22 — ?ырк?йек Тілдер мерекесіне арнал?ан Тілім барда тірімін мен, м??гімін та?ырыбында?ы ашы? т?рбие са?атыны? жоспары ( 8 сынып)


Маңғыстау облысы Қарақия ауданы
Жетібай селосы № 3 орта мектеп
Ашық тәрбие сағаты
«Тілім барда тірімін мен,
мәңгімін...»
Сыныбы: 7 «А»
Сынып жетекшісі: Г.Б.Сатыбалдиева
2013-2014 оқу жылы
Ашық тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Тілім барда тірімін мен, мәңгімін...»
Сыныбы: 7 «А»
Сынып жетекшісі:Сатыбалдиева Гулзада
Мақсаты: Оқушыларға қазақ тілін білудің маңызы жайлы айту. Қазақ тілі туралы өлең, мақал-мәтел, нақыл сөздерді оқыту арқылы оқушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту. Қазақ тілін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Барысы:
Мұғалім:Құрметті ұстаздар,оқушылар ! Бүгінгі 7 «А» сыныбының Тіл мерекесіне орай өткезгелі отырған «Тілім барда тірімін мен, мәңгімін...» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер дей отыра, ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймын!
1-ж: Қайырлы күн, ана тілін ардақ тұтар тіл жанашырлары!
2-ж: Армысыздар, өрлі де асқақ рухты тәуелсіз елдің жас ұландары! "Тілім барда тірімін мен, мәңгімін..." тақырыбындағы ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!
1-ж: Тілім менің-тірлігім
Тіл жайында толғанбайтын кім бүгін?
Тіл жайында үгіттейді кімді-кім?
Тілім менің-тілім менің тірлігім!
2-ж: Ана тілім- тірлігімнің тірегі
Тілмен ғана кірер адам реңі
Тілсіз қоғам-өлі мынау дүниеде,
Түсініксіз тылсымменен бір еді.
Ана тілім-әрекетім азығы,
Бар ғаламды танушылық қазығы,
Ой-сананың өсуінің куәсі,
Ғасырлардың кейінгіге жалғасы.
1-ж: Қазақ тілім-өз тілім,ана тілім,
Абай,Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені
Болашағым,бақытым,дара тілім.
1-ж: Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай, беделді де бейнелі тілдердің бірі.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас – деп ұлы Абай атамыз таңырқап тағзым еткен де осы қасиетті тіліміз. Халық байлығы- әр елдің мақтанышы. Ол атадан-балаға мирас болып қалған баға жетпес мұра. Олай болса, достар, өз ана тілімізді құрметтеу перзенттік парызымыз екенін ұмытпайық.
2-ж: Ия, Тіл – халықтың тарихы, тіл-ұлттық қазына, тіл-біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз,барымыз.
1-ж:
Тілім менің тірегім, дінім менің,
Тілсіз қандай болады күнім менің.
Өз халқына жетеді өз мәнінде
Өз тілімде оқылса жырым менің.
1-оқушы: «Мұқағали Мақатаев»
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
2-оқушы: Рахат
3- оқушы:
Кейбіреулер туған тілін білмейді.Білмесе де білгісі олар келмейді,Туған тілін түсінбеген азаматӨз ұлтының қасиетін сезбейді.Қате болар туған тілін білмесе.Тілін сатып өзге тілге бой берсе,Тілін сатып деп айтпасам не дейін?Туған тілін білгісі де келмесе!Үйрен тілді баста бәрін жаңадан.Отан тілі әркімге ыстық бір арман,Ана тілім Қазақ тілін құрметтеуБізге аманат қалған мирас бабадан.Бар тілегім қазақ тілі гүлдеуіӨзге тілмен араласып жүрмеуі.Бұл тілімнің кемшілігі кәзіргі.Кей қазағым тілін мүлдем білмеуі!
4-оқушы:
Меруерт : Қуатым-ана тілім.
5-оқушы:
Тіл сенің-
Ең қайратты арыстаның!
Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.
Тіл сенің-
Жүректегі жүйрік елшің,
Көк орман,көк арайлы бағыстаның!
Тіл сенің-
Өмірдегі өрнек сырың,
Тіл сенің-
Көмейдегі күміс жырың!
Аспаның ,
Айың,
Күнің,
Ауаң,
Демің,
Шат күлкің, тәтті әзілің ,тапқыр сының.
Тіл сенің-
Жігіттік , балалығың,
Өмірдегі адамдық даралығың.
