Ежелгі заман географиясында?ы ?аза? жері туралы ал?аш?ы ма?л?маттар


Ежелгі заман географиясындағы қазақ жері туралы алғашқы мағлұматтар
Қазақстанның территориясы мен табиғаты жайындағы географиялық деректердің тамыры ықылым замандардьң терең түкпірінде жатыр.
Қазіргі Қазақстан территориясында адамдар сонау әлімсақтан бері мекендеген. Мұны палеолит дәуіріндегі қоныстардың сақталған іздері дәлелдейді. Қазақстан территориясындағы тас ғасырдың ең көне ескерт-кіштері Қаратау маңынан, Еділдің жоғары сағасынан, Бетпақдаладан, Бұқтарма өзенінің бойынан және басқа жерлерден табылды. Қола дәуірінде Қазақстан ежелгі заманғы металлургияның басты орталықтарының біріне айналған. Қазақстан мен кенді Алтайдың түрліше аудандарында ежелгі заманда темір рудасы шығарыла бастаған. Кен өндірілген забойлар мен шұқырлардың орны осы күнге деиін сақталған.Темір рудасы қазылған кеніштердің ең белгілілері мыналар: Арғанаты, Қаражыланды, Әділсу, Ақсораң, Ақшағыл, Қызылсаяқ, Теміржал, Кенқазған, Қарашеке, Саяқ, Қараүңгір және басқалары. Кейбір кен орындарынан сапалы руда шыққаны жайында деректер бар. Одан темір қорытылып, балқымалардан өткір жүзді құралдар мен аспаптар жасалған.
Қазақ жерінде бірте-бірте сақ тайпаларының ірі одақтары пайда бола бастайды. Мал жайылымдарын өзгертіп отыруға тура келеді. Сондықтан өзендердің (Сырдария, Шу және Жетісу өзендері) алқаптары ғана емес, сонымен бірге далалы және шөлейт жерлерді, Тянь-Шаньның биік тауларын да игеру қолға алынады. Бір орыннан екінші орынға жиі көшіп-қону нәтижесінде сақ тайпаларының географиялық танымы кеңейе түскен.
Физикалық-географиялық білімге талпыну ең әуелгі кезеңде адамның материалдық-практикалық қызметімен, оның Қазақстанның табиғаты мен территориясы жөніндегі көмескі де дүдәмал ұғымымен тығыз байланысты болған. Ондай әрекеттер адамның басына туған нақтылы жағдайға орай, немесе аңыз, қиял, діни сенімдерге негізделіп жасалған. Қазақстан тарихының бастапқы тұсында адам өзін айналаны қоршаған ортаға тәуелдімін деп түсінген. Сондықтан ол табиғаттың әрбір құбылысын өз басына немесе ең жақын тайпаластарына туралап келген зауалға балаған. Сөйтіп, бұл әрекеттен құдайға жалынып-жалбарынып, сыйыну арқылы ғана құтыламын деп ойлаған. /3. 256-392 бет/
Сонау өткен ықылым заманда Қазақстанды мекендеген халықтардың білімі мен тәжірибесі қаншалықты болғанын дөп басып айта қою қиын. Алайда ежелгі Қазақстанды мекендеген халықтардың өз жерінің табиғаты жайындағы түсінігі мен мағлұматы едәуір мол болғанын атап өткен жөн. Әлбетте, ол кездегі ұғымдар көбіне діни және аңыз түріндегі түйсіктер мен пайымдауларға саяды. Ал мұны Шығыстың көне халықтарынан мұра түрінде жеткен жазба ескерткіштерден байқауға болады.
Сақтардың көне мәдениеті Алтай, Сібір, Шығыс және Европа халықтарымен байланысты болғанмен, олардан жазба ескерткіштер қалмаған. Ал Қазақстан территориясы жөніндегі тырнақалды деректер көршілес мемлекеттердің осы күнге дейін сақталған әдеби және тарихи мұраларынан мәлім болып отыр.
Біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылдың орта шеніндегі көне қолжазбаларда Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының қуатты одағы туралы мағлұматтар бар. Сақ тайпаларының одағына массагеттер, даялар, каспилер, исседондар, кейінірек аландар және савроматтар кірген. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда мұнда парсылар келген. Біздің заманымызға дейінгі 518 жылы парсы патшасы Дарий I сақтарға шабуыл жасап, олардың бай жерлерін жаулап алуға әрекеттенген. Алайда патшаның пиғылы іске аспаған. Сақтар тіршілік қарекетіне қарай екіге бөлінген: біріншісі — мал бағып күнелткендер, олар көшіп-қонып жүрген, немесе жартылай көшпенділер болған; екіншісі— көгал жерлерді жайлаған отырықшы тұрғындар. Уақыт оза келе отырықшы сақтар елді мекендермен қатар қалалар салып, оларда қолөнер мен сауда өркендей бастаған.
Қазақ жері туралы мағлұмат кездесетін бізге дейін жеткен жазба ескерткіштердің ішінен «Бехустин жазбасын» (біздің заманымызға дейінгі VI—V ғасырлар) атауға болады. Ол парсы патшасы Дарий 1-нің атынан құрастырылған. «Бехустин жазбасьшың» V бағанындағы 20—30- жолдарда былай деп мәлімделген: Дарий патша баяндайды: сақ әскерлерімен бірге теңіздің арғы жағындағы сақ еліне бардым. Олар бастарына үшкір дулыға киеді екен. Сосын мен теңіз маңындағы бұрынғы су жолдарын қалпына келтірдім. Осы көпір арқылы өтіп, сақтардың еліне барып, олардың тас-талқанын шығардым... Сөйтіп ол елді бағындырып алдым», «Бехустин жаз-басында » аты аталған теңіз, сірә, Арал теңізі болса керек.
Кир II мен Дарий жорықтарының екі түрін зерттеген Геродот та осыны мезгейді. Бірінші жорамал бойынша өзінен бұрын жорық жасаған Кир II сияқты, Дарий де сақтармен Амударияның арғы бетінде Арал теңізінің түбінде кездескен, екінші жорамал бойынша Кир II массагеттермен Үзбойдың арғы бетінде соғысқан, ал Дарий сақтардың жеріне Амудария өзенінің орта ағысы тұсынан өткен. Біздің заманымызға дейінгі V ғасырдың 40-жылдарының аяғында 30-жылдарының басында жазылған Геродоттың «Тарихы» ежелгі қолжазбалардың ішіндегі аса құндыларының бірінен саналады.
Геродот «заңғар» таулардың бөктерлерінде (сірә, Орал тауының оңтүстік-шығыс беткейі) агриппей тайпалары мекендейтінін, одан әрі «алуан түрлі ну ормандар өскен» жерлерде (Қазақстанның солтүстік-батысы) будин тайпалары тұратынын атап көрсетеді. Исседон тайпалары (олардың мекендейтін аймақтарын Геродот «әбден мәлім» болған жерлер дейді) аргиппейлердің шығыс жағына орналасқан. Исседондардың айтуына қарағанда, деп сөзін жалғастырады Геродот, олардың сол жақ қанатында аты аңызға айналған аримасп және «алып қара құстың алтынын күзетуші» тайпалар тұрады. Бұл, шамасы, сол кездегі аса ірі алтын кен орындары ашылған Қазақстанның солтүстік-шығысы мен Алтай болса керек. С. С. Черников «Алтын қорғанның құпиялары» (1965) атты еңбегінде де осындай жорамал жасайды.
Сөйтіп, ежелгі көшпенділер дәуірінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың тұрағын сипаттай отырьп, Геродот Каспий теңізі мен оның төңірегіндегі аймақтар туралы тұңғыш географиялық деректер қалдырған.
Геродот Акес өзені басын алатын төңіректі де сипаттап жазады. «Азияда айналасын тау жотасы қоршаған жазық алқап жатыр. Жотаның бес шатқалы бар. Әлгі жазық алқаптан Акес атты үлкен өзен ағып шығады. Бұл сипаттама Ферғана алқабына дәл келеді. Өзен басын оны жағалай қоршаған тау жоталарынан алады.
