Эссе. Курстан кейінгі ойлар


Курстан кейінгі ойлар
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелген міндет ауыр» деген болатын.Ұстаздарға жүктеліп отырған осындай жауапкершілікті сезіне отырып 2014ж 3.03-8.06 аралығында үш айлық деңгейлік курстың бірінші /ілгері / деңгейі бойынша оқуға барған едім. Курстан алған әсерлерім және негізгі мәселе жеті модуль туралы алғашқы бетпе-бетте әріптестеріммен ой бөлісіп, дамыту жұмыстарын жүргізген едім.Іс-әрекеттегі зерттеудің бірі -сабақтарға қатысу болатын. Мен зерттеу әрекетімнің мақсатын түсіндіріп, бірнеше мұғалімнің сабағына қатыстым,сабақтар туралы өз пікірімді айттым. Әрине сабақтардың бірсарынды жүретіні, оқушылардың сабақта белсенділік танытпайтыны, өте керемет деген сабақтың өзінде барлық тапсырмаларды мұғалімнің өзі дайындап келетіні жасырын емес еді. Оқушылар тек дайын білімді алды. Мектептің алдында оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен ынтасын арттыру проблемасы тұрды. Мұғалімдермен келісе келе мектептің даму жоспарында"Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқушылардың ынтасы мен белсенділігін арттыру" проблемасын алдық. Сабақта оқушылардың қызығушылығын,белсенділігін арттыру үшін әртүрлі әдіс- тәсілдерді қолдану керектігін және сабақта қолдануға тиімді модульдерді пайдалану жолдары туралы кеңес бердім. Бізді қуантқан бір жай ол мектеп басшысының да деңгейлік бағдарлама бойынша мектеп басшыларына арналған курстан өтіп жатқандығы болды.Жаз айлары түрлі тақырыптарда мектеп басшысы өткізген коучингтерге қатысып жаңа бағдарлама жөнінде білімімізді толықтыра түстік. Мектеп ішінде мұғалімдер қоғамдастығын құрып, қоғамдастық жұмысы жайында отырыстар өткіздік. Бүгінгі күнде 8-сынып оқушылары мен мұғалімдер "Болашақ бізден", ал мұғалімдер "Жамбыл ұстаздары" атты желілік байланыста, оған күннен-күнге басқа мектеп мұғалімдері де қосылып желі аясы кеңейе түсуде. Бірнеше әріптестеріммен тамыз конференциясында пәндік сексия жұмыстарында коучингтер жүргіздік, қазіргі таңда әріптестерім басқа мектептерге барып өз іс-тәжірибелерімен бөлісуде, облыстық, халықаралық деңгейдегі конференцияларға қатысуда. Ал мектепте ашық сабақтар, коучингтер жүргізіп, деңгейлік бағдарлама бойынша курстан өтпеген әріптестерімізбен тәжірибе алмасудамыз.Нәтижеміз де жоқ емес.Топтық жұмыста балалар белсенді , сабақтарға бар ынтасымен қатысуда, "келесі жолы топқа мен бөлейінші" деп түрліше әдіс-тәсілмен топқа бөлу амалдарын да ойластырып келеді.Оқушылардың топтық жұмыстағы белсенділіктері артып келеді , біреуі сурет салса , екіншісі оны бояп, үшіншісі өз ойын дәлелдеп түсіндіріп жатады.Жасыратыны жоқ, кейде топқа бөлмей-ақ сабақты бастағалы жатсаң "Топқа бөлінбейміз бе?"деген наразылықтарын да байқап қаласың. Әр сыныпта болатын үлгерімі төмен немесе шеттетілген оқушыларымыз да біртіндеп сабаққа тартылуда.
Мен тәжірибеммен алмасу мақсатында 8-сыныпта "Баяндауыш", "Толықтауыш" тақырыптарында ашық сабақтар өткіздім. Сабақтарымда ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру, топқа бөлу, оқушының білімді өз бетінше меңгеруін, жинақтау бөлімінде жаңа білімге өзіндік көзқарас білдіре алуын, бірін-бірі формативті бағалау,өзін-өзі бағалау және бағалаушы оқушының бағалауы негізінде қорытынды баға қою, сабаққа кері байланыс алу сәттерін барынша тиімді жолмен көрсетуге тырыстым.Соңында оқушылар мен мұғалімдердің кері байланысы ұнады.Кері байланыс алу кезінде оқушылардың өзіндік пікірлері қалыптасып қалғандығы байқалды. Алғашқы кездерде "топқа бөліну ұнады", "сабақ қызықты өтті" деген пікірлер айтылса,енді ұсыныстар нақтырақ, мысалы "сергіту сәті жүргізілсе," "қасымыздағы топтар топ ережесін сақтап,басқа топ жауаптарын көңіл бөліп тыңдаса,"бір-бірімізге доп лақтыру арқылы сабақта қорытындылау ұнады"т.т. Сабаққа қатысушы орыс тілі пәнінің мұғалімі Балабекова С.Н. қысқа мерзімді жоспарды қалай құрғанымды түсіндіруімді сұрады, ал тарих пәнінің мұғалімі Шитенова Қ.С. түрткі сұрақтар арқылы диалогтік тәсілдің сәтті жүргізілгенін атап өтті.Математика пәнінің мұғалімі Сағатова Ә.Т. бұл сабақта 7 модульдің тиімді қолданылғандығына тоқталды.
Міне, жылдан аса жұмыс жасадым. Осы кезең маған не үйретті, мен не үйрендім? Бұл кезең менің бойымда нендей өзгерістер қалыптастырып, педагогикалық қызметіме қандай өзгерістер енгізді?
Мен бұл бағдарлама аясындағы модульдерді ықпалдастыра отырып, сабақ құрылымын жасауды, қысқа мерзімді, орта мерзімді сабақ жоспарларын жасауды үйрендім. Оқушыларда топпен жұмыс жасау арқылы білімді меңгеруде белсенділік, өздеріне деген сенімділік, шығармашылық, өзара сыйластық қарым-қатынастардың пайда бола бастағанын көрдім.Оқушылармен, ұстаздармен кері байланыс жасай отырып,олардың пікірі құнды болатынын ұқтым. Оқушылармен бірлесе жұмыс жасау арқылы олармен үндесе білуді үйрендім. Бағалаудың мәнінің зор екенін білдім. Оқушылардың бірін-бірі бағалауы арқылы олардың оқуға қызығушылығы мен өз білімдеріне сенімі артатынын байқадым.Қазіргі таңда желілік қоғамдастық арқылы көптеген ұстаздармен байланыстамын.Кейбірін көрмесем де жариялаған материалдары, жіберген пікір -көзқарастарынан -ақ жақын танитындай қарым-қатынастамын. Олардан үйренерім де өте көп, қажетті материалды да еш қиындықсыз табуға болады.
«Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», - деп Қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, әріптестеріме жас ұрпаққа жаңаша білім беруде уақыт көшінен қалыспайық дегім келеді.
Жарлығапова Бибігүл Алтайқызы