«?лы Отан со?ысы та?ырыбы ?аза? ?дебиетінде» Ж.Жабаев «Ленинградты? ?ренім» ?ле?і.


Қазақ әдебиеті. 1 курс
Сабақтың тақырыбы: «Ұлы Отан соғысы тақырыбы қазақ әдебиетінде» Ж.Жабаев «Ленинградтық өренім» өлеңі.
Сабақтың білімділік мақсаты: Оқушыларға ақынның Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнап жазған өлеңдерінен мағлұмат бере келіп, «Ленинградтық өренім» өлеңімен таныстыру.
Тәрбиелік мақсаты: Оқушыларға патриоттық тәрбие беру: Отанды сүюге,қорғауға ,тарихымызды білуге,соғыс ардагерлерін құрметтеуге баулу.
Дамытушылық мақсаты: Өлеңді оқу ,үзінді жаттау, мазмұнына талдау жасау.
Сабақтың типі: аралас.
Сабақтың әдісі. «Өзіңді тексер» тесті, сұрақ-жауап, алдын-ала тапсырма беру, топтастыру стратегиясы, 5 жолдық өлең.
Сабақтың көрнекіліктері: мултимедиялық тақта, бейнекөрсетілім (видеофидьм), ақын туралы лебіздер,буклет.
Пәнаралық байланыс: дүниежүзілік тарих, орыс әдебиеті.
Сабақ барысы:
I Ұйымдастыру кезеңі.
II Үй тапсырмасын сұрау: а) «Ж.Жабаевтың өмірі мен айтыскерлігі» мазмұндау, қосымша сұрақтар қою.
б) «Өзіңді тексер» тесті:
1. Ж.Жабаевтың өмір дерегі?
2.Жамбыл қай жасынан ақындық жолға түсті?
3. Қай атақты ақыннан бата алды?
4.Ақынның қандай дастандары бар?
5.Абайдың баласы Әбдірахман қайтыс болғанда көңіл айтып жазған өлеңі?
6. «Жетісудың бірінші ақыны» атағын қалай алды?
7. Тағы қай ақындармен айтысты?
8.М.Әуезовтың Жамбыл бойынан байқаған екі қасиеті?
9.Ақын еліміздің қай жерлерін аралады?
10.Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған туындылары?
Жауаптары:
1846-1945ж
13 жасынан
Сүйінбай ақыннан
«Көрұғлы», «Өтеген», «Сұраншы батыр».
«Жалғызбын деп жүрмесін»
1881 жылы Құлмамбет ақынды жеңгендіктен.
Сарбас, Айкүміс, Досмағамбет, Шашубай т.б.
Бірі-айтыскерлік, екіншісі-дастаншылдық.
Жетісу,қарағанды, Шығыс Қазақстан,қырғыз елін.
«Москваға», «Алынбас қамал», «Ленинградтық өренім» т.б.
Бағалау : 9-10 дұрыс жауап – «5»
7-8 дұрыс жауап – «4»
5-6 дұрыс жауап – «3»
1-4 дұрыс жауап – «2»
III. Жаңа сабақ: Ж.Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі.
Ұлы Отан соғысы тақырыбы - Жамбыл шығармашылығының басты тақырыптарының бірі.1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Жамбыл 95 жаста еді. Міне, осы қаһарлы күндерде қартайып,белі бүгілген Жамбыл өзін орындалмай бара жатқан парызы бар жандай сезінеді.Елге жау төнгенде үндемей қала алмайды.Жаудың белін мерт етуге шақырған көптеген өлеңдер жазады. Жамбылдың Ұлы Отан соғысы кезіндегі әрбір жыры, заңды түрде бірімен бірі жалғасып отыратын тұтас тұлғалы шығармасы майдан өмірінің сан қилы асулары мен кезеңдеріне байланысты туған. Жамбыл соғыстың алғашқы күндерінен-ақ кеңес поэзиясының алдыңғы шебінде болды.1941 жылы неміс –фашист басқыншылары қарақшылықпен Отанымызға шабуыл жасағанда, ол өзінің «Екі дүние айқасты» өлеңінде:
Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме,
Шапты фашист дегенде
Ашуменен аралас,
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денеме ,-деп шапқыншы жауға деген қаһарын, ыза-кегін паш етеді. Отанымыздың астанасы Москваға қауіп төнгенде, ақын «Москваға» атты жалынды жырын , ал Ұлы Октябрдің бесігі, қаһарман қала Ленинград жау қоршауында қалған шақта «Ленинградтық өренім» өлеңін, Сталинград қаласына қара бұлт үйірілгенде «Алынбас қамалын» шығарады.Ақын соғыс тақырыбына қырықтан астам өлең-жырларын арнады. Қарт жыраудың арнау, үндеу түрінде келетін қаһарлы жырлары майдан мен тылды тегіс аралап,халықты жауды жеңуге қуаттандырды, рухтандырды. Жамбыл кеңес солдаттары мен офицерлерін жырлағанда батырлық жырлардың эпитеттерін кеңінен пайдаланып қана қоймай, өзінің жаңашылдық ізденісін де айқын байқатты.