Геродот Акес өзенінде жергілікті халық тары өсірген сол сияқты күрделі суландыру жүйесі болғанын атап көрсетеді. Осы деректердің бәрі «Геродот салған жер пішіні» атты картада көрсетілген. Жоғарыда аты аталған жер-су атауларымен қоса Геродот картасында Сар (Еділ), Лик (Жайық) және Сергис (Жем) өзендері бейнеленген. Олардың пішіндері мен атауларында көптеген дәлсіздіктер кездеседі.
Александр Македонскийдің (Ескендір Зұлқарнай) Орта Азияны жаулап алуы нәтижесінде (біздің заманымызға дейінгі 380—327 жылдар) ежелгі гректердің Қазақстан жері жөніндегі географиялық мағлұматтары анағұрлым кеңейе түскен /6. 122-224 бет/
Македонскийдің өзі Аристотельдің шәкірті болған. Ұстазы оны ғылымға сүйіспеншілікке тәрбиелеген. Сондықтан ол жорыққа шыққанда жаулап алған елдерді зерттеу үшін сол кездегі ғылым саласыньң әр түрінен білімпаздар алып жүрген. Алыс облыстарды зерттейтін экспедициялар жасақтаған. Ол Каспий теңізін зерттеу үшін және оның дүние жүзілік мұхитпен байланысын айқындау үшін Гераклидті Гарканияға жіберуді жоспарлаған. Бірақ Александрдың ерте өлуімен байланысты орындалмаған бұл идея Селевка (біздің заманымызға дейінгі 312—280 жылдар) патшалығының тұсьнда ғана жүзеге асады. /1. 12-20 бет/
Македонский жорықтарына қатысқан грек ғалымдарьшың еңбектерінде бізге таныс географиялық атаулар кезігеді. Олардың жазбаларында өз көздерімен көріп байқағандарымен қатар теңізшілердің, саяхатшылардың, көпестердің, әскер басыларыньң мәлімдемелері де келтірілген. Бұл мәлімдемелерде олқылықтар, қайталаулар аз емес, ең өкініштісі, қайшылықтар, тіпті көрінеу-көзге бұрмалаулар да ұшырасады. Айталық, Орта Азияны жаулап алған кезде гректер Сырдарияны Дон деп теріс түсінген. Сондықтан Донды біресе Яксарт, енді бірде Танаид деп атап, ұдайы Сырдариямен шатастырған. «Бактерийліктер Лаксат (Яксарт-Сыр) деп атаған өзенді скифтер Силис деп атаған, ал Александр Македонскийдің әскерлері оны Танаид өзені деп есептеген. Бірақ Селевка мен Антиохтың әскери қолбасшысы Деодам — ол осы кезеңді өзі кешіп өткен көбіне-көп сенімді автор — жоғарыда айтылған деректерді жоқка шығарып, оның Танаид емес, басқа өзен екенін дәлелдеген. «Бұл ара Персия мен скифтердің шекарасы астасқан жер»,— деп жазды Рим ғұламасы үлкен Плиний
Македонскийдің шапқыншылығы кезінде Қазақстан территориясы туралы географиялық таным негізінен «жалпылама» өрбіген. Мәселен, Александр Македонскийдің төңірегінде жүрген ғалым Квинт Курций Руф былай деп жазды: «Скифтер солтүстікке қарай ұрымтал қоныстанған, ол жақта ну орман, ұланғайыр шөл басталады» Айтылмыш жолдарды Сырдария жағасында Александр Македонскиймен бірге болған автор жазғанын ескерсек, онда оның «ну орман, ұланғайыр шөл» деп отырғаны Орталық, Солтүстік Қазақстан мен Сібір екенін түсіну қиын емес. Гректер ол жерлерді зерттемеген және ол ара туралы олардың өз пікірлері болмаған.
