Эссе «12 жылды? білім беруде бастауыш сынып м??алімдеріні? ??зыреттілігі»


Солтүстік Қазақстан облысы,Тайынша ауданы
«Тайынша қаласы №2 орта мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі:Кусаинова Лаззат Салимтаевна
Эссе : «12 жылдық білім беруде бастауыш сынып мұғалімдерінің құзыреттілігі»
Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың еш нәрсені ұмытпайтын ... алғыр да, алғарымпаз, ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ , жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болу керек.
Әл - Фараби
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»-деген бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың меңгерген біліміне, алған тәжірибесіне байланысты екеніне еш күмәнім жоқ. Оқушылардың танымдық көзқарасын байыту, ақыл-ой қабілетін жетілдіру, өзіндік ойлау және өмірлік ұстанымын қалыптастыру мұғалімнің шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты.Өмір ағымына қарай білім беру жүйесінің моделі күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Сондықтан заман талабына сай жаңа мазмұнда білім беруді ұйымдастыру 12 жылдық оқытуға көшумен тікелей байланысты.
Бүгінгі таңда мұғалімге артылатын сенім жүгі соншалық ауыр екенін ескере отырып,оның ұлағатты ұлы жол екенін естен шығарып алмаған жөн.Өз ісіне шын берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкіртінің бойына сіңіре алатын ұстазды ғана бүгінгі күннің лайықты мұғалімі деуге болады.
12 жылдық білім беруде мұғалім шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметінің барлық келеңді- келеңсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез- келген педагогикалық жағдайларды өзінің білімділігі, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын мұғалім болуы керек.
Қызығы мен қиындығы мол ұстаздық қызметтерін атқарып, әр сабақтың түрін, әдісін, әр кезеңін ойластырып, тартымды, сапалы, бүгінгі күн талабына сай өткізетін ізденімпаз ұстаздар әрбір сабақта оқушы бойында негізгі құзыреттіліктерді қалыптастырып, шығармашылығын, қызығушылығын дамытуы тиіс. Ондай ұстаздың шәкірттері де табанды, еңбекқор, өздігінен жұмыс істей алатын тұлға болып қалыптасады.
Мұғалім кез -келген педагогикалық  іс-әрекетте оқушыны және өзін-өзі дұрыс ұйымдастыра білсе екеуі де жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға болып шығады.
Мұғалім үшін кәсіби шеберлікке жету, өз мамандығының данышпаны болу бір күнде пайда болатын дүние еместігін біз жақсы түсінуіміз керек және өмір бойы ізденушілікті , зерттеушілікті талап ететін мамандық екенін анық аңғарғанда ғана толық нәтижеге жете аламыз. Мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі , қимылы, аяқ алысы, жүрісі, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Сондықтан әрбір ұстаз үшін оқу мен тәрбие процесін ұйымдастыруда мол білімділікті, ақылдылықты, дұрыс іскерліктер мен дағдыларды қолдануды қажет етеді.
Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі.  Мұғалімнің негізгі басты мақсаты – білімді,рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. 12 жылдық білім берудегі мұғалім - ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек.