Тарихи т?л?а бейнесі ар?ылы о?ушыларды? бойында адамгершілік ?асиеттерді ?алыптастыру. Баяндама.


Тарихи тұлға бейнесі арқылы оқушылардың бойында рухани адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.

Мемлекеттің білімді, адамгершілігі мол, тапқыр, кез-келген жағдайда дербес шешім жасай алатын, ынтымақтасуға және өзара іс-қимылға қабілетті, ел тағдыры үшін жауапкершілік сезіміне ие адам тәрбиелеу мәселесі жөніндегі әлеуметтік сұранысына жыл сайынғы Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан, Қазақстан Республикасы азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеу Мемлекеттік бағдарламасынан және т.б. аса маңызды құжаттардан орын алуда.
Білім мен тәрбие егіз. Тәрбие бере отырып берілген білім ғана өз мәніне ие бола алады. Олай болса тарих сабақтарында тәрбиенің төмендегідей салалары жүзеге асырылады: оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыру; қарт ұрпақтың көреген - саясаткер, шешендік, әділдік, жауынгерлік, ерлік дәстүрімен сусындату және отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, барлық халықтарды құрметтеуге және оларға деген достыққа, еңбексүйгіштікке, бейбітшілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар,ішкі жан дүниесі бай рухани тұлға қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының 2007-жылғы шілде айында қабылданған Білім туралы Заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, белсенді азаматтық ұстанымы бар рухани адамгершілігі мол жеке адамды тәрбиелеудегі ой-өрісін дамытуда сапалы білім беру мәселелері жан-жақты қарастырылған.
Сонымен бірге, ел басшысы Н.Ә.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде «Тәрбиенің түп мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, жан-жақты мәдениетті, рухани мәнге ие жеке тұлғаны тәрбиелеп, қалыптастыру» - деп тұжырым жасаған.
«Қоғамсыз адам жоқ, адамсыз қоғам жоқ» - деген қағиданы басшылыққа алатын болсақ тарих беттері ұлы тұлғалар мен батырларға, ғалымдар мен ғұламаларға, саясаткерлерге толы. Олардың жүріп өткен жолын саралау, ұлағатты сөздерін бағалау, өнегелі істерін айшықтау – рухани – адамгершілік мол тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан да белгілі бір тарихи кезеңдерде немесе дәуірлерде халықтың асыл арманын, тілек-мұратын білдіруші де, оларды жүзеге асыру үшін де сол қайраткерлік дәрежеге көтерілген адамдар ізінен сабақ алу – бүгінгі ұрпақтың ісі.
Оқушылар арасында рухани тәрбиені қалыптастыруда тарихи тұлғалардың алар орны орны ерекше. «Өткенді білмей, келешекті болжау қиын»- дегендей тарихи тұлғалардың тарихтағы игі істерін, жағымды қасиеттерін өз бойына қондырып, кеткен кемшіліктерінен сабақ алу да бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Қазіргі таңда мектеп оқушыларын тәрбиелеу мәселесінде адамның жан дүниесін, рухани әлемін танып, дамытып, жетілдіру бағытындағы ізденістер жүріп жатыр. Ондағы басты қағида адамның кісілік келбеті, соған лайықты бола білу, адамның табиғатпен, әлеммен үйлесуі, халықтық дәстүр, рухани мәдениет негізінде болашақ ұрпақтың рухани - адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеруге негізделген.
Қазақ даласы қай заманда да дарынды, ақылды адамдардан кенде қалған емес. Адамзат тарихының әр ғасырында өз дәуіріне лайықты кемеңгер адамдар өмір сүрген. Олар тек өзі үшін ғана емес, халқы үшін өмір кешкендіктен тарихтан еш уақытта өшпес орнын иемденген. Ұлылардың жүріп өткен жолдары, оған қоса солардың айтқан өсиеттері мен істеген істері рухани тәрбиеге толы.
Иә, «бүгінгі ұрпақтың назарын өзінің атқарған қызметіне барынша көңіл аударуда олар несімен құрметті?» - дейтін сұрақ туындауы мүмкін. Қоғамның бір орталықтан басқарудың жүйесін мықты ұстанған И.В.Сталиннің диктаторлық саясаты, Қазақ өлкесін басқаруды қолға алған Ф.И.Голощекиннің зорлық-зомбылығы т.б. жаңадан қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйемен күрескен Алаш қайраткерлерінің ерлік істері ұшан – теңіз.
Адамзат қоғамының табиғи болмысы сондай-ақ кез-келген халықтың өзін-өзі тануы, әрбір тарихи кезеңдерде алда тұрған кезекті міндеттерін анықтауы алдымен зиялылар қызметі арқылы жүретіні мәлім. Оған дәлел – күщі зор отаршыл биліктің алдында мұқалмаған Алаш қайраткерлерінің қайсар рухы – тарихтағы мәңгі өшпейтін ұлттық тағылымы мол құнды дүние
Әр адам өзі өмір сүретін қоғамның рухани мәдениетін бойына сіңіру үшін әлеуметтік ортада қоғам мүшелерімен қарым-қатынасқа түсіп, түрлі әрекет етеді, өзінің рухани ізденісін жүзеге асырады.
Мектепте рухани таным мәдениетін қалыптастырудың бір жолы – оқушыларды қоршаған ортаның өмір шындығын сезе, түсіне, қабылдай білуге, халқымыздың ұлттық қасиеттерін қастерлеуге, әсемдігін танып білуге баулу. Сонымен қатар тарихи тұлғалардың өмірбаяндарымен танысу, дәріс сабақтар, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын өткізу, семинарлар өткізу оқушының рухани жан-дүниесінің баий түсуіне әсерін тигізеді.
Адамның өмірге келгендегі басты мақсаты айналаны жазалау, қаралау емес. Керісінше, дүниедегі жақсы-жаманды танып, білім алуға, өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылу керек. Халқымыздың біртуар ұлы Абай атамыздың ұрпағына үлгі - өнеге болған қара сөздерінің 19 - шы сөзінде: «Адам ата - анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды - дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады...» деген екен.
Олай болса, келер ұрпақтың тарихи тұлғалардың жүріп өткен жолынан алар өнегесі мен рухани тәлім-тәрбиесі ұшан-теңіз, осы адамгершілік құндылықтарды оқушылардың бойына сіңдіре білу ұстаз - біздің парызымыз болмақ!