Македонский шапқыншылығынан кейінгі дәуірде Қазақстан географиясы туралы бірқатар маңызды деректер қалдырған адамдар — Римнің географ-ғалымдары Страбон мен Птолемей./2.15-18 бет/
Рим империясының ғалымдары өздерінен бұрынғы ежелгі грек авторларынан мирас болып қалған кейбір жаратылыс тану-ғылыми мәселелеріне қыруар көңіл бөлген. Страбон (біздің заманымызға дейінгі 63—23 ж.) таулардың, өзендердің, көлдердің жер бетінен жойылуы және қайта пайда болуы туралы жазып, климат өзгеруінің себептерін көрсеткен. Оның «Географиясында» қар түсетін аймақтар мен мұздықтар туралы сөз болады. Бірақ оның кейбір тұспалдаулары адам нанғысыз болып келеді. Ғылыми бақылау негізінде тұжырым жасамағандықтан, ол көптеген жағдайда ағаттыққа жол.береді.
Гумбольдт Страбон «Географиясының» жалпы жер құрылысын зерттеу білімін ерекше бағалап, оны дүниені физикалық немесе салыстырмалы таныпбілудің бастамасы деп ееептеген) Географиялық зерттеулер жүргізгенде Страбон тарихи әдісті қолданып, оны кең көлемді талдаумен ұтқыр ұштастырады, әрі осы тәсілге зор маңыз береді. Страбон материкті (елді) бірнеше бөлікке бөлу әдісін ұсынады. Оның бұл қағидасы қазіргі «аудандастыру» деп аталған ұғымға жақын келеді.
Ол кезде теңіздің бәрі мұхитпен жалғасып жатады деп есептелген.Каспий мен Арал теңіздерін жалғастыратын тармақ бар деген тұспал содан шыққан. Сөйтіп Арал ол уақытта Каспийдің «Скиф шығанағы» деп аталған.
«Ежелгі замандағы авторлардың болжамы бойынша, Каспий те-ңізінің Скиф шығанағы шығысқа қарай ұзыннан- ұзақ созылып, Арал теңізінің төңірегін түгелімен қамтыған. Көне әдебиетте Скиф шығанағымен қатар «Оксий қопасы» да жиі сөз болады. Ал бұл Арал теңізінің өзі» —деп жазды белгілі совет тарихшысы әрі археологы С. П. Толстов. /6. 128-135 бет/
Сырдария мен Амудария жөнінде Страбонның ұғымы дұрыс еді. Орта Азияның өзендерін сипаттай келіп, ол: «Яксарт басынан аяғына дейін Окстан мүлде басқа өзен, ал онымен бір теңізге барып құяды» ,— деп жазды. Демек, Арал теңізі туралы дұрыс ұғым дүниеге келді. Сырдария мен Амударияның екі бөлек өзен екенін айта отырып, Страбон олар Каспий теңізінің Скиф шығанағына құяды деп есептеді.
Плиний де өзінің «Жаратылыстану тарихы» атты еңбегінде: «Яксарт пен Окс Согдий жоталарынан басталып, Скиф шөлдері арқылы ағып, Скиф шығанағына құяды», — деп жазды.
Рим географиясында Клавдий Птоломейдің (б.з.д. 90—168 жылдар) еңбектері айрықша орын алады. Ежелгі заман географиясында елдерді зерттеу бағытын ұстаған Страбондай емес, Птоломей картографиялық бағытты жақтады. Птоломейдің «География бойынша нұсқауында» жер туралы қолда бар географиялық деректердің бәрі жинақталып, жүйеге келтірілген, Бұл нұсқау өз заманының энциклопедиясы іспетті болған. Птоломей өз еңбектерінде ежелгі дүниені танып білуді дамытып қана қоймай, сонымен бірге европалықтардың қазақ жері туралы географиялық ұғымының деңгейін сан ғасыр бұрын бір арнаға түсіріп, айқындап берді: Біз үшін (бесінші кітаптың 8- ші тарауы мен Птоломей салған Азияның екінші картасы өте көңіл аударарлық. Мұнда «Скиф де Имаус» территориясы бейнеленген. Карта градустарға бөлініп, тік конус түрінде жасалған. Онда Қазақстан шамамен солтүстік ендіктің 49—60° аралығында орналасқан.
