Бастауыш кластарында жа?аша о?ытуды? тиімді жолдары эссе


Жаңаша оқытудың тиімді жолдары
Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Сондықтан, ой-өрісі терең, білімі ұшқыр ұрпақ тәрбиелеу ұстаздар қауымының басты міндеті деп ойлаймын. Әр ұстаз өзіндік білімі мен қатар, шығармашыл және ізденімпаз болғаны дұрыс. «Әлемді өзгертем десең, алдымен өзің өзгер» деген сөздің берер тағылымы мол деп есептеймін. Алдындағы шәкіртін білімнің шыңынан көргісі келетін ұстаз үнемі жаңашылдықтың бел ортасында жүруі міндетті.                                                               
«Әр бала – керемет рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып-білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі» - Ш.Амонашвили. Қандай мұғалім болмасын әдістерді неғұрлым көп білуге тырысуы, оларды көмекші шара ретінде қабыл алуға тиісті.Оқушылардың сабақты түсінуіндегі кездесетін қиыншылықтың қандайы болса да оны оқушылардың кемшілігі емес, қайта мұғалімнің сабақ оқытудағы кемшілігім деп қабылдауға тиісті.Жаңа тәсілді ойлап табу жөнінде өзінің қабілетін дамыта беруге ұмтылуға тиісті.
«Сабақ беру–үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол-жаңадан жаңаны табатын өнер. Қыран  түлегіне  қайтпас  қанат  сыйлайды, ұстаз  шәкіртіне  талмас талап  сыйлайды»  Жүсіпбек Аймауытов демекші,  ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның  тірегі. Қоғам  тұлғаны  қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты  дәрежеде  дамытады.Сондықтан  қоғам  дамуында білім  беру ең маңызды  мәселе  болып  табылады. Жаһандану  заманында
 ұлттық  бәсекеге  қабілетті  болудың  көрсеткіші – білім деңгейімен  өлшенеді. Сапалы  білім  негізі жан- жақты  ақпараттық  материалдарды, көрнекі  құралдар  мен  ұтымды  технологияларды,  тиімді  әдіс-тәсілдерді пайдалана  отырып,  білім  алушыға  ешбір  кітаптан  таба  алмайтын білім 
беру. Өйткені, тек оқулықтағы  білімді жеткізуші мұғалімнің  құны  жоқ  
деп  ойлаймын. Оқулықтағыны  оқушы  өзі  де  оқып  алады.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Сондықтан осы маман иесі қазіргі заман талабына сай құзіретті маман иесі болуы шарт.Құзіреттілік жаңа формация педагогіне тән қасиет.Осы құзіреттілікті бойыма сіңіре отырып ел келешегін кемелдендіре алатын білімді ұрпақ тәрбиелеу-біздің яғни педагог қауымының ұстаздық борышы.
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді.
Ұлы мұғалім шабыттандырады.
