?стаз?а та?зым


Ұстазға тағзым
13779523050500
Күйкен орта мектебі - үлкен әрі білімге толы ұя. Ондағы барлық ұстаздар жайдары мінез, жарқын көңіл иелері. Олар бар білгендерін шәкірттеріне үйретуден әсте шаршап шалдықпайды. Дәл осындай ұстаздардың бірі - үнемі ізденіс үстінде жүретін, ауыл абыройын асқақтатып жүрген физика және информатика пәнінің мұғалімі, менің сынып жетекшім – Жиенқұлова Дариға Амангелдіқызы.
Ол – жоғары білімді маман, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдаған.Ұстаздың ерекше қасиеті – шәкірттерімен тез тіл табыса білуі. Дариға апаймен сөйлескен кезде « Бұл апайдың шәкірттерді өзіне тартып, бала жүрегін баурап алатын магниті бар ма екен», - деген ойға қаласың. Апайдың кейде әзілге бұрып, астарлап сөйлеп, барлық оқушыны бір күлдіріп алатын әдеті де бар.Ұстазымның жүзінен ерекше жылулық пен мейірімділік, шәкіртіне деген ыстық махаббат сезіліп тұрады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - деген баба сөздері бекер айтылмаса керек. Дариға апай тоғыз жыл ұстаздық өмірінде көп жетістіктерге жетті. Соларға тоқтала кетейін. «Жас зерттеуші» ғылыми жобалар сайысында «Ізденімпаз оқушы» номинациясын шәкірті Құлбергенова Қазына қанжығасына байлады. Аудандық «Алтын диск» мұғалімдер байқауында Дариға апай ІІ орынды иеленсе, аудандық «Үздік информатика кабинеті-2012» сайысында бас жүлдеге ие болды. «Мейірімділік жолымен жүреміз» атты бейнефильмдер байқауында Дариға Жиенқұлова, Қасымжан Мұхамбетов, Оразгүл Сариевалардың авторлығымен түсірілген бейнефильм І орын алды. «Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еңбегі үшін» аудандық Құрмет грамотасымен марапатталды. Дариға апайдың информатика кабинеті «Үздік информатика кабинеті-2012» Ү облыстық сырттай байқауында жалпы білім беретін мектептер арасында ІІ орын алды.Осы жетістігіне орай Дариға апай Маңғыстау облысы әкімдігінің арнайы дипломымен,ақшалай сыймен марапатталды. Мектеп оқушылары арасында өткен аудандық «Информатика дарабозы» сайысында және «Ең үздік веб - сайт» байқауында оқушысы Таңхаев Елдар ынталандыруға ие болды. Мектеп оқушыларының аудандық «Ана – әлемдегі ең қастерлі есім» тақырыбындағы презентация байқауында оқушысы Алуадинова Аягоз «Таңдаулы презентация» номинациясын иеленді. Аудандық пәндік олимпиадалардан информатика пәні бойынша оқушылары Шекебаев Көбейхан ІІ орын, Мешітбаева Маусымжан ІІ орын, Бағдаулетов Қасым ІІІ орын, Төлегенова Аружан ІІІ орын алып, білімдар ұстаз шәкірттері екенін дәлелдей білді.
Апайым Дариға Амангелдіқызы 2013 жылы Маңғыстау облысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында үшінші деңгейлік курстан өтіп, өз білімін жетілдірді. Заман талабына сай ұйымдастырылған курстан алған тәлімі мен тәжірибесін күнделікті сабақтарында үлкен шығармашылық жігермен іске асырып жүр. Апайдың әрбір сабағы қызық пен құпияға толы.
Ұстаз болу - жүректің батырлығы. Оқушылар арасында жүріп, әрбір үйдің телісі мен тентегінің тілін тауып, кез – келгеннің қолынан келмейтін ұстаздық ауыр жүкті көтере жүріп, сол жолда абыройға бөлену оңай шаруа емес екені ақиқат. Жүрегі шәкіртіне деген ізгі тілекке толы, өз ісінің білгірі Дариға апайдай ұстаз білім ошақтарында көп болуын қалаймын. Себебі, олар болашақта еліміздің мақтанышына айналар ғалымның да, дананың да, ақынның да, батырдың да, басшының да қабілетін оятып, қиялын ұштайды.
Мен сыныптасым Айжанов Нұрсұлтан екеуміз биыл 9 – сыныпты үздік куәлікке тәмамдадық. Осы жетістікке жетуіме сынып жетекшім әрі информатика пәнінен сабақ беретін ұстазым Дариға апайымның ықпалы зор болды деп ойлаймын. Болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге жетіп,ұстазымның сенімінен шығуды шәкірттік борышым деп білемін.Еңбегіңіз жана берсін, ардақты ұстазым!
Күйкен орта мектебінің 10 «б» сынып
оқушысы Күзенбаева Арай
Маңғыстау облысы
Бейнеу ауданы