Птолемей «Скифия» шекарасын батыста Азия Сарматиясымен солтүстікте — «беймәлім жермен», шығыста — Имаус тауымен, оңтүстік пен оңтүстік шығыста — сақтар, согдийлер және маргиана мекендеген аймақтармен, оңтүстікте — Гиркан теңізінің Ра өзеніне дейін созылып жатқан бөлігімен жүргізеді.
Птолемейдің картасы бойынша Гиркан (Каспий) теңізі шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Шығыс жағында оған Орта Азияньң барлық негізгі өзендері — Яксарт пен Окс келіп құяды. Демек, Птоломей де Амудария мен Сырдария өзендері Каспий теңізіне құяды деп тұспалдаған өзінен бұрынғы зерттеушілердің теріс пікірін қостаған. Геродоттың дұрыс ұғымын жоққа шығарып, ол теңіздің көпшілік бөлігі батыстан шығысқа қарай созылып жатыр деп есептеген. Бұл қате түсінік, тек Бірінші Петр уақытында ғана жөнге келтірілді./10.16-18 бет/
Птоломей екінші жағынан Каспий теңізін Солтүстік мұхиттың шығанағы емес, тұйық бассейні.ретінде бейнелейді. Сөйтіп ол Геродоттың дұрыс пікірін қуаттады.
Птолемей Оксиан (Арал) теңізін картаға түсіріп, оған Согдий тауларынан ағып шыққан өзендер келіп құятынын көрсетті.
Птолемей картасында Ра, Дайкс, Риммис өзендері және т. б. бейнеленген.
Птолемей шығармаларында жаңсақ пайымдаулар орын алғанымен, дүниежүзілік географияны одан кейінгі дәуірлерде зерттеуде оның еңбектері мен карталарының зор маңызы болды. Немістің ұлы ғұлама географы А. Гумбольдт: «Птолемей географиясы бізге күллі ежелгі дүниені сызып бейнелеу арқылы бар болмысымен елестетіп қана қоймай, сонымен бірге сан жағынан да, бойлықтар мен ендіктері жайлы және күннің ұзақтығы деп аталатын анықтамаларды да санамызға сіңірді» ,— деп әділ жазды.
Сөйтіп Орта Азия туралы қалам тербеген ежелгі заман авторларының еңбектерінде қазақ жері шала-шарпы, тек Каспий, ішінара Арал теңіздері мен Сырдария өзенінің ауқымында ғана бейнеленеді.
Бұл аймақтың солтүстігіндегі Қазақстан территориясы ол кезде тіпті белгісіз болған.
Сондықтан көне авторлар оны көбінесе «беймәлім жер» деп атаған. Скифия территориясын сипаттай келіп, Птолемей: «Скифия батысында Имай тауының арғы бетінде — ар жақтағы Скифиямен және сол таудың бөктеріне дейін оны бойлай — сақтармен, солтүстігінде беймәлім жермен шектеседі -деп жазған,
Дүние туралы жалпылама пайымдау енді-енді калыптаса бастаған ол заман үшін .табиғатты тұспалдап танып- білудің шешуші маңызы бар еді. Антикалық дүниеде табиғатқа көзқарас шынайы аңғырттық деңгейінен аспады. Адамдар табиғаттың нақты құбылыстарымен бетпе-бет кездесті және оларға сол құбылыстарды бар болмысымен білу керек еді. Ежелгі адамдардың көзқарастары ішінде болжаудан туғанымен, сол тұспалдардың өздері көріп білгендеріне негізделді. Бір мың жылға жуық антикалық оқымыстылар табиғат құпиясының сырын ашуға әрекеттенеді. Бірақ таным қорының тапшылығынан олар болжамнан аса алмады, кейбір жағдайларда ғана ғылыми білімнің жұрнақтары елес берді. Теория мен практиканы байланыстыру деген ол кезде жоқтың қасы еді.