Көктен келген дұшпанға,
Қара жерді қаптырған.
Сумен келген дұшпанның,
Кемесін суға лақтырған.
Жерден келген дұшпанға
Ақ қарда ажал таптырған
Ер туған біздің жауынгер
Ұрпағы батыр алыптан,-деп жырлады.
Жамбыл Ұлы Отан соғысы кезінде майдан жауынгерлерімен тығыз байланыс жасап, олардан күн сайын хат алып тұрады. «Бізге қуатты жырыңызды жіберіңіз,жырыңыз бізге көмек береді» ,- деп жазды майдандағы жауынгерлер бір хатында. Ал енді бірінде: «Жәке, тағы бір ауыз өлеңіңізді жіберсеңіз, ой тағы бір сергіп, бой тағы бір көтеріліп қалар еді»-делінді. Мұнан біз ақын шығармаларының кеңес жауынгерлерін жауға қарсы жігерлендірген, ер намысын шыңдай түскен әсерлі күш болғанын айқын көреміз. Сондықтан да Жамбылдың сол кездегі жырлары орталық, республикалық газеттермен қатар, майдан газеттері мен листовкаларында да үнемі жарияланып тұрды. Ақын оларға жауап беруді өзінің абыройлы міндеті деп санаған.Солардың бірі – «Сүйікті Отанымның ұлдарына» атты шығармасы. Мұнда да ақын басқа жылдарындағыдай майдан жауынгерлеріне жігер береді, олардың ұрыс үстіндегі табандылық, қажырлылық, ерлік істерін мадақтайды. Бұл сарын «Қамал бұзған қаһарман»атты жырында да айқын сезіледі.
Қарт жырау өз шығармаларында зор көңіл бөліп,асқақтата жырлаған келелі тақырыптардың бірі - соғыс жылдарындағы халықтар достығы. Жамбыл жырларын орыс тіліне аударуда елеулі еңбек сіңірген жазушы Павел Кузнецов өзінің «Ұлы достықтың жыршысы» деген мақаласында былай деп жазады: «Жамбыл Панфилов атындағы дивизия соғысқа аттанған кезде дивизия командирі И.В. Панфиловқа: -Қазақ халқының тағдыры орыс халқымен мәңгі байланысты. Фашистерге қарсы күресте батырлардың қасиетті қанымен бұл достық нығая түссін.Жас жігіттерді ұрысқа баста, оларды батырлыққа үйрет,» - деп өз тілегін жеткізеді.Жамбыл осы пікірін «Қаһарман халық достығы», «Отан әмірі», «Воронеж батырларына» сияқты өлең-жырларында тереңдете түседі.Ақынның «Балама хат» өлеңі биылғы жылы 72 жыл болып отырған Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан баласы Алғадайға арналған. Алғадай Сталинград шайқасында 19-шы гвардиялық атты әскер полкінің пулемет расчетін басқарып,Синельниково қаласы маңында 1943ж 22 ақпанда ерлікпен қаза тапқан.
