Т?рбие са?аты?аза?стан — бірлік пен татулы?ты? мекені


Тәрбие сағатының тақырыбы:
«ҚАЗАҚСТАН – БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕКЕНІ»
Тәрбие сағаттың мақсаты: Қазақстан Республикасындағы халықтардың ынтымақтастықпен, бірлікпен, тең құқықпен өмір сүріп жатқандығын және оны үлгі етіп, әр халықтың салт - дәстүрлерін сақтап келе жатқан қаншама ұлттардың салт - саналарынан хабардар ету, балалардың өз өнерлерін көпшілік ортаға салу арқылы шығармашылық білімдерін көрсету, балалардың жаңа қырларын ашу.
Тәрбие сағаттың көрнекілігі: «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты слайд, суреттер, бейнетаспа, компьютер, ватман, маркерлер, топ атаулары, шарлар, түрлі түсті ленталар, балалардың әр ұлт өкілдерінің киім үлгілері
Тәрбие сағаттың барысы:
Жүргізуші:
Сәлеметсіздер ме, оқушылар, ұстаздар .
Бүгінгі біздің «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» деп аталатын мәдени - мектепішілік тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Жаса елім, жаса достық бірлікпен,
Көштен қалма, қалма және тірліктен.
Елім менің – Қазақстан Отаным,
Алға өрле үшінші мың жылдықпен
Тек достықпен, өзгеде ел - халықпен - деп бүгінгі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Жүргізуші: Әнұраным- біздің Отанымыздың салтанатты үні. Өр үні. Өміршең үні. Оның қалықтай көтерілген әуеніне туған жердің рухы мен сазы шымырлай шалқиды. Кеудені мейірлі мақтанышқа бөлейді, арманыңды аялай самғайды.Қазақстан Республикасының әнұраны орындалады.
І. « Шаттық шеңбері»
Оқушылар ортаға шығып түрлі түсті ленталардан бір- бірлеп ұстайды да киіз үй құрады.

Дөңгеленіп тұрайық
Керегені құрайық
Уықтар боп иіліп
Шаңыраққа киіліп
Киіз үйді құрайық.
Міне, сіздермен біз үлкен киіз үйді құрдық. Осы киіз үй сияқты біздің еліміздің қабырғалары мықты болып, шаңырағы биік болсын, ондағы барлық ұлт тату- тәтті өмір сүрсе дегім келеді. Еліміз - бірлік пен татулықтың мекені бола берсін.
Оқушылар алған лента түстері бойынша топқа бөлініп отырады.
Мұғалім: «Бірлік бар жерде бақыт бар»
Отан- әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Адам жүрексіз өмір сүре алмайды. Отан- біздің туған жеріміз, өзіміздің туған- туысқанымыз, дос- жаранымыз бен тұратын еліміз.
1 - топ: «Бірлік»
2 - топ: «Ынтымақ»
3 - топ: «Достық»
Топ ережесі: Тәртіп сақтау. Бір- бірін тыңдау. Уақытты тиімді пайдалану.
Өзара сыйластық.
Өз ойларыңды ашық айту. 
Топ өз атауларына сәйкес мақал айтады.
1 - топ: «Бірлік» Бірлік болмай, тірлік болмас.
2 - топ: «Ынтымақ» Ынтымақ – достық кепілі.
3 - топ: «Татулық» Татулық табылмас бақыт.
ІІ.«Ой қозғау»
Ойын «Кім табады?» Қоржын ішіндегі сұрақтарға жауап беру.
-Қазақстан Республикасында қанша ұлттар мен ұлыстар мекендейді?
(130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді)
-Қазақстан халқы Ассамблеясы қай жылы құрылды?
( 1наурыз 1995 жыл)
- 2015 жыл қандай жыл деп жарияланды?