Грек ғалымдары әуел бастан географияға жаратылыстану ғылымы деп санаудан гөрі үстем таптың мүдделерін көздейтін саяси доктрина ретінде қарады.
Орта Азия мен Қазақстан туралы антикалық географтардың пайымдаулары қаншалықты мардымсыз болғанымен, олар Европада жаңа деректер табылғанға дейін айтарлықтай өзгеріссіз сол бәз-баяғы күйіңде сақталып келді./12.55-59 бет/
Біздің заманымызға дейінгі III ғасыр мен біздің заманымыздыңIII ғасыры аралығында тайпалардың ірі-ірі әрі тұрақты ерте тап-тық бірлестіктері құрыла бастады. Жетісу мен оңтүстік Қазақстан-да —Үйсін (Үйсін); Сырдария мен Қаратау өңірінде Қанғұй (қаң-лы) бірлестіктері өмір сүрді. Шығыс және Батыс Сібірдің бірқатаржерін қоса Орталық және Шығыс Қазақстанда Хунн (гунн) тайпа-ларының бірлестігі дәуірлеп тұрды. Хунн бірлестіктері Қытайментөрт ғасырдан астам уақыт бойы созылған кескілескен күрес үстін-де шыңдалды Қытай одақтасқан елдердің қатарына Үйсін мен Қанғұй да кірген. Сол уақыттан бастап Қытай саяхатшылары қазақ жері туралы мағлұматтар жинауға кіріседі. Чигучен (Қызыл алқап қаласы) ордасы Ыстықкөлдің төңірегінде орналасқанымен, үйсін тайпаларының орталығы Іле алқабында болған. Чжан Цянь одан кейін былай деп мәлімдейді: «Содан Іледен терістік жолмен жүріп отырып, Қызыл алқапқа (Чигу) шықтық та, Үйсінді кесіп өтіп, Канцзюй княздігінің шекарасы арқылы батысқа суы мол (Ыстықкөл) көлге тірелдік» Ежелгі үйсіндердің егіншілікпен шүғылданғаны, отырықшы болғаны жөнінде жазба деректерде айтылған. Мәселен, Бань Гу былай деп жазады: «Үйсін гунымасының әйелін күтуші сарайдағы бикеш Финь Чигуді мекендейтін үйсіндік «отырықшы жер иелеріне» тартулар таратты». Суй Сун үйсіндердің «қалалары мен елді мекендері» болғанын мәлімдейді. XIX ғасырдағы тарихшы ғалым Ха Цю-Тао көне жазба деректерге сүйене отырып, ежелгі үйсіндер жер өңдемегенімен, «ағаштар еккен» деп атап көрсетеді. Янь Ши-Гу бұл мәлімдемені анықтай келіп, «ағаштар еккен» дегеніміз — «ағаштар отырғызған» деген сөз ғой деп анықтай кетеді.
Қытай саяхатшылары жинаған географиялық осы деректердің бәрі Орталық және Орта Азия картасының негізіне алынды. Бұл карта үлкен Хань әулетінің дәуірінде (біздің заманымызға дейінгі 200-жыл — біздің заманымыздың 9-жылы) құрастырылған. Қарта да үйсіндердің (Жетісу, Құлжа өлкесі), Қанғұйдың (Талас пен Сырдария өзендерінің алқабы), үлкен юзшілердің (Амудария өзенінің алқабы), Даваньдердің (Ферғана) жерлері және басқа мемлекеттер мен тайпалық бірлестіктердің мекендері көрсетілген. /1. 15-20 бет/
Тянь-Шаньның солтүстігінде екі көл бейнеленген. Ол екеуі бір-бірімен өзендер арқылы жалғасқан. Қырғыз тарихшы-географы С. Өмірзақов бұларды Балқаш көлі (Солтүстік көл) мен Ыстықкөлге (Оңтүстік көл) жатқызады. Оның болжамы бойынша Солтүстік көлге құятын өзен Іле де, ал екінші көлден ағып шығатын өзен — Шу (XIX ғасырға дейін, яғни, П. П. Семенов-Тянь-Шанскийдің зерттеулеріне дейін Шу өзені Ыстықкөлден ағып шығады деп есептеліп келгені мәлім).
