау деп аталады.
8.Атсырауға ұшыраған ойыншының қарсыласы бұл жағдайда қосымша бір жүріс жасап,барлық құмалақтарды өз қазанына салып алады. Мысалы:
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1
1 1 1 Х 1 – – – – (78)
– – – – – – Х – 4 (76)
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1 Осы тақтадағы жағдайда жүріс бастаушыдан. Ол №9 отаудағы 4 құмалағын таратады.
Өз кезегінде қостаушы №1 отауға түскен 1 құмалақты жүреді. Бастаушы №9 отаудағы жалғыз құмалақты 1 отауға салады. Қостаушы кез келген отаудағы құмалақпен, мәселен, 1 отаудағы 1 құмалақпен жүріс жасайды. Сонда төмендегіше жағдай туындайды:
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1
1 1 1 Х 1 – 1 3 – (78)
– – – – – – – – – (76)
отаулар №9 №8 №7 №6 №5 №4 №3 №2 №1 Енді қостаушы отауларындағы 8 құмалақты қазанына салып, ойынның есебін жүргізеді.
Есеп 76-86. Қостаушы ұтты.
9.Егер “атсырау” жағдайында қосымша жүріс жүрілген кезде, құмалақтар амалсыздан қарсыластың отауларының біріне түсіп, жүріс беретін болса, ойын әрі қарай жалғаса береді.
Сонымен қатар ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса да, нәтиженің дәлдігі үшін ойынды соңына дейін ойнауы тиіс.
Қазіргі таңда республикада оның жеке қауымдастығы бар, облыс орталықтарында тоғыз-құмалақты үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған. [8]
Бүгінде Қазақстанда осы жұмыстардың ұйытқысы болып отырған танымал бірнеше азаматтар бар. Солардың ішінде тоғыз-құмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, вице-президенті Сардар Шәріпов пен «Таңғажайып тоғыз-құмалақ» кітабының авторы, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Мақсат Шотаев деген азаматтардың есімін атау тұрарлық.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері тоғыз-құмалақ жылдан-жылға дамып келеді. Бұл жерде жаңа құрылған тоғыз-құмалақ федерациясының ықпалы зор болып отыр. Бүгінгі таңда осы қауымдастықтың арқасында елдің түкпір-түкпірінде үйірмелер ашылып, тоғыз-құмалақтан жарыстар жиі өткізіліп келеді.
Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғыз-құмалақ жақсы насихатталып жатыр. Мәселен, Моңғолияда мектептерде тоғыз-құмалақтан олимпиада өтеді екен. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда. Сондай-ақ, көршілес Алтайда,Қарашай-Шеркеште, Сахада үйірмелер ашылып, Еуропаның бірнеше елдерінде тоғыз-құмалақ ойналып жатыр деген дерек бар.
Қазір әлемде тоғыз-құмалаққа ұқсас мысырлық калах, Шри-Ланкада олинда калия, қырғыздарда тогузкоргоол, африкалықтарда манкала, габата, абапа, нам-нам, бао, тамподуо, омвесо, маработ, тұрақты америкалықтарда аджи-бото, варри роунд және роунд, азиялықтарда сунгка, паллангули, гонгкак сынды ойындар бар.
Мәселен, Африкадағы Уганда елінің омвесо деген ұлттық ойыны бар. Оның тоғыз-құмалақтан ерекшелігі отау саны көп (32 отау) те бірақ құмалақ саны аз (64 құмалақ). Осы ойынды угандалықтар әлемдік интеллектуалдық ойындардың қатарына кіргізіп, одан жыл сайын біресе Америкада, біресе Англияда олимпиадалар өткізеді екен. Немесе Шри-Ланканың манкала типіндегі жеті отаулық олинда калия ойын түрін алайық. Белгілі тоғыз-құмалақ маманы Мақсат Шотаевтың айтуынша, қазір бұл ойын, Интернет арқылы жедел дамып келе жатыр. [9]
 
3. Қорытынды
Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған. Қазақ халқы- ұлт ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты тағы басқа қуаты молдылығын, білек күшін дененің сомданып шынығуын қажет етеді.
Сонымен бірге, бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені, ойынға қатыспай тұрып-ақ оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге қатысатын атты таңдап алады. Ол атты баптап, бағып-күтуге тура келеді, оның ішетін суы мен жейтін жеміне дейін белгілі бір мөлшерге келтіреді. Сондықтан, қазақтың ұлттық ойындары сауықтық жағынан ғана емес, ол-спорт, ол- өнер, ол- шаруашылық тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы.
Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтын табақ ату т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен тәжірибелік маңызға да ие болды.
Көшпелі қазақтардың өмір-салты денсаулыққа аса зор мән берген. Атқа міну өнері жас баланы сезімі мен денесін жаттықтырудың басты және ортақ дәстүріне айналды. Бозбала да, қыз бала да жастайынан аттың құлағында ойнауға бейімделді, соған тырысты.
Ойын-сауық тәжірибе мен тәсілдің еркіндігі, тапқырлық пен болжамның қиылысатын шебі, мұрат пен меженің тоғысқан шеңбері. Жарыссыз ойын, ойынсыз әзіл-қалжың бола берді. Ойын-сауық қара күш көрсететін озбырлық немесе біреудің намысын жыртатын қастандық емес. Ой өтімділігі мен сөз өткірлігі, шеберлер өз мәртебесін мойындатып жатады. Ойын серіктесті таба білуге, онымен тіл табысуға үйретеді. Ойында адам қарсыласының олқы және оң жақтарып дұрыс анықтауға ерекше мән береді. Оның күш қабілетін тура бағалау ережесіне енеді. Халқымызда қозғалмалы ойындардың түрі кең таралған.
Ұлтымыздың тұғыры мықты болуында ұлттық ойындардың ұмытылмай ойналып тұруы да өз үлесін қоспақ.
 
4. Пайдаланылған әдебиеттер
1. Құрманбаева  С.К. «Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі», «Алматы» 2004 жыл, 209 б.
2. Несіпбаев Б.К. «Ұлт мәдениеті мен өнері», «Білім» 2003 жыл, 198 б.
3. Атабаев А.С. «Ұлттық ойындар- халық мұрасы», «Кітап» 2006 жыл, 275 б.
4. Наурызбаев Ж. «Ұлттық мектептің ұлы мұраты», «Алматы» 1995 жыл,98б.
5. http://moodle.nci.kz/mod/resource/view.php?id=22146. http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=456747.http://www.tumba.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1948&Itemid=&ed=08ТӨРТ ТҮЛІК
Бабаларымыз төрт түлікке ерекше көңіл бөлген. Әрі ас-ауқаты, әрі киімі, әрі көлігі, қымызы – ем, әрі жегжат-жұратымен жасайтын алыс-берісінің көзі, байлығы болғандықтан, қазақ үшін осы төрт түлік мал аса қымбатты дүние болғаны белгілі. Қайда болмасын, бірін-бірі танысын-танымасын, кездесе қалған қазақ «мал-жан аман ба?» деп амандық-саулық сұрасқан. Қазақтар малды тек пайдаланып қана қоймаған, олардың бабын тауып бағып-күтудің де жай-жапсарын, қасиетін, ерекшелігін жақсы білген, сынаған. Төрт түлік малдың ішіндегі ең қасиеттісі түйе болып есептелген. Ол қырық күн шөлге шыдамды, жүк артса – көлік, жесе – ет, ал жүні киімге жараған. Қазақтар түйенің жүнінен түйе жүн шекпендер киген, ол жеңіл әрі жұмсақ сырт киім болған. Түйенің күштілігі, жүйріктігі, шыдамдылығы сияқты түрлі қасиеттері бар, соған орай оны түрліше атайды (желмая, нар, аруана, жампоз, үлек, нарқоспақ т.б.). Асанқайғының шапқанда құстай ұшатын желмаясы естеріңізде болар. Ал түйе өзінің өсу жолында бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, науша, бұзбаша, інген, атан, бура деп аталады. Қазақтың қасиетті малдарының бірі – жылқы. Оны құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, бесті, бие, ат, сәурік (суйрік), айғыр деп атайды. Ал оның жүйріктігіне, тағы да басқа қасиеттеріне қарай әсіресе батырлар жырларында жорға, сужорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, дүлдүл арғымақ деп атаған. Жылқы малын аса жоғары бағалаған қазақтар оны үлкен ас-тойларда жарысқа салып, бас бәйгесіне мол дүние беретін болған. Ер азаматтарға жасалатын сыйдың да үлкені ат мінгізіп, шапан жабу болған. Жылқының жүрісіне дейін атаулары болған. Мысалы, аяң жүріс, жорға жүріс, жортақ жүріс, бүлкек желіс, бөкен желіс, шоқыта жүру, шабыс. Оның түсі де әртүрлі теңеулермен сипатталған: торы, күрең, жирен, ақбоз, боз, көк, шұбар т.б.