Тіл сенің-
Шағын жорғаң шын тайпалар,
Сайысса саңлақ сөзде ер байқалар!
Жүйрік тіл жүректерді тебірентпесе,
Шешен деп, шежіре деп кім айта алар?
Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,
Ел тағдырын шешіпті өткен біркез.
Досқа – бал,
Дұшпанға- у,
Қайран тілдің,
Достарым,қүдіретін осыдан сез!
Тіл сенің-
Тірліктегі жан ләззатың!
Тіл сенің-
Ар,
Арманың,
Махаббатың.
Адамдар бар қасиет тіл мен мида,
Ұғынсақ , сонда мейір, шапағатын!

2-ж: Тіл мәдениеті – халықтың рухани қазынасы. Қазіргі қазақ қоғамында басқа мемлекеттік саясаттар қатарында тіл саясатын да даму үрдісі күнен-күнге шапшаңдап, ана тілі халықтың рухын, мәдениетін жаңғыртатын мүделлі мақсаттың біріне айналды. Еліміздің бұрынғысы мен бүгінгісін , болашағын тек тіл арқылы ғана танитынымызға қазақ қоғамының көзі жеткен кезеңді бастан кешіріп отырмыз.
1-ж: Біз бүгін тіл тағдыры – ел тағдыры екенін нақты мойындадық, сондықтанда елімізде ана тіліміздің жан – жақты дамуына бар мүмкіндік жасалуда.
2-ж: Тіл- мәдениет , тіл- әдебиет, тіл-тарих. Енді бір сәт әдебиетімізге көз салайық. Ұлылардан қалған ұлы сөздерге құлақ салайық.
6-оқушы: «Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе , мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сеніді байлық»
Ғабит Мүсірепов
7-оқушы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды, тарихымызды ұмыту»
Бауыржан Момышұлы
8-оқушы: «Ана тілін ұмытқан адам, өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді»
Ғабит Мүсірепов
9-оқушы: «Тіл деген – бізге өткен дәуірлерден қалған асыл мұра. Ол тіл атамыздаң ақылынан, анамыздың сүтімен жаралған. Қазақтың өз тілі – қазақ үшін алтын бесік»
Шерхан Мұртаза
10-оқушы: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр»
Мағжан Жұмабаев
1- жүргізуші:
Шежірелі, шерлі тарих бүгіп сыр:
Тас-таңбада,
Жар аңызда бұғып жүр...
Қасіреттен
Қасиеттен оздырған,
Қазақ деген - қиып түсер қызыл тіл...
2-жүргізуші:
Көп ғалымдар қазақ тілін айбарлы тіл деседі
Айбарлы тіл әрқашанда күндер санап өседі
Абай,Мұхтар,Шәкәрімдер сусындаған ана тіл
Дәл қазірде адам төзбес қиын күндер кешеді
Дәл қазірде бәсеңдеп тұр ана тілдің айбары
Шыбын жанын аманат қып шүберекке байлады
Бұны көріп, барлық қазақ өзге тілді игерді
Қазақ тілі қорланып,жетімдерше күйге енді.
Оқушы: Сандуғаш , Жаңылсын
1-ж: Қымбатты ұстаздар,оқушылар! Тіл мерекесіне орай әр түрлі шаралар мектебімізде өз кезегімен өтіп жатса, біздің сынып оқушылары да қалыс қалар емес.Олай болса сыныбымыздың әдеби-театралдық қойылымды тамашалаңыздар.
11-оқушы: ТІЛ:
----Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, ділмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім.Мен наркескендей өткір едім.
Енді қандаймын?
Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.Мен не көремедім?
Маған әкеліп араб пен парсыны қосты.Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күдері мен мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды.Өліде ұшбағы болғыр Абайға өкпем жоқ. Тіріде маған ара түсушілер аз болды.Мен жылы сөзді алдымен, айналып кетейін, осы күнгі Ахмет деген кісіден ғана естідім.
12- оқушы:
Төле би: Жасыма!
Уа, халқым!
Көсіле шабар жерің бар,
Тай көтерген елің бар,
Қол бастайтын ерің бар.
Атадан қалған сара жолың бар,
Сөз қадірін біліңдер!
