Ашы? саба?: Таби?атты аялайы?!


Тақырыбы: «Табиғатты аялайық »
Мақсаты: 1.Білімділік: оқушылардың қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы
түсініктерін кеңейту;
2.Дамытушылық: шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін,
ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру
3. Тәрбиелік: табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділіккетәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: интерактивті тақтаға әзірленген слайдтар, табиғат туралы нақыл сөздер, өлең шумақтары, гүлдер, суреттер.
Сабақтың әдісі: әңгімелеу, түсіндіру,сұрақ-жауап,тілек айту,пікірлесу, шығармашылық жұмыстар
Құрылымы І. Ұйымдастыру
ІІ. Сынып сағатының тақырыбын айтып, мақсатын хабарлау;
ІІІ.Табиғат дегеніміз не? (саяхат-шолу)
1.Тіршілік атаулының бар арманы –ауа
2.Тіршілік көзі –су
3. Табиғат байлығы – өсімдіктер
4.Орман сәні – құстар
5.Табиғаттың сұлу мүсіні –хайуанаттар
Сергіту сәті: «Мейірімділікті табиғаттан үйрен!»
IV. Ой-толғау
а) «Мен табиғатты сүйемін немесе табиғатпен сырласу»
ә) « Егер табиғатқа тіл бітсе...»
б) «Егер мен суретші болсам...»
в) «Егер мен ақын болсам...»
V. «Жүректен жүрекке» табиғатқа тілек айту.
Балалар! Күнде таңертең сендер ояна салысымен , терезені ашып Табиғат-Анаға көз салып қарайсыңдар.Дәл бүгінгі күні табиғат-Ана бізді несімен қуанты, бізге не айтады? Олай болса, мен сендерді Табиғат -Анаға саяхатқа бірге шығуға шақырамын. Келісесіңдер ме? Өте керемет!
Бүгінгі саяхатымыздың тақырыбы: «Табиғатты аялайық » деп аталады.
Мақсатымыз: Біз бүгін, сендермен бірге қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсінігімізді кеңейтеміз, табиғатты сүюді,қорғауды, табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауды үйренеміз. Біз бүгін, табиғатпен сырласамыз, оны түсінуге тырысамыз. Біз бүгін, Табиғат-Анадан мейірімділікті үйренеміз!
Табиғат адамзаттың, жалпы тіршілік атаулының ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Табиғат-сұлулықтың таусылмас көзі.Ендеше біз бүгінгі сабағымызды табиғатпен амандасудан бастаймыз.Барлығымыз орнымыздан тұрып мына өлең жолдарын бірге айтайық!
Өте жақсы! Барлығымыз орындарымызға отырамыз.Балалар, жалпы табиғат дегеніміз не ? Оларға нелер жатады?
Ауа, су ,өсімдіктер, хайуанаттар, құстар,балықтар...
ІІІ.Ендеше, саяхатымыздың бірінші аялдамасы « Тіршілік атаулының бар арманы –ауа» деп аталады. Сөз кезегі оқушыларға беріледі.
1-оқушы. Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі –ауа.
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.
Расында да ауадан қымбат еш нәрсе жоқ . Адам бар –жоғы бір-екі минут ғана дем алмай тұра алады. Сондықтан дана халқымызда « Ауадай қажет» деген сөз бар.
Ей, адамдар, Табиғат –ана саған дем ал деп ауаны сыйлады, өйткені ол өте мейірімді. Сен оның сенімін ақта, ауаны ластама!
Болмасын ауа ешкімнің арман -мұңы,
Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы.
Ойлашы кімге керек боламыз біз,
Жұтудан таза ауаны қалған күні.
Мұғалім: Ия, балалар, ауасыз өмірді елестету мүмкін емес .Ауаны ластамау әрқайсымыздың борышымыз.Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе?
Ендігі екінші аялдамамыз «Тіршілік көзі –су» деп аталады. Судың қаншалықты маңыздылығы бар екен ?
Табиғаттың көркін ажарландырып , жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі –су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Қазақстан Республикасында мол сулы өзендер, көлдер теңіздер бар осы мол суды өлшеусіз, есепсіз пайдалану судың азаюына әкеп соғып отыр.
Ойлау керек Арал жайын , ел жайын,
Пәк табиғат тозып жатыр жыл сайын.
Өзімізді асыраушы табиғаттай –Ананы
Азаматтық арыңменен аялауға тұр дайын!
Сонымен су –табиғаттың жаны, қара жердің сәні дедік. Ал табиғатты әдемілікке бөлеп тұрған не? Ол –өсімдіктер.
Келесі үшінші аялдамамыз «Табиғат байлығы –өсімдіктер» деп аталады.Табиғат байлығының бір тобы –жер бетіндегі әдемі өсімдіктер.Олар туралы не айтамыз?
Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген көрнекті сөз соның айғағы.
Мұғалім: Расында да, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді.
Ал сол әдемі табиғатымызды әсем әнге бөлейтін не ,балалар?(Құстар)
Олай болса келесі аялдамамыз «Орман сәні құстар» деп аталады. Бұл туралы не айтасыңдар?
Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар.Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар –біздің қанатты достарымыз. Олар –табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.
Қазақтар құстарға қарап ауа райын да болжай білген.
• Құс жүнін үрпитсе, жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
• Сары шымшық ысқырса- шынымен күз болғаны.
• Қарға қарқылдаса -қар жауады.
• Жыл құсы қаптап кетсе -көктем ерте келеді.
• Көкек қатты әрі жиі шақырса –күн жылиды.
• Сауысқан шақылдаса, қонақ келеді.
• Ерте көктемде қарға суға шомылса, күн жылиды.
Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз, табиғаттың көркі құстарды қорғау әрқайсымыздың парызымыз.
Өте жақсы, балалар біз табиғаттың тамаша туындыларына саяхат жасадық. Табиғат-Ана адамзат баласына бар қажетті нәрсенің барлығын да беріпті.Ол бізге дем алсын деп ауа берді,ішсін, бар қажеттіне жаратсын деп мөлдір су берді, ғажайып жасыл әлем сыйлады, орман-тоғайымыз әдемі болсын деп құсы мен әдемі аңдарын берді, қысқасы біз өмірге қажеттінің бәрін Табиғат- Анадан алады екенбіз.
Ол қандай мейірімді,өзі қандай дархан,кең болса да, жүрегі де дәл сондай қайырымдылыққа, мейірімділікке толып тұр. Олай болса біз, балалар дәл қазір Табиғат-Анадан үйренген мейірімділігімізді бір-бірімізге арнаймыз.
Ойынның аты: «Мейірімді жүрек» деп аталады.
«Табиғат! Сен дүниедегі ең сұлусың, ең әдемісің! Сенің жұпар ауаң да, жүгірген аңың да, айналаны әсем әнге бөлеген құсың да әдемі! Мен сенен әдемілікті үйрендім. Осындай әдеміліктің ортасында өмір сүрген адамзат баласының қаншалықты бақытты екенін білсең ғой.
Сабақты қортындылау кезеңі: «Жүректен жүрекке» Оқушылар сабақ соңында табиғатқа тілек айтып, тақтада ілініп тұрған күннің сәулесіне кезегімен мынандай сөздерді апарып іледі.
Гүлдей бер, Жер-Ана!
Аспаның ашық болсын!
Аспаныңды бұлт торламасын!
Тоғайың аң мен құсқа толсын!
Суың мөлдір, таза болсын!
Өзен, көлің, теңізің балықтарға толсын!