Бала ба?ыт, бала базар, бала ?мір


Бала бақыт, бала базар, бала өмір.
Балалардың шат үнімен шат өмір. Ата-бабаларымыздың бала тәрбиесі туралы жиған-түйгені ғасырлардан-ғасыр өтіп сұрыпталып, осы күнге дейін өз мәнін жоймаса, келешек ұрпаққа да талай ғасыр азық болары сөзсіз. Кемеңгер ата-әжелеріміз ұрпағына ұсынар ұлағатты баланың ұғымы мен зеректігіне сай санасына құйып отырған: «Батыр бол!»-деп астына шыбықтан ат міңгізсе, «Ақын бол!»-деп құстаңдай оюлы тақия кигізген. Тіпті бесік жырын айта отырып, бөлеулі жатқан нәрестенің өзіне үлкен үміт артқан. Сондай ұлағатты сөздерді естіген баланың қиялы қалайша шарықтамасын, аққанат армандары аспанда қалықтамасын. Әр нәрсеге ақылмен қарайтын аталарымыздың сабырлы ойлары баланы ұдайы төзімділікке, ерінбей еңбек етуге тәрбиелеп отырған. Әжелеріміз: «Ми жеген мидай былжыр болады, ал желке жеген қыз баланың шашы ұзын болады»- дегенге дәл ертең қолаң бұрымға ие болатындай таласа-тармаса желкені бөлісетінбіз. Сол кездегі ой түбі мидай былжыр болуда емес, кішкентайынан жылы – жұмсаққа үйір болмай, ішер тамағына еңбектенсін деген ақылда, қайсарлыққа, төзімділікке тәрбиелеуде жатқанын, әрі тістің түбі бекитінін ақыл тоқтата келе түсіндік. «Бауыр жесең бауырмал боласың, өкпе жеген өкпешіл болады» дегенді ести отырып, жеуге сүйкімсіз болса да бауыр жеуге талпынатынбыз. Ал сол бауырда қанша пайдалы дәрумендер бары бәрімізге белгілі.
Ауыл балалары жиі еститін: «Көкті жұлма!», «Қолыңды шошайтпа!», «Суға түкірме!», «Босаға керме!»т.б. ырым-тиым сөздерде әдепке бастар әдеттер жетерлік.
Бұрын баланы ауыл болып тәрбиелесе, қазіргі заманда да тәрбие ошақтары аз емес. Бірақ қазіргі бала «айналайыннан» гөрі ақыруды жиі еститін тәрізді. Ата-ана: «Осы бала бақша, мектеп не үйретеді?» десе, балалар бақшасы мен мектеп «Ата-аналар қайда қарайды?» деп бір-біріне түсінбестікпен қарайтын кездері аз емес. Екі ортада кімнің сөзін сөйлерін білмей жаутаңдап сәби тұрады. Орыстың психолог маманы Наталья Правдина «Адамның өзіне деген санадан тыс сенімсіз түйсігінен, өзгелерге деген зорлық пен жеккөрушілік пайда болады. Тек әлсіз адам ғана өзгелерді басыну арқылы өзін нығайтады!»-деген пікір айтады. Біз неге бір-бірімізден кінә іздеп баламыздың ойын онға, санасын санға бөлеміз? Онсыз да ойсыздардың от басқан адымының нәтижелері, қаншама ұлдар мен қыздар балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Олардың алаңсыз балалығы толықтай мемлекет қамқорлығында десек те, ол ананың «айналайын» деген жалғыз ауыз сөзіне тати ма? Ендеше, сабырсыз мінезімізбен қатігездіктің іргетасын өз қолымызбен құюдан сақтанайық.