Жамбыл шығармашылығында ерекше орын алатын туындылардың бірі-«Ленинградтық өренім» өлеңі. Бұл өлеңі 1941жылы Ленинград жау қоршауында қалған кезде шығарылған.Ленинград 1941ж 8 қыркүйектен 1943ж 18 қаңтарына дейін жау қоршауында болды.Қоршаудағы Ленинград сыртқы дүниемен тек Ладога көлі мен әуе жолы арқылы байланысты.Қаладағы әскерилер мен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қиынға соқты.Әр адамға берілетін нан мөлшері 125-250 грамдай болды. 1941ж қараша-1942ж қазан айлары аралығында 641803 адам аштан қырылды.Ладога көлінің мұзымен «Өмір жолы» атты автокөлік жолы салынып, қажетті азық –түлік, қару-жарақ тасымалданды. сонымен бірге Жамбылдың суреті салынып өлеңі басылған плакаттар да жеткізіліп,көшелерге ілінді. (Енді осы кезді бейнекөріністен көрейік) Ақын ленинградтықтардың жаумен айқастағы ерлігін,табандылығын паш етеді,оларды батырлыққа, төзімділікке рухтандырады.Халықтың рухын көтеруде ерекше рол атқарған бұл жыр сол сұрапыл қысылтаяң кезде Ленинград радиосы арқылы күніне әлденеше рет оқылып тұрды. Неміс-фашистері Ленинградты қаншалықты ұзақ қоршағанымен,(900 күн)қалаға басып кіре алмады.1944ж 27 қаңтарда Ленинград қоршауы талқандалды. 28 ай бойы қоршауда болған халық алғаш рет үрейсіз,қорқынышсыз көшеге еркін шығып, өз азаттығын тойлады.Азаттық оңайлықпен келген жоқ.640 мыңнан артық ленинградтық аштықтан көз жұмды, 500 мыңнан аса жауынгер Ленинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Соның бірі- Шығыс Қазақстандық жерлесіміз С. Баймағамбетов. Енді ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңінен үзінді тыңдайық. Осы өлеңінде ақын нені жырлайды? (Топтастыру статегиясы үлгісінде кластер құру )
арнау мақтаныш Отанды сүю ерлікке шақыру
«Ленинградтық өренім»
жеңіске сенім халықтар достығы құрмет

Ленинградтық осы бір ауыр шағын көзбен көргендердің бірі белгілі орыс ақыны Всеволод Рождественский былай деп жазды: «Ленинградты неміс фашистерінен қаһармандықпен қорғап жатқан ауыр күндерде қаланың барлық тұрғындарымен бірге Нева проспектісі,Фонтанка көшелерінде плакат болып ілінген Жамбылдың «Ленинградтық өренім» жырын талай оқыдым.Жауды жеңіп шығуға халықты жігерлендіріп отырған бұл жырды фашистердің адам айтқысыз азабын көргендердің ешқайсысы да ұмыта алмайды.Жамбылға мәңгі ризамын, оның даңқы арта берсін!» «Правда» газетінің 1944 жылғы 4 желтоқсанындағы номеріне орыс жазушысы В. Вишневский: «Ленинград халінің өте ауыр кезінде Жамбыл қаланы қорғаушы бізге «Ленинградтық өрендерім»деп ұран тастады. Бұл арнауды көзге жас,көңілге қуаныш толы сезіммен оқымауымызға болмайтын еді.Бұл жыр артымыздан жеткен тың,мықты күштей бағалы екендігін сезіндік.Қазақ халқы бізге туысқандық сәлемін,сүйіспеншілігін,достығын жолдады, біз күшімізді еселей отырып ұрысқа кірдік»,- деп жазды. Ж.Жабаев Ұлы Отан соғысы тақырыбына 3000 жолдан артық жыр шығарды.Халқымыздың отаншылдық намысын күшейте түсуде кеңес адамдарының елдегі, майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жамбылдың бұл жырларының тарихы зор.
IV.Жаңа сабақты бекіту: 5жолдық өлең
1зат есім
2сын есім
3етістік
Толық мағыналы сөйлем
Синоним
V.Оқушылар білімін бағалау.
VI.Үйге тапсырма: 1.Жамбыл шығармашылығын толық қайталау.
2.Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармаларын оқу.
3. «Ленинградтық өренім» өлеңін жаттау.
Турашева Жаннат Абухановна
Семей қаласы Евразиялық технико-гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы,колледж әдіскері