П.С.Савельев «Орта Азия» (1848) атты еңбегінде бұл жерде бұрын қырық төрт мемлекет болғанын атап керсетеді. Қытайдың шет жерлерді зерттейтін инспекторы Бэй-Цзю 607 жылы карта жасап, сол мемлекеттердің иелігіндегі жерлерді бейнелеген. Алайда ол карталар жоғалып кеткен. Тек Бэй-Цзюдің жазбасына сүйенген қытай оқымыстыларының кейінгі еңбектеріне қарап қытайлардың сол заманда-ақ Қазақстан территориясын тәп-тәуір білгенін байқауға болады. Бэй-Цзю Қытайдан Европаға, Персияға және Үндістанға баратын үш түрлі сауда жолын атап көрсетеді. Ол жолдардың біреуі Лобнор арқылы өтіп, содан кейін Ертіс өзенін бойлай солтүстік Қазақстанға, әрі қарай Еділ өзенін жағалап Стамбул қаласына қарай асады.
Сюань-Цзан Шу мен Талас өзендерінің аралығындағы бірнеше қалада болған. Қытайда шыққан «Тан әулетінің тарихында» сол қалалар атаулары келтірілген. Біздің заманымыздың III ғасырында Талас өзенінің жоғары сағасына орналасқан Суяб қаласы (қытайларда Су-е) аса маңызды сауда-саттық орны болған. Сюань-Цзанның баяндауынша, Талас қаласы ірі сауда орталығына айналып, онда көптеген елдердің көпестері жиналған. Қаланың аумағы 8—9 ли (4—4,5 шақырым) болған.
Сонымен бірге Сюань-Цзан «мың қайнарды» да (Мыңбұлақ) сипаттап жазады. Саяхатшы ол Шу өзенінің батысына 400 ли, ал Талас өзенінің шығысына қарай 140—150 ли қашықтықта Деп көрсеткен. Сюань-Цзан Жетісу мен Сырдария өлкесінің шығыс бөлігінде сауда-саттық жасайтын қалалармен қоса өңделген жерлерді де көрген./10.13-15 бет/
Қытай жылнамалары аудармаларының жинағын құрастырған монах әрі Қытайды зерттеуші ғалым Иакинф Бичурин (1777—1853) жоғарыда аталған еңбегінде біз келтірген және басқа деректерді тілге тиек етіп, қазақ жері туралы мағлұматтар келтіреді. «Суй шаңырағының тарихында» (531—618) Сырдарияның аты аталады. Іле мен Талас өзендері «Тан әулетінің тарихында» келтірілген. «Бұл өзен,— деп жазылған онда Іле туралы,— басын Луговой тауларының солтүстік қапталынан алады: суы лайлы, солтүстік-батысқа қарай ағады да, не бір тұтам өсімдіктері жоқ, не бір ұрттам суы жоқ алапат құрдым шөлге сіңіп жоқ болады. Биік таулар (сірә, Іле Алатауы болса керек) алыстан мұнартып көздеріне шалынған саяхатшылар жүрер жолдарын жағалай шашылып жатқан аң сүйектеріне қарап бағдарлаған» .
Қытай ескерткіштеріндегі мағлұматтар ұзақ уақыт бойы Европаға беймәлім болып келген. Олар тек XIX ғасырда ғана белгілі болды.
VI ғасырда Орта Азия мен Қазақстанда көшпенді басқыншылардың жаңа империясы Алтай түріктерінің қағанаты шаңырақ көтерді. Бұл империя аз уақыт ішінде Тынық мұхиттан бастап Қара теңізге дейін мекендеген барлық халықтарды өзіне бағындырып алды. Түріктер Жоңғарияны қақ жарып өтіп, Жоңғар қақпасы арқылы Жетісуға баса көктеп кірді. Истемир қаған басқарған түрік әскерлері Қаратал, Іле, Шу өзендерін кешіп өтті де, Мойынқұмды оңтүстігінен орағытып мидай дала арқылы Қаратау жотасына иек артты. Ал Сырдария өзені арқылы Арал (өз сөздерімен айтқанда «Батыс») теңізіне жетті. Одан әрі Батыс Қазақстанның даласын басып өтіп, Мұғалжар арқылы Еділ өзеніне асты. Түрік мемлекеті Орта Азияға арабтардың шабуылы басталғанша, VIII ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Түрік қағанаты билеп тұрған кезде шетел елшіліктерінің қазақ жеріне келіп кетуі сиреді. Бұл мерзім ішінде мұнда Византия императоры Юстиан II түрік қағаны Дизавулге жіберген елшілік қана келген, сондай-ақ Сюань Цзанның жоғарыда айтылған саяхатынан басқа тарихта қазақ жеріне келген екеуінен өзге дерек жоқ.
Земарх елшілігінің сапары Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Еділ (Аттиль), Жайық (Даих), Жем (Их) өзендері арқылы өткен. Қайтар жолында ол Хорезмге соғып, Амударияда болған. Земарх: «көлдің құмдауыт жағалауымен 12 күн жол жүрдім» деп жазған. В. Бартольд мұнда сөз болып отырған көл Арал теңізі деп есептейді .
Ежелгі замандағы қазақ жері туралы кейбір мағлұматтар, міне осындай.
Қазақстанды географиялық тұрғыдан танып білу тарихының біз әңгіме етіп отырған дәуірдегі айрықша маңызы мынада: парсы мен грек жазбаларында қазақ жері және оны мекендеген халықтар туралы алғашқы мағлұматтар пайда бола бастады. Қазақстан территориясы құрамына кірген ойкүмендер елі тұңғыш рет картаға түсірілді. Алайда ежелгі дәуірдегі мағлүматтардың өресі тар еді, олар жер-жердің ауқымынан аспады. Ежелгі дүние адамдарына көптеген құбылыстар беймәлім, тіпті түсініксіз болды. Батыс Қазақстан туралы, ол аймақтың теңіздері мен өзендері жайында: Каспий және Арал теңіздері, Сырдария өзені жөнінде антикалық авторлар неғұрлым дұрыс мағлұматтарды білген. Оңтүстік Қазақстан өңірінде Қытай саяхатшылары жинаған деректерді Европа елдері білмеген. Қазақ жерін тұтас алғанда ежелгі дәуірде мәліметтер тым баяу жиналды және оның барлық өлкелері біркелкі қамтылмады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Бейсенова Ә.С. Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық геогра-фия идеяларының дамуы:. – Алматы: «Рауан», 1990 – 25-247 бет.
Әбілхан Әбіласан «Қазақстанның тарихи-танымдық географиясы» - Алматы: 2007-184 бет.
Қазақстан табиғаты энциклопедиясы. Алматы: 2008-392 бет.
Қазақ совет энциклопедиясы. Алматы: 1987. 9-том. 322 бет.
Бейсенова Ә.С. «Қазақстанның географиясы атласы». Алматы, «Глобус» баспасы: 2003-64 бет.
Б.Ысқақов «Ұмытылмас есімдер» Алматы, «Қазақстан» 1994-224 бет.
Ә.Илмағанбетов «Ш.Уәлиханов» Таңдамалы. Алматы, «Жазушы» 1980-416 бет.
Зарин В.М., Зарина Е.А. «Путешествия А.В. Потаниной», М: 1950
Журнал эволюционной биохимии и физиологии №6 М: - 1976 г.
География және табиғат. Алматы: - № 12., 2004
Сапарғали Бегалин «Шоқан асулары» Жазушы баспасы, Алматы: -1971
Л.В. Баженова «Древние авторы о Средней Азии» Хрестоматия. –Ташкент, 1940