Жеке т?л?аны ?алыптастыруда?ы сындарлы о?ытуды? тиімділігі



Қызылорда облысы
Сырдария ауданы
№44 орта мектебінің
химия пәнінің мұғалімі
Медетова Ләззат Мүталлапқызы

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы сындарлы оқытудың тиімділігі
Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезінде оқу - білімнің, соның ішінде болашағымыз, бүгінгі мектеп оқушысының білімі мен тәрбиесі аса маңызды мәселе. Еліміздің әлеуметтік - экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса алатын, өзіндік ой - пікірі бар жан - жақты дамыған, білімді де, білікті тұлғаны дайындап, тәрбиелеу аса құрметті қоғамдық міндет. Себебі, ел тұтқасын жан - жақты білімді ұрпақ ұстанған шақта ғана өркениет алға дамымақ.Жас ұрпаққа білім беруде, оларды болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу әр ұстаздың, әрбір мектептің ең қасиетті міндеті. Осы міндеттерді орындау мақсатында білім беру саласында да елеулі әрі ауқымды өзгерістер өрістеуде. Осы мақсатта мемлекетіміздің білім сапасын арттыратын түрлі құжаттар қабылданып, бағдарламалар енгізілуде. Мемлекет тарапынан көптеген қаражаттар бөлініп, еліміздің көп жерлерінде мұғалімдердің біліктілігін көтеру курстары өткізілуде. Мемлекеттік білім беру жүйесін әлемдік үздік үлгіге сәйкес деңгейге көтеру көзделген. Жеке тұлғаның білім алу және рухани қажеттіліктерін, оның мүмкіндіктерін ескеріп қанағаттандыру.Білім беруді жаңарту үнемі алға қарай ұмтылу мен дамыту үдерісі, бұл білім беруде кезең кезеңімен өтетін және алынған нәтижелерге бағытталған өзгерістер. Қоғамдағы жүріп жатқан өзгерістер, ғылыми- техникалық прогресс және жалпы білім беретін мектеп құрылымының өзгеруі - жас ұрпақты тәрбиелеуді дамытып қалыптастыруды талап етеді. Қазіргі өркениетке жеткізетін құрал тек қана - білім. Білімді ұрпақ ғана болашақ иесі болып табылады. Білім - қоғамды әлеуметтік мәдени ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, қауым үшін де, қоғам үшін де жоғары құндылық.
Адам баласының жер бетінде адам болып, бақытты ғұмыр кешуі үшін екі нәрсе керек.  Ол – тән азығы мен жан азығы. Тән азығы адамның тірі жан ретінде өмір сүруін қамтамасыз етсе, ал тән азығына материалдық қажеттіліктерді қамтамасыз ететін азық-түлік, киім-кешек, баспана, көлік сияқты адамның күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететіндер жатады. Ішкі жанымызбен, түйсігімізбен сезінетін рухани дүниені меңгеруге ұмтылу – жан қалауы. Басқаша айтсақ, жан азығы – рухани құндылықтар.  Қазіргі таңда рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтың яғни, тән қалауы бірінші орынға қойылғанын біз жасыра алмаймыз.  Бұл жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне кері әсер ететіні белгілі. Егер біз рухани құндылығымыздан айырылсақ, табиғатты сүю, ата-ананы сүю, бірге туған бауырды сүю, жалпы адамзатты сүю, өз Отанын, ұлтын сүю деген қасиеттерден қол үзіп қалмауымыз мүмкін. Біз көптеген жасөспірімнің өзіндік пікірі, көзқарасы қалыптасуы кенжелеп, ойды еркін жеткізу қабілеті төмендеп кеткенін жасырмауымыз керек. Тестпен емтихан алу, ҰБТ сынақтары оқушының тек тестке дайындалып, материал жөнінде бетсыдырғы мәлімет алып, мағынасына терең үңілмей-ақ сынақтан өтіп, рухани құндылықты өмір сүру қағидасы ретінде жаратпауы алаңдарлық жағдай. Сонымен қатар компьютер, ұялы телефон, ғаламтордың дамып, қолжетімді болуы, жасөспірімдердің көңілін аулап, оқушылардың кітап, газет-журнал оқу дағдыларын бойына сіңіруіне мүмкіндік бермей, көзқарастың тарылуына әкелді.  