М??алімні? ??ндылы?ы мен к?сіби проблемалар ж?йесін аны?тау


Талдықорған қаласында қоқысты сұрыптап салу жәшіктерінің
бүгінгі жағдайы қандай?
«Еркін ауылындағы Есжан Берліқожаұлы
атындағы №11 орта мектебі» КММ
7-сынып оқушысы Темиргалиева ДинараҚатты тұрмыстық қалдықтар жинақталуы - әлемдік проблема болғандықтан Талдықорған қаласын да айналып өте алмайды. Тұрмыстық тұтыну қалдықтарының қоршаған ортаны ластауы бүгінде Республика деңгейінде қолға алынып отырған өзекті мәселелердің бірі.
Қаламыздың қазіргі көрінісінде келбетті, тап-таза сұлу жерлер жоқ емес. Әсіресе, кейінгі кездері қала көшелерінде түрлі-түсті көздің жауын алатын гүлдердің егілуі бір серпілтіп, қуантып-ақ тастайды. Дегенмен, қоқысты дұрыс жинау, оны өңдеу мәселесі қуантарлық емес. Сондықтан мен химия пәнінің мұғалімі Алтыбаева Мадина Бөрібайқызының жетекшілігімен Талдықорған қаласында тұрғындар қоқысты бөліп салатын жәшіктерді қаншалықты тиімді пайдаланып жатқандығы туралы ізденістер жасап, осы мәселені зерттеу жұмысыма арқау еттім.
Бүгінгі таңда өркениет жолына бет алған әлем елдері қоқысқа қарсы күрестің түрлі амалдарын қарастыруда. Бірқатар батыс Еуропа мемлекеттері полиэтиленді құтыларды шығарудан бас тартса, енді бір мемлекеттер қоқысты түрлі заманауи жолдармен өңдеуге бет алған. Алғашқылары жер бетін басып бара жатқан полиэтиленді бұйымдардан біржола бас тартып, біржарамды пакет, шөлмек, стақан және тағы да басқа қажетті бұйымдарды қағаздан жасауға көшті. Ал кейінгілері қоқысты қайта өңдеп, одан барынша пайдалы зат шығаруға арналған озық үлгідегі зауыт-фабрикаларды іске қосқан.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдамада ТҚҚ басқару саласын жетілдіру негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
Аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында 2015 жылдың жазында «Талдықорған қаласының Коммуналдық қызметі» ЖШС директоры Марлен Қалыхов басшылығымен қатты тұрмыстық қалдықтарды екінші реттік өңдеуге жеткізу үшін қоқысты бөліп салуды енгізді. Бұл мақсатта қала бойынша 2 жәшіктен тұратын урналар орналастырылды. Оның бірі – жасыл белгісі бар жәшік, оған өңделетін қоқыстар (қағаз, пластик, стекло), ал қызыл түсті белгісі бар жәшікке өңделмейтін қоқыс салынады. Жасыл белгісі бар жәшіктегі қоқыстарға екінші өмір басталып, жаңа келбетке ие болады. Ал қызыл белгідегі жәшік қоқысы полигонға жөнелтіледі. Талдықорған қаласында осындай 180 қоқыс жәшіктері орналастырылған. Қоқысты жинап, тасымалдау үшін әрқайсысы 10млн тұратын арнайы үш көлік сатып алынды. Мұндай инвестиция өз-өзін ақтайды деп ұйғарылған.
Қаламыздың әр ықшам аудандарында орналастырылған осындай қоқыс жәшіктерінің жағдайы қаралып, зерттелді. Алайда, бұл жәшіктердің қызметі қуантарлық жағдайда емес.Тұрғындардан алынған сауалнама нәтижесі – адамдар қоқысты сұрыптап салмақ түгілі, европалықтар тәжірибесінен енгізілген қоқыс жәшіктері туралы ақпараттың төмен екендігі көрінді. Олардың жағдайы – қала тұрғындарының қолында екені белгілі.
Осы орайда тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап салу мәдениетін көтеру үшін мынадай жұмыстар өз нәтижесін бермек деп ойлаймын:
Тұрғындарды үнемі ақпараттандыру
Таратпа қағаздар қолдану
Буклеттер тарату
БАҚ арқылы насихат жасау
Тұрғындар қоқысты сұрыптап салуды дағдыға айналдырса:
1. Еліміздің экологиялық жағдайы жақсарады;
2. Кәсіпорындарға дайын, әрі тегін шикізат болады;
3. Еліміздің экономикасына да пайда келтіреді.