13-оқушы: ТІЛ:
Төңкеріске шейін көрмегенім жоқ.Төңкеріс болмаса бейшара қазақ мене айырылатын да шығар деп едім.Төңкеріс болды.Қазақтың көзі ашылды.Қазақтың көзі ашылған соң "Менің де күнім туды ғой" деп қуанушы едім. "молдалардың, тілмаштардың қолжаулығы болужан құтылым ғой" деп ойлаушы едім. Оның үстіне "Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын "деген заң шықты.Төбем көкке төрт елі жетпеді.Бірақ не керегі бар, босқа қуанған екенмін...
14-оқушы:
Қазыбек би: Налыма!
Біз қазақ деген, мал баққан еміз.Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз.Ешбір дұшпан басынбаған елміз.Басымыздан сөзі асырмаған елміз.
15- оқушы: ТІЛ:
Жанның бәрі теңдік алып жатқан Кеңес Үкіметінің тұсында менің бұтымды бұт, санымды сан қылып кім көрінген созғылай бастады.Өзгені не қылайын, отаршылдық саясатын қолданбас-ау дейін білім кеңесі екеш білім кеңесі де мені аямады.
16- оқушы:
Әйтеке би: Тамыры суда тұрса да.
Уақыты жеткенде
Қурамайтын құрақ жоқ.
Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.
1- Туған тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде!
2- Туған тілім! Ана сүтінің жұғымы да сенде!
3-Туған тілім! Райхан гүлдің жұпары да сенде!
4- Туған тілім! Мәжнүн ғашықтың іңкәрі де сенде!
Бірге: Туған тілім! Қыран құстың жанары да сенде!
Хор: «Мәңгүрттену» Мұхтар Шаханов
1- жүргізуші:
Шежірелі, шерлі тарих бүгіп сыр:
Тас-таңбада,
Жар аңызда бұғып жүр...
Қасіреттен
Қасиеттен оздырған,
Қазақ деген - қиып түсер қызыл тіл...
2-жүргізуші:
"Өнер алды - тіл" деген ғой бұл қазақ...
Туған тілді күндегенге мұз жалат!...
...Сиыр екеш сиыр да әне
Бұзауын
Мүйізіндей,
Тіліменен тұр жалап...
Өзге тілге үйір болса тіл - жалақ...
1-жүргізуші:
Бүгінге:
Жеткен серттей,
Серттен танып ,түңілме!
Қазақ деген,
Азат деген ұғымдай,
Азаттығы, Шындық тұнған тілінде...
2- жүргізуші:
Иса Байзақов айтқандай:
"Таңдамалы тәтті тіл-Абай тілі,
Ақынға дос, жанына тиеді жылы
Шымырлатып денеңді, сүйсіндіріп,
Шертіледі жүректің нәзік қылы."
Келесі кезекті ұлағатты сөздерге бергеніміз жөн болар.
1. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
2. Піл көтермегенді, ... (тіл көтереді).
3. Жеті жұрттың тілін біл, (Жеті түрлі ілім біл).
4. Бас кеспек болса да, ... (тілкеспек жоқ).
5. Бал тамған тілден ... (у тамған).
6. Тіл қылыштан ... (өткір).
7. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ... (ой өсіреді).
8. Жыланның уы тісінде, адамның уы ... (тілінді).
9. Тілден артық ... (қазына жоқ).
10. Сүңгі жарасы бітер, ... (тіл жарасы бітпес).
11.Айдос
1-жүргізуші: Тіл -халықтың жаны.Тілі құрыған халық та жер бетінен жоғалады.Тіл – халықтың тұтас кескін келбеті, болмысы.Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады.Тіл байлығы - әрбір елдің мақтанышы.
2-жүргізуші: Халқымыздың аса бай рухани қазынасы- туған ана тіліміз.Ол - қазақ тілі. Елімізде жүзден аса ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 1989 жылы 22 -қыркүйекте қабылданған. "Тіл туралы" заңда "Тіл- халықтың ұлы жетістігі әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін бөлігі" делінген.
1-жүргізуші: Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.
2-жүргізуші: 1989 жылы 22 қыркүйекте ҚР-ның Тіл туралы Заңы қабылданды. Қазақ тілі ҚР-ның мемлекеттік тілі болып жарияланды.
17-оқушы: Назгүл:
- Қуан далам! Қуанатын күн бүгін!
Серпіп таста, мұңды жүрек түңдігін!
Тіл туралы Заңым енді күшінде,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін!
- Қуан бабам! Қуанатын күн бүгін!
Халық жауы атандың-ау сол үшін,
Ғұмырыңды құрбан етіп жолыңда ар.
