«Проблемалап о?ыту ?дістерді ?олдану ар?ылы зерде б?зылыстары бар о?ушыларды? білімін арттыру жолдары» (Баяндама)


Проблемалап оқыту әдістерді қолдану арқылы зерде бұзылыстары бар оқушылардың білімін арттыру жолдары.
Проблемалық оқыту - шығармашылық жұмыс көзі. Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты қоғам шығармашылық әрекет пен шығармашыл тұлғаға мұқтаж екенін күнделікті өмірдің өзі дәлелдеуде. Осыған орай, бүгінгі күні мектептерге үлкен талап қойылуда.
Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында математика пәнін оқытуда проблемалық әдістерді пайдалану жолдарына тоқталайық.
Проблемалық оқытуда көздейтін мақсат оқушыларға білімді даяр күйінде бәрін мұғалімнің өзі баяндай бермей, олардың алдына белгілі проблемалық міндет қойып, соны өздеріне шештіруге бағыттау.
Проблемалық оқыту: проблема, проблемалық сұрақтар, проблемалы тапсырма, проблемалы жағдай деген ұғымды қамтиды. Бұл ұғымдардың мазмұнын дұрыс түсінудің маңызы зор.
Проблемалық оқыту шығармашылық жұмыстарды жүргізудің ең өнімді жолы болып табылады. Оның басты себебі, проблемалық оқыту технологиясының өзіндік ерекшелігінде жатыр. Проблемалық оқытуда оқушылар бейтаныс, белгілі емес мәселелерді өз бетінше шешуге жұмылады. Проблемалық ситуцияны шешу арқылы оқушылардың шығармашылық ойлауы дамиды, интеллектуалдық таным үрдісі жетіледі. Пәнаралық байланысқа негізделген шығармашылық тапсырмалардың тіл дамытудағы тиімділігі – оқушылардың деңгейлеріне қарай бұл оқыту түрінде ойлау үрдісі тоқтаусыз жұмыс істейді. Ойлауымен бірге тілдері де дамиды.
Проблемалық оқытуға негізделген жұмыстар, тапсырмалар оқушылардың өзіндік ойлауына, өзіндік ізденісіне ғана бағытталады, білімді өз беттерімен алуға жол ашады, таным белсенділігін арттыруға түрткі жасайды. Проблемалық сұрақтарды, ситуацияны шешу - шығармашылық үрдіс. Ал шығармашылық, өнерпаздық сөзінің мәні – жеке тұлғаның бір нәрсе жасап шығаруы немесе өзіне ғана тән бір нәтижеге қол жеткізуі.
Шығармашылық – ешкімнің қол жеткен табысын өзіне пайдаланбайды, өзінің ғана жасап шығарған тың, жаңа өнімі. Білім беруді проблемалықпен оқытудың үш түрлі әдісі, үш түрлі жолы бар:
Білімді проблема негізінде баяндау. Мұғалім сабақты жәй хабарлап, не баяндап түсіндірмейді. Проблема қоя отырып түсіндіреді. Оқушылардың тану белсенділігін арттыру, бірге отырып оны шешу жолдары мақсат етіледі. Оқушыларды іздендіруге жұмылдырады.
Оқушыларды іздену, зерттеу іс әрекетіне кіргізу. Мұғалім оқушылар алдына проблема қояды, ол проблемаға балалардың назарын аударады, сабақ түсіндіру барысында сұрақ-жауап, басқа да өнімді тәсілдер арқылы оны шешуге түрткі жасайды.
Оқытудың зерттеу әдісі. Оқушылар проблеманы шешу үшін болжам жасайды, дәлелдеу, салыстыру, қорытынды шығару тәсілдерін, амалдарын іздейді. Өз беттерімен, өз ізденістерімен мақсатқа жету үшін еңбектенеді.
Бұл әдістің төтенше күші сөз бен көрнекілікті, сөз бен практикалық әректтерді ұштастыру жолымен жаңа ұғымның мәнін ашуында. Оқушылардың саналы меңгерудің негізі ретінде түсінік беретін ережелерді дұрыс қолданумен және еске түсірумен қуатталады.
