Бастауышым-балб?ла?ым. Бастауышпен ?оштасу ерте?гілігі.


Бастауышым - балбұлағым.
(Бастауышпен қоштасу ертеңгілігі).
Мұғалім: құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Сіздер «Бастауышым-балбұлағым» атты бастауышпен қоштасу тойына жиналып отырсыздар.Қадамдарыңыз құтты болсын! Алдарыңызда тұрған балалар осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кіп-кішкентай балдырған еді. Енді, міне бойлары да, ойлары да өсіп, бастауыш сыныпта білім алып, соны аяқтап, жоғары сыныпқа өткелі отыр.Талаптарыңа нұр жаусын деп, ертеңгілікті ашуға рұқсат етіңіздер.
Ән «Қазақстан» - хор.
1-оқушы: Армысыздар ұстаздар – әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.
2-оқушы: Қош келдіңіз ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз алаңсыз балғын шақты балдырған.
3-оқушы: Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз ұстаздар, ата-аналар,
Бастауышпен қоштасу тойымызға.
4-оқушы: Шаттанамын мен бүгін шаттанамын,
Ғылым сырын түсіндім, мақтанамын.
Осы сырды үйреткен төртінші сынып,
Түстей болып міне бүгін артта қалдың.
5-оқушы: Білімнің қайнар бұлағы,
Өнердің жарық шырағы.
Тұрағы өзің, мектебім,
Шәкірттің асыл қырағы.
6-оқйшы: Мектебім-мәңгі бапкерім,
Қарызбыз саған бәріміз.
Өзіңе деген парызды,
Ақтаймыз әлі талай біз.
7-оқушы: Адам өміріндегі ең қымбат жанның бірі-ұстазы. Өйткені ол оның көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қиялға қанат қақтырады.
8-оқушы: Ұстаз еңбегі-ұлы еңбек. Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегін кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр.
9-оқушы: Міне, бүгін сағымдай боп өте шықты,
Төрт жыл уақыт, аз ба екен, кім біліпті.
Ұстаз ана жасады мына бізден,
Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.
10-оқушы: Байсалды мінезіңмен бір қалыпты,
Менің де көкейімде із қалыпты.
Ұстаттың қағаз, қалам қолыма өзің,
Ерінбей үйреттің де әр әріпті.
11-оқушы: Қоссаңдар бірді екіге үш болады,
Деуші едің – біліммен күш толады.
Алғыр бол, әдепті бол, сабырлы бол,
Ақылмен іс істесең іс болады.
12-оқушы: Беруші ең бізге айтып өлең, тақпақ,
Таласып алушы едік біздер жаттап.
Өзіңіз баға қойған күнделікті,
Жоғалтпа өмір бойы жүрем сақтап.
13-оқушы: Бар баланың сенгені өздеріңіз,
Сол сенімді ақтауменен өрледіңіз.
Құтты болсын ұстазым мерекеңіз,
Жана берсін жасампаз еңбегіңіз.
14-оқушы: Арманым болып аңсаған,
Мәңгілік қалдың мекендеп.
Өзіңе арнап ән салам,
Ардақтап сізді өтем деп.
15-оқушы. Мектебімнің басшысы да тірегі,
Барлығы оны мейірбан деп біледі.
Әрқашанда басшы демей ол өзін,
Ортамызда күліп, ойнап жүреді.
16-оқушы. Құтты болсын мейрамыңыз бүгінгі,
Көріп жүрсіз күнде мына ұл-қызды.
Өзіңізге бақыт тілеп өмірде,
Сыйлаймыз мына кішкене бір сыйлықты.
Мұғалім: - Ортаға мектеп директоры Б.А.Садвакасованы шақырамыз. Сонымен қатар директордың оң қолы мен сол қолы болып жүрген екі көмекшілерін де шақырамыз. (Гүлдер табыс ету. Тілектерін айту. Ата-аналар комитетіне «Алғыс хаттар» табыс ету).
Ән «Мектебім-ұям» - хор.
17-оқушы: Ұстаздардың ұлағатты сөзінен,
Өмір бойы таусылмас нәр аламыз.
Ұстаздардың мейірімді көзінен,
Бізге деген жылылықты табамыз.
18-оқушы: Аңғарттың ойлы сөздің сарасын,
Үйретіп достық сезім, данасын.
Меңгерткен бізге орыс сөздерін,
Ұстазым менің маған сен дарасың.
Мұғалім: Ортаға орыс тілі және музыка пәнінен сабақ берген С.К.Сабитова мен Г.А.Байкадамованы шақырамыз. (Гүлдер табыс ету, тілек сөздер айту).Сіздерге арнап біздің сыныптың қыздары тамаша «Қазақ биін» орындайды. Қабыл алыңыздар.
19-оқушы: Біз апайдың тамсанып талғамына,
Еліктеуші едік ойлы сөз талғамына.
Жан сезімін жастардың баурап алып,
Жетелеуші еді алысқа, алдағыға.