Қуан анам! Ұстазыңнан сүйініп,
Сәтің де көп кеткен кейде түңіліп.
Ақ сүтіңмен бойға біткен тіліңді
Пір тұтамын мен алдыңа иіліп.
- Қуан балам! Туған тілдің киесі.
Жебеп сені болғаныңа иесі.
Тек мұнымен бітпейтінін ұғып өс,
Дүниеде тіршіліктің күресі.
- Қуан халқым! Күшіне енді тіл заңы,
Сүйінші деп ақын ұлың жырлады
Ел елдігі бағаланар тілімен,
Сол арқылы құлпырады, гүл бағы.
18-оқушы: Сандуғаш
19-оқушы: Меруерт
20-оқушы: Жаңылсын
21-оқушы: Жарасбек: Көңілімді толқытып бір алайын ...
1-ж: "Қасиетті болмасаң туған тілім
Абай, Мағжан, Мұқағали жырлар ма?" деген қандай тамаша жолдар.Біз, болашақ ұрпақ осындай ірі тұлғалар сөйлеп өткен дана тілімізді көркейтуге тиіспіз.
2-жүргізуші:
"Қазақстандағы жастар мынаны білуге тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарға, қызметкөрсету саласында, құқық қорғау саласында, сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды.Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар, өз функцияларыңды қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек. " Н.Назарбаев
1-жүргізуші: Филлипова деген ханым қазақ тілі туралы былай деген екен: "Қазақ тілі жақұт моншақ тәріздіжіпке тізіп жарқырата таққандай." Өзге ұлттың өкілі менің тілімді жақұтқа балап тұр ғой. Бұл деген тамаша теңеу емес пе?
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиынан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп- тегіс, жұмыр келсін айналасы,- деп ана тілін жүрегімен сүйген Абай да тіл сұлулығын сақтаған.

2-ж:
Өнер деп соққан жүрегі,
Өнерлі өрге жүзеді.
Қазақтың биін билейтін
Өнерпаз ұлан біз едік.
1-жүргізуші:
Жөргегімнен жыр боп енген қазақ тілін айналдым,
Қазақтардың нұр боп өрген азат күнін айналдым.
Кең далада кер жусанның жұпар иісін айналдым
Кербез қыздың бұлан қаққан ғажап биін айналдым- биші қыздарымыздың «Қамажай» биін тамашалайық!
1-жүргізуші:
Туған тілім қазынам,алтын кенім,Жаңа алыпқа өзіңді алып келдім.Қош келдің туған өлке,бесігіңе,Қасиетті бабамның тілі менің.2-жүргізуші:
Дұшпандардың талайын қызыл тілмен,Қылыштай сүйектерден тілімдедің.Өтсе де талай ғасыр,қилы заман,Қасиетті тілім менің бүлінбедің.
1-жүргізуші: Қазақ халқының дархандығы, қонақжайлылығы, кеңдігі мен жомарттығы жырланған өлең-жырлар қаншама.Сол өлеңдерді сынып оқушылары сіздерге ұсынбақ.
22-оқушы: Гауһар
23-оқушы: Ардақ
24- оқушы:Асылбек
25-оқушы: Айдана

2-жүргізуші: Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.Қазақ тілі – қазақ халқының тілі.Оның негізгі мекені –Қазақстан.
1-жүргізуші: Әр адамның өз ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынығ нәр алатын кіндік тамыры, ол- ана тілі.
Хор. Орындалатын ән «Ананың тілі»
2-жүргізуші: Тіл- баға жетпес қазына , атадан қалған аманат.
Назгүл- Құдіретті төрт ана
М.Шаханов. «Төрт ана»
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала.
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да
Ғұмырына етер мәңгі астана
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдыретті төрт ана
Туған жері -түп қазығы ,айбыны
Туған тілі – мәңгі өнеге айдыны.
Жан байлығы,салт-дәстүрі- тірегі
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Жаңа Туған тарихы
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі,қасіретті болса да
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер
Өзге ананың ұлылығын танымас.
Төрт анасын менсінбеген пенделер
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздық басы қайда қалмаған
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті төрт ана –тағдырыңның тынысы-
Төрт ана үшін болған күрес –күрестердің ұлысы.