Зерттеу нәтижесінде оқушы ізденеді. Іздену дегеніміз - оқушының интелектуалды қызметі. Оқыту процесінің басты мақсаты оқушыны ойлай білуге, ой танымын қалыптастыруға бағытталуы керек. Олай болса, оқушыда іздену бастамасының болуын, әр жұмысты талдауға жаңа тұрғыдан келіп, өзіндік ой - пікір айта білуін машықтандыру қажет. Сонда ғана оқушының білімді өз бетінше игере білу дағдысы дамиды, өзіндік көзқарасы, жеке пікірі қалыптасады, тануға деген құштарлығы оянады. Осы тұрғыда дөңгелек үстел, пікір-сайыс, ізденіс сабақтары - математика пәні үшін өте тиімді әдіс.
Оқушылар өздігінен дұрыс шешім іздейді, қорытындыларды тұжырымдайды, яғни білімдерін шығармашылықпен жүзеге асырады.
Қандай шығармашылық істер болмасын, тек оқушыны қатыстырған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал, ол кездегі оқушының атқаратын міндеттері: проблемалық міндеттерді ажырату, берілген тапсырманы тұжырымды орындау, тапсырманы саналы ұғыну,шешімді іздеу, тапсырманы орындау барысында нәтиженің дұрыстығын тексеру.
Проблемалық талдау нақты бір сұрақ әзірлеуді қажет етеді. Бұл жағдайда тіпті күрделі де маңызды сұрақтардың өзі,әдетте, проблема қойғандық болып табылмайды: олар белгілі білімдерден тұратын жауаптар алу мақсатымен беріледі.
Әрине, мұндай сұрақтар оқушылардың белсенді ойлау қызметіне түрткі болмайды; миында бар дайын ақпаратқа жүгінеді; ақпараттық сұрақтар дегеніміз - осы. Оқушыларға интеллектуалдық қиындық тудыратын сұрақтар проблемалық сұрақтар болып табылады, өйткені, оларға берілетін жауаптар оқушының бұрынғы білімдерінен де, мұғалім ұсынатын ақпаратта да жоқ.
Проблемалық сұрақта әлі ашылмаған (оқушылар тарапынан ) проблема, белгісіз дүниелер, жаңа білімдер болады, оларға қол жеткізу үшін қандай да бір интеллектуалдық әрекет, белгілі нысанадағы ойлау процесі қажет. Ойлау адамның проблемаға тап болуынан басталатын болғандықтан, проблемалық оқытудың негізін мұғалім жүйелі түрде және діттеп жасайтын проблемалық ситуациялар болып табылады. Оқушылар пайда болып отырған ситуацияда белсенді ақыл-ой ізденісін талап ететін ойлау процесінің барлық немесе негізгі кезеңдерін өздігінен өткен жағдайда ғана танымдық қызметі дербес болып саналады.
Проблемалық оқытуда алдына проблема қойылады, дайын жауабы жоқ, проблема шешуді талап ететін, зерттеушілікті, шығармашылықты қажет ететін тапсырмалар, оқушыларды жан-жақты дамытуға, жеке тұлғаға, оның қабілетін арттыруға бағытталған шығармашылық сипаттағы тапсырмалар, оқушы - дербес ізденуші (еш нәрсені қайталамайды, дайын дүниені көшірмейді, өзінің ізденісі, зерттеуі арқылы проблеманы шешуге талпынады. Мұғалім-ақылшы, кеңесші, ұйымдастырушы, бағыт беруші). Проблемалық оқытудың тиімділігі сол-оқушының өз дербес іс-әрекеті арқылы проблеманы шешуі, сол жолдағы ізденісі, шығармашылық өнімге қол жеткізуі
Проблемалық оқыту арқылы өнімді, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мұғалім тарапынан проблеманы дәл, нақты қоя білудің де маңызы зор. Оқушылар проблема шешуде қиындыққа кезіксе, мұғалім оларды жетелеп, әдіс-тәсілдерін ұсынады. Технология оқушы-субъектінің дербес еңбегін талап еткенмен мұғалімнің басшылығын, ақыл-кеңесін мүлде жоққа шығармайды. Проблемалық оқытудың тиімділігі де осында.
Мектептегі оқу мен тәрбие, сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да оқушылардың жас ерекшелігіне, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Сондықтан да проблемалық оқыту барысында проблемалық тапсырманы шешуге оқушылардың психологиялық ерекшелігі, жасы, оқып жүрген сыныбы, сонымен қатар білім деңгейі де ескеріледі.