Соңғы кезде еліміздің білім беру ісінде түбегейлі өзгерістер еніп жатқаны баршаға аян.Ең бастысы әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында алғашқы қадамдар болып отыр.Үш базалық деңгей бағдарламасы бойынща жалпы білім беретін мектептердің пән мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курсының ашылуы соның дәлелі. Бұл курста бізге пайдалы болғаны 7 модулді тереңінен танып, сыни тұрғыдан ойлау технологиясымен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен жетік таныстық.7 модулді оқыту бойынша менің көзқарасым заман талабына сай оқушыларға сапалы да тиянақты білім беру, мұғалімдер аясындағы үлкен міндет деп ойлаймын.Кез келген ұстаз осы ұлы есімге сай ұрпаққа білім беруді өзінің тікелей парызы деп білуі шарт.Баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын оқу мен тәрбие.Бүгінгі білім беру оқу-тәрбие үрдісінде пәнге танымдық дербестікті дамыту құралы ретінде қызығуды қалыптастырудың мәні барған сайын ұлғайып келеді.Яғни осы курстан алғанымыз мұғалімнің ең басты міндеті дайын білімді дағдыларды меңгертіп қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта ізденетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін рухани бай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны жетілдіру болып отыр.Сондықтан мұғалім өз жұмысын оқушының өздігімен білім алуына бағыттауы қажет екенін білдік.Қорыта келгенде Кембридж тәсілінің жаңа жобасы мұғалімнің сабақ барысында тек жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып зертт еу жұмыстарын жүзеге асыруға жол ашады.Мұғалімнің тығыз ынтымақтастығында бола отырып оқушы өз дамуының жаңа сатысына бірте-бірте көтеріледі.Оқушы бойындағы оқуға деген қызығудың аз да болса көрінісін дер кезінде байқау, танымдық қызығуды біртіндеп қалыптастыру үшін барлық жағдайды жасау, оқушының ойын ояту түйінді сұрақ қою, оны таңғажайыптармен таңырқата білу, белсенді өзіндік іс-әрекеттерге қатыстыру, міне бүгінгі таңдағы мектеппен мұғалімнің басты міндеті болып отыр.Дарынды да талантты жас ұрпақ –бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы. Қазіргі заман талабына сай әрбір ұстаз өз тәжірибесін жетілдіріп үнемі ізденіс үстінде болып үздіксіз жас буынды тәрбиелеу ісінде өз құзіреттілігін арттырып отыру керек.Сонда ғана құзіретті оқушыны болашаққа дайындай аламыз.Оқушының дамуын жан-жақты зерттеп,оны терең білу,оның даралық ерекшеліктерімен үнемі санасып отыру әр ұстаздың жауапты міндеті.
Бұл жерде мұғалімнің негізгі міндеті:өз ойын, пікірін айтқысы келген оқушыны тыңдау оның логикасын түсіну, қате пікірді бірден жоққа шығармай, оқушылардың өзара пікір алысуы барысында елеусіз түзету.Әр оқушыда «Менің ойымша», «Мен онымен келісер едім, егер...» «Мен былай түсінемін» деген сияқты әрі өз пікірі бар тұлға екенін сезінуге,өзін еркін ұстауына мүмкіндік беретін жағдай туғызу керек. Алайда барлық оқыту үдерісін ұйымдастырып, көшбасшылық жасайтын мұғалім болғандықтан, бағдарлама ең әуелі мұғалімге қарай бағытталады. Өйткені, мұғалімдер ойлау қабілеттері жоғары деңгейде дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, онда өздерінің де терең ойлау қабілеттерін дамытқан жөн. Сонда ғана бір жақты, «тек менікі дұрыс» деген сенімнен гөрі жаңашыл идеяларға деген көңіл көкжиектері ашылып, жаңаша қалыптасуы мүмкін.