Эссе «Мені? та?дауым — мені? маманды?ым»


Иманбаева Айжан Утегеновна
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы,
Ақтан жырау негізгі мектебінің психологі
«Менің таңдауым - менің мамандығым» /эссе/
Менің өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын. Міне,Осындайда «Ұстаз - ұлық емес ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.
Әрине, ұстаз болу жоғарғы педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін. Бұл менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік діңгегі.
Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл - Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі шыққан емес. Басты өмірлік кәсіби ұстанымым ретінде мақсатымды алтын қазыққа байлап келемін.
Менің ұғымымда, біріншіден ұстаз міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, ұстаздардың бұлжытпас борышымыз.
Екінші, ең бастысы, мұғалім шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады.
Үшінші, балаға үнемі қолдау көрсету – үлкен мәнді гуманиеті ізгі ұстаным. Оның астарында не бір қағидалар бар: баланы жақсы көру, оның адами өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.
Төртінші, мұғалім әр оқушының мінез - құлқын, көз қарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ететін тәрбие сағаттарына бейімдеу қажет. Бұл сағаттар – ғибратты да әсерлі болуы тиіс - ақ.
«Еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну – үлкен бақыт...» екені даусыз. Қазіргі уақытта жас жеткіншектерге білім берумен қатар олардың мынау өмірге бейімделіп, осынау өмірден өз жолын таба білуіне көмек беру үшін қазіргі заманға сай мамандықтың қажет екені ақиқат. Қазіргі уақытта заман дамып, өмірімізге еніп, күн сайын қарқынды дамып жатқан технологиялардың көшіне ілесіп келе жатқанымызда жаһандану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп жатыр.
Көгілдір экранды жаулаған шетелдік фильмдер, түрлі діни бірлестіктер, ұялы телефондағы музыкалар, құлаққа таққан құлаққаптар осының бәрі жастардың санасын улап жатырғаны жасырын емес. Осылардың бәрі жастардың көңіл – күйіне, психикасына әсер етуде. Міне, осындай жас буын жеткіншектердің жүрегіне үңіліп, олардың сырлас досы, қиналғанда қол ұшын беретін жанашыры болатын мамандықтың иесі болу менің арманым еді.Арманның жетегіне еніп, мен «психолог» деп аталатын мамандықты таптым.
Адам болып жаралған соң тірлікте.
Мақсат қойып оған жету ерлік те
Бала күннен армандаған кәсібім
Кім біледі қолым жеткен бақыт па
Салмағы көп әлде ауыр бұл жүк пе?
Иә, қай мамандықтың да өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Ал менің таңдауым жеке тұлғаның жас ерекшелігін ескере отырып, олардың жан – жақты қыр – сырын ашу.
Жеткіншектердің өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсыз қарап, алдарында ғажап бір әлемнің есігі ашылып, ашық та жарқын күндер күтетініне сендірсем деген үміт мені жетелеп осы мамандыққа бейімдеді. Мен балалардың психологиясын зерттей келе өзім де солармен қатар дамып келе жатқандаймын.
Қазақстанның болашағы – жас ұрпақ десек, олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін менің де өзіндік қолтаңбам болса деймін. Ең алдымен адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін ғажап мамандығым арқылы жабырқаған көңілге қуаныш сыйлап, олардың жүрек түкпірінде жатқан бүкпесіз сырларын тыңдап, болашағына сеніммен қарауға жетелегім келеді. Балалардың қуанышын сыр ғып шертіп, мұңдарымен бөлісер пірі болу – менің мамандығыма деген сүйіспеншілікпен қарауымның куәсі.
Мен үшін оқушының қызығушылығы, бейім – қабілеті және басқа да психологиялық ерекшеліктері үнемі басты орында. Мен күнделікті жұмысым арқылы балалардың психологиясын зерделей отырып, олардың жат қылықтың жетегіне ермес үшін алдын алу жұмыстарын жүргіземін. Зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесімен оларды түзетіп, кеңестер беріп, мәдени ақпараттармен жүйелі таныстырып, отырамын. Кез келген психологиялық жұмыстар жүргізу барысында мен әр баланың жүрек түпкірінде жатқан сезімдеріне үңілуге тырысамын. Солардың көздеріндегі мұңды сейілтуге, көңілдеріндегі қуаныштарын тарқатуға, оқушымен қасындағы құрбыларындай, бірінің әпкесі, бірінің анасы, бірінің ұстазы, бірінің аралас досындай бола білуге жұмыстанамын. Бұл еңбегім менің текке кетпеді. Мен еңбек еткен аз уақыт аралығында өз шәкірттерімнің жүректерінен өзіндік орын алғандаймын деп есептеймін.
Олай дейтінім бұрын мен көптің ішіндегі бірі едім. Ал қазір мектептегі оқушыларымның ата – аналары да менімен ақылдасуға, кеңесуге келеді. Мектеп ұстаздары да шәкірттері туралы немесе өз мәселелері жөнінде менімен пікірлесіп отырады. Тіптен өзге мектепке қатысы жоқ адамдар да сіз «психологсіз» ғой деп телефон соғып, кеңес сұрап жатады. Бұл үшін мен қуанамын.
Әрине бұл мен таңдаған мамандығымның жемісі десе болғандай. Мен өз мамандығымның халыққа қажет екенін сезінгенде, бұл мамандықты текке таңдамағаныма риза боламын. Әр жастағы баланың даму ерекшеліктеріне сай келетін, тәрбиенің тиімді әдісін таба білу, бала мен тіл табыса білу шеберлігі, оқушының сеніміне бөлену, ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында өз тәжірибемде одан әрі жандандырып, әріптестеріме көмегімді тигізсем деймін.
Иманбаева Айжан Утегеновна.
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ақтан жырау негізгі мектебінің
психологі