20-оқушы: Үйретсе де ғылымның бар сырын,
Ұстаз-ғалым, толастамас мәңгі сын.
Тыншымайтын асыл жандар аяулы,
Тыңдаңыздар шәкірттердің алғысын.
21-оқушы: Ұстазым, тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсын жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін,
Ақылды оқушыларың оны білген.
Мұғалім: - Д.Б.Шаяхметова, А.С.Мынбаева, А.А.Тугельбаева- сіздерді ортаға шақырамыз. Сыныбымыздың, тіпті ауданымыздың мақтанышы болып жүрген, келешекте Қажымұқан атасындай палуан болатын, осы уақытқа дейін жанбасы жерге тимеген ұлымыз Сатханов Бейбіттің орындауында «Жан достар» әнін қабыл алыңыздар.
22-оқушы: Жүзің жылы, құшағың кең,
Сенен түлеп ұшамын мен.
Өзің берген біліміңмен,
Биіктерге шығамын мен.
23-оқушы: Жадыраған жаздай жылы жаны бар,
Жақсылықтың шырағы боп жағылар.
Қадірлі ұстаз, әнмен бірге жолданған,
Шәкіртіңнің сый құрметін қабыл ал.
Мұғалім: - Ортаға дене шынықтыру және информатика пәндерінің ұстаздары Е.А.Темірханов пен М.Қ.Бекешті шақырамыз. (гүлдер табыс ету, тілек айту).
Сіздердің құрметтеріңізге «Вальс» биі, қабыл алыңыздар.
Мұғалім: 4 жыл бойы, балалар, осы мектепке күнде сабаққа келіп жүрдіңдер. Осы мектептің ауласына кіргеннен, өз сыныптарыңа жеткенше мектепте жұмыс істеп жүрген көптеген мұғалімдерді көретінсіңдер. Әрқайсысымен амандасып, жол беріп, әдепті, тәрбиелі бала екендеріңді көрсетіп жүрдіңдер. Енді жоғарғы сыныпқа барғанда, сол мұғалімдердің көбі сендерге сабақ береді. Сол барлық ұстаздарға арнап «Ұстаздарға қошемет» әнін орындаймыз.
24-оқушы: Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Сәбиіңді әлдилеумен түн қаттың.
Ақ сүтіңмен тал бойыма нәр бердің,
Кең құшағың, аясында гүл бақтың.
25-оқушы:Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең-ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем, еңбек етіп,
Өзіңнің еңбегіңді ақтау үшін.
26-оқушы: Дүниеге әкелген ол да сенсің анашым,
Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенсің анашым.
Тіл алмасам кешірген, ол да сенсің анашым,
Мәпелеген баласын аман болсын анашым.
27-оқушы: Ыстық-ау кім –кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген.
28-оқушы: Әкешім, тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін,
Ақылды балаларың оны білген.
29-оқушы: Ұмытпаймын еркелеткен күндеріңді,
Ұмытпаймын әрқашан күлгеніңді.
Әкешім аман-есен жүре берші,
Қалаймын ұзақ өмір сүргеніңді.
Мұғалім: Бала, әке-шешемен бала деген сөз бар қазақта. Баланың бақытты болуы да әке-шешеге байланысты. Осы ұлдарыңыздың орындауында «Балалаық шақ» әнін қабыл алыңыздар.
Мұғалім: Балалар, бақытты өмір сүру үшін, келешекте үлкен азамат болу үшін бізге ең алдымен денсаулық керек. Ал денсаулық негізі тазалықта. Осы мектепте сендердің денсаулықтарыңа еш зиян келмесін деп, сендер таза жерде жүріп оқысын деп, күнде дәмді тамақ дайындап жүрген адамдар бар. Ол кісілердің еңбектері білінбейді, бірақ еңбектерінің маңызы өте зор. Сол кісілерге арнап мың бұралған қыздарымыздың орындауында «Шығыс биі», қабыл алыңыздар. Қыздарымыздан ұлдарымызда қалыспайды. Шетіне бәрі де өнерлі. Ұлдардың орындауында «Брейк биі».
Мұғалім: Ал қазір, балалар, біз төрт жыл бойғы өмірімізді еске алайық.
(Слайд-фильмді көру). Ал енді мен сендерге балалар, бастауыштан естелік ретінде мына медальондарды және жаңа ғана көрген бейне фильмді сыйға тартамын. Бастауышты сағынғанда осы фильмді көріп, қуанып отырыңдар.
25-оқушы: Бастауышым – балбұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып,
Рахметімді жаудырамын.
26-оқушы: Бастауышым – балбұлағым,
Лаулап жансын шам-шырағың.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшты тау қыраның.
27-оқушы: Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым – балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.
Хормен: Қош бол, балғын балалық,
Қош бол, сүйікті бастауыш!
Мұғалім: Ендігі құттықтау сөз кезегі ата-аналарда. (Ата-аналардың құттықтау сөздері). Осымен біздің ертеңгілігіміз аяқталды. Барлықтарыңызға рахмет айтамыз. Балаларымызға сәт-сапар тілейміз!