Оқушының жетістігі, бұл мұғалімнің жетісігі, ал мұғалімнің жетістігі – бұл жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануында екеніне көзім жетті. Бірақ көш жүре түзеледі дегендей алда әлі алдымызға келген әрбір бүлдіршіндерге заман талабына сай білім беруге бар күш жігерімізді салып құзіретті оқушы болып шығуына үлес қосамыз деген ойдамын. Бүгінде білім беру саласында оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгермейінше, сауатты, жан - жақты болу мүмкін емес. Оқытудың жаңа әдіс -тәсілдерін меңгеру мұғалімнің интеллектуалды, кәсіптік, адамгершілік, рухани азаматтық және басқа да адами құндылықтарының қалыптасуына әсер етіп, өзін -өзі дамытып, оқу -тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Осы бағдарлама арқылы игерген білімімді оқушыларыма үйретіп жатырмын. Тәжірибе кезінде өзіме жинақтаған кейбір ой-түйіндерімді ортаға салғым келді. Күнделікті сабақтарымда білім беруде басты мақсат «не нәрсеге оқыту», «қалай оқыту» және оқушыларымның топтық, жұптық жұмыстарда өздерінің шығармашылықтарын шыңдай түсу үшін қандай тапсырмалар беру керектігін әбден зерттеп, зерделеп алған дұрыс екеніне көзім жетті. Сабақты бастамас бұрын оқушыларды шаттық шеңберіне тұрғызып, көңіл - күйлерін жүректерінің жылуы мен ыстық алақандарының түйісуі арқылы сездіре отырып, бүгінгі сабақтың қызықты әрі тартымды өтуі өздеріне де байланысты екенін сездіруге тырысамын. Ендігі тоқталып өтетінім: тәжірибе кезінде байқаған топтық, жұптық жұмыстардың оқушыға тигізетін оң әсерлерін сөз еткім келіп отыр. Топтық жұмыстарға оқушыларды бағыттап отыру әсіресе көп үндемейтін, тұйық, баяу болып келетін оқушыларға аз да болса серпіліс жасатып, ұжымның ортасына қарай икемделетіндіктерін байқадым. Топпен жұмыс істеуге дағдыланған оқушылар бір - бірін тыңдауға, пікір сайыс құруға, араларынан көшбасшы сайлап, топ ұстанымын орындауға бірте - бірте бейімделе түседі екен. Бұған әрине, топ мүшелерінің ішіндегі белсенді оқушылар үлгі болатынын байқауға болады. Әдебиеттік оқу пәніндегі ертегі, аңыз, жыл мезгілдері, табиғат жайлы берілген тақырыптар топтық жұмыстарға өте қолайлы тапсырмалар беруге ыңғайлы. Әсіресе тұйық отыратын оқушы топтың қолпаштауымен ортаға шыққанда, өз тобының намысын ойлап, тәп -тәуір әңгіме айтып беруге тырысатыны байқалып қалады. Сонымен қатар рөлдік ойындар, кейіпкерлерге кластер жасау, олардың жағымды - жағымсыз қасиеттерін анықтау, кейіпкерлерге өз атынан немесе сол кейіпкердің образына кіріп хат жазу, ертегі мен аңыздардағы негізгі идеясын тауып, соған байланысты мақал - мәтелдер, жаңадан аңыз, ертегілерді құрастыру сияқты шығармашылық жұмыстарды топтық жұмыс кезінде орындау тиімді екеніне көзім жетті. Сонымен бірге тіл сабақтарында диалогтік оқыту да өте пайдалы, себебі оқушының сөз байлықтарын молайтумен қатар сұрақтарға нақты, дәл жауап беріп отыруларын бағыттап береді. Диалогті өз мәнінде кеңінен өрбіту үшін қойылатын сұрақтар мәнді де мағыналы болғаны жөн. Сонда оқушы өзінің беретін жауабына да немқұрайлы қарамайды.Топтық жұмыс орындау кезінде тағы бір байқағаным олардың намысшыл, жеңісті қолдан бермеу сияқты дағдылары да қалыптасады екен. Бұл жерде әрине, балалардың бір - біріне және топтық жұмыстарға формативті түрде баға берулері көп әсерін тигізеді. Әр топқа неге мұндай баға қойылды, не себепті деген сұрақтарға жауап берген оқушылардың сөздері ұстаз көңілінде ескерусіз қалмауы тиіс. Топтық және жұптық жұмыстар оқушылар үшін жаңалық екені даусыз. Кезінде дәстүрлі сабақтарда мұндай жұмыстарды қолданған жоқпыз. Тек мұғалім мен оқулық арасында ғана өз білімдерін түйіндеп, белгілі бір шекарадан ауытқымайтын қағида болды. Ендігі жерде оқыту үдерісіне енген жаңалықтарды біртіндеп кіргізу арқылы жаңаша оқыту технологиясын сәтті пайдаланып, заманауи талаптардың басында көшбасшы болу  әр ұстаздың ұрпақ алдындағы парызы. Мұғалім  тек бағыттаушы,ал оқушы -ізденімпаз болып, өз бетімен шешім қабылдауға жүрексінбей кіріссе, бұл жұмысымыздың белгілі бір нәтижесі болады деп сеніммен айта аламын.