Рухани құндылықтан ада болып, адамгершілік қасиетіміз алшақтап, білімді механикалық тұрғыдан меңгерсек, біздің күлтемірден айырмамыз қайсы?! Мен бұл жерде қоғамда барлығы осындай деуден аулақпын. Бірақ, жасөспірімнің көбі өз уақыттарын тиімді пайдаланбайтыны белгілі. Қазіргі таңда жоғарыда айтылған компьютер, ұялы телефон, ғаламтор сықылды жетістіктерді жасөспірімдердің рухани өркендеу үшін пайдалануын жүзеге асыруымыз керек. Ол үшін не істесек болады? Ғылым мен техниканың шапшаң дамыған заманында, компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болған жасөспірімдердің қолына оқулық ұстатып, тәрбиелеп, оқыту мұғалім алдындағы үлкен бір мәселе.  Дегенмен, қандай да бір қиыншылықтан шығудың жолдары болатыны белгілі.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты – терең білім, кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамыту және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген. Ал мұғалімнің міндеті жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай туғызу. Осы тұрғыда былтырдан бастап жаңа форматта оқыту мен оқудың Кэмбридждік әдіс-тәсілін қазақстандық мұғалімдерге меңгерту қолға алынды. Себебі, жоғарыда айтылғандай,  ақпараттық қоғамның  негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау қабілетін дамыту, ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және ақпараттық сауатты болып өсу мен ғасыр ағымына бейімдей тәрбиелеу, яғни  ақпараттық қоғамға бейімдеу болып табылады. Ағылшындардың озық тәжірибесі осыған сәйкес келеді.
Өздерін ұлы халықпыз деп есептейтін ағылшындардың жас ұрпақ үшін жасаған бұл бағдарламасы шынында да осал емес екен. Бүкіл әлемді өзінің тілімен баурап алған ағылшындарды ұлы демеске амал да жоқ. Бағдарлама нұсқаулығының алғашқы бетінен-ақ: «Бұл бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету» деген сөздер ішіңді жылытады. Бізге керегі де осы емес пе еді?!
Бағдарламаның оқушыға тиімді боларын, оған білім мен тәрбие берудегі зор үлесі бары сезіліп тұр. Себебі, оқытып тәрбиелеуді қатар алып жүрудің қыр-сырын ағылшындар терең меңгергенін көруге болады. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп халқының болашағы үшін білімнің даңғыл жолын салған Ыбырай Алтынсарин бекерден бекер айтпаған. Әрбір мұғалім өзін мектептің жүрегімін деп есептеп, мектептің жанын кіргізердей дәрежеде болуы тиіс.  Өз ісіне аса ықыласпен ден қоя отырып, құзырлы мұғалім ретінде баланың жүрегіне білім нәрін себе білсе нұр үстіне нұр. Бағдарламада зерттеуші-психолог Шульман түсінік, дағды және тұтастықты «мұғалімнің үш көмекшісі» деген. Оны бас  - кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби-өнегелік тұтастық деп түсіндіреді. Бұдан біздің ұққанымыз, әр мұғалім теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, шын ынта-ықыласымен оқушыларға мейірімділік, аяушылық, құрмет таныта білуі тиіс. Бұл біздің біліктілігіміз бен рухани құндылығымыз жоғары деңгейде болуы керек деген сөз.Сындарлы оқыту теориясының негіздері еліміздің білім беру саласына тереңінен сіңіссе, білімді де тәрбиелі, өз елін сүйетін, рухани құндылықты бойына сіңірген жастар өсіп шығары белгілі. Ал, жастар – еліміздің  болашағы. Болашағымыз жарқын, еліміздің де іргетасы мығым болса, өміріміз де әрлі болары анық. Білімнің мазмұнымен қоса, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ақпараттық технологияны пайдалана отырып, мағынасына терең мән бере оқытуды көздейтін оқытудың кэмбридждік әдісінің бізге берері көп. Сол себепті еліміздің әрбір мұғалімі бұл оқыту әдісін меңгеруден бас тартпауы тиіс деп есептеймін.Оқушылардың сапалы білім алуы мұғалімдердің білімділік және кәсіби шеберлігін қажет етеді.