(2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы)
ІІІ. Негізгі бөлім. «Мағынаны тану»
Презентация
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Онда қазақтар, орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, украиндар, дүнгендер және тағы басқа ұлт өкілдері тұрады. Олар өздерінің осындай кең байтақ Қазақ жерінде өмір сүріп жатқандарына қанша жыл өтсе де, Қазақ халқының осынша кең пейіл, қонақжай екендігіне көз жеткізді. Олар өз елдерінде болмасада, қазақтардың елін елім деп, жерін жерім деп құрметтеп, үлкен үлгілі отбасының кейпін көрсетуде. Әлем халықтарының мұндай көп ұлттан құрылған мемлекетте осыншалық тату - тәтті, бейбітшілікте өмір сүріп отырғандығы біздің елдің арқасы және олар мұны жақсы біледі, рахметтері шексіз екендіктерін білдіреді.
Бүкіл дүние жүзі бойынша қазақтардың саны – 12 млн. Бүгінде шет елдерде тұратын қандас бауырларымыздың саны 3, 5 млн адам. Қазақстанда 130 - ға жуық ұлт өкілдері тұрады. Олардың ішінде ең көп санды орыстар - 30%, украиндар – 3, 7%, өзбектер – 2, 5% құрайды. Адам санының өсімі мен дамуы жағынан Қазақстан БҰҰ - на мүше мемлекеттер қатарында да қомақты орын алады. Даму жағынан қазіргі күні ТМД - ға кіретін мемлекеттердің ішінде алдыңғы орында. Қазақстанда 84 қала, 200 кент, 2036 аудандық округ, 7684 ауылдық мекендер бар. Қазақстан тұрғындарының 56%- ы қалада, 44%- ы ауылдық жерлерде тұрады.
1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471 ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық – мәдени бірлестіктері , 500- ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт – дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Өзара түсіністік, ұстамдылық әртүрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтың идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық – құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңе білді. Бұл ынтымақ үрдісі ғасырдан – ғасырға жалғасуда. Біздің еліміз нәсілшілдік, ұлтаралық араздықты қоздыруға жол бермейді. Қазақстан Республикасындағы сан жағынан аз халықтарға қамқорлық жасау үшін «Қазақстан халықтарының ассамблеясы» құрылған. Түрлі нәсілдерге жататын барлық ұлт өкілдерінің тең құқықтығы Конституциямен қорғалады.
Біздің еліміз ынтымағы жарасқан, бірлігі нығайған үлгілі елдердің біріне айналды. Халық әрқашан бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарған қиындықты бірге бөлісіп, қандай жағдайда да өздерінің бірліктерін көсетіп келеді.
ҮІ. Ой-толғаныс.
1 - топ: «Бірлік»
«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейді Қазақ мақалында. Бұл сөздің қаншалықты дұрыстығын өмір көрсетіп отыр.
Мынадай бір аңыз бар:
Бір қарт өзінің ұлдарына бір бума шыбықты сындыруды ұсынады. Ұлдары олай әурелеп, былай әурелеп шыбықты сындыра алмайды. Сонда қарт буманы шешіп, шыбықтарды бір талдап сындырып көруді ұсынады. Шыбықтар оп - оңай сынады.
Сонда ақсақал қария: «Бірігіп өмір сүрсеңдер, сендерге ешкімнің әлі келмейді, ал жеке - жеке өз беттеріңмен жүрсеңдер, әр қайысыңды біртіндеп құртады» - дейді.
Әрине, мұның барлығы шындық. Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын болады.
3 - топ: «Татулық»
Көрініс: «Қырғыз бен грузин айтысы».Қырғызға таңырқай қараған грузин қырғыздан:- Сенің ұлтың кім?- Қырғыз.- Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?- Менің өз елім – Қазақстан.- Жоқ сен Қырғызстанда тұруың керек!- О не дегенің! Мен Қазақстанда тұрамын.Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.- Сен өз еліңе қалайда кетуің керек?- Ал сен грузинсің ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің?- Сен де өз еліңе бар! (осылай дауласып жатқанда, қазақ жігіті келеді)- Балалар осыншама неге дауласып, жатырсыңдар? Менің білгім келеді.- (Екеуі қосарлана) Біз әрқайсымызды өз еліңе бауырың керек деп жатырмыз. Қайсымыздың кетерімізді білмейміз.- О не дегендерің! Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе? Мұнда қырғыз да, грузин де, орыс та тағы басқа тұра береді. Тұрғанда тату-тәтті тұрып жатыр, ал сендер дауласасыңдар келіп. Олай болса, біз де неге дос болмасқа! Қане, салыңдар қолдарыңды!- Жарайды, жарайды! (Келісіп қолдарын салады).- (Бірге қосылып) Біз доспыз, біз әрқашан біргеміз.
2 - топ: «Ынтымақ»
«Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды» - деген ұлағатты ұғым бар. Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттармен ұлыстар өкілдерінің татулығы артып, Қазақ елінің нығайып, өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік.
Мына бір аңызға тоқталайық
«Бір кісі бармақтай құсты ұстап алып торға қамап қояды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей «Отан», Отан, Отан.... » деп шырылдай береді. Құстың иесі: «Мұның да Отаны болғаны ма, ал Отаны болса қайда екен?» құсты ұшырып жеберейін де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апаратын жолды біліп алайын» деп ойлайды. Сөйтіп торды ашып, құсты босатып жібереді. Құс ұшып шығып бар болғаны 10 қадам жердегі тастақты тақырдың арасында өскен жалғыз түп тікенге барып қонады. Сөйтсе, әлгі бұтада ұясы бар екен «Демек құстың Отаны - ұя салған жері болды ғой» деп ойлайды жаңағы адам. Шынында да адам түгілі құстарда ұя салып, мекендеген жеріне бауыр басып кетеді екен!
Туған жердей жат елдің болмайтыны ақиқат
Оған көңіл толмайтыны ақиқат.
Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс
Өскен бағы болмаса, қонбайтыны ақиқат!
Оқушы:
Ақ қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды,
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.
Оқушы:
Жырласа Қазақ, түркімен,
Молдаван,тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлері жарасқан.
Оқушы:
Тыңда, тыңда, тыңда мені,
Ұлы жұртым орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,
Сенің даңқын, менің даңқым.
Оқушы:
Кім сүймейді ет жақынын, туысқанын,
Украина туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын.
Ән: «Ел қорғауға әзірміз»
Оқушы:
Қадірменді бір досымыз- өзбегім,
Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім.
Өз сөзімдей жаңға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің.
Дәм тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен бесбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен.
Өзбек биі (қыздардың орындауында би)
Оқушы:
Жолым түсіп, тағдыр талап,
Грузин дос болдым қонақ ,
Қазағымдай кең пейілің,
Дастарханды жайдың мол- ақ.
Оқушы:
Қазақ, қырғыз бір сананың егізі,
Екі жұрттың бірге екен негізі.
Қазақ озса – ол қырғыздың мерейі,
Қырғыз озса- ол қазақтың жеңісі.
Қазақ- қырғыз туыссыңдар , доссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.
Оқушы:
Онша үлкен болмаса көлемі
Әжірбайжан, Әзірбайжан ағайын,
Тағы сені құшып сүйгім келеді.
Рефлексия. Постер жасау. «Бірлігіміз жарасқан, Тәуелсіз ел Қазақстан!»
Хормен:
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асар тау,
Жеміс толы бақша- бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз!
1-жүргізуші: Осымен, бүгінгі «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты мерекелік бағдарламамызды аяқтаймыз.
1,2-жүргізуші: Сау саламатта болыңыздар!
«№39 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ
тӘРБИЕ САҒАТЫ
«ҚАЗАҚСТАН – БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕКЕНІ»

Молдамсеитова Г.О.
Семей қаласы