Жұлдыз- Қажып қалған қаужырап қайран тілім,Айта алмайды өзінің зарлы мұңын.Жетім өскен баладай жаутаңдады,Қатарға енбей әлі де жүр ғой бүгін.Ана тілін кейбірулер біліп жүр ме,Қазақша айтсаң құлаққа іліп жүр ме.Басқа тілде сөйлесіп мәз болады,Мазақ етіп өз тілін күліп жүр де.Қалғанымен сәл уақыт бағы тайып,Бас көтерер ертең-ақ қанат жайып.Көзі ашылмай бықсыған оттай болса,Жарқыратып сәулесін лаулатайық.
Мадина – Бір ауыз сөз
Асылбек- Менің тілім
Хор: Мұхтар Шаханов «Рух пен Тіл»
Ой толғау: Жәнібек, Ардақ, Айдос
1-ж:Бүгін біз тәуелсіз ел деп Отанымыздың иелі болған ана тіліміздің киелі болғанын, ата тарихымыздың жүйелі болғанын айтамыз.

2-ж: Тілім менің –жан жүректің айнасы
Тілім менің- бар болмыстың айласы
Тілім менің –бар қалпымның өзі боп
Асқар биік асуларды шарлатты
Осы тілде Абай айтқан талай сыр
Осы тілде қатты Мағжан талай үн
Осы тілде бар қазақтың ақыны
Шертті тарих беттерінен, қанша мұң!
Оқушылар: Жұлдыз, Жәнібек, Айдос, Рахат, Жарасбек (Тіл туралы өлеңдер)
1-ж:
О,адамдар , құрметтейік тілді біз
Тілсіз қалай болмақ ертең күніміз
Жайылмасқа шара қылшы, ер халқым
Құнды мұраң жоғалмасқа мәңгілік
Тілсіз жұртым шөптей қурап азады-ау!
Туған тілді қорғап бақшы, қазақ-ау!
Сарқылмайтын қуат пенен күш берген
Туған тілдің қасиеті, ғажап-ау!
Ортада: «Жас ұрпаққа аманат»
Армысың,
Жарқылдаған жаңа ғасыр!
Ізгілік сыйлаймысың ұлан-асыр
Өзіңмен сәл ғана бір тілдесейін,
Ақынның жүрегінде қала ма сыр
Арсыз заман несіне қымсынады,
Өктемдігін , өкімін ұсынады.
Қасиетті халқымның асылдары.
Асылықпен сүргінге ұшырады.
Жеттің сен де ентігіп, енді міне,
Көз тимесін елдігім , теңдігіме
Еркіндігі болмаса басымыздың,
Жер бетінің көсілген кеңдігі не?
Маңдай термен өлшенсін ырыс құны,
Ұмытылмасын ұрпақтың дұрыстығы,
Сұрайтыным, осынау Ұлыс күні
Ел мен жердің мәңгілік тыныштығы
Қайтып келсін Қорқыттың көсемдігі,
Жиреншенің оралсын шешендігі,
Тыңда ғасыр,
Тағдырдан тілейтінім –
Тілім, ділім, дінімнің есендігі
Артылады мойныңа заман жүгі
Кеудедегі жарық қыл қараңғыны
Жаңа ғасыр,
Көңілімнің алаңдығы-
Қасиетті халқымның амандығы
Ғасыр күллі әлемге ғажап аты,
Келмегей өткен заман аламаты
Қолды әкел, жиырма бірім
Осы саған
Адамзаттың тапсырар Аманаты.
1-жүргізуші: Ана тілі көңіліңе гүл егер,
Ана тілі- ғұмырым деп біле бер.
Өзге тілде сөйлей білу- бір өнер,
Ана тілде таза сөйлеу – шын өнер.
2-жүргізуші: Ана тілімізде таза сөйлеп, бүкіл құнары мен нәрін бойымызға сіңіре білейік.
Бірге:
1-ж:Құрметті ұстаздар,оқушылар мерекелеріңіз құтты болғай! Тәрбие сағатымызды жабық деп жариялаймыз! Ел аман, жұрт тынышта кездескенше!
2-ж:Келгендеріңізге,көргендеріңізге көп-көп рахмет! Сау болыңыздар!
Қазақ тілі туралы Элегия
Кіргенде керемет үйлерге еңселі,
Кезгенде бастықтар бас бұққан кеңсені.
Көңілім маңырап ашқарақ қозыдай,
Сағынам мен Сені, іздеймін мен Сені...
Күңгірлеп 0у басым бөшкедей қаңсыған,
Күн сайын мен солай... күйінем, таусылам.
Ойларым ойран боп, мен Сені аңсаймын,
Ойыншық сүйреткен сәбидің даусынан...
Сыңсыған сырымды сездірмей өзгеге,
Мән беріп әр түрлі үнге де, сөзге де.
Мен Сені тосамын, балалар у-шу боп,
Мектепте қоңырау соғылған кезде де...
Сан рет сағынып, жабығып, қамығып,
Жүректі жұлқылап әр лүпіл – әр үміт.
Әкімдер сөйлесе, әкемді көргендей,
Мен Сені күтемін, күтемін зарығып...
Қазақтың қыздары орысша қуанып,
Жанымның жапырағы барады қуарып!
Қара көз арудың оймақтай аузынан,
Мен Сені күтемін аузымның суы ағып...
Аузымның суы ағып... аңсаймын, сүйемін,
Сүйемін, шашылып қалғанша сүйегім.
О, менің атамның күшіндей – қуаттым,
О, менің анамның сүтіндей – киелім!
Қазақы көзімді сықситып түнімен,
Қырық екі әріптің алдына жүгінем...
Қазбалап әр сөзді, қазына ақтарып,
«Түсіндірме сөздікке» жүрекпен үңілем...
Дерт болдың Сен маған сезіммен жабысқан,
Серт болдың сезімнен өлеңге ауысқан.
Сен үшін ұлы Ахмет көз жасын тия алмай,
Сен үшін ұлы Абай көз майын тауысқан...
Оралса деймін-ау, дәуренің кешегі,
Екі есе қайтарар едік-ау есені.
Табанда тапталған бір теңге секілді,
Заманның өкшесі төбемді теседі...
Білмеймін,бұ қазақ сенеді несіне?
Біздерді жас ұрпақ алмайды-ау кешіре!
Кешегі билердің ақылы,    о, неге,
Бүгінгі биліктің кірмейді-ай есіне?!
Мен Сенің мұңыңды, зарыңды түсінем
Үміттің үлкенін күтесің кішіден.
Президент қазақша сөйлеп тұр...    тағы да
Парламент орысша ойлап тұр ішінен...
Қырсық бір мінезім қысады денені,
Кеудемде киелі кегім бар, себебі.
Өшіңді алғандай, қазақша сөйлетіп,
Орыстың қызына үйленгім келеді...
Осындай ой арбап, шошытар, о, мені,
Арман ғой, әншейін, арманым көп еді...
Бір шала қазақ тұр көшеде шүлдірлеп,
Жылағым келеді, күлгім де келеді...
Көшеде жүре алмай, күйініп күнде мен,
Үйіме асығам, шыққандай түрмеден.
Көпіріп сөйлейді үйдегі көк жәшік,
Ресейге еліктеп ресми тілменен...
Мақтаныш сезіммен керіліп кең кеудем,
Маңдайым жарқырап, тілдесіп өзге елмен!
...Мен сені армансыз тыңдайтын күн бар ма,
Қазақтың иісі шығатын жерлерден?!.
« Жиырма бірінші ғасырға аманат»
Армысың,
Жиырма бірінші жаңа ғасыр!
Ізгілік сыйлаймысың ұлан-асыр
Өзіңмен сәл ғана бір тілдесейін,
Ақынның жүрегінде қала ма сыр
Арсыз заман несіне қымсынады,
Өктемдігін , өкімін ұсынады.
Қасиетті халқымның асылдары.
Асылықпен сүргінге ұшырады.
Жеттің сен де ентігіп, енді міне,
Көз тимесін елдігім , теңдігіме
Еркіндігі болмаса басымыздың,
Жер бетінің көсілген кеңдігі не?
Маңдай термен өлшенсін ырыс құны,
Ұмытылмасын ұрпақтың дұрыстығы,
Сұрайтыным, осынау Ұлыс күні
Ел мен жердің мәңгілік тыныштығы
Қайтып келсін Қорқыттың көсемдігі,
Жиреншенің оралсын шешендігі,
Тыңда ғасыр,
Тағдырдан тілейтінім –
Тілім, ділім, дінімнің есендігі
Артылады мойныңа заман жүгі
Кеудедегі жарық қыл қараңғыны
Жаңа ғасыр,
Көңілімнің алаңдығы-
Қасиетті халқымның амандығы
Ғасыр күллі әлемге ғажап аты,
Келмегей өткен заман аламаты
Қолды әкел, жиырма бірім
Осы саған
Адамзаттың тапсырар Аманаты.