Үлгілі ұстаз ғана қабілетті, жан-жақты шәкірт тәрбиелей алады.Шәкіртті қарапайым бала деп емес, жеке тұлға ретінде дамыту қажет.Әр ұстаз оқу тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, жаңа заман талабына сай, осы бағдарлама мазмұнына сай, сабақты түрлендіру мақсатында оқытудың түрлі әдістерін пайдаланса, игі нәтижеге жетері сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің кезекті жолдауында «Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деп көрсеткен еді. Қоғамымыз өте тез, шапшаңдықпен қарқындай дамып отырған мына заманда халық ағарту саласының қызметкерлеріне түсер салмақтың жеңіл болмасы да анық. Заман талабы мен уақыт көшіне ілесу ұстаздар қауымына үлкен сын. Оқушылардың әрекеті - зерттеушілік әрекет болу үшін мұғалім нақты мақсаттар қоя білуі керек, ал ашып айтатын болсам, оқушыларға ғылыми зерттеудің әдістерін, формаларын, принциптерін, нені ашу керектігін, қандай әдіс арқылы, қандай нәтиже алу керектігін үйренуге жетелеу. Танымдық әрекет шәкірттің білімге деген өте белсенді ақыл - ой әрекеті. Танымдылығы мықты балада өзіндік мақсат, нәтиже болады. Яғни, қазіргі заманғы сындарлы оқытудың талабы оқушы бойында «мен» болуы. Оқушының адами әлеуетінің өсуі. Өзін - өзі немесе «Менін» көрсетудің бір жолы - оқу екендігі және оның басты мақсат екендігін Маслоудың пікірінен аңғаруға болады. «Мен» тұжырымдамасы төңірегінде Маслоу мен Роджерс өздерінше түсінік берді. Нәтижесінде «Мен» тұжырымдамасы бізді алға жылжытатын және біздің мінез құлықтарымызды бағыттайтын, өзін- өзі реттеуге жетелейтін әлеуметтік стимул екендігі айтылған. Осы сындарлы оқытудың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде заман талабына сай білімді ұрпақ қалыптастыру мүмкіндігі жеткілікті болады.Ғұлама ғалым әл - Фараби «Адам мақсатына өзін - өзі жетілдіру арқылы жетеді және адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез - құлыққа байланысты» деп ой түйген екен. Ғалымның бұл пікірі оқушы мен мұғалімге тікелей қатысты деуге болады. Шынымен де, мұғалімнің жақсы мінез құлқы оқушыға дариды және әсер етеді. Мұғалім оны оқыту үрдісінде, қолданған әдіс- тәсілдерінің барысында және іс әрекетінің нәтижесінде байқатуы мүмкін. Оқу барысында оқушы оны бойына сіңіреді. Егер оқушыда жақсы мінез - құлық болса, ол онда өзінің оқудағы жетістігін тұрақты ұстап тұра алады және өзін - өзі жетілдіреді. Яғни, нәтижелі оқу жақсы мінез - құлыққа тікелей байланысты.Еліміздің білім беру жүйесін 2015 жылға дамыту тұжырымдамасында: «Жылдам өзгеріп отыратын заманда алынған білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білетін, өзін - өзі іске асыруға, өзін - өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп нақты көрсетілген. Осы мақсаттың жүзеге асырыла бастауының бірден бір себебі - осы сындарлы оқыту теориясы деуге болады. Сындарлы оқытуды жүзеге асыруда бағдарламада қамтылған жеті модульді сабақтарда ықпалдастырудың маңызы өте зор.
Мұғалім бала бойындағы шығармашылық сапалардың болатындығын мойындап, әрі қарай дамытуы керек. Ол үшін өзі де өзгеруі, әсіресе дәстүрлі оқытудың стереотиптерінен арылуы қажет: Міне, осындай күрделі де қызықты бағдарламаны жүзеге асыру біздің басты міндетіміз.
К.Д.Ушинский: "Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады" деп бекер айтпаған. Ал, жаңа форматтағы оқытудың Кэмбридждік әдіс- тәсілін үйренгеннен табатынымызға сенімім мол.